Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1692

Балабақшадағы музыкалық тәрбиенің маңызы мен міндеттері

Музыканың адам рухани дүниесіне зор әсер ететінін немен түсіндіруге болады?Бәрінен де бұрын адамдардың өмірдің әр түрлі сәттеріндегі бастан кешкен күйлерін бейнелеп беретін ғажайып мүмкіндігімен түсіндіруге болады.

Халық шаттық құшағында екен – музыкаға әуені де салтанатты, қуанышты, ал сарбаз жорықта келе жатып ән салады екен - ән осы аса бір көңілдендіріп, қадамын ширатады; ана қаза тапқан баласын жоқтап аза тұтса – мұңды дыбыстар қайғыны айтып беруге көмектеседі. Музыка – адамның өмірлік серігі. Музыканың ерекшелігі – ол адамдардың көңіл - күйін ортақтандыру, олардың арасындағы қарым - қатынас құралы болу. Бір адам дүниеге әкелген музыкалық шығарма екінші адамның жан дүниесіне қозғау салып, керемет ретінде қабылданады. Орыстың ұлы композиторы П. И: Чайковский: «Мен өз музыкамның таралуын, оны сүйетін, одан көңіл көншіп, сүйеніш табатын адамдар санының көбеюін бар жан - тәніммен тілер едім» - деген.

Адамның парасатты ойы мен терең сезім дүниесін бейнелейтін, эмоциялық әсер туғыза алатын жарқын көркем шығармалар жан дүниенің эстетикалық жақтарын қозғап, тәрбиенің қайнар бұлағы мен құралына айналады.

Музыканың үшінші ерекшелігі, Д. Шостаковичтің айтуынша, «өзіндік тамаша тіл». Бейнелі, жарқын әуенді, жан-жақты үйлесімді, өзіндік бір ырғақты ұштастыра отырып, композитор өзінің дүние сезімін, айналасына көзқарасын бейнелейді. Мұндай шығармаларды қабыл алғандардың бәрі солар арқылы рухани байи түседі.

Ал, бірақ музыка тыңдаушылардың бәріне бірдей күшпен әсер ете ме? Жоқ, бірдей әсер етпейді. Бұл – оның тағы бір ерекшелігі. Әр адам музыкаға өзінше ынталы, онымен өзінше әуестенеді, ол музыка жанрының қайсыбіреуіне, өзі ұнатқан композиторына, тыңдаудағы белгілі тәжірибесіне сай жеке бір шығармаға артығырақ ден қояды. Оқып, жаза білуге, есептеуге, сурет салуға қалай үйренсе, музыканы тыңдап, бағалай білуге, образдардың ширақ дамуын, әр тарапты тақырыптардың қақтығысы мен тартылыстарын және олардың аяқталуын байқап, музыканы зейін қойып тыңдай білуге де дәл солай үйрену қажет. Тыңдаушы музыканы терең ұғу үшін, оның бүкіл даму барысына ілесе отырып қабылдауы тиіс. Осы «өзіндік тамаша тілді»   ұғып, түсіне білуге үйрену қажет. Сонда бірте - бірте музыкалық талғам қалыптасады, музыкамен ұдайы шұғылдану қажеттігі туады, барған сайын нәзік және алуан түрлі тербеніс - толғанысқа бөленушілік күшейе түседі.

Музыканың бір ынта қоятын тағы бір ерекшелігі – оның адамға өмірінің алғашқы күндерінен бастап - ақ әсер ететіндігінде. Құлаққа жағымды бесік жырын естігенде нәресте тыныштала қалады. Ал сергек марш ойналса, оның жүзінде өзгеше нышан байқалып, қимылы жиілейді. Бұл сияқты эмоциялық әсер бүлдіршінді ерте бастан музыкаға баулуға, эстетикалық тәрбиенің белсенді көмекшісі етуге мүмкіндік тұғызады. 

     Ақыл - ой мен дене жағынан дамуды, адамгершілік тазалық пен өмірге деген эстетикалық көзқарасты үйлесімді ұштастыру -  әр тарапты сомдалған жеке адамды қалыптастырудың қажетті шарты. Балаларға музыкалық тәрбие беруді дұрыс ұйымдастыру көп ретте осы мәртебелі міндетке жету ісіне көмектеседі.

а) Эстетикалық тәрбие мектеп жасына дейінгілердің әсемдікті қабылдап, сезіну және түсіну, жақсы мен жаманды байқап, шығармашылық тұрғыдан жеке қимыл жасау, сөйтіп көркемдік қызметтің әр түріне айтылу қабілеттерін дамытуға бағытталған.

Эстетикалық тәрбиенің жарқын құралдарының бірі – музыка. Музыка осы маңызды міндетті орындау үшін балада жалпы музыкалық қабілетті дамыту керек. Ал жалпы музыкалық қабілеттің негізгі белгілері қандай?

Музыкалық қабілеттің бірінші белгісі – музыкалық шығарманың сипатын сезіну, естігеніне бірге қуану не күйіну, эмоциялық әсерін көрсету, музыкалық образды түсіну қабілеті.

Музыка бүлдіршінді толғандырады, қабылдаушылық қабілетін оятады, өмір құбылыстарымен таныстырады, оларды бір - бірімен салыстырып, ой туғызады. Марштың ырғақты әуені оның көңіл - күйін қуанышты, көтеріңкі етсе, ал бесік жыры әуені мұңайтады, жабырқатады. Бір баланың теледидар арқылы орындап тұрған мұңды әнін естігенде: «Ағай өз қайғысы жайында ән айтып тұр» дегені бар, ол адамның ішкі тербеністерін бейнелеген әннің сарынын сезген.

Музыкалық қабілеттің екінші белгісі – тыңдау қабілеттілігі, неғұрлым жарқын және түсінікті музыкалық құбылыстарды салыстыру, оларға баға бере білу қабілеті. Мұның өзі ең қарапайым музыкалық дыбысты тыңдап, ести білу мәдениетін, қайсыбір бейнелеу құралдарына ден қойып, еркін тыңдау қабілетін талап етеді. Мәселен, балалар музыкалық дыбыстардың ең қарапайым қасиеттерін (рояль мен домбыра, тағы басқа аспаптардың жоғары және төмен тембрлік дыбыстарын) бір - бірімен салыстырады, музыкалық шығарманың ең қарапайым құрылымын (әннің бастамасын, қайырмасын, пьесадағы үш бөлімді т. б.) бір - бірінен айырады, бір - біріне қарама - қарсы көркем образдардың айқындылығын (өлең бастамасының биязы жұмсақ және созылыңқы сипаты мен қайырманың жігерлі тез сипатын) байқайды. Бара -бара балалардың өздері бар ынтасымен тыңдайтын және орындайтын сүйікті шығармаларының қоры жинақталады, музыкалық талғамдарының алғашқы негіздері қалыптасады.

Музыкалық қабілеттің үшінші белгісі – музыкаға шығармашылық көзқарастың көрінісі. Бала   музыканы тыңдап отырғанда, көркем образды әнді, ойынды, биді көз алдына елестете отырып, өзінше қабылдайды. Мәселен, бала сергек басып келе жатқан балаларға, маң - маң басқан аюға, үркек қоянға, т.б. тән бейнелі қимылды іздейді. Таныс би қимылдары жаңа құрылымдар мен түрлерде қолданылады. Балалар қарапайым әуендерді ойдан шығарып айта береді.

Музыкаға жалпы бейімділушіліктің дамуына қарай балалардың музыкаға деген эмоциялық көзқарасы қалыптасып, есту қабілеті жетіле түседі, шығармашылық елестету сезімі пайда болады. Балалардың тербеніс - толғаныстары өзіндік эстетикалық реңк алады.

б)  Музыка баланың сезімдеріне тікелей әсер ете отырып, оның моральдық бейнесін қалыптастырады. Музыканың ықпалы кейде үгіттеуден де, нұсқаудан да анағұрлым күшті болады. Балаларды эмоциялық - образдық мазмұны әр түрлі шығармалармен таныстыра отырып, біз оларды қосыла әсерленуге баулимыз.

Отан туралы, Астана туралы, туған ел туралы әндер Отанымызға сүйіспеншілік сезімдерін туғызады. Түрлі халықтардың жеке және хормен айтылатын әндері мен билері олардың әдет - ғұрыптарын білуге ынталандырады, мәдениетті тұлға қалыптастырады. Музыканың жанрлық байлығы қаһармандық образдар мен лирикалық көңіл - күйді, көңілді жеңіл би әуендерін түсінуге көмектеседі. Музыканы қабылдағанда туатын алуан түрлі сезімдер балалардың тербеністерін, олардың рухани дүниесін байытады.

324 0
Тұрсынғалиева Мадина Маратқызы «Нұрбөбек» бөбекжай – балабақшасының саз жетекшісі Атырау облысы, Мақат ауданы, Мақат кенті Ұлы Дала Ұстазы № 000565
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: