Поиск статей:
ESI
Рейтинг:

Қазақ тілі сабақтарында заманауи контентті ұсыну мен қолдану

Тарихы тереңнен бастау алатын қазақ тілінің мәртебесін көтеру – әрбір қазақстандықтың үлкен адамгершілік әрі азаматтық борышы болып табылады. Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болғандықтан, оны жетік білу, қазақ тілінде ойын анық жеткізіп, сөзін жүйелі әрі мәнерлі айта білуге отандастырымыздың барлығы да міндетті. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін»- деп айтқан тұңғыш елбасымыздың сөзін желкен ете отырып, мемлекеттік дәрежеде талдар болсақ, әрбір қазақстандық қазақша қиындықсыз сөйлеуі тиіс! 

Бүгінгі таңда ана тіліміздің жағдайы жанашырларын жыларман хәлге түсірерліктей «қасірет шегуде». Ана тілін шұбарлаушылар, нашар меңгергендер, қала берді, білмейтіндердің қатары аз емес. Кеңестік саясаттың сарқыны тәуелсіздіктің таңдарында да өзінің дәмін таттырып жатыр. Бұл дерттен арылу үшін ел болып, мемлекет болып жұмыла жұмыс атқаруға тура келеді. Әрине, тіл сөйлеуден басталады, сөйлеу отбасынан басталады. Алдымен, әр отбасы балаларының қазақша сөйлеу деңгейінің оңалуына негіз салып беруі керек. Тәй-тәй басқан бүлдіршіндерді балабақшада тәрбиешілер қазақша тақпақтар жаттатып, қазақ тілді ертегілер тыңдатып, мультфильмдер көрсетіп дағдыландыруы керек. Осы кезеңде қазақшаны өте жақсы түсініп, ойын қазақша жеткізе білетін балаларды мектеп қабырғасында қазақ тілінің грамматикасы мен әдеби деңгейді меңгеруіне баулитын ұстаздар қауымы құшақ жая қарсы алуы керек. Адамның тұлға болып қалыптасуының бірден-бір сатысы – мектеп. Мектеп жасында әр адам білім алып, білгенін жетілдіріп, өмірге қанат қағатыны - қоғам табиғатының қалыптасқан құбылысы. 

Қазіргі кезде ата-аналар балаларының біліміне қатты көңіл бөлетіндігі көңіл қуантады. Осыған орай мектептерде үйірмелер мен қосымша сабақтардың жұмысы , ауылдар мен қалаларда білім орталықтарының жұмыстары қайнап тұр. Тіл үйрету курстарының саны жетіп артыларлықтай. Шетел тілдерін оқытумен қатар, қазақ тілін үйрету бағытында жұмыс істеп жатқан орталықтардың бары да рас. Өскелең ұрпақтың мемелекеттік тілді тез әрі жоғары деңгейде меңгеруі үшін жазылып жатқан оқулықтар да, әдістемелік нұсқаулықтар да, түрлі бағдарламалар да, оқыту әдістері де күн санап артып келеді. Бәрінің көздегені бір – нәтижеге жету. Көздеген нәтиже – қазақ тілін меңгерген азаматтардың қатарын көбейту. Қазақ тілінің ең көп оқытылатын орны – мектеп. Қазақ тілінде білім алатын оқушылар, сөзсіз , ана тілін жетік біледі. Ал, орыс тілінде білім алатын оқушылардың бәрі дерлік тиісті деңгейде мемлекеттік тілді меңгерген деп айта алмаймыз. Осы тұста жауапкершіліктің басым бөлігі ұстаздар қауымына артылады...

Бүгінгі күнде қоғамымыздың кез келген саласы өзі үшін де, елі үшін де өскелең экономикалық және әлеуметтік жауапкершілік жағдайында өмір сүріп, жұмыс жасай білетін белсенді, қабілетті, ізденгіш азаматтарды талап етеді. Оның үстіне техника мен ғылым дамыған қазіргі кезеңде мамандық атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, ерекше ой қызметін, мол шығармашылық мүмкіндікті, өзін қоршаған түрлі жағдайларға тез икемделіп қана қоймай, оларды керекті бағытына шығармашылықпен бұра білу қабілеттілігін қажет етеді. [1]

Қоғамның дарынды адамдарға деген қажетін қанағаттандыру талабы оқыту, білім беру жүйесінің алдына баланың жеке қабілеті мен әлеуметтік белсенділігінің дауына жол ашу, шығармашылық тұлға қалыптастыру міндетін қойып отыр. [1] Шығармшыл, жан-жақты тұлғаны қалыптастыру үшін мұғалінің өзі де шығармашыл, жан-жақты ізденгіш болуы абзал. Бұл талап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін де айналып өтпейді. Оқушының бағдарламаны меңгеру деңгейі пәнге қызығуына байланысты, ал пәнге қызығуы мұғалімнің оқушыны өз пәніне қызықтыра алуына байланысты. 

Оқытудың әдістері мен тәсілдері жүйелі түрде жасалатыны шүбәсіз. Дегенмен, әр әдіс пен әдістеме заманның талабы мен қоғамның дамуына лайықты түрде іске асырылатынын да ұмытпауымыз керек. Дана халқымыз айтқандай, «кімнің арбасына отырсақ, соның әнін айту» арқылы дегенімізге жетеміз. Бұл мәтелді заманауи тұрғыдан интерпретацияласақ, заманға сай, өскелең ұрпақтың даму ерекшелігіне, сәт сайын өзгерістерге толып жатқан уақыттың қарқынына қарай оқытудың әдіс-тәсілдерін ыңғайлауға дайын болуымыз қажет. Олай болса, бүгінгі білім алушылардың ыңғайына қарай оқытуды қалай түсінеміз және оған қалай «ыңғайланамыз»?

Заманауи оқушыға – заманауи оқытушы. Бүгінгі оқушыларды қазақ тілі пәніне қызықтырудың бірнеше әдісін өз сабақтарымда қолданып көргелі бері, оқушыларымның қызығушылығының қарқыны мен сабаққа дайындықтарының, сабақ барысындағы белсенділіктерінің анағұрлым артқанын байқадым. Айта кетерлік жағдай, мен сабақ беретін сыныптар орыс тілінде оқытылады. Алғашқы сабақтардан бастап байқағаным – орыс тілінде білім алатын сыныптың оқушыларына оқу бағдарламасы аясындағы оқулықтарда берілген мәтіндер түсінулеріне қиындау, кей кезде тілі «ауырлау», бірден түсіне қоюға оңай соқпайды. Соны ескере отырып, өз сабақтарыма дайындалу барысында төмендегі бірнеше қағиданы қатаң басшылыққа алдым:

  1. Жаңа заманның балаларының қызығушылықтарын ескеру;
  2. Жаңа заман жеткіншектерінің «рөліне ене отырып», берілген ақпараттарды олардың ойымен, көзімен, түйсігімен қабылдауға тырысу;
  3. Жаңа заманның балаларының қызығушылықтарын ескеру;
  4. Сабаққа әзірлену барысында «жеңілден ауырға» деген тәсілді ұстану;
  5. Әзірленген материалдардың тілін қабылдауға жеңіл етіп төселдіру;
  6. Тақырыпты меңгертуде мұғалім позициясынан ғана емес, оқушы позициясынан қарау.

Дей отырып, бұл ұстанымдарды жүзеге қалай асырдым? Ақпараттың ағыл-тегіл толып жатқан уақытында жас буынның классикалық шығармалардан гөрі, қаралымы мол, арнайы эффектілерге толы фильмдерге деген қызығушылығын, газет-журналдардан қарағанда әлеуеттік желілілердегі ақпараттар мен жаңалықтарға ұмтылысын ұмытпауға тырыстым. Сол арқылы сабақтарыма заманауи контентті енгізуді дұрыс деп таптым. Мәселен, туыстық атауларды, жақын-жұрағаттың қазақша атауларын меңгерту сабақтарында белгілі ағылшын жазушысы Дж.К. Роулингтің Гарри Потер туралы жазылған әйгілі шығармасы негізінде, фэнтези жанрында түсірілген «Гарри Потер» фильмдерінің кейіпкерлерін пайдаландым: Рон мен Гермиона, Ронның туыстарын, отбасын қатыстыра отырып, солар арқылы жақын туыстық атауларды; Рон мен Гермионаны «үйлендірсек», солар арқылы байланысатын құдандалық туыс атауларын меңгерттім. Дәл осы фильм кейіпкерлерінің өзара қарым-қатынасын баяндату арқылы адамның көңіл-күйі, ішкі сезімі, арманы мен мақсатына қатысты сөздерді меңгертіп, өз ойларын ортаға салдырттым. 

        «Хат. Хаттың түрлері» тақырыбын оқыту сабақтарында аты әлемге әйгілі «Marvel Studios» киностудиясының фильмдер серияларын пайдаландым. Бұл фильмдерді қолдануда жас ерекшелігіне шектеу қойылмағандығын ескердім. Нақты айтқанда, фильм кейіпкерлерінің «жазған хаттарына», олардың оқушыларға «қойған» сұрақтарына жауап жазу тапсырмасын бере отырып, оқушыларды хат жазуға ынталандырдым. Ал, жақсы жазылған хаттарды фильмнің атақты хештегтерін белгілеп оқушылардың әлеуметтік желі парақшаларына жариялаттым, әрі ғаламтор сайттарына жолдап, жариялау ісін жүзеге асырдық. Айта кетуім керек, осы тапсырмаларды оқушылар ерекше ынта-жігерлерімен орындап, бірі қалмай жауапкершілік танытты. Сабақтар да өте қызықты өтті.

           «Тағамдар.Ұлттық тағамдар.» тақырыбын оқыту сабақтарында қазіргі таңда сәнге айналған «дұрыс тамақтану», «тез әзірленетін тағамдар» жүйесі, «диеталар» тақырыптарына оқушылардың өз ойларын бөлісуі мен баяндамалар, презентациялар әзірлеуін тапсырма түрінде бергенімде, оқушылар тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап қана қоймай, қазақ тіліндегі сын есімдерді, сан есімдерді, үстеулерді өте сауатты қолданып, жаттап, меңгерді. Сол арқылы сөздік қорларын да байытты.

                      Байқағаным, оқушылардың көпшілігі қазіргі таңда өзекті болып тұрған, ғаламтор кеңістігін шарлап жүрген әлемдік жаңалықтарды, компьютерлік ойындарды талқылағанды жақсы көреді. Осы тақырыптарды қазақ тілі сабағының бір бөлігінде талқылауға салып, осы тақырыптарда жазылған мәтіндерді оңай түсініп қана қоймай, өз ойларын ортаға салуға да белсенді. Ұзын сөздің қысқасы, оқушыларға классикалық шығармаларды ұсыну үшін оларды қызықты тақырыптарды талдату арқылы дайындаған дұрыс деп түсіндім және дұрыстығына көзім жетті. Бір сарынды сабақтармен балаларды «шаршата бермей», олардың ыңғайына төселе отырып, сабақ барысында қолданылатын контентті де жаңаша үлгіде ұсынған үлкен нәтиже береді. Ең алдымен, оқушыны жаңашылдық пәнге құштар етеді, пәнге деген құштарлық белсенділікті арттырады. 

        Мұғалім өз алдында отырған оқушылардың заманауи қызығушылықтарын ескере отырып, оқушы сияқты ойланып көрсе, сол қызығушылықтардың элементтерін сабақ барысында қолданып, тәжірибеге енгізу оң нәтижесін берері рас. Бұл деген классикалық шығармаларды, классиктерді шетке ысыру емес, пәнді қызықты етіп ұсыну. Ол үшін қазақ тілі сабақтарына заманауи контентті енгізуді жиі жүзеге асыру керек деп ойлаймын.

 «Заманыңа қарай бөркіңді ки» дегеннің ақылы қазақ тілі сабақтарында осылайша іске асырылуының несі айып? Бұл да шығармашылықты, креативті көзқарасты, жан-жақтылықты талап етеді. Сөздік қорының молдығы бойынша әлем тілдері ішінде үшінші орын алатын қазақ тілін меңгерудің қиын емес екенін заманауи контент арқылы оқушыларға сезіндіре білу, жеткізу әрі жүзеге асыру бүгінгі күнде өте тиімді болатынын ескермеуге болмайды. Бұл да педагогикалық мәдениеттің жарқын көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Ал, педагогикалық мәдениет – бұл жоғары деңгейдегі кәсібилік пен педагогтың ішкі жан-дүниесін сараптай білуі, оқыту әдістемесі мен шығармашылық қабілеттерін игере білуі.[2] Ендеше, жаңалыққа толы заманда жаңашыл контент ұсыну арқылы қазақ тілін оқыту мен меңгерту әрбір шығармашыл мұғалінің қолынан келеді. Бұл ұстаным  қуантарлық нәтиже беріп, тілді үйренуді де жеңілдетеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әбдікәрімова Г. Әдебиет сабағында оқушыны еңбекке баулу//Қазақ тілі мен әдебиеті.-№3.-2012 
  2. Турабаева Л.К. Оқытушының кәсіби шеберлігі мен тіл мәдениеті// Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Хабаршысы».-№2(166).-2017
1 242 0
Намысова Махаббат Асқарқызы Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ филиалы «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектебінің» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі «ULY DALA USTAZY» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналы № 0005
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: