Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI466

Тәрбиелі ұрпақ– тәңір сыйы

«Тәрбиесіз келген білім – адамзаттың қас жауы», - деп «Екінші ұстаз» мәртебесіне ие болған ойшыл әл-Фараби айтқан еді. Талайды төңкере тінтісек те адам бойынан табылу керек қасиеттердің алдыңғы қатарында тұруы керек құндылық – тәрбие. Адамзат баласы ықылым заманнан бері санасын торлаған сұрақтарға жауап іздей отырып, тәрбие орны толмас қасиет екенін дәлелдеумен келеді. Ал, тәрбиені қайдан аламыз? Қандай адам тәрбиелі болады? 

Адам шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап тәрбиеленуі керек. Әлбетте, тәрбиенің алғышартын жасаушы міндетті түрде ата-ана немесе асыраушы болуы керек. Ата-ана дұрыс тәрбие бере отырып, оны қолынан жетектеп мектепке әкеледі, баланың тәрбиесін ендігі кезекте мұғалім толықтырады. Өсе келе қоғамға қарай тәрбиеленеді. Ал нақты тәрбиені шегелеуші ата-ана да, ұстаз да емес, кітап, білім болу керек. Бұл сөзімізге дініміз де дәлел бола алады. Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.с.) Жәбірейіл періште нағыз адам болмысын жасауға жол көрсетуге келгендегі алғашқы сөзі – «Иқора» («оқы») деген сөз еді. Тәрбиелі адам болмысын жасауда бәрнеше факторлар әсер етеді. Алғашқысы – иман. 

Иман дегеніміз – сенім. Имансыз сөзі – сенімі жоқ дегенді білдіріп, мұсылмандарда, соның ішінде біздің түбі бір, діні бір бауырлас халықтарымыздың түсінігіндеар-ұяттан басқа, азғын мағынасын береді. Шынында да, еш нәрсеге сенбейтін, ешбір шарапаттылықты мойындамайтын асқан қауіпті нәрсе бола ма? Адамға керегі ішу, жеу ғана емес, бір нәрсеге сеніп,сиынып өмір сүру. Бұл оның табиғатына тән құбылыс. Адам ақылды,қайратты, тәжірибелі, сонымен қатар әлсіз келеді. Өйтені оның санасы алда не боларын ойлауға мәжбір етеді. Сол өз әлсіздігі сенім-иланымымен толықтырылады. Сеніммен күн кешу адамға жеңіл болады. 

Келесі фактор – адамгершілік. Адамгершілік – кең ауқымды ұғым. Дегенмен адамның адамдығын алдымен көрген сәттен бағалаймыз, яғни амандасудан. Амандасу – тұңғыш рет немесе араға біраз уақыт салып, бір-бірімен кездескенде жақындықты білдіру үшін айтылатын дәстүрлі сөз немесе ишара, дене қимылы. Амандасу – адамгерішіктің, тәрбиенің мол екендігін көрсетудің басы. Адамгершілік амандасудан да өзге құндылықтармен толықтырылса, белгілі қоғам қайраткері, ақын А.Байтұрсынұлы адамгершіліктің маңызы жауында былай дейді:

 

Алданып тамағыма мұны ұмытсам.

Болғандай жегенімнің бәрі харам.

Адамнан туып, адам ңсңн етпегесін,

Ұялмай не бетіммен көрге барам?

Үшінші фактор – әдептілік. Әдептанудың негізгі мақсаты – адамға жамандықтың зиянын түсіндіріп, одан бойын аулақ салуға үйретіп, тура жолды – әдептілік, адамгершілік жолды көрсету. Өйткені қоғамдағы ең қадірлі адам – ол әдепті адам. Әдепті адамдар – қоғамның баға жетпес байлығы әрі мәртебесі. Әдепсіз, дұрыс жолдан тайған адамда жақсылыққа ұмтылдыратын рухани тетік жойылып, жамандықтың ми батпағына бата беру ғана қалады. Қай қоғамда да әдеп дұрыс жолға қойылса, сол қоғамның абыройы жоғары, тұрмысы да бай-қуатты болмақ.

Төртінші фактор – кішіпейілділік. Кішіпейілділік дегеніміз – жеке адамның айналасындағыларға қатысы жөнінен өзінің қандай да бір алабөтен артықшылығы немесе ерекше құқықтары бар деп санамауы, жұрт мойындаған тәртіпке өз еркімен бағынуы. Кішіпейіл адам адамгершілігі мол, мейірбан болады, кісіге қарасуға, қол ұшын беріп, жәрдемдесуге әзір. Кішіпейілділік жәй нәрсе емес, ол – мінез, әлеуметтік мәртебе, көп қошемет тұтатын асыл қасиет. Сол үшін де халық: «Кішіпейілділік – кішілік емес,кісілік» деп, оның мәнін өте дұрыс айтып жетізген. 

Бесінші фактор– қанағат. Қанағат – әдептіліктің басты белгісі. Ол – адамның сана-сезімі мен іс-қимылындағы жақсы әдет. Қанағатты әдетке айналдырған жан өмір бақи игілігін көреді. Өйткенні ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзіне қанағат қылдырады. Қанағат ашкөздікке жібермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды. Сұғанақтық жасаттырмайды. Сондықтан қанағатшыл кісі жұмсақ, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құрметіне ие болады. 

Алтыншы фактор – сабыр. Сабыр – әдепті адамдарға тән мінездің түрі. Ол – қандай жағдайда да адамның өзіне-өзі ие болу, ұшқары сезімге бой алдырып,жеңілтектік жасамайды, ұстамды болуы, әр нәрсенің байыбына барып, ақылға салып іс тындыру, іс-әрекетін алдына қойған мақсатына бағындыра білуі, сезімін қадағалай алуы, тосын жағдайға душар болғанда торықпауы немесе шалт қимылға бармауы. 

Жетінші фактор – әділдік. Қашанғы кәрі тарихқа көз жүгірсек, адам баласының ең аяулы арман, мұраты әділдік болып келе жатқанын көреміз. Әділдіктің мағынасы туралық, дұрыстық, түзулік дегенді білдіреді де, одан таю, әділдікке жатпайтын іс істеп, қиянат жасау, біреудің обалына қалу, жазықсыз жапа шектіру болып табылады. Сондықтан әділдік – адамның ең асыл қасиеті, адамгершіліктің, әдеп-инабаттылықтың негізі саналады. Халқымыздың «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін мақалында осы шындық тамаша өткір тұжырымдалған. 

Қорыта келгенде, «тәрбие» ұғымы кең ауқымды болып келеді, өзге де жақсы құндылықтарды маңайына жинайды. Осы арқылы тәрбиенің толастамайтындығын жеткізгім келеді. Осы секілді өзге жақсы қасиеттерді бала бойына дарыту - ата-ана үшін үлкен жетістік. Тәрбиелі ұрпақ – тәңір сыйы!

734 0
Ляззат Садыбекова, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылы Ұлы Дала Ұстазы № 000269
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: