Түйіндеме: Жазушы Мұхтар Әуезов: “Бүгінгі Мырзашөл өңірі шөлден түлен тартқан, ырысты, берекелі, мәдениетті өлке”-деп сүйсіне жазып, шын жүректен баға берген еді. Осынау өлкені төл перзенті ұлағатты ұстаз, дирижер, күйші-орындаушы сазгер, профессор, ҚР мәдениет қайраткері, Мақтарал ауданының құрметті азаматы–Бөрі Иса ұстазым, бүгінгі мақаламның басты кейіпкері болмақ.
Ұлы Даланың, оның ұлан-ғайыр жері мен топырағын мекен еткен халқының басты қасиеті–жүрегінде, қанында былайша айтқанда, ғылыми айналымға енген, бүгінде көбірек айтылатын менталитетінде. Бұл ерекшелігі, әсіресе, домбыраға қатысты өнерде айырықша байқалады. Қара домбыраның шегінен лықсып аққан қоңыр әуеннің өзі-ақ іште қатып қалған шеменді еріте алатындығы, айтуға болмас құпияны жетесіне жеткізе жайып салатындығы керемет емес пе?...Ұлы Дала болмысын, досқа адал, дұшпанға қатал қазақ жанын домбырадай түсіндіре алатын аспап әлемде әлі жаратыла қоймаған десек те, асылық айтқандық емес. Домбыра іштегі шерді емдейді. Езілген еңсені тіктейді. Ұйыған қанды ысытады. Бойға ғаламат қуат дарытады. Жасық болмауға, жайнап, жадырап жүруге баулиды. Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиевтің ақындық тілімен айтқанындай, шынында да, “Нағыз қазақ–қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра” деуінде шынайы ұлттық болмысты тани білу бар дер едік.
Бөрі Иса–бүгінде қазақтың домбыра өнерін шығармашылық, ғылыми, домбыратану деңгейіне көтерген заманауи домбырашы, сазгер, дәулескер күйші әрі шебер орындаушы. Бөрі Иса өмірінің саналы бөлігін домбыра-ғұмыр деп атауға әбден болады. Ол домбырамен күй шертіп қоюмен ғана шектелмейді. Бұны Бөрі Иса 1963 жылы Шымкент қаласындағы музыкалық училищенің домбыра сыныбын тәмамдағанда-ақ түсінді. Домбыратану үдерісі 1971 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын домбыра дирижері сыныбын бітіргенше және де жалғасты. Домбыра – бүкіл бір әлем екендігіне Бөрі Иса илана түсті.
1945 жылы Арыс ауданында дүниеге келген Бөрі Иса қазірде тәуелсіз еліміздің маңдайалды белгілі сазгері, дәулескер күйшісі. “Әркімнің туған жері–Мысыр шаһары” демекші, қазірде мемлекетіміздің ең қиыр оңтүстігінде орналасқан Мырзашөл өңіріндегі Мақтаарал ауданы Жетісай қаласындағы “Сырдария” университетінде өнертану саласының профессоры. Туып-өскен топырақтан қуат алған, домбыра құдіретін нағыз өнер биігіне көтерген Бөрі Иса аса дарынды күйші–домбырашы ретінде елге танылған шынайы шығармашыл тұлға. Өз халқының шексіз ықыласына бөленген талантты өнерпаз. Оның сахна төріндегі орындаушылық қас шеберлігіне көрермендер талай-талай куә болды, разы пейіл танытты. Бөрі Исаның өнер жолындағы қабілет-қарымы үнемі шеберлікті, ұстаздық қасиетті жетілдірумен аңғарылады. Атап айтқанда, 1963 жылы Жетісай халық оркестрінің дирижері болды. Оркестрге басшылық жасап, домбыраны ел-жұрт арасында насихаттады. Ұлттық болмысты өнер арқылы қалыптастыруға, нығайтуға, орнықтыруға ерекше ден қойды.
Мырзашөл өңіріндегі Жетісай қаласы–нағыз өнер ордасы. Мұнда Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры орналасқан. Бөрі Иса бастапқыда осынау Жетісай қазақ музыка театрының бас дирижеры болды. Төрт спектакльге өзі музыка жазды. Сонымен бірге қазақ-ұлт аспаптар оркестрінің негізі болған домбыраға арналған 15 шығармасы, 100-ден астам әндері мен күйлері Бөрі Иса шығармашылығының жүйелі әрі тыңғылықты екендігіне көзімізді жеткізеді [1].
Күй атасы Құрманғазыдан бастау алып, арысы Дәулеткерей, Тәттімбеттер, берісі Сүгір, Төлегендердің ізбасары ретінде өлмес өнерді өрге тартып, сол жақсылардың жалғасындай боп келе жатқан өзіңіздей жарау Азаматқа қандай мақтау айтып, қандай марапат көрсетсе де артық емес...”
Бөрі Иса көмейінен ән әуелеткен жыршы емес. Бөрі Иса – он саусағынан халқымыздың күй өнері төгілген дәулескер күйші, дүлдүл тарланы. Домбырадан ағытылған күй тыңдарманды иландырады, үйлесе қабысқан, жымдаса қайырған қағыстары көңіл көкдөненін алас ұрғызады. Тыныштандырмайды. Көңілді толқытады, тасытады. Өнер құдіреті, қас орындаушы шеберлігі дегеніміз – осы. Сол себепті тыңдарман қауым, өнерсүйер елі Бөрі Исаны “Жетісайдың Нұрғисасы”, “Дүлдүл домбырашы”, “Үздік домбырашы”, “Бірегей домбырашы” деп атап кеткен. Бұл атақ домбыра ұстаған екінің біріне тағылар дәреже емес, ұсынар нәпақа деуге де әсте болмас. Қазақ күй өнерінің майталмандары атақты Құрманғазы, сыршыл Дәулеткерей, терең пәлсапашыл Абыл, шертпе күйдің шебері Төлеген Момбеков және тағы басқа да күй дүлдүлдерін өз орындау әлемі арқылы қайта жаңғыртты. Күй өнері мәдениетінің сабақтастығын, дәстүрін бүгінгі уақыт талабына сай ұрпақтар кәдесіне ойдағыдай жарата білді. Адам несімен құнды. Әрине ісімен. Ісімен, мінез-құлқымен, қылығымен. Осы қасиеттер ұштаса келгенде ол Азамат деген өрелі биікке көтеріледі. Қазақстанның бір түкпіріндегі Жетісай өңірі де сізбен бақытты екенін, сірә, білмесе керек-ау... Жетісай сияқты киелі мекеннің шаңырағына сүйеніш болатын, маңдайша уықтың бірі - өзіңізсіз. Еліңізге жанашырлық танытып, жастарға ағалық тілегіңізді айтудың өзі де абырой. Ақыл, тәжірибеңізге әбден лайық әрекет. Сіз оны кезінде-ақ толық түсінгенсіз.
Дирижер, күйші әрі сазгер Бөрі Иса әу баста Оңтүстік Қазақстан саз колледжін бітіргенде-ақ өмірін өнер саласына арнағанын жан-тәнімен сезінген. Ол заңды да еді. Уақыт өте келе бүгінде республикаға кеңінен танымал болған өнер жұлдыздарының лек-легі алғашқы қадамын осы қасиетті мекеннен бастаған. Саз әлеміне суарылған сара таланттар осы оқу орнында білім алды, өнерді өз бойларына дарытты. Қазақстанның өнері мен мәдениетін дамытуда айырықша еңбек сіңірген Нұржамал Үсенбаева, Лаки Кесоглу, Жалғасбек Бегендіков, Ақжол Мейірбеков, Серік Әбдінұров, Дос Тұяқбаев, Сұлтан Қожахметов, Шынарбек Асқаров, Мәлік Әбішев, Бауыржан Исаев, Байдалы Рыспанбетов сияқты өнер қайраткерлері де әр жылдары осы колледжден түлеп ұшқан мықты шәкірттер болатын.
Бүгінде әйгілі күйші, сазгер және дирижер Бөрі Иса саналы ғұмырын қазақтың киелі күй өнеріне арнаған ардақты азаматтың бірегейі. Ұлт-аспаптар оркестріне арнап 30-ға жуық шығарма жазған Бөрі ағаның қасиетті қара домбырасынан төгілген құдіретті күйге еліткен қазақтың көрнекті лирик ақыны Тұманбай Молдағалиев “Бұл Бөрі Иса емес, мырзашөлдің Нұрғисасы” деп кезінде тамсанған болатын [2].
Ақылман аға, өнер қонған абзал азамат Жетісай драма театрына да арнап жазған жүзден астам күйді оркестрге лайықтап өңдеді. Бұл жәй әншейін өнерден тыс жұмыс емес екендігі белгілі. Осының өзі өнер иесінен нағыз шығармашылық қажыр мен қабілетті, шалқар шабытты, өнерге, әсіресе, күй өнеріне деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Өнерге деген шынайы махаббат, бүкіл болмысымен берілу таланты, бәрі-бәрі де жер жаннаты – Жетісай жерінде жүзеге асты. Сондықтан да Бөрі Иса Мырза Дала топырағында қалғанына ешқашан да өкінбейді деп ойлаймыз. Бөрі Иса еліміздегі түрлі мәдени іс-шараларға белсене араласады. Сол себепті де айтулы дирижер, күйші әрі сазгер Бөрі Исаға түрлі деңгейдегі арнайы шақыру қағаздары желдей есіп, жедел жетеді. Атап айтқанда, КСРО халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, “Парасат” орденінің иегері, профессор Шамғон Қажығалиевтың 80 жылдық мерейтойына арналған Абай атындағы опера және балет театрында өтетін салтанатты концерттік кешке Жетісай өңірінен мақталы өлкенің бас дирижері, профессор Бөрі Исаның шақыру қағазын алуы заңды әрі биік мәртебе.
Күй өнері, оны орындау, сазгерлік қызметпен біргелікте Бөрі Иса – ұстаз, Мырзашөл өңіріндегі алғашқы, іргелі “Сырдария” университетінің профессоры. Қазірде ондаған, жүздеген шәкірттерді тәрбиелеген, баулыған тәлімгер. Сол себепті де оның өнері, ұстаздық ұлағаты бір отбасы немесе бір әулеттің ғана иелігінде емес, бүкіл өнерсүйер халқымыздың ортақ игілігі деп түсінеміз, солайша ұғынамыз. Халқымыздың өзге елдерден ерекше еншілес өнері бар болса, ол – күй өнері. Есте жоқ ерте замандардан бастап, күй атасы Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, бертіндегі Нұрғиса болмысындай сезініміз біз Бөрі Исаны. Ұлы домбырашылар көш-керуені қазіргі таңда да халқымыз, еліміз барда көшпелі, көрікті екендігінде дау жоқ.
Бөрі Исаның белгілі күйші, сазгер болуы – табиғи әрі заңды. Өйткені, танымал өнер иесінің туған жері – Мырзашөл өңірі, Жетісай қаласы – жер жаннаты. Көктем мұнда тым ерте келеді. Еліміздің ең қиыр оңтүстігі. Жер – ана ерекше құлпырады. Жер – ана жүзі жасыл реңге боялады. Табиғат жаңарып, жасарады. Сонымен бірге адам жаны да рахатқа бөленеді . Шынайы өнерге жол ашылды. Ұлттық мәдениет өркен жая бастады. Бөрі Иса өзінің әу бастағы киелі домбыра өнеріне деген шығармашылық қуатының жолы ашылғандығына сенімі күшейе, беки түсті. Осының өзі жаңа, тың шығармалар жазуға игі әсерін тигізді. “Желтоқсан”, “Сағыныш” атты күйлері, “Армысың, ХХІ ғасыр” ораториясы – сөзіміздің айғағы [3].
Жиделі – Байсын жері оның топырағына нәр дарытатын Сыр өзені жағасын мекендейтін Жер-Ана төсін емген халық Бөрі Иса есімімен мақтанады. Халқының құшағы – Мырзашөлдің жазғы аптабындай отты, жалынды. Бөрі Исаның өз туындылары да шоқты, лепті. Қос ішекті домбыра қасиетті Мырзашөлдің және сыршыл сазгердің бүкіл әлемін біртұтас әлем сипатында күй етіп, толқыта, толғанта өз тыңдарманына ұсынады.
Бөрі Иса қазіргі таңдағы шеберлік пен біліктілік биігіне бірден қол жеткізген жоқ. Ізденістер, тәжірибе жинақтау секілді өнерге тән үдерістерді бастан өткерді. Алғашқы өнер жолында-ақ Бөрі Иса оркестрдің репертуарын байыту, жаңарту және дамыту ісімен етене араласты. Мырзашөл өңіріндегі ел есінде қалған Ақбала, Қайыпназар және тағы басқа да есімдері елеулі күйшілердің, әншілердің әуендерін жинады. Нотаға түсірді. Оркестрге лайықтады. Мақсаты – рухани дүниелерді ұрпақтар кәдесіне жарату еді.
Бөрі Исаның дирижерлік, күйшілік және сазгерлік таланты жөнінде Мырзашөл өңіріне аяқ басқан, ат басын тіреген елімізге белгілі әдебиет, ғылым, қоғам қайраткерлері Рахманқұл Бердібаев, Райымбек Сейітметов, Мыңжасар Маңғытаев, Құлбек Ергөбековтер тамаша ой-пікірлер айтты. Жетісай қаласына келген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Бөрі ағамыздың қолын алып, өнер биігіндегі жолына оң сапар тілеп, ізгі ниетін білдіргенінің өзі шабытына шабыт қосты. Қанат бітірді .
Бөрі Исаның домбырада күй шерту өнерімен, әсіресе, Өзбекстанның Мырзашөл өңірімен шекаралас Сырдария, Жыззақ облыстары, Ташкент қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысының өнерсүйер қауымы жақсы таныс десек, артық айтқандық емес.
Бөрі Исаның төл күйлеріне тән басты ерекшелік адам жанының сан қатпарлы терең иірімдерін иітерлік тылсым күш дер ек. Әрине, оны өнер құдіреті деуге болар. Әйтсе де, күйші-сазгердің жеке қолтаңбасы айырықшаланып тұрады, мен мұндалайды. Бөлек стиль, өзге қолтаңба, тың болмыс, соны құбылыс.
Бөрі Исаның күй шығарудағы, оны орындаудағы сазгерлік қызметін жүзеге асырудағы басты принципі – көңіліне қонғанын жазады әрі орындайды. Шартты түрде әлемдік, ұлттық өнердегі белгілібір, яки сәнге айналған бағыттар мен ағымдардың етегінен ұстамайды. Ой, қиял, көңіл, шабыт еркіндігіне бостандық, еркіндік береді. Бірақ осынау ұғымдардың барлығын тұтас мақсат, діттеген ниет пен пейіл үштағандап, бір тізгінде мықтап ұстап тұрады. Қажет кезде тарпа бас салып, кейінге тартады, керек сәтте ағыл-тегіл еркіне жібереді. Сондықтан да Бөрі Иса күйлерінің басым бөлігі дерлік әсем, көркем, сұлу әрі сүйкімді.
Бөрі Иса – зиялы сазгер, сергек күйші. Көңіл толқынын толқытатын өнер иесі. Ол да адам. Жұмыр басты жан. Арманы бар, реніш, мұңы да жеткілікті. Кейитін де, шаттанатын да шақтары жиі-жиі. Әйтсе де торығу, тарығу Бөрі Исаға жат. Қашанда жолыға қалсаң, жадыраған жаздай. Бәлкім сыртқы сырылы сыры. Солай болғанда да жақсы ағаның жан сарайы сәулетті, сәнді. Оның бойында тоғыз ай, тоғыз күн толғандыратын мәселелер де аз емес. Тоқетері – шындықтан аспайды. Бос қиялға баспайды. Бұндай қасиет табан аудармай қызмет еткен, талай-талай маңдай тері төгілген туған топыраққа деген адалдықтың, тектіліктің жемісі болар.
Күй өнері – түркі халықтары арасында тек қазақ халқына ғана тиесілі екендігін ескерсек, күй – халқымыздың, ұлтымыздың шынайы болмысы мен табиғаты. Күй сөзінің өзі көңіл-күйді, хал-ахуалды, бір-ақ сәттегі адам, қоғам, табиғат болмысын білдіреді. Болмыстағы хал-ахуал, сезім иірімдері, жан құпиясы, сыры мен жұмбағы бір-ақ сөзде – күй атты ғажап та сиқырлы, шежірелі де сырлы тарихы тым тереңде жатқан ұғымда толыққанды көрініс табады.
Қазіргі таңда күй зертеушілері халқымыз иелігінде 3 мыңнан астам күй бар дейді. Күйдің өзі оннан астам түрге бөлінеді екен. Солардың барлығы дерлік теледидарда көрініс тауып жүр. Жоғары оқу орындарындағы өнер мамандығының студенттеріне ұғындырылуда. Атап айтқанда, айтыс күйлері, арнау күйлері, халық күйлері және тағы басқалары жөнінде көзіқарақты зиялы қауым жақсы біледі. “2000 жылдың ең үздік орындаушысы” атты облыс әкімдігінің белгіленген номинациясын иеленуі де соның айғағы. [4].
Бөрі Иса жайлы сөз қозғағанда оның ортасы, күй өнерінің мектебі туралы айтпай кетуге болмайды. Мырзашөл өңірінде күй өнерінің ортасы бар. Күй өнерінің мектебі қалыптасқан. Оны республикалық деңгейде насихаттау жүйесі де жолға қойылған. Әрине, бұл бағыттағы іс-шараларды бұдан да тиянақты, жүйелі, мемлекеттік деңгейде жүргізуге болар еді. Ал қазірде бұл ауқымдағы жұмыстарды жеке тұлғалар, өнерге құмар жандар ғана жүзеге асыруда. Бұл – шындық.
Бөрі Иса – рухы бай аға. Бүгінде материалдық байлық көш бастаған заманда осылай баға беру сән де емес шығар, бәлкім. Бұндай тұжырым ескілеу болуы да ғажап емес. Өйткені, өнерді – байлықтың қасиеті екенін екінің бір түсіне бермейтін заманға кез келгеніміз де ащы болса да, шындық. Әйтсе де, Бөкең ақ домбырасымен-ақ сахна төрінде сырбаз қалыпта отырып, күй тартса, оркестрді үйіріп, әуенімен елітсе, көрермен атты қауым құлай тыңдайды, отырған орында шегеленгендей хал кешеді. Өйткені, Бөкеңнің домбырасынан кең-байтақ даламыздың төсіндегі ұлы дүбірлердің дүрсілін, соққан дауылы мен соққан тағдыр талайын, күрсінісі мен қуанышын, қол жеткен арманы мен орындалмаған мақсатын есітер құлаққа дәлме-дәл құяды, көңіл төріне орнықтырып жайғастырады, әрі жүрекке дөп тигізеді. Бөкеңнің осынау салтанатты болмысы қуанышқа бөлейді. Әйтпесе, Бөрі Иса хас таланттарға тән қарапайымдылықтың өзіндей ғана. Мырзашөлдік әрі мақтаралдық тарлан күйші, сазгер әрі дирижер Бөрі Иса қай ортада болмасын төрге шығып, ақ домбырасын қолына алғанда көрермендер арасында серпіліс туғызады, сергектік сезімін оятады. Оның көптің жүрегіне жол тапқан төл күйлерін тыңдарман да күй сазымен іштей тербетіле тыңдайды. Әуен иірімдерінің тереңіне батады, қияндағы қиял аспанына шарықтап ұшады. Бұл көне күй дәстүрінің өлместігін паш еткендей, ал Бөрі Исаның домбыраға қосыла күй шертуі ұлы өнердің мәртебесін одан әрі асқақтатқандай болады [5].
Жетісай музыкалық театрында Бөрі Исаның басшылығымен қойылған 30-дан астам қойылымдар арасында “Қыз-Жібек”, “Жалбыр”, “Ер-Тарғын”, “Айман–Шолпан”, “Малиновкадағы той”, “Аршын Малалан” тағы басқалары бар. 50-ден астам спектакльдердің музыкасын құрастырған. Бөрі Иса – бес спектакльге музыка жазған 100-ден асқан әндер мен күйлердің авторы. Бөрі Иса–Жетісайдың ұлт аспаптар оркестрі мен кіші симфониялық оркестрдің үздіксіз дирижері. Бөрі Иса -әлі де сахнадан түспеген күйші домбырашы.Бөрі Иса–14 партитуралар жинағының авторы. Бөрі Иса – “Оркестр класы”, “Аспаптану” және “Аспапқа бөлу” сияқты кезіндегі оқу бағдарламасының авторының бірі. Бөрі Иса 100-ден астам ән – күйлерді оркестрге лайықтаған бірнеше жинақтың авторы.Бөрі Иса–700-ге жуық Мырзашөл өңірі сазгерлерінің ән-күйлерін нотаға түсіріп жинақтаған автор.
Бөрі Иса күй өнері мәдениеті мен оны орындау шеберлігін елімізде, Оңтүстікте, Мырзашөл өңірінде жаңа, соны биікке көтерді. Күй өнері тұлғаларының білігі мен біліктілігін және ұлағатын бойына сіңірген өзі де сол деңгейден көрінген халқымыздың біртуар мәдениет қайраткерлерінің бірегейі ретінде күй өнері тарихында өлмес, өшпес із қалдыруының өзі – елеулі жетістік емес пе?!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
- Мейірбеков Ә. Армысың Бөрі досым – Ташкент: Нұрлы жол, 1996.
- Мейірбеков Ә. Бөрі десе Бөрі. //“Парасат”, 1993.
- Ковалева А. В Алматы – Нургиса, в Жетысае – Бори Иса. //“Южный Казахстан”, 1999, №2.
- Пістебек Ө. Жетісайда Бөрі Иса. //“Жетісай жарнамасы”, 2010, №1.
- Нұржанов О. Ағаларым асқар тауым – Алматы: Теларна, 2008 – 149 б.