Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1639

Тарих пәнінен білім беруде оқыту технологиясын қолданудың ерекшеліктері

Қазіргі күннің талабы – білімді, өнерлі, өнегелі жас ұрпақ тәрбиелеу. Әлемдік білім беру жүйесі ХХІ ғасырда жаңа, тың бағытта қарқынды дами бастады. Білім берудің мазмұны, мақсаты өзгеруге тура келді.Сондықтан да елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауларында білім мен өнер, мәдениет салаларына айрықша көңіл бөліп, еліміздің жарқын болашағы білікті де парасатты жастардың қолында екенін айтып өтті. 

           «Білімді ұрпақ - болашақтың кепілі» - демекші, елдің болашақ азаматтарын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі - мемлекетіміздің басты саясатының бірі. Білім мен ғылымның ел дамуына оңтайлы әсер етуі үшін демократияландыру, оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, білімге, бүкіл оқу-әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қойылуда. Білім саласындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін, мектеп ұжымында әр мұғалім күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерді сабақтарында енгізіп отырады. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше жан-жақты сауатты маман болу мүмкін емес.  

           Қазақ халқының рухы таза ұлт болып қалыптасуы және тәуелсіздігіміздің беріктігі, егемендігіміздің сақталуы тікелей жас ұрпаққа байланысты. Бүгінгі таңда еліміздегі мектептегі білім беру ісіне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Басты мақсат - азаматтардың бойында жоғары патриоттық сананы өз елі, ұлты үшін мақтаныш сезімдерін тәрбиелеуді қалыптастыру», - деген болатын. Осы зор жауапты міндетті жүзеге асыруда тарихшы ұстаздарға жүктелетін міндет зор.
          Тарих пәні – мектептегі  оқу пәні ретінде жалпы негізгі білім беретін барлық гуманитарлық және қоғамтанушылық курстардың негізін құрайды. Тарих ұлттық өзіндік сана-сезімді және адамгершілік-этикалық нормаларды қалыптастыра отырып, оқытудың дүниетанымдық негізін қалыптастырады. Тарихтың басқа пәндермен өзара байланысы талдау, жинақтау сияқты ортақ логикалық таным әдістерін қолдануға мүмкіндік береді. Мысалы, гуманитарлық циклдағы пәндермен байланысы картамен, мәтінмен жұмыс істеу, оқиғалар мен құбылыстардың ерекшеліктерін айқындау сияқты ортақ әдіс-тәсілдері негізінде іске асады.

Тарихи білім берудің басты мақсаты мен міндеттері мынадай:
 - оқушылардың адамзат қоғамының ежелгі заманынан бүгінгі күнге дейінгі даму тарихынан жүйелі білім негіздерін қалыптастыру; 

- бүкіл адамзат жасаған құндылықтарды, мәдени тарихи тәжірибенің негізін оқытып, меңгерту;
 - оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыру, оларға адамзат жинаған әлеуметтік рухани, адамгершілік тәжірибесін меңгерту; 

- оқушыларды өз халқы мен басқа халықтардың мәдениеті мен тарихын, бүкіл адамзаттың мәдени мұрасын сақтауға тәрбиелеу; 

- оқушылардың бойында Қазақстандық патриотизм мен азаматтық сезімді қалыптастыру;
 - эстетикалық, экономикалық тәрбие беру, діннің тарихтағы қызметін дұрыс түсіне білуге тәрбиелеу.
              Осы міндеттер мен мақсаттарды орындау үшін қазіргі педагогиканың жаңалықтарын, оқу әдістемелік тәсілдің тиімді жолдарын таңдау, үздіксіз ізденіс пен білім сапасын жақсарту қажет. Тарихқа деген қызығушылығын арттыру үшін сапалы білім берудің тиімді жолдарын таңдау, тарихи және мәдени мұралармен таныстыру, қосымша элементтерді пайдалану мен тарихи деректерді оқып үйренуге дағдыландыру, баяндама, рефераттар, хабарлама жасату, өз бетінше оқып білім алып шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау сияқты жаңа педагогикалық технологиялар мен инновациялық бағыттарды, әдістер мен тәсілдерді енгізу және т.б. 

Осыған орай, біз яғни мұғалімдер қауымы орыстың ұлы педагогі К.Ушинскийдің «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деген сөзін әр уақытта естен шығармауымыз қажет. 

Бүгінгі таңда сабақ өткізудің түрлері көбеюде. Түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, сапалы білім, саналы тәрбие беруде сабақтың тиімді түрлерін қолдануымыз керек.  Оқушылардың танымдық қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін сабақта   әдіс-тәсілдерді пайдалану өте маңызды.  

5-6 сыныптарда ойын сабақтары, 8-10 сыныптарда сын тұрғысынан дамыту, ұжымдық оқыту, пікірталас, семинар, сынақ, жарыс, өзіндік жұмыс, мәнерлеп оқыту т.б. тәсілдерді қолданған тиімді.  Сурет-иллюстрациялар бойынша әңгіме құрастыру, тірек сигналдар, тірек-сызбалар, кластерлер, хронологиялық таблицалар құрастыру, тірек-конспектілер, Венн диаграммасы арқылы жұмыс істеу, қазақ жүздері, Алтын орда, белгілі тарихи тұлғаларды табу туралы тапсырмалар т.б. әдістері де қолданылады. 

Тарихи оқиғалар мен құбылыстарды өз бетінше талдайды, салыстырады, қорытынды жасайды, баға береді. 

      Міне, осы тәрізді әдіс-тәсілдерді білім сапасын арттыру мақсатында түрлендіре отырып қолданамын. Бұл жұмыстар оқушылармен тығыз байланыста болуға, оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, оқушының танымдық іс-әрекеттерін қалыптастыруға, оқушы тарапынан белсенділік танытып, дербестік көрсетуіне, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға көмектеседі. Оқушылардың алған білімдерін кеңейтіп, логикалық ойлау жүйесін дамытып, тиянақты білім алуына жол ашады. Сабақта оқушының жеткен жетістігін баса көрсетіп, оның пәнге деген қызығушылығын арттырып отырамын. Оқушыларды өз бетімен ізденіп жұмыс істеуге баули отырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдаймын. Бірақ шамадан тыс тапсырмалар беруден сақтану керек, ең басты оқиғалар мен фактілерді ғана білуі керектігін ескеріп, нақты тапсырмалар берген жөн. 

Сондай-ақ, күнделікті сабақта оқушылардың білімін бағалауға да тигізер көмегі көп. 

       Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік және көптеген адами қабілеттің қалыптасуына игі әсерін тигізеді. Өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. 

Кез-келген оқыту технологиясы мұғалімнен терең теориялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік білімді, үлкен педагогикалық шеберлікті талап етеді. 

Оқыту мен тәрбиелеуге тың әдіс-тәсілдер енгізілді. Нәтижесінде тұтас педагогикалық үрдістер өзгертіліп, білім берудің тиімді деп танылған жаңа технологиялары дүниеге келді. Яғни,оқытудың түрлі жаңа педагогикалық технологиялары қолданысқа еніп, білім сапасын жан-жақты көтеруге бағытталуда. 

Сондықтан оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын педагогтар ғана бүгінгі қоғамның мүддесі мен әр баланың үрдісінен шыға алады. 

Оқыту технологиясының қай-қайсысын алып қарасақ та, жеткіншек ұрпақтың өсіп жетілуі, оның жеке тұлға ретінде дамуы көзделген. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір технология өзіндік әдіс-тәсілдермен ерекшеленеді. Оқыту технологиясын таңдаған мұғалім оның философиясын, мақсат-міндетін терең оқып, түсініп меңгеру арқылы, өз сабағына тиімді пайдалана білуі керек. 

Ал, ол өз кезегінде оқушылардың білімді қаншалықты меңгергендігімен көрінеді. Мұғалімнің шеберлігі - оқыту материалын игертуде жаңа технологияны сауатты қолдана білуі. Таразыдан сан рет өткізіп, елеп-екшелген әдіс-сәтті сабақ кепілі. Мұғалімнің әрбір сабағы қызықты да, өміршең болу керек. Ол үшін мұғалімнің әр күні ізденіске толы болмақ. Сонда ғанаол өз шәкірттеріне толыққанды білім бере алады. 

Мұғалімнің жаңашылдығы, ізденімпаздығы оқушы көзқарасынан да тыс қалмайды. Сапалы білімге бағытталған мұғалім әрекеті оқушы жүрегінен жол табады. 

Қазіргі оқу процесіне СТО жобасының енуі, оқупроцесіне айтарлықтай серпіліс енгізді.  

Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы – әлемнің түпкір-түпкірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выгодский теорияларын басшылыққа алады. 

СТО дегеніміз-ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау. Өз бетімен және шығармашылық жұмыс жасау. 

          Дәстүрлі оқыту технологияларын жоққа шығаруға болмайды, дегенмен, ол тұлғаның дамуына емес, білімді, шеберлікті, дағдыны меңгеруге бағытталған. 

Мұғалім - баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы басты тұлға.                      Мұғалім жан-жақты жетілген білімді, әдістемелік шығармашылық шеберлік иесі, әлеуметтік қарым-қатынастар түрлерін кәсіби түрде меңгеруі тиіс. Әсіресе осы кәсіби білік дағдыларын шыңдауы оның ұстаздық тәжірибе жинақтауының ең басты алғы шарты болып табылады.Қазіргі заман ағымына байланысты әрбір мұғалім ең әуелі жауапкершілікті сезіне отырып, алдымен өз білімін, әдісін, шеберлігін шыңдауы керек. Үнемі ізденіс үстінде болып, әр бір жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді меңгеруі тиіс. Сонда ғана заман талабына сай ұстаз болып, өмір талабына сай оқушы тәрбиелей алады деп ойлаймын. 

Баланың сезіміне әсер етпей, санасына жеткізбей, оған терең білімді меңгерту мүмкін емес. ХХ ғасырдың басында Ж.Аймауытов: «Сабақ беру - үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол - жаңадан табатын өнер», - деген екен. Мен өз сабақтарымда жаңа педагогикалық әдістердің ішінен сын тұрғысынан ойлау әдісін пайдаланып жүрмін. Сыни тұрғыдан ойлау - бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға синтездеуге бағытталған пәндік шешім.Сыни тұрғыдан ойлаудың жаңа идеяларды ұсынуға және жаңа мүмкіндіктерді көруге қабілетті, мәселелерді шешу кезінде маңызы зор. 

Тарих сабағында сыни тұрғыдан ойлау технологиясын қолдану арқылы жүргізген жұмыстар өз нәтижесін беруде. Сын тұрғысынан ойлау технологиясы сабақтың барлық сатысын қамтиды. Сабақты оқушылар тиімді меңгеру үшін барлық жағдайларды жасай алады, не білетіндерін ойға түсіреді, сұрақтар қояды, сабақта не үйренгендерін түйіндейді. Осы сатыларды қамтитын сәттер оқушылардың белсенді таным жұмыстарының куәсі болып табылады.Сыни тұрғыдан ойлау технологиянының тиімділігінің бірі - ойлау мен сөйлеу еркіндігі. Сабақ барысында еркіндікті оқушыға бергеннен кейін, барлығы топтасып, өзара пікірлеседі.      

Жалпы бүгінгі таңдағы негізгі мақсат бәсекеге қабілетті, ой-сананы ұшқыр, өз бетінше іздене отырып, білім нәрімен сусындайтын ұрпақ тәрбиелеу. Ал бұл мақсатты орындайтын әрине ұстаздар қауымы. Сол себепті де қазіргі уақытта мұғалімдерге артылған жүк те, жауапкершілікте орасан. Сондықтан әрбір мұғалім ең әуелі осы жауапкершілікті сезіне отырып, алдымен өз білім, әдісін, шеберлігін шыңдауы қажет. Үнемі ізденіс үстінде болып, әрбір жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді меңгеруі тиіс. Сонда ғана заман талабына сай ұстаз болып, өмір талабына сай оқушы тәрбиелей алады. 

  ХХІ ғасыр жаңа технологиялар мен қарыштаған әдістер заманы. Қазіргі замандағы әрбір оқушы да, әрбір білім беруші де сол замана көшінен қалмай, жаһандануға ілесіп отыруға міндетті.  

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы № 137 бұйрығы

2.Тұрлығұл Т.Т. Мектепте Қазақстан тарихын оқыту теориясы мен әдістемесі. – Алматы: Мектеп, 2004.

3.Қазақстан және ТМД елдеріндегі білім беруді ақпараттандырудың IV Халықаралық форумының ғылыми мақалалар жинағы (18-19 бет.38-39 бет. 118-119 бет. 460-461 бет).

80 0
Латып Алиби Турсынгалиулы Ақтөбе қаласы «Ұ.Құлымбетов атындағы №64 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ мектеп директоры, тарих пәні мұғалімі Ұлы Дала Ұстазы № 000507
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: