Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI77

АБАЙДЫҢ СӨЗІ-АДАМЗАТ БАҒДАРШАМЫ

Аннотация

Мақалада ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығы, соның ішінде қазіргі қоғамда мәселеге айналған тақырыптар мен құндылықтар туралы айтылады. Әсіресе оқу-тәрбие үрдісінің мақсаты мен бағыттарына тоқтала отырып, оны іске асыруда ойшылдың шығармашылығының маңыздылығы туралы сөз қозғалады. Ақын шығармашылығы  бүгінгі күнде несімен өзекті, неге құнды екендігі туралы айтылады.

 

 

Алаш қайраткері Міржақып Дулатов: «Біз Абайдың өлген күнінен қаншалықты алыстасақ, соншалықты оған жақындай түсеміз», - деген еді. 

Абай шығармашылығы қашанда өзекті, өміршең. Ақын сөзіне үңіле білген адамзат баласы сұрағына жауап алып, өз бағытын анықтай алады.  

Дана Хакім Абайдың туғанына  175  жыл толып отырған уақыттың өзінде, адам баласы қаншама жаңа өзгеріс  пен дамудың сатысынан өтсе де, рухани мұра мәйегінен сусындау үшін ақынның сарқылмас мұрасына қайта-қайта үңіліп, сусындай береді. Өйткені ақын сөзі-адамгершіліктің ең жоғары межесін танытатын саф, ойдың қазынасы.  

Ақын   шығармалығы адамзат болмысына қатысты мәңгілік тақырыптарға толы.  Абай шығармашылығы әмбебап, Адамзат баласы талап ете алатын ең жоғары этикет нормаларын қанағат ететін энциклопедия іспеттес. Ақын лирикасы, поэзиясы, сатирасы, поэмалары, философиялық ой-тұжырымдары, аудармалары, музыкалық мұрасы, әлеуметтік-публицистикалық, философиялық, діни, ғылыми, тарихи еңбектерінің мазмұн тереңдігі, ағартушылық, педагогикалық ойлары оның ұлт ұстазы, адамзат ғұламасы атануына арқау болды.

Абай заманынан бері, адамзат ақыл ойы, әсіресе, әлемнің дамыған, бәсекеге қабілетті елдерінде жаңа деңгейге көтерілді. Ол елдерде дамыған азаматтық қоғам мен құқықтық сана, құқықтық мәдениет адам баласының бақытты өмір сүруіне мол мүмкіндіктер беруде. Ал қазақ қоғамы – адами қасиеттер, менталдық, руханияттық тұрғыда қаншалықты ілгері дамыды? 

«Абай шығармашылығына арқау болған – жалған құндылықтар, жалған намыс, надандық ұяты, қызыл сөз, өсек, өтірік, мақтаншақтық, аярлық, күншілдік, надандық сияқты қасиеттер қазіргі қоғамда да бар. Адамзат қоғамы жоғарыда аталған сатылар бойынша  ілгері дамығанымен, рухани дамудың қандай сатысында тұр? Абай сынды ұлы қаламгерлердің ойларының құдіреті әрбір жеке адамның жеке қасиеттерін қозғаумен қатар, тұтас бір ұлттың, мемлекеттің адамгершілік келбетін таразылайды, тіпті ол шеңберден де шығып, тұтас адамзат баласының адамдық қасиеттерінің сапасын анықтайды. Ақынның этикалық мөлшерлерінің адамзат баласына ортақ мәңгілік құндылықтарға негізделгендігі себебінен  оның көтерген мәселелері қазақ баласы үшін ғана емес, барлық адамзат баласы үшін өте өзекті болып қала бермек».

Ақын қай заманда болмасын адам бойында болатын моральдық-этикалық қасиеттерді  сөз ете отырып, оны жақсартуға, жетілдіруге, жаман қасиеттерімен күресуге талаптануы керектігін айтып, ғасырлар бойына адамзат баласының  ақыл-ойы ұшталып келе жатқанын айта келіп, Хакім толық адам қалай, қандай болатыны туралы пәлсафалық тұжырымын адамзатқа  мұра етіп қалдырды. 

Дана Абай ұлыларға ғана тән тереңдікпен, діни таным мен қоғамдық сананы, ғылымды, жалпыадамзаттық мәңгілік құндылықтарды сабақтастырып, адамзаттық ілімді барша адамзатқа үндейді.

Хакім Абай шығармаларында оқу, білім, ғылымды, еңбекті насихаттайды. Онысын  “Жасымда  ғылым  бар  деп  ескермедiм” , “Интернатта оқып  жүр”, “Ғылым таппай  мақтанба”, “Әсемпаз болма  әрнеге”, т.б.  шығармаларынан білеміз. Аталған насихат «Толық адам» болуға апаратын жол екенін танытады.

Ал ол жол адамның жастық шағынан басталатынын ескертеді. Ақын  “жастық шақ-өмiрдiң  асыл  шағы, осы  бағалы  уақытты  бос  жiбермеу  керек”. Әдемiлiк пен күш бәрi жастық шақта болмақ. Ал,адамды әдемi де,күштi  ететiн  оның         ақылы, бiлiмi  ары  және  еңбек”- дейді.

Ал сол жастық шақта ізгіліктің дәнін мезгілінде сеуіп, негізін қалаудың амалы-тәрбие болып табылады. Тәрбие– жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс. Осыдан тәрбие мақсаты анықталады.

Тәрибе мақсаты-жасөспірімдерді өмірге дайындау, олардың жеке тұлғалық даму және қалыптасу жолында жетістіктерге жету үшін жүргізілетін тәрбие жұмыстарының  алдын ала анықталатын (болжамдалатын) нәтижелері. Негізгі мақсаты жан-жақты және үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады [7].

Мақсаттан-бағыт анықталады. Ал тәрбиенің негізгі бағыттары:

  1. тұлғаны рухани-адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесі жағынан жетілдіру;
  2. патриоттық тәрбие беру, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру;
  3. салауатты өмір салтын қалыптастыру;
  4. өзін-өзі басқару;
  5. құқықтық тәрбие және құқық бұзушылықтың алдын алу болып тарала береді.

Ал осы тәрбиеге тиесілі бағыттардың барлығын дерлік іске асыруда ақын шығармашылығы таптырмас құрал. Ақын шығармаларында  адам баласына «Толық адам» болып қалыптасуына қажетті ізгі амалдардың барлығы анық жазылған. 

Жоғарыда көрсетілген тәрбие бағыттарының ішінде қазіргі бала тәрбиесі мен қоғам үшін ең бастысы, негізге алатыны деп-«Өзін-өзі басқару» бағытын ерекшелеп алуға назар аударған абзал. Себебі, тұлғаны ең әуелі өзін басқаруға, бағыттауға, мақсат қоюға үйрету, төсілдіру арқылы-жалпы қоғамның өзін-өзі толық, дұрыс болуына, дұрыс бағыт таңдауына, нақты мақсатқа жете алатынына сенімді бола аламыз. Ақынның өзі де «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп адам болудағы басты жауапкершілікті адамның өзіне жүйтеп, міндеттейді. 

Мектеп-тәрбие мен білімнің негізгі ошағы. Қазіргі білім беру жүйесінде   мектептерде тәрбие жұмысын ұйымдастырудың бірыңғай кешенді жүйесі құрылған. Мақсаттары, міндеттері, құндылықтары мен күтілетін нәтижелері анықталған. Білім беру үдерісінінің құндылықтары «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясымен сәйкестендірілген. Білім ордаларында негізгі құндылықтар қатарына «Денсаулық, адалдық, өмір бойы оқу, жауапкершілік, еңбек, жаһандық азаматтық» сияқты құндылықтар басты назарға алынған.
 Аталған құндылықтарды оқушы бойына сіңіру сабақ үрдісі мен сабақтан тыс уақытта да үздіксіз іске асырылып отырады. Оны іске асырудың тәсілдері: сабақ, тәрбие жұмыстары, сабақтан тыс шаралар, элективтер, жобалық жұмыстар екенін білеміз. 

Ал Хакім шығармашылығын әр жас буын өкіліне танытып, насихаттау мақсатында жылда ақын туған күніне орай жыл бойында өлеңдерін, поэма мен қара сөздерін жатқа оқып, әндерін орындау бойынша елімізде республика деңгейінде «Абай оқулары», т.б. сайыстар өткізілетіні белгілі, бірақ бұл аздық етуде. Ақын шығармашылығын насихаттау белсенділігі тек мерейтой қарсаңында кеңінен насихаттауға бағытталған шаралар өткізумен шектеліп қана қоймай, оның шығармашылығы АДАМ,ҚОҒАМ,МЕМЛЕКЕТ болуымызда қаншалықты маңызды екенін танытатын мемлекеттік деңгейде болашағымыз үшін маңыздылығын танытатын құжат қабылдану керек деп ойлаймын. Аталған құжатта ақын шығармашылығының оқу-тәрбие ісіне қатысты қолданып, насихатталуынан бастап, қоғам мен мемлекет басқаруға қатысты қолданысы нақты қадамдар арқылы сипаттталып жазылса, жалпыадамзаттық құндылықтарды іске асыру мен қалыптастыру жолында игі істерді атқаруға себепші болар еді. 

 

Қазіргі жаһанданған қоғамда құндылықтар, өркениеттер, саналар қақтығысы орын алуда. Адамзат қоғамын жалпыадамзаттық құндылықтардан алыстатуда. Ия, бірақ Абайы бар халық адамзаттық бағытынан ажырап қалмауға тиіс. Дана Абай   Отыз төртінші сөзінде : «Адам баласына адам баласының бәрі - дос» ,«Адамзаттың бәрің сүй – бауырым деп» жырлап, ұлтқа, дінге, нәсілге, әлеуметтік жікке, жынысқа бөлмей баршаға махаббат сезімде болуға шақырады. Ақын жүрегінен шыққан ҮНДЕУ қашанда қазақтың санасында жаңғырып, жаһандық адамзатттық  қоғамның басты ұранына айналуы тиіс. 

Ұлылардың ойлары адам баласын қай кезде де бақыттың орын алып, әділдіктің салтанат құратын қоғамын құруға шақырып келген. Тек соны танып, түйсініп, насихаттап ұстана білсек,  бақыт атаулы ешқандай шек пен тыйымды білмес пе еді, бәлкім...

Абай сөзі қазақтың ақылы, адамзаттың бағдаршамы. 

Қолданылған әдебиеттер:

1.  Абай туралы философиялық трактат / Есім, Ғарифолла, - Алматы : Қазақ университеті, 2004 . - 84 б.– (Академик Ғарифолла Есімнің кітапханасы. - – 9965-12-688-7

2. https://abai.kz/post/39273 «АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ ҺӘМ ҚАЗІРГІ ҚОҒАМ»

3. https://egemen.kz/article/217247-abay-dgane-xxi-ghasyrdaghy-qazaqstan «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан»

 4. https://qazaqadebieti.kz/11626/abaj-zh-ne-biz-2 «Абай жәнебіз»

5.https://bilimall.kz/tag/olen?tag=%D0%90%D0%B1%D0%B0%D0%B9%20%D3%A9%D0%BB%D0%B5%D2%A3%D0%B4%D0%B5%D1%80%D1%96

6. https://el.kz/news/lichnosti/abai_zh-ne_-o-am_-n-/ «Абай және қоғам үні».

7. https://kk.wikipedia.org/wiki/

 

 

 

178 0
Н.М. Байбусинова., Э.С. Мамырбаева. Назарбаев Зияткерлік мектебі Семей қаласы «ULY DALA USTAZY» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналы № 00013
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: