Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI96

Ұстаздық – менің мамандығым ...

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға » - деп дана Абай жырлағандай , осы мамандықты  «менің мамандығым» деп  толық   айта аламын. Алыста қалған балалық   шағым  көз алдыма келеді. Көрші балаларды жинап, үйді айнала   қоршаған  дуалды тақта етіп,  үй ақтайтын   әк  тасты бор етіп, мұғалім болатынмын. Кішкентай  балаларды тақтаға шығарып, қателерін  қара көмірге  айналған   қайыңның  шоғымен түзейтінмін. Ауылдағы сегіз жылдық  мектепті  бітіре сала, балалық  қиял   мені жетелеп,  Павлодар қаласындағы  педагогикалық   училищеге  алып келді. Төрт жыл оқып,ұстаздық  қызметке  жолдама   алдым. 

     Алғашқы  ұстаздық   жолымды  орыс мектебінде  бастадым.Сабақ сегіз жарымда  басталады.Мен   жеті болмай  мектепте боламын.Сабағыма дайындалып, оқушыларымды   асыға күтіп  отырамын. Олар да жарыса жүгіріп келіп,мені  қоршап алады. Осылай  қиялымдағы арманым орындала бастады.Менің  армандаған «алғашқы оқушыларымның»  мен   алғашқы ұстазы болдым.Алғашқы ұстаз болу-  үлкен жауапкершілікті сезіндірді. Өйткені, ата-аналар өздері үшін ең қымбатты қазыналары, бауыр еті  - балаларын маған сеніп тапсырды. Сондықтан баланың мектептегі өмірі қалай қалыптасатыны алғашқы ұстазға, маған  байланысты . Әрбір балаға жеке тұлға ретінде қарау, оларға деген шынайы сезім, құрмет пен сенім болған жағдайда ғана  ұстаз бен оқушы арасында  өзара түсіністік қалыптасады. Әйгілі  Сократ : «Әрбір адам күн сияқты, тек оған жарқырауға мүмкіндік беру керек»- деп жазғанын   студент кезімде  талай  естігенмін.Әр сабаққа  мұқият дайындалып,  сабақтарымды бір-біріне  ұқсатпай, қызықты өткізуге  тырысамын.Уақыттың қалай өткенін  сезбеймін, шаршамаймын. Кешке сағат жеті-сегіздерде  үйге қайтамын. Бірден келесі күнгі сабақтарыма дайындаламын. Осылай  қызыққа   толы алғашқы  оқу жылым да  көзді   ашып  жұмғанша  өте шықты.                                                                                                                                         Негізі  менің туған  жерім - Республикамыздың  солтүстігі,   орыс  ағайындардың   қалың қоныстанған  ақ қайыңды   сұлу  өлке.                            Еліміз тәуелсіздік алған жылдары... Мен  тұратын  (ол кезде қырық бес мыңдай тұрғыны болатын) аудан орталығында  бір де қазақ  мектебі болмады.Өзім орыс  мектебінде сабақ  бере жүріп, сыныптағы оқушылардың  басым   бөлігін  құрайтын  өзіміздің   «қаракөздерге» қарап, «Ана тілінде   неге оқытпасқа..,қазақ тілінде білім алуларына  неге жағдай жасамасқа...»  деген   ойлар  маза  бермейтін.

            Ана тілімде  оқып, елімнің  кешегісі мен   бүгінгісіноқып- тоқып өскен  мен сияқты  азаматқа  болашақ   қазақ мектебі  арман  болатын.Сергеевка - үш орта мектебі, екі зауыты, кәсіптік  білім беретін екі  училищесі   бар  қала. Барлық білім беру  орындарында    оқу  тек қана  орыс   тілінде жүргізіледі. Сырттан  келген  адамға қандай   әсер  қалдыратыны  түсінікті болар...                    Менің  қиялымдағы    арманым орындалып, енді сол арманымды мақсаттарым жалғай түсті. 

Бір мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жыл.   Аудан әкімі  Симамбаев Тасбай, «Қазақ тілі  қоғамының» төрағасы,  ардагер ұстаз Баязиев Құрмаш  қала мектептерінің  мұғалімдерін жинап, қаламызда ана тілімізде, мемлекеттік тілде оқытылатын  сыныптар ашылатынын  хабарлады.Ол кездердегі қуанышты  айтып жеткізу мүмкін емес. Қаламызда  тұңғыш   қазақ сыныптарын  ашу  оңай   болмады. Әлі  есімде,  күнде көше   аралап, есік қағып,  ата- аналарға  тіліміздің  дамуы   мен биік дәрежеге  жетуіне  балаларымыздың , болашақ  ұрпақтың   үлесінде  екенін  түсіндіре отырып,ұйымдастыру жұмыстарына кіріскенім...                                               Ата- аналар балаларын  қазақ сыныбына  бергенде   қуанып қайтамын. Керісінше, балаларын   орысша оқытатынын,  қазақ  тілінің   болашағына  сенімсіздік білдіретіндерді  көргенде, жан  дүнием құлазып,  жылап   алатынмын.  Осылай бір қуанып, бір жылап  жүріп    жиырма   алты  сүйкімді оқушының  сүйікті   мұғалімі  болдым. Алғаш рет мұғалім  болып тұрғандай, бар ықыласымды  салып, ұстаздық  қызметіме   құлшына  кірістім. Қүмәнді , қазақ  тілінің  орыс   мектебіндегі  жағдайына  алаңдаған   ата-аналар да  сабаққа қатысып, күнделікті  өткізіліп жатқан  іс- шараларды   бақылауға  алды. Ұлтжанды  азаматтар   да  жалғыз  кабинетті   жабдықтауға,  мерекелерде  көмектерін аямады. Екі  аптадан   кейін  орыс  сыныптарынан балалар  ауысып келе   бастады. Осы  мектепте  алғаш   рет наурыз  мерекесі  кең көлемде   аталып өтті. Бірінші сынып оқушылары, олардың  ата- аналарының  қатысуымен    халқымыздың  салт- дәстүрлерінен, халық  ауыз  әдебиетінен   көрсетілген  сахналық   қойылымдар , ұлттық  қол өнер   мен  спорттық сайыстар ,  молынан   жайылған   ұлттық  дастарқан    қонақтарға  көп әсер етті.Бәріне  ұнады. Олар халқымыздың  кереметтілігін  басқа қырынан   көргендей, таңғалыстарын   жасырмады.                                                                                                                            Ұстаздық педагогикалық жолыма қойған мақсатым: қазақ  мектептерінің,балабақшаларының  ашылуына, Қазақстанның  білімді азаматтарын  тәрбиелеу,жоғары жетістіктерден көрінуге  үлесімді қосу болды.                                                                                                                      Наурыз  өткеннен кейін  сәуір айында    аудан  көлемінде  семинар өткіздік. Бұл кезде  орыс тілді болып келген  оқушыларым    қазақшаға  әжептәуір  төселіп қалған еді. Математика  мен   сауат ашудан  ашық сабақ  өткізіп, сабағыма куә  болған   әріптестерімнің  пікірі  бойынша   жоғары  деңгейде  өткенін сезіндім. Еңбек жолымды  орыс мектебінде  бастағанымды жоғарыда  айтып өттім. Әріптестерімнің  көбі   орыс ұлтты  болды. Осы  ұжымнан   әрбір ұстаздың бойында болатын төзімділік, қарапайымдылық, әділдік, тазалық, адамгершілік сияқты жақсы қасиеттерді бойыма сіңірдім.Ал   еңбексүйгіштікке,өмірге көзқарасымды қалыптастырып, бағыт – бағдарымды айқындауға жәрдем берген, адамдық пен надандықтың, адалдық пен арамдықтың ара жігін ашып көрсетіп, кісілік пен кішіліктің қадірін ұғындырған менің   санамдағы  алып Адамдар – менің  әкем мен   шешем. Атақ пен даңқты мақсат етпей, шәкірттері үшін жаны күйген, менің ұстаздық жолымды таңдауыма себепкер болған маған ерекше қымбат  жандар.Олардың, «Жақсы оқы,мұғалім  боласың!» деген бір ауыз батаға  бергісіз сөзі мен үшін ұстаздық сапарға  берілген   жолдама секілді болды. Мені  шебер мұғалім ретінде ме, мүмкін өз ісіме жауапкершілігім шығар, оқу  ісінің меңгерушісі етіп  тағайындады. Осы  қырық жылдан асқан  еңбек   жолымда  шәкірт оқытумен қатар, жас  мамандарды ұстаздықтың қыр- сырына баулып,  жаңашылдық пен ізденіс шыңына қанаттандырдым. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші,өз шәкірттерім  мектеп бітіріп,жоғары білім алып,қоғамда өз орындарын таба бастады.Шәкіртіңнің жетістіктерін көргенде төбем көкке бір елі жетпей қалып жүрді. Мен «Ашық қоғамда өздігінен білім алып, дами алатын толыққанды елжанды тұлғаны қалыптастыру» қағидасын ұстандым. Әрбір тұлға өміріне тәрбие мен таусылмас білім шуағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгі жүрегінде сақтайтынына  көзім жетті. Менің алдымнан  білім  алған   шәкірттерімнің  алды отбасылы. Қанша уақыт өтсе де, «Құрметті ұстазым! Алғашқы ұстазым!» деп басталатын құттықтауларын, мерекелерде   құшағымды  гүлге  бөлеп, өздерінің естеліктерін, қимас сәттерін естеріне алып, менің мұғалімдік   қызметіме, осы мамандыққа   деген  сүйіспеншілігімді арттыра түседі. 

         Шәкірттерімнің өнер,білім сайыстарындағы жетістіктері-бір мереке.Қала, республика көлемінде білімімізді сынап, халықаралық турнирлерге сыныппен барған кездеріміз мәңгі ұмытылмас қызықты да қимас сәттер. Қазір түлектерім еліміздің түкпір- түкпірінде, әр түрлі  салада еңбек   етеді.АҚШ, Малайзия, Мәскеу, Санкт-Петербург, Ұлы Британия, Италия, Чехия, Түркия сияқты елдердің озық жоғары оқу орындарында білім алуда. Осы елдерде грантта оқитындары қаншама!? Барлығы ана тілінде білім алып, қазақ мектебін бітірген азаматтар. Осының өзі  баланың қай тілде білім алғаны емес, қандай деңгейде білім алғаны маңызды екенін дәлелдейді.Оқушыларымның  ішінде   өзімнің  жолымды қуған мұғалімдер де бар. 

       Мен  бақытты  ұстазбын. Туған  Сергеевка   қаласында  осыдан 26  жыл бұрын   үй–үйді  аралап жүріп ашқан  алғашқы қазақ сыныптары  көбейіп, қазір  үлкен тірек   мектепке  айналды. Шал ауданына қарайтын  барлық  ауылдан   балалар осы  қара шаңырақта білім алады. Әкем марқұм,  шенді  қызметте жүрген ауылдастарына «Басшы  қызметте жүргенін қайтейін, туған  еліне   көмегі болмаса... »  деп, ренжіп айтып отырушы еді. Мен қарапайым мұғалім болсам да, үлкен аудан орталығында  тұңғыш  қазақ   мектебін, қазақ  балабақшасын ашуға  cебепші  болдым, үлкен үлесімді қостым. Қазақ  халқының   перзенті ретінде  бір  парызымды   өтедім  деп  ойлаймын.                  

       Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген  тұлға соншалықты дәрежеде дамиды.Сондықтан қоғам дамуында білім маңызды мәселе болып табылады.                                                                                  

Дәстүрлі  мұғалімдердің   Тамыз кеңесінің  қарсаңында  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Республика ұстаздарына  құттықтауында   «Шәкірттерін   білім нәрімен   сусындатып,жақсы  қасиеттерін  бойына   дарытатын  ұстазға  деген   халқымыздың  құрметі  қашан   да  ерекше.Өйткені  қоғамның басты  байлығы - адам болса, сол «адамның  адамшылығы   жақсы  ұстаздан »  деген   екен  дана Абай. Білім  жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз.  Қазіргі  заманда білім деңгейі жоғары  ұлт   қана жаһандану  талаптарына  жауап бере алады. Сондықтан еліміздің  ертеңгі   келешегі сіздердің  қолдарыңызда » деп,       мұғалімдер алдына үлкен жауапкершілік жүктеді.   Мұғалім   болу - кез-келген адамның қолынан келмейді деп ойлаймын, себебі бұл қалау жүректің шешімімен үйлесім тапқан кезде қабылданады.«Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда  ғана мұғалім, ал оқуды,  ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады»

 (К. Д. Ушинский)Қазіргі таңдағы еліміздің білім беру жүйесінің ең басты міндеті – білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жетелеу, жан – жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеу. Осы бағытта еңбек етуді алдыма мақсат ете отырып, өз білімімді жетілдіру жолында  жаңартылған  бағдарлама бойынша курстан өттім. Бұл бағдарлама аясында үйренген білімімді іске асыру үшін жаңаша бағытта  жұмысыма кірісіп  кеттім.Оқушыларға  арналған   жұмыс дәптерлер мен     қосымша  жинақтардың, әріптестерім  мен  ата-аналарға   арналған  көптеген әдістемелік  құралдардың авторы болдым.

Оқытудың  заманауи әдіс -тәсілдері – cапалы білім кепілі. Ғылым мен техниканың   қарыштап  өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соған орай оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Еліміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру   бағдарламасы —  заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын  қанағаттандыратын тың бағдарлама.Білім беру  жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтау, білім берудің халықаралық талаптарын меңгерудің- негізгі кілті.Заманауи  әдіс- тәсілдерді, тиімді оқыту технологияларын пайдаланып білім сапасын арттыру-- білім беру жүйесінің алдындағы жаңа міндеттердің бірі.

Қазіргі заманғы жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру қажеттілігі – бүгінгі өмір талабы. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған орай мұғалім алдында оқытудыңәдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды, тілдерді меңгеру, оларды тиімді қолдану міндеті тұр. Білім мазмұнының жаңаруымен қатар критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудыңәдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарды қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.  Білім беру стратегиялары барлық сыныппен, топта жүргізілетін жұмыс, жеке жұмыс және білім алушылармен кері байланыстан тұрады. 

Қазіргі таңда әр ұстаздың  алдына қoйып отырған басты міндеттерінің бірі – оқытудыңәдіс-тәсілдерін үнемі жетiлдiрiп отыру және жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру. Оқыту процесінде пайдаланылып отырған әртүрлі әдіс-тәсілдер мен жаңа технологиялар өз нәтижелерін беруде. Олар баланың жеке қасиетін аша отырып, оның танымдыққабілетін  

қалыптастыру және білімін кеңейтуге, тереңдетуге жағдай жасап отыр. Ұстаз болу үшін ең басты мәселе – оқытудың тиімдіәдісін дұрыс таңдау. Жаңа педагогикалық технологиялар білім алушының  жеке тұлғалық күшін арттырып, шығармашылық ойының дамуына ықпал етеді. Қазіргі таңда  әріптестеріммен бірге елуден  аса заманауи әдіс-тәсілдерді сабақта пайдаланып, оң нәтижеге жетіп жүрміз.Кейбіреуін мысалға келтірсем...

 

 

 

Әдіс-тәсіл түрі

 

Мақсаты 

 

Тиімділігі 

 

Қолданылуы

 

Кіріктірілген модульдер, идеялар

1

«Ақылдың алты ойлау қалпағы»Эдвард де Боно бойынша

 

Оқушының  сыни тұрғыдан ойлауын дамыту. 

Ұсынылған мәселебойынша өз ойына талдау жасайды,қарым-қатынас шеберлігі артады.

Алты қалпақтың әрқайсысы ойлаудың түрлі элементтерін, аспектілерін білдіреді. 

СТО, диалогтік оқыту, кері байланыс

2

«Сұраққа жетіп ал»әдісі

А.Ж.Егізбаев бойынша

Оқушының өз бетінше жұмыс жасау дағдысын қалыптастыру, сұрақ қою дағдыларын дамыту.

Өз бетінше ойлап, ақпаратты меңгере алады. Ақпаратпен ықыласпен жұмыс жасайды. Мәтінге, әңгімеге сұрақ қояды, тұжырымдайды. 

Мәтінді толық немесе бір бөлігін оқыту (мәтіннің күрделілігіне, оқушылардың даму ерекшелігіне қарай) оқылған мәтіннің мазмұнына әр деңгейлі сұрақтар қою. 

СТО, диалогтік оқыту

3

«Галереяны шарлау» әдісі

СаймонБраунхилл бойынша

Талқыланған мәселе, дайындалған постер бойынша өз жұмысын ұсыну, идеяларын қорғау, ерекше идеялар ұсыну.

Сараптау, жинақтау, бағалау; Ақпаратпен тиянақты жұмыс жасалады

«Галереяға саяхат» –топтар қабырға газет-терін қарайды, сараптайды, талдайды және жапсырма қағазға пікірін жапсырады.

Жаңа әдіс-тәсілдер, СТО, диалогтік оқыту

4

«Зерттеуші конференциясы» әдісі

Зерттеудің үрдістерін ескере отырып рефлексия жасауды дамыту

Тақырып бойынша оқушылардың пікірін анықтайды.

A.Жнақталған деректердің құндылығы.                                                                                                                                                    Б.Оқушының зерттеушілік шеберлігі.                                                                                                                                                              

СТО,диалог-

тік оқыту,

дарын-

дылық, көшбасшылық

таланттылық

 

Тиімді қолданылған әдіс-тәсілдер арқылы  өзіміз армандағандай  жан-жақты дамыған, ашық қоғамда  еркін дами алатын , бағдары анық, бәсекеге қабілетті рухани  тұлға қалыптастыра алатынымызға сенімдімін. Биылғы оқу жылының төртінші тоқсанын қашықтықта  оқыдық. Өзім кеңес үкіметінің кезіндегі мұғалім болсам да, осы бір аласапыран  кездегі талапты бірден жеңіл  қабылдадым. Бар ықыласыммен ғаламтор арқылы қашықтықтан  сабақ беруге, оның қыр-сырын меңгеруге тырыстым. Ал оқушыларымның бірден үйреніп кететініне сендім. Заманына қарай – баласы, ойлағанымдай-ақ менің жиырма сегіз  балапаным сыныпта отырғандай, үйреншікті әдетпен сабағымызды жалғастырып кеттік.
Осы  еңбек   жолымда  қиындығы мен қызығы  қатар   жүретін  ұстаздық  еңбегім   еленіп,  «Қазақстан Республикасының   Білім Беру ісінің Құрметті Қызметкері», «Ұлағатты ұстаз» төс белгілерімен, Білім және ғылым министрлігінің , Астана қаласы Білім Басқармасының  «Құрмет грамоталары», шет елдерден  Болгария.Несебр  қаласында   өткен  IV халықаралық  «Шексіз математика» турниріне қатысып, III  дәрежелі кубокты жеңіп алсақ, Германия.Мюнхен. Түркия  елдерінен  алғыс хаттармен марапатталдым.

Менің ойымша, қазіргі заман мұғалімі – рухани жағынан шыңдалған, педагогикалық амал-тәсілдердің  барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман болу керек. Өйткені, ХХІ ғасыр - ақпараттық технологиялар  заманы.Біздің шәкірттеріміз де заманына лайық біліммен қаруланған,әлемнің кез келген түкпірінде өзіндей жаспен бәсекелестікке түсе алатын,көп тілді меңгерген қазақтың азаматы болуы тиіс деп ойлаймын.Қырық жылдан асқан    еңбек жолымда мұндай шәкірттерім бүгінгі күнде де аз емес.Ендеше, мен игі мақсаттарды іске асырып келе жатқан бақытты ұстазбын, батыр ұстазбын!«Мұғалім – менің мамандығым,менің мақтанышым, менің өмір жолым!»

 

 

 

273 0
Оспанова Зауреш Сейтановна, Республикалық физика-математика мектебі, Нұр-Сұлтан қаласы № 00031
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: