Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI267

Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде сабақты жоспарлау

Жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқытушының кәсіби өсуі мен дамуына жоғары талап қойылып отыр, өйткені қазіргі заман педагогтеріне өз сабақтарында терең пәндік біліммен қатар білім алушылардың бойында 21 ғасыр дағдыларын - «soft skills», «икемді дағдыларды» қалыптастыру міндеті тұр. Бұл міндеттерді оқыту тәжірибесінде шешу үшін тиімді оқу стратегияларын қолдану қажет.

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқытушының кәсіби өсуі мен дамуына жоғары талап қойылып отыр. Оның себебі, білім алушы тек ақпарат алушы емес, үйренуші, өзін-өзі дамытушы субъектісіне айналады. 

Сондықтан да бүгінгі таңда репродуктивтіні конструктивті, яғни сындарлы оқыту алмастыруда. Оның мақсаты  - білім алушылардың пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Ал егер педагогтың өзі білім алушыға  ұсынатын тақырыбына сай тиімді әдіс-тәсілді меңгермесе, жаңа талапқа сай жұмыс жасай алмайды, сондықтан білім алушылардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сабақты барынша тиімді жоспарлауы қажет.

Қазақ тілі мен әдебиетінің екінші тіл ретінде оқытылатын оқу бағдарламасы төрт тілдік дағдыны қамтиды: тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым.

Грамматикалық білім тілдік төрт дағдыны қалыптастыру барысында жүзеге асып отырады. Білім алушылардың әдеби тіл нормаларын дұрыс және орынды қолдана білуіне үлкен мән беріледі. Ал лексикалық тақырыптар белгілі бір тақырыптар аясында білім алушылардың сөздік қорын байыта отырып, сөздердің мағынасын түсінуге, мақсатқа сай орынды қолдануын жүзеге асырады. Тілді үйренудің басты мақсаты коммуникативтік құзыреттілікке  қол жеткізу болып табылады.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні екінші тіл ретінде оқытылатын топтарда білім алушылардың сабаққа деген ынтасы жақсы болғанымен, тілдік орта болмағандықтан тілдік кедергілер сабақ сайын кездесіп отырады. Көп жағдайда білім алушылар ойларын қазақ тілінде жеткізе алмай қиналады, сондықтан мәтінді түсіну үшін көп жағдайда сөздікпен жұмыс жасайды да, бір-бірімен диалогқа түсе бермейді. Нәтижесінде, сабақты жақсы оқитындар ғана сұрақтарға жауап беріп, тақырыпқа қатысты өз пікірлерін білдіруге тырысады. Білім алушылардың басым бөлігінің ойынша белгілі бір тақырыпқа байланысты берілген мәтінді оқып, мағынасын түсінсем болды, - деген пікір қалыптасқан. Сонымен қатар сұрақтар қойған кезде де, көбінесе «жабық сұрақтарды» қолданады да, тақырыпқа қатысты ешқандай ой өрбімейді, пікір алыспайды. Тіл үйретуде ең басты міндет – білім алушылардың сөйлеу тілін жетілдіру.

«Білім алушылардың сөздік қорларын қалай жетілдіруге   болады?» -  деген  сұрақ бүгінгі таңда барлық  тіл мамандарын ойландырады.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы оқыту мен оқуға сындарлы көзқарасты қолдайды, ол білім алушыларды оқытушымен  және бір-бірімен диалог жүргізуге ынталандыруды көздейді. Диалог аясын кеңейту үшін оқытушы сабақты білім алушылар оны тыңдап қана қоятындай емес, нақты тақырып туралы ойлана алатындай белсенді етіп жүргізу керек, себебі, білім алу диалог арқылы беріледі. Диалог барысында білім алушылар (сонымен қатар олардың оқытушылары да) келісілген нәтижеге қол жету үшін күш- жігерін жұмсайтын және білімді бірлесіп алуға немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер болып табылады. 

Әңгімелесу білім алушылардың оқуының ажырамас бөлігі болып табылады.  

Мен 1 курс студенттерімен «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінде  диалогтік оқыту әдістерін кеңінен пайдаланамын. Студенттермен топтық, жеке, жұптық жұмыстарды жүргізу барысында диалогтік  әрекет  сабақтың өн бойында жүзеге асырылып отырады. 

Мысалы, өткен тақырыпты қайталау мақсатында «Қарлы кесек» әдісін пайдаланамын. Бұл әдісте студенттің қойған сұрағы арқылы да, келесі студенттің берген жауабы арқылы да материалды қаншалықты терең меңгергенін байқауға болады. Ал үй тапсырмасын  тексеруде «Жұппен жұмыс», «Сана аллеясы» әдістерін пайдаланамын. Бұл әдістерде білім алушылардың диалог арқылы бір-бірімен сұхбаттасуы оларға білімін қалыптастыруға және вербалдандыруға көмектеседі.  Әсіресе «Дубляж» арқылы көрсетуге берілген тапсырманы студенттер ерекше қызығушылықпен орындайды. Кумулятивтік әңгіме арқылы шығармашылықпен өз білімдерін көрсете алады. 

Диалог әдісінің студенттердің қызығушылығын ояту кезеңінде маңызы зор. Бұл жерде ең маңыздысы сұрақты дұрыс қою. Студенттердің білім алуын қолдау үшін сұрақ қоюдың түрткі болуы, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты әртүрлі техникаларын пайдалануға  болады. Түрткі болу дегеніміз сұрақтар бірінші жауап алу үшін және білім алушылардың жауабын түзетуге көмектесу үшін қажет. Мысалы, білім алуға түрткі жасау, қызығушылықтарын ояту мақсатында «Кластер» әдісі бойынша ойшақыру үшін «Суретте не бейнеленген? Ол туралы не айтар едіңіз? Болжам жасаңыз» деген сұрақтар қоямын. «Аралым» әнін тыңдағаннан кейін «Қандай сезімде болдыңыздар? Бұл әнді бұрын естідіңіздер ме?  «Арал теңізі қайта қалпына келеді ме? Мәселені шешу жолдарын көрсетіңіз» деген сұрақтар арқылы білім алушылардың сыни тұрғыдан ойлауына ықпал етіп, білім алуға құштарлығын дамытып, жаңаны білуге ынталандырып отырамын. 

Сабақтың мағынаны тану кезеңінде білім алушыларды анағұрлым толық жауап беруге, өз ойларын ашық айтуға, өз идеяларын білдіруге ықпал ететін сұрақтар мен әдістерді таңдауға тырысамын. Мысалы, «ДЖИГСО» әдісін қолданғанда студенттер берілген материалды топта өзара талқылап, жеке топтарға барып ақпараттармен бөлісіп,  сол топтардан алған білімдерін топта өзара талқылайды. Бұл олардың бір-бірінен үйренуіне, басқа білім алушылардың идеяларын құрметтеуіне және бағалауына ықпал етеді.

Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасын «Ойлан, жұптас, бөліс» әдісі бойынша  талдау идеясын ашуға,  «Табақ тарту», «Жуан және жіңішке» сұрақтар стратегиясы білім алушылардың ойын жинақтауға көмек берді, білімдерін тереңдетуге  және шоғырландыруға ықпал етіп, тақырып бойынша және сындарлы сөйлеуге ынталандырды.

 «Сократ семинары» әдісі бойынша «Ыбырай Алтынсарин шығармаларының қазақ әдебиетінде алатын орны қандай? Оның шығармаларын колледжде оқыту қажет пе? Неліктен қажет? Жауабыңызды дәлелдеңіз» - деген сұрақтарға жауап беру барысында жүргізілген зерттеушілік әңгіме студенттердің байланыстырып сөйлеу,  бір-бірін тыңдай білу дағдыларын дамытып,  өз ойын ашық айтуға, өз пікірін дәлелдеуге, қорғауға үйретеді. 

Ал «Жарнама жасау», «ТВ-шоу» әдістері студенттердің көпшілік алдыңда сөйлеу мәдениетінің дамуына, қолданбалы қабілеттерін көрсетуге, сыни тұрғыдан ойлауға мүмкіндік береді.

Оқытушы мен   білім алушы арасындағы диалогке қарағанда білім алушы мен мен білім алушы арасындағы диалогтік оқыту қызықты және нәтижелі болады деп ойлаймын. Себебі студенттер өз құрдастары арасында өз ойларын ашық, әрі түсінбеген сұрақтарын еркін қояды. Топтық тапсырмалар орындау кезінде де бір-біріне сұрақтар қоя отырып, диалогтік қарым-қатынас жасайды. Әрбір білім алушының бойында белсенділік, қызығушылық, бәсекелестік сияқты қабілеттер көрініп, олар бір-бірлерімен жақсы қарым-қатынас  жасайды. Осы үдеріс кезінде білім алушылардың белсенділігі жоғары деңгейде болды, диалогке түсе отырып, олардың өздеріне деген сенімділігі артты. 

Сонымен қатар сабақты ақпараттық технологияларды қолдану да білім алушылардың белсенділігін арттырады. Осы орайда,  Лёрнинг Аппс, Кохут, Гугл форм қолданбаларын пайдалануға тырысамын. 

Оқыту үдерісінде диалогтік оқыту әдістері оқытудың тиімді, маңызды әдістерінің бірі болмақ, өйткені сабақ барысында бұл әдіс ең алдымен студенттердің білім алуына қолдау көрсетеді және оқытушыға солардың білім деңгейін бағамдап, бағалауға мүмкіндік береді. Сабақ мақсатына сай тиімді ұйымдастырылып, қолданылған диалогтік оқыту тәсілдері студенттердің білім алуға деген қызығушылығын оятуға ықпал етіп, ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтеді, сөздік қорларын, сөйлеу мәдениетін дамытады.

Білім беру мазмұнында болып жатқан өзгерістер бағалау жүйесіне де әсер етті. Кеңес психологы Б.Г.Ананьевтің: «Бағаның болмауы … бағаның ең нашар түрі болып табылады, себебі бұл бағыт беретін әсер емес, керісінше бағыт бермейтін әсер, объект жақсы ынталандырушы емес, керісінше депрессияға әкелуші, өзінің нақты білімі көрініс тапқан объективті баға негізінде өзіндік бағалауды құрудың орнына адамды субъективті түсіндірілген тұспалдарға, жартылай түсінікті жағдайларға, педагог пен оқушылардың мінез-құлқына негізделуге мәжбүрлейді», - деген сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. 

Сондықтан да әр сабағымда білім алушылардың нақты қол жеткізген нәтижелерін оқытудың күтілетін нәтижелерімен сәйкестендіру үдерісі - критериалды бағалау негізінде бағалап, тиісті балдарды қойып отырамын.   

Қабылдаған шешім объективті болу үшін тапсырмаларда қолданылатын дескрипторлар анық және нақты болуы қажет. Дескрипторлар тапсырманы орындауда білім алушыға нақты қай жерде қиын болғанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл білім алушыларға тиімді кері байланыс беруге және қайталап оқуға арналған бағдарламалық материалдың қажетті көлемін анықтауға мүмкіндік береді.

Сабақ барысында тапсырманы жақсы орындаған студенттерді мадақтап «Тамаша», «Жарайсың» деп ауызша кері байланыс орнатып, кейбіріне қателерін көрсетіп, бағыт беріп отырамын.  Бұл жетістікке жетуге, биік нәтижелерге жетуге итермелейді. 

Назарларыңызға  бағалау критерийлері мен дескрипторлар бойынша дайындап, сабақта қолданған тапсырмаларды ұсынғым келеді. Мен алынған сабақ мақсаты мен белгіленген бағалау критерийлеріне сәйкес әр тапсырмаларға балл белгілеймін. Тапсырма саны сабақтың тақырыбына, мақсатына сәйкес әр түрлі болады. Әр тапсырмаға бағалау дескрипторлары бойынша балл белгілеймін.

Қалыптастырушы бағалау әдістерін білім алушылардың кемшілігін көрсету үшін емес, оларға ұсыныс жасап, көмектесу үшін қолдансам, олардың сабаққа деген ынталары мен сенімі одан сайын арта түсетініне сенімдімін.

Критериалды бағалау білім алушыларда өз қызметін бақылау және бағалау қабілетін қалыптастыруға, оқыту процесінде туындайтын қиындықтардың себептерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Бұл білім беру стандарттарында белгіленген кең ауқымды дағдылар мен функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға ықпал етеді. 

Жаһандану заманында  жас ұрпақтың  жаңаша ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру,  білімге деген құштарлығын ояту,  өмірінде оны қолдана білу,  отансүйгіштік қасиетін одан әрі дамытуға бағыттау – ұстаздың басты міндеті деп білемін.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Әлімов А.Қ. Интербелсенді оқыту әдістемесін мектепте қолдану. Оқу құралы /«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2014. – 188 бет.
  2. Мәтінмен жұмыстың тиімді тәсілдері, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ,  Астана – 2016 ж
  3. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы (екінші басылым) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
  4. Сыныпта сындарлы әңгімені ынталандыратын стратегиялар, «Назарбаев Зияткерлік    мектептері» ДББҰ, Астана – 2016 ж.
  5. Сұрағым келеді немесе оқушылардың сұрақ қою дағдыларын дамыту: әдіст.ұсын. /Т.А. Акимова. - Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016. -34 б.

Тиімді сұрақтар арқылы оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту: әдістемелік ұсыным / Г.Б. Төреханова, Н.К. Абдрахманова. – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ПШО, 2016. -44 б.

276 0
Умут Казиева, «Қостанай жоғары политехникалық колледжі» КМҚК-ның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Қостанай қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000041
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: