Бұл мақалада Абай атамыздың рухани-адамгершілік тәрбиесі отбасынан, білім берер ұстазынан басталатыны жазылған. Ақынның қара сөздерінде айтылған саналы ойлар мектебімізде жүзеге асырылып жатырған тәрбиелік іс-шаралар, әлеуметтік жобаларлардан көрініс тауып отырғаны сөз болады.
Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап, түрлі іс-шаралар өткізілді. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой – өрісімізді кеңейтіп, өскелең жас ұрпақты рухани адамгершілікке тәрбиелу мақсатында жасалынып жатқаны рас. «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі – Ұлы Абайдың аруағына басымды идім», − деп Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқан еді. Бұл сөздер Абайдың мәдени мұрасы жас ұрпаққа рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіретін, мәңгілік алтын қазына екенін аңғартады.
Бүгінгі жас ұрпақтың рухани-адамгершілігі отбасынан басталады. Ол үшін әр отбасы балаларын білім нәрімен сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру керек. Олардың дара жолы − Абай жолын оқудан басталса нұр үстіне нұр болар еді. Абай ақынның өмірі мен шығармашылығы тұнып тұрған саф алтын. Бала тәрбиесіндегі негізгі де маңызды рөл ата-аналарда. Aбaй жaстaрды тәрбиелеуде күндeлікті отбaсы тәрбиeсінe, aтa-aнaның жaуaпкeршілігінe eрeкшe мән бeрді. Бaлaның болaшaғынa жaуaпкeршілік aлдымeн әкeгe жүктeлeтінін eскeртіп, әкeнің aқылы мeн ықпaлы болмaй aдaл eңбeккe, өміргe дұрыс бaулу, жaс жeткіншeктің бойындa aдaмгeршілік қaсиeттeрді дамыту мүмкін eмeс eкeнін aтaп көрсeтеді. Осы орайда мектебімізде жүзеге асып жатырған «Оқырман отбасы» отбасылық байқауы, «Тәрбие әлемі» кітапсүйерлер онлайн қауымдастығы және «Біз – бір отбасы» жобасынан Абай ерекше атап көрсеткен отбасы тәрбиесі көрініс табады.
Болашақтың адамын тәрбиелейтін, болашақ жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін бала жанының бағбаны-ұстаздар, сондықтан олардың ары таза, адал, әдепті, сыпайы, парасатты, төзімді, кешірімділік құндылығын өз бойында дамытып, ұрпақ тәрбиесінде ұтымды қолдана білсе, рухани тәрбиенің негізгі шарты болып табылады.
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді, тәрбиелі болады», - деп Абай айтқандай, оқу процесі кезінде адамгершілікке тәрбиелеу мақсаты күні бүгінге дейін өзекті мәселе.
21 ғасырда енді ғана зерттеп біліп, ой түйіп жатқан Шульман ілімі (бас, қол, жүрек) бойынша «табысты мұғалімде» болу керек ыстық қайрат - қол, нұрлы ақыл – бас, жылы жүрек – жүрек қасиеттерін реттеу, соны бойымызға сіңдіру жайлы Абай өз заманында дәлдеп айтып кеткен еді.
Қазіргі таңда баланың рухани-адамгершілік тағылымына кері әсер етуші факторлар: соғыс ойындары, жат қылықты жариялайтын фильмдер, компьютерлік ойындар мен ұялы телефондар бар. Баланың қалыптасуына ықпал етіп, дамуына үлес қосатын мұғалімнің есте ұстар жағдайлары аз емес. Солардың ішінде ең негізгісі – балаға деген жүрек жылуы. Ол қашан да қажет және ешқашан артық болмайды. Әрбір оқушының жеке басын тәрбиелеудің стратегиясын білу үшін тек оның күшті және әлсіз жақтарын біліп қоймай, сонымен қатар оның оқитын, тұратын, қарым-қатынас жасайтын жағдайларын білуіміз керек. Ол үшін олардың ата-аналарымен тығыз байланыста болу қажет. Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-кураторлары ата-анамен жұмыс жасауда жаңашыл жобалардың жүзеге асырылуына септіктерін тікелей тигізуде.
Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Ұлтымызға тән асыл қасиеттерді бүгінгі жастарымыз ана сүтімен толықтай бойға дарытып, сүйеккке сіңіре алмай отыр. Бүгін де жастарымыздың бойындағы әке-шешелерін қарттар үйіне өткізу, балаларын жетімдер үйіне тастау т.б. тәрізді жағымсыз әрекеттер көбейіп барады. Қоғамдағы орын алып жатқан сорақы қылықтардың жиі көрінуі – ұлттық тәрбиенің, отбасылық құндылықтардың дұрыс насихатталмауынан деген пікір мазалайды. Осындай жайттардың алдын-алу, қоғамда болып жатырған қиыншылықтарды көздерімен көру мақсатында мектебіміздің «Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасы арқылы шаңырақ қауымдастығының оқушылары арнайы бекітілген әлеуметтік мекемелермен серіктестікте жұмыс жасайды. Атап айтсақ, «Балалар ауылы», «Қарттар үйі», «Сәбилер үйі», «Бәйтерек» мүгедектер қауымдастығы, «Мүмкіндігі шектеулі балалар», «Көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернаты», «Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты» сияқты мекемелермен тығыз жұмыстана отырып, «Мейірім шуағы», «Жүрек жылуы» акцияларын, мерекелік концерттер ұйымдастырып, мектебіміздегі көзеші өнері үйірмесіне келіп, қол моторикасын дамытуға арналған жаттығулар жасап, керемет бұйымдарды жасап шығарады.
Отыз үшінші қара сөзінде «...Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі - қазақтың әулиесі сол...» деп қолөнердің игілігін насихаттайды. Осы орайда мектебімізде оқушыларға қолөнер бұйымдарын жасау, сурет салу, қамшы өруді үйретуде сан түрлі үйірмелер жұмыс жасап келеді. Оқушы қабілеттерін жан–жақты дамытып, шығармашылығын ұштай білу үшін ұстаз өзі шығармашыл тұлға болуы тиіс.Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оқушыларымыз ғылыми жобаларға қатысып, нәтижелі жұмыстарымен ерекшеленіп келеді. Саналы ұрпақ тәрбиелеудің өзегі ұлттық тәрбиеден бастау алары сөзсіз. Мектебіміздің оқушысы қазақ халқының ұлы ақыны А. Құнанбаевтың 175 жылдығына орай заманауи ырғақпен Procreate бағдарламасы арқылы планшетте Абайдың портретін салып, ақынға деген, ақынның шығармашылығына деген, ақынның әндеріне деген құрметін одан сайын арттыра түсті.
Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесінде «Туған елге тағзым» атты тарихи-өлкетану экспедициясы жүзеге асырылып келеді. Бұл ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді зерттеуге бағытталған ең ірі жобалардың бірі болып табылатын зерттеу-өлкетану экспедициясы. 2013 жылы шаңырағым «Үздік шаңырақ» номинациясын жеңіп алып, Шығыс Қазақстан облысына жолдама алдық. Экспедиция бағдарламасы бойынша Абайдың кіндік қаны тамған киелі мекен Жидебайға жолымыз түсті. Семей – көне мәдениетке де, руханиятқа да бай қала. Семей – қазақтың ұлы ақыны Абай, Абайдың жолын қуушылар Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мұхтар Әуезовтің қаласы. Семей – Шоқан зерттеген қала. Осылайша, Семей жөнінде тізбектей беруге болады, себебі Семейдің тарихы мол, тамыры терең көне шаһар. Ал тарихтың соңына жету мүмкін емес, өйткені тарих күннен күнге өсе береді, жаңарып жасара береді. Осы тұста оқушым Мұқанғали Інжудің жазған жобасынан үзінді келтіріп кетуді жөн санадым. «Мен Жидебайдағы Абай мұражайына барғанда ерекше бір сезімде болдым. Ұлы бабамыздың көзі тірісінде тұтынған әрбір заттары келер ұрпаққа ой салып, сабағыңды жақсы оқы, иманды, ибалы бол, халқыңның азаматы бол, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп қайталап тұрғандай көрінді. Ұлы баба мұражайы маған рухани күш, қайрат, жігер беріп қанаттандырды. Ол осында тағзым етуге келген әрбір баланың бойында болған шығар деп ойлаймын». Қасиетті мекеннің ауасын жұтып, топырағын басып, суын ішіп, сөзбен жеткізу мүмкін емес сезімді бастан кешіргеніме бақыттымын!
Мақаламды аяқтай келе, ойымда жүрген ұсыныс- пікірлерімді жазып кетейін. Абайды оқыту үшін мектеп жасына дейінгі балаларға, бастауыш сынып оқушыларына арналған кітапшалар керек, оның ішінде қызықты тапсырмаларымен, сөздіктерімен болса тіптен тамаша. Анимациялық шағын бейнефильм шығарылса және Абайдың қара сөздері күрделі тілмен емес, қарапайым адам түсінетіндей тілмен жазылған түсіндірме сөздіктер халыққа тез жететіні анық.
Абай қара сөздері – тәрбие теңізі. Оның бір тамшысы дарыған жерде ар тазалығы мен жан тазалығы орын алады, егер оны бүкіл өміріне бұлақтай дарытар болса, нәрлі уызы мол адамгершілік арнасы болар еді. Ұлы данышпанның ұлағатымен ұрпағымызды сусындата берейік, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы да зиятты қауым!
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Совет-Хан Ғаббасов «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі», Алматы: Алматы кітап,
2014 жыл.
2. Абай. Энциклопедия. - Алматы: «Атамұра», 1995 жыл
3. Конференция жинағы, Алматы 2020 жыл