Аңдатпа
Мақалада мектепке дейінгі ұйымның әдістемелік жұмысын жетілдіру бағытындағы өзгерістер мен іс-тәжірибе нәтижесі сипатталаған.
Кілт сөздер: әдіскер, әдістемелік жұмыс, инновация, қашықтықтан оқыту, инклюзивті оқыту, технология.
Қазақстандық білім беру жүйесін жаңарту аясында мектепке дейінгі сапалы білім беру жағдайын қамтамасыз ету үшін жаңа міндеттер қойылады. Мектепке дейінгі ұйым педагогтарының кәсіби-педагогикалық қызмет мазмұны нәтижесінде жаңа білім беру шарттарымен талап етілетін инновациялық әдістерді енгізу көзделеді. Білім беру-тәрбиелеу кеңістігінің тиімділігі көп жағдайда МҰ әдіскерінің жетекші рөлімен анықталады.
Әдіскердің жаңаны құру және жүзеге асыру қабілетін педагогикалық ұжымның инновациялық әлеуетін көтеру шеберлігі ретінде түсіндіруге болады. МҰ инновациялық бағыттағы педагогикалық қызмет мазмұны дәстүрлі педагогикалық қызметке қарағанда біраз өзгерістерге ұшырап отыр. Бұған кенеттен енгізілген қашықтықтан оқыту жүйесі де едәуір әсер етті. Педагогикалық жұмыс барысындағы технологиялар күрделенді, мәселен ақпараттық технологияны қолдану педагогтардан қосымша білім мен білікті талап етті. Инновациялық бағыттағы педагогикалық үрдісте орталық нысан – бала, оның белсенділігі мен шығармашылығы болып табылады. Ал дәстүрлі педагогикалық қызметте педагог орталық нысан ретінде қарастырылғаны белгілі.
Дәстүрлі жұмыс формаларының кемшілігі (артықшылығымен қатар) тәрбиешілердің барлығы бірдей белсенді қатысушы рөлін атқармайды. Осы олқылықтың орнын толтыруға педагог кадрлармен жұмыс жүргізудің инновациялық формалары көмектеседі.
Бүгінгі талап сол, әр педагог үнемі өз қызметін жандандырып, өзінің шығармашылық қабілеттерін дамытуы тиіс. Өйткені шығармашылық ықпал ғана педагогикалық үрдісті тиімді, әрі қызықты ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Әдіскерлік тәжірибемдегі жетекші педагогикалық идея педагогтармен жұмыс жүргізудің тиімді инновациялық әдістерін анықтаудан және олардың кәсіби біліктілігін арттырудан тұрады.
Мектепке дейінгі ұйымның инновациялық әдістерді қолдану мәселесіне қатысты тәжірибелерін талдау негізінде әдіскер қызметінің педагогтармен жұмыс жүргізудегі негізгі мақсаты ретінде олардың кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға ықпал ететін жұмыс жүйесін құру алға шығады.
Қазіргі заманауи педагогтарға қойылатын негізгі талаптар ретінде тек оның кәсіби құзыреттілігі ғана емес, сонымен қатар креативтілігі, инновацияларды қолдануға, құруға деген дайындығы да назарға алынады.
Педагогтардың шеберлік деңгейі және оны үнемі арттыру мектепке дейінгі ұйым жүйесінде маңызды орын алатын әдістемелік жұмыстың басым бағыттарының бірі болып табылады. Әдістемелік жұмыс, оның мазмұны МҰ педагогтарының қызмет нәтижелерімен өзара тығыз байланысты және әр педагогтың үздіксіз дамуын қамтамасыз етеді.
МҰ педагогтарының тиімді қызметін ұйымдастыруда және әдістемелік көмек беруде семинар-практикум, шығармашылық шағын топ, біліктілік арттыру, педагогикалық шеберлік эстафетасы секілді дәстүрлі жұмыс формалары әлі де тиімді.
Осы дәстүрлі жұмыс формалары инновациялық әдістерді қолдану барысында жаңа мазмұнымен толығады және жаңа формаларды ендіру олардан бас тартуға негіз емес. Қай-қайсысы да бір-бірін толықтырады.
Әдістемелік жұмыс мектепке дейінгі ұйымдарға арналған нормативтік-құқытық құжаттарды негізге алып құрылады. Сонымен қатар аймақтық инновациялық алаңдарды жүзеге асыру жоспары да ескеріледі.
Инновациялық әдістемелік жұмыс – бұл педагогикалық қызметтің кәсіби-басқару бөлімі, ал инновациялық әдістер тәжірибелік-бағдарлы сипатта болады. Инновациялық тәжірибелердің, жаңа ғылыми зерттеулердің нәтижелері білім беру үрдісін кіріктіруге мүмкіндік береді.
Іс-тәжірибелердің жаңашылдығы инновациялық әдістерді қолдана отырып педагогтармен жұмыс жүргізу жүйесін құрудан тұрады.
Бүгінде біздің «Балдаурен» балабақшамызда педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған инновациялық жұмыс жүйесі қалыптасқан. Педагогикалық ұжым инновациялық бағытта білімі мен тәжірибесін арттыру жұмыстарына белсене араласады.
Пандемия салдарынан орын алған қашықтықтан оқыту мектепке дейінгі білім беру жолында инновациялық әдістерді қарастыруды талап етті. Осыған орай балабақшамыздың педагогтары жаңа технологияларды жан-жақты іздестіріп, өз тәжірибесінде қолданды. Ақпараттық технологиялар кеңінен қарқын алып, педагогтармен, балалармен және ата-аналармен жұмыс жүргізу онлайн форматта жүзеге асты. Тәрбиешілердің қоржыны электронды материалдармен толысты.
Инновациялық технологиялар білім беру саласының ажырамас бөлігіне айналды. МҰ-да STEM технологиясы іске қосылды. STEM білім беруді енгізу балаларды ақпараттар ағынын бағдарлай білуге, меңгерген білімін өмірде қолдануға көмектеседі. Сонымен қоса іс-тәжірибеде жобалау, ойын технологиялары жетіле түсті. Жылдық міндетімізге орай Сөйлеуді дамыту бойынша Триз технологиясын, ал дене шынықтыру бағытында денсаулықсақтау технологияларын тәжірибеде қарастырдық.
Балабақшаның даму жолында педагогтарға әдістемелік көмек беру жұмыстары онлайн және оффлайн форматта ұйымдастырылды. Қашықтықтан байланыс орнату инновациялық жаңа бағыт ретінде қабылданды.
Жаңартылған білім беру мазмұны аясында және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін ұсынуда инклюзивті білім беру жүйесі басты назарға алынды. Мектепке дейінгі инклюзивті білім беру тәжірибесі әлі де зерттеуді, толықтыруды қажет етеді. Сондықтан бұл біздің болашақ тәжірибеміздің еншісінде.
Саналуан жұмыс формаларын қолдану нақты нәтиже береді: педагогтардың кәсіби өсуге деген оң мотивациясы топтарда заттық-дамытушы орта құруда байқалады (40%); түрлі әдістемелік шараларға дайындалуда белсенділігі артады (55%); біліктілік арттыру курстарына қатысу 60%; біліктілік санатын арттыруға деген сұраныс артып отыр (40%); білім беру сапасын анықтау мониторингі барлық 5 сала бойынша білім беру бағдарламасын меңгерудің оң динамикасын көрсетті; ата-аналардың мектепке дейінгі ұйым жұмысына деген қанағаттану бағасы артты.
Педагогтармен жүргізілетін жұмыстар бойынша іс-шараларды жүйелеу білім беру қызметін жетілдіруге және жоспарлауға мүмкіндік берді.
Мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру тікелей педагог кадрлармен байланысты болады. Қазіргі білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында педагог мәртебесі де түбегейлі өзгеріске түсті, соған сәйкес оның кәсіби-педагогикалық құзыреттілігіне, кәсіби шеберлік деңгейіне қойылатын талаптар да өзгерді. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесінде шығармашыл, құзыретті, өзінің тұлғалық әлеуетін жетілдіруге қабілетті педагог қажет-ақ. Ал балабақшада педагогтармен әдістемелік жұмыстарды инновациялық бағытта жетілдіру әдіскердің басты ұстанымы ретінде сипатталады.
Сонымен, жаңартылған білім мазмұны мектепке дейінгі ұйымның педагогикалық қызметін жаңашыл көзқараспен, жаңа идеялармен жүзеге асыруға ықпал етеді. Жаңартылған білім мазмұнын жүзеге асыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін енгізу инновациялық әдістемелік жұмыстар арқылы нәтижелі болады.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №137 қаулысы, 2021 жыл 15 наурыз
- Тимофеева, Л.Л., Майер, А.А. Повышение профессиональной компетентности педагога дошкольного образования. Выпуск 2. – М., 2013. – 96с.
- Кораблева, С.В., Мифтахова, О.А. Организация работы старшего воспитателя с педагогами ДОО в режиме инновационной деятельности / С.В. Кораблева, О.А. Мифтахова // Народное образование. Педагогика. - 2015. - №2. - с. 23-26.