Дұрыс сұрақ қоя білу – ақылдың немесе көрегендіктің маңызды және қажетті белгісі. Сұрақ өз бетінше мағынасыз болып, пайдасыз жауапты талап етіп тұрса, ол адамды мағынасыз жауап беруге итермелеп, оны сәтсіздікке ұшыратады.... И. Кант
|
Сұрақ – біліп-танудың бір тәсілі деуге болады, өйткені сұрақ қою арқылы біз жаңа ақпараттарды анықтап, білімімізді толықтыруға тырысамыз, өзімізді қызықтырған ақпартқа ие болуға ұмтыламыз, бір-бірімізбен диалогқа түсеміз. Диалог «сұрақ-жауап» үлгісі бойынша іске асырылып, алынған ақпарат арқылы белгілі бір мәселені шешумен аяқталады. Сондықтан осы мақсатқа жету үшін сұрақ қойятын адамның «қоржынындағы» сұрақ түрлерінің жиынтығы неғұрлым бай болу керек.
Иә, қазіргі ақпараттың қарқынды даму заманында балаларымызбен диалогқа түсуден қалғандаймыз. Себебі, ақпараттық заман дейміз, техниканың тек тетігін бассаң болды, жауабыңның дұрыс, бұрыстығы сені сөйлетпей-ақ біліміңді анықтап береді деп жатамыз.Бірақ, осы ой қаншалықты дұрыс?!Мәселе осы сұрақта болып тұр. Қазіргі балалар диалогке түсуде, сұрақ қоюда неге шорқақтық танытады? Менің ойымша, біз баланы көп сөйлетпейміз, диалогке түсірмейміз, баланы сұрақтың астына алмаймыз, баланың сұрағына толыққанды жауап беруден қашамыз.
Ал сіз көп жағдайда қандай сұрақтар қоясыз?
Олай болса, оны шешу жолдарын қарастырып көрейік!
Қазіргі таңда бастауыш сынып оқушысы үшін
сұрақ қоя білу ең маңызды дағдылардың бірі болып табылады.
Егер сұрақ дұрыс қойылса, онда жуап та толыққанды алынады.
Оқушылардың сұрақ қою дағдыларының көрсеткіші
3-cынып, қараша 2020 ж.
Екінші сынып оқушыларымен жүргізілген сұрақ қоя білу дағдыларын
бақылау мақсатындағы диагностикалық жұмыс қорытындысының көрсеткіші:
Баланың білімді жақсы игеруінің бірі ол – мұғалімнің қызметі.Өйткені, қазіргі мұғалім: үйретуші, білім нәрін беруші, ұйымдастырушы, білім алуға жағдай жасаушы, бағыт-бағдар беруші, қолдаушы.
Жаңа бағдарламаның негізгі идеясының өзі – шәкірт өздігімен үйрену керек. Сонда ғана ол алған білімін өмірінде қолдана алады. Оқушы тек мұғалім мен оқулықтың шеңберіндегі біліммен ғана қалып қоймай іздену, зерттеу жұмыстарын да жасауы қажет. Іздену, зерттеу жұмыстары қайдан туындайды? Әрине, қандай да жауабын табуға арналған сұрақтан туындайды.
Мұғалім ретінде сабақ үрдісіндегі ұстанымым, сабақты барынша жиі сұрақ қойып, жауап алу мақсатында өтізгенді ұнатамын. Яғни, сабақ «қызық» өту керек! Егер мұғалім оқу материалын, сабақ тақырыбын оқушылардың қажеттілігімен, олардың өмірімен байланыстыра алмаса, онда сабақ қызық болмағандығы. Олардың да ойымен санаса білу абзал дегім келеді. Тақырыпты абстракциялы етіп өткізсе, бастауыш сынып оқушысының сабаққа деген ынтасын, қызығушылығын жоғалтып алуға болады. Сондықтан да сабақты оқушының өзіне қажетті етіп, олардың өмірінен бір орын алатындай етіп өткізу керек деп айтар едім.
Бірінші кезекте сұрақтың түрлеріне тоқталсақ.
Оқушының қандайда бір тақырыпты түсінуіне қол жеткізу үшін сұрақтың екі түрін қолданамыз. Олар төмен дәрежелі және жоғары дәрежелі сұрақтар. Кей кездері бұл сұрақтың түрлерін «ашық», «жабық», «жуан», «жіңішке» сұрақтар деп те атайды.
Төмен дәрежелі, жоғары дәрежелі сұрақтар
Қандай да бір мәтіннің мазмұнын анықтауда төмен дәрежелісұрақтар қойылса, ол қысқа, толғаныс тудырмайды. «Кім», «не», «қашан», «неше» деген сөздерден басталып, адамнан нақты, қысқа бір жауап беруді талап етеді (... нені білдіреді?, ...қашан болды?, .... кімдер қатысты?). Бұл сұрақтар сонымен қатар жауап берушіден «ия» немесе «жоқ» деген жауап беруді қөздейді: «Сен Астанадан ұшақпен келдің бе?», «Бір жылда неше мезгіл бар?»Мұндай сұрақтардың жауабы да қысқа, оқушылар нақты ақпаратты ғана қолданып, сол ақпаратқа қатысты негізгі ойды, фактілерді ғана жеткізеді. Бала мәтіннің негізгі мазмұнын түсінбеуі де мүмкін. Мұндай сұрақтар баланың өз ойын жеткізу, сыни ойлауын, өз көзқарасын айта білуін дамытпайды. Мұндай сұрақтар баланың өзара диалог құруына жағдай туғызбайды, мәнерлі сөйлеуін шектейді, бала қысқа ғана жауап беруге дағдыланады, соның салдарынан шығармашылығын дамытпайды. Жасыра алмаймыз, біз мұғалімдер, төмен дәрежелі сұрақтар қоюға әуеспіз. Себебі, төмен дәрежелі сұраққа сыныптағы кез келген оқушы жауап береді, олар үшін жеңіл және мәтінде нақты сұрақтың жауаптары бар.
Жоғары дәрежелі сұрақтар қойғанда оқушылар ойын еркін жеткізе білуге, сыни ой айтуға, мәтінді бағалап, талдауға тиіс болады. Сонымен қатар, жоғары дәрежелі сұрақтар ойлауға, шығармашылық жұмыс жасауға, болжауға, пайымдауға, мәтінді қайта құруға бағытталған сұрақтар баланың жан-жақты ойлануына мүмкіндік береді. Сондықтан, жай сұрақ қоюдың маңайынан шығып, жоғары дәрежелі сұрақтар қойғанда біз баланың ойлау қабілеттерін дамыта бастаймыз.
Сонымен қатар бұл сұрақ жауап берушіден өз пікірі мен көзқарасын білдіргенін көздейді, адамнан түсініктеме беруді, ойлануды талап етеді. Бұл сұрақар «неге», «қалай», «не үшін», «Сіз қалай ойлайсыз», «... туралы не ойлайсыз?», «Егер... болса, сіз не істер едіңіз?», «... неліктен солай болды деп ойлайсыз?» т.б. сөздерден басталады. Мысалы, «Сіздің пікіріңізше, ол кейіпкердің мінезі қандай?», «Ол неге бұл әрекетке барды деп ойлайсыз?»
Кей жағдайда жоғары дәрежелі сұрақтарға тек ересек балалар ғана жауап бере алады деген ой айтамыз.Бұл дұрыс емес сияқты, себебі, мұндай сұрақтарға берген жауаптарынан олардың танымдық дағдыларының дамуын көрсетеді. Кез келген жастағы бала қойылған жоғары дәрежелі сұрақтарға өз мүмкіндігінше, өз жас ерекшелігіне сай жауап береді. Жауаптардың өзі әр баланың жауап беру қабілетіне қарай бір - бірінен ерекшеленіп тұрады. Біздің мұғалім ретіндегі міндетіміз - оқушылардың деңгейін Блум таксономиясымен айтқанда білу, түсіну деңгейінен бағалау деңгейіне дейін көтеру. Яғни, төмен дәрежелі сұрақтардан жоғары дәрежелі сұрақтарға жауап бере алу дағдыларын дамыту. Міне, осындай жұмыс жүргізгенде ғана оқушылар өз білімін, өз идеяларын іске асырып, қолдана алады.Егер оқушының сұрақ қоя білу дағдысы қарапайым болса, алған білімі ұмытылып, әрі қарай қолдануға жарамай қалады.
Сонымен қатар сұрақтарыңыз оқушы үшін пайдалы болып, мұғалім үшін тиімді болу мақсатында белгілі бір ережелерге сүйенген дұрыс:
- Сұрақты қояр алдында, мақсатыңызды нақтылап алыңыз.
- Сұрақ аудиторяға сай келетін түсінікті түрде қойылу керек.
- Сирек қолданылатын терминдер мен түсініксіз (диалект, сленг) сөздерді пайдаланбаған дұрыс.
- Сұрақ абстракты емес нақты болу керек.
- Қойылатын сұрақ шұбырмай, қысқа түрде болғаны дұрыс.
- Сұрақ ойға қонымды болу керек.
- Қажет болған жағдайда сұраққа түсініктеме беруге болады, бірақ сұрақтың өзі ықшам болу керек.
- Сұрақ бір сарынды, дағдылы жауаптарды болдырмау керек.
- Мұғалім өз дегеніне келтіретін сұрақ қоймау керек.
- Сұрақ жауап берушіні қажетті жауапқа мәжбүрлемеу керек
- Оқушылардың білімдерін анықтау сұрақтары мен оқушылардың ойлау қабілеттерін айқындайтын сұрақтарды қоюды теңгеріңіз.
- Сұрағыңызды қойған соң, оқушылардың түсінгеніне көзіңізді жеткізіңіз.
Олай болса, сыныпта түрлі сипаттағы сұрақтар тиімді қолданылуы үшін біз оқушыны соған үйретіп қана қоймай, сол ортаны құруымыз қажет. Ал ол орта оқушылармен жүргізілетін түрлі белсенді әдіс-тәсілдер болып табылмақ.
Екінші кезекте сұрақ қоюдың әдістері
Оқушылардың белгілі тақырыпты түсінуіне қол жеткізу үшін сұрақ түрлерін тиімді пайдаланғаны абзал. Олай болса, сұрақ қоюдың әдіс-тәсілдеріне көшейік!
1.«Не білемін? Не білгім келеді? Не білдім?» әдісі.
Жаңа тақырыпты өтіп жатқан кезеңде қолдануға болады.
2. «Дискуссиялық карта» әдісі.
Оқушы оқыған мәтінінің қаншалықты ұнағанын немесе ұнамағанын «иә» немесе«жоқ»деп жауап береді. Қорытындылайды, өз ойын ортаға салады.
3. «Ыстық орындық» әдісі.
Сынып ішінен бір оқушы ортаға орындыққа отырады. Оған сыныптастары мәтін мазмұны бойынша ашық және жабық түрдегі сұрақтар қояды.
4. «Жеті НЕГЕ сұрағы» әдісі
Бұл өте тиімді әдістердің бірі. Сұрақ неге деген сұрақтан бастау алады да, сол жауап беріп тұрған бала жеті сұраққа жауап береді.
5. «Серпілген сауал» әдісі.
Бұл әдіс мәтінді түсіну деңгейін арттыруға және талқылау дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұғалім мәтін мазмұны аясында бірнеше сұрақ дайындап алады. Алдын ала дайындалған сұрақтар топтамасын оқушыларға лақтырады. Оқушы өзіне түскен сұраққа жауап береді.
6. «Сиқырлы айна» әдісі.
Бұл әдіс мәтінді қорытындылау кезеңінде жүргізілгені өте тиімді. Шеңбер сыртындағы балалар кезекпен сұрақ қояды, іштегі ала жауап беру керек. Солай орындарымен алмасады. Мұнда балалар мәтінің қандай тәрбиелік мәні бар екендігін, оның негізгі идеясын, өмірде қаншалықты қажет екендігі жайлы қорытындылайды.
Қорыта келе айтқым келгені, бұл әдіс-тәсілдер арқылы бала жүйелі сұрақ қоя білуге, берілген сұраққа толық жауап беруге үйренеді. Ережеге сай дауыс ырғағымен оқуға дағдыланады.
Қорыта айтсам, әр сабағымызда сұрақ қоюдың түрлі тәсілдерін икемді де тиімді қолдана білсек:
- Оқушылар тапсырмаларды орындауда белсенділік көрсетеді;
- Оқушылардың өз ойларын айтуға қолайлы жағдай туғызады;
- Оқушылардың оқуға деген ынтасы артады;
- Мұғалімдер оқушылардың бір-бірінің пікірлерін құрметтейтін ортаны қамтамасыз етеді;
- Сын тұрғысынан ойлауға көмектеседі;
- Сын тұрғысынан ойлаудың алғашқы қадамдарына қолайлылық тудырады.
Сіздермен өз педагогикалық идеяммен бөліскеніме өте қуаныштымын!
Қолданылған әдебиеттер:
1.«Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері» Асхат Әлімов
2.С. Мирсеитова «Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде» Қарағанды, 2011
3.Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші негізгі деңгей.
4. https://cpm.kz/upload/iblock/498/tiimdi-s_ra_tar-ar_yly-o_ushylardy_-v-pomoshch-uchitelyu.pdf
6.https://bilim-all.kz/article/10445-Aqsaq-qulan-%E2%80%94-ZHoshy-han-V-nusqa