Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI382

ОҚЫЛЫМ ДАҒДЫСЫН ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ

Оқылым дағдысын қалыптастыру жəне оқушылардың қызығушылығын ояту үшін оларды тиімді оқуға үйрету керек. Бұл мақалада аталған мақсаттарға жетуге ықпал ететін іс-шаралар қарастырылады. 

Оқылым дағдысын үйретуде біз басқа дағдыларды да: тыңдалым, айтылым жəне жазылымды қолданамыз. Бұл дағдылар оқушының өмірде еркін қарым-қатынас жасауына; өзгелермен пікір алмасып, көзқарасын еркін білдіре алуына; өз ойын, көзқарасын жүйелі əрі нақты жеткізуіне; кез келген ақпаратты тиімді қолдануына; түрлі ақпаратты босқа оқымай, сараптай отырып оқуына; оқығаны бойынша өзіндік қорытынды жасап, тың идеялар жасауға жол ашары сөзсіз. Əр алуан дағдыларды кіріктіру əдіс-тəсілдері тілді нақты өмірде қолдануымызға мүмкіндік туғызады, сонымен қатар, қызықты етеді жəне оқушыларға тиімді оқуға немесе кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін түрлі əдістерді ұсынады. Мəтіндер басқа дағдылармен жұмыс жасаудың бастапқы нүктесі ретінде қолданылады. 

Оқылым бағдарламасы келесі мақсаттарға бағытталған:

 1. оқушылардың оқыған мəтінді түсінуіне мүмкіндік беру; 

2. декодтау процесін оңай жүргізуге көмектесу, қызығушылықты ескеру; 

3. кез келген мəтінді еш көмексіз, өз бетінше оқуға үйрету, өйткені оқушылар өз бетінше оқу қабілетін дамытуы керек; 

4. оқушыларды бұрын-соңды көрмеген мəтіндерді өз бетінше түсіне алуына жол салу; 

5. оқушыларға нақты мақсатты қажет ететін мəтіндерді оқуға мүмкіндік беретін оқу шеберлігін дамыту; 

6. əртүрлі материалдар үшін тиісті жылдамдықты басқару. 

Жоғарыда аталған мақсаттарға жету үшін сабақты ұйымдастыру кезеңі (назарға алу қажет кезеңдер: ынталандыру, қажет ақпаратты анықтай алуға түрткі болу, модельдеу жəне нақтылау), сыныпта өзара əрекеттесу, мəтін бойынша сөйлесу (мəтінге назар аударатын əртүрлі əдіс-тəсілдерді ойластыру), сыныптағы атмосфера жəне оқушылардың дайындығын ұйымдастыра алу (сəтті стратегияларды қолдану) ескерілу қажет. Сонымен қатар, сыныпта əртүрлі мəтіндерге өңдеудің түртүрін қолдану арқылы оқыту керек жəне оларды бір шеңберде зерттеу мүмкін емес. Сол себепті, əртүрлі стратегияларды қолдану қажет, өйткені, кейбір дағдылар тұтас кітаптарға, кейбіреулері сөйлемдерді оқып үйренуге байланысты дами алады. Сондықтан оқу бағдарламасы əртүрлі мəтіндер мен дағдыларды қамтитын болуы керек.

 Жоғарыда аталған жолдар оқушылардың оқыған мəтінді түсінуіне жағдай туғызады жəне декодтау процесін оңай жүргізуге көмектеседі. Қызықтыратын тақырып бойынша кітап, газет немесе журнал оқығанда, немесе толықтай курсты қамту барысында, қандай мақсаттың жүзеге асатындығын ескерген жөн. Тиімді оқудың келесі бір жолы мəтіннің əр сөзін түсінуді талап етпейді. Тиімді оқырман нақты мақсатпен оқиды жəне одан не қажет екенін алдын ала болжай алады жəне өз болжамдарын əрі қарай бейімдей алады. 

Оқушылар бүкілəлемдік интернеттегі ақпарат көздерін жылдам əрі тиімділікпен сəйкестендіре алуы қажет. Себебі, болашақта оқушылар оқырман ретінде кез келген тілде университет деңгейінде немесе одан тыс жерде оқылым мəтінін тез жəне тиімді ұйымдастыра алғаны абзал. Бұл оқырманның бұрын-соңды көрмеген мəтіндерді өз бетінше түсінуіне, еш көмексіз оқуына жол ашады. Тиімді оқу дағдысын қалыптастырудың тағы бір жолы – оқушыларды ең алдымен мəн мəтінмен (контекстпен) жəне оқу мақсатымен қамтамасыз ету. 

Шынайы өмірде оқыған кезде біз əдетте оқығалы жатқан мəтіннен көп нəрсе күтеміз жəне оған бірнеше себеп бар. 

Біріншіден, біз бір тақырып туралы көп нəрсе білуіміз мүмкін жəне соған сəйкес бірнеше мəліметтерді тексергіміз келеді. Екіншіден, белгілі бір естіген нəрсе туралы көбірек ақпарат жинауымыз қажет болуы мүмкін. Үшіншіден, оқылымның жүзеге асуының себебімен (оқу мақсатымен) байланыстың орнауын қамтамасыз ету қажет. Кейде біз оқу барысында нақты (арнайы) ақпаратты іздейміз. Біздің көз жеткізуді қажет ететін немесе қайта қарастырғымыз келетін белгілі бір сенімсіздігіміз болуы мүмкін. Немесе газет тақырыбы, журналдағы мақаланың тақырыбы біздің қызығушылығымызды тудырады жəне біз бұл қызығушылығымызды қанағаттандырғымыз келеді. 

Оқушыларды оқуға ынталандыру үшін осындай жайттарды ескерген абзал. Тақырыпты мүлдем білмеген жағдайда оқушыларға контексті беруіміз керек. Сонда оқуды бастамас бұрын олар мəтіннің не туралы болатынын жəне одан не күту керектігін біледі. Мəн мəтінмен қамтамасыз етудің бір жолы – сұрақ қою, миға шабуыл жасау. Сұрақтан бастау тəсілдері оқу үдерісін қызықты етіп ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл оқудың бір уəжін туғызады, ол – сұраққа жауап табу. Бірақ кейбір оқушылар сұрақтың жауабын бұрыннан білетін болуы мүмкін, мұндай жағдайда біз оларды сол білімдері негізінде сұраққа жауап беру үшін жұпта немесе топта жұмыс істеуін ұйымдастыра аламыз. Аталмыш тəсіл негізінде жұптық/топтық жұмыстың нəтижелерімен бөлісу үшін сыныпта талқылау жүргізуімізге болады. Қызығушылықты ескеріп, оқылым дағдысын ұйымдастыру барысында оқушылардың оқуға деген ынтасын ояту қажет. Оқу əдетін қалыптастыру сіз ойлағандай қиын емес. Кез келген сыныпта кейбір оқушылар оқылым тапсырмаларына деген көзқарастарын толыққанды көрсете бермейді, бірақ көптеген адамдардың оқылымға деген ынтасын арттыруға болады. Қызығушылықты арттырудың бір жолы – дұрыс кітап, болмаса мəтін таңдай білу, яғни ұсынылған əдебиеттің оқырманға ұнауы қажет. 

Түпнұсқалық мəтіндермен жұмыс жасау ынталандырудың келесі бір жолы болып табылады, өйткені бұл – тілдің нақты адамдармен нақты өмірлік мақсатта қолданылатынының дəлелі. Функционалды мəтіндермен жұмыста келесі мүмкіндіктер жүзеге асады: саяхат кітапшасын демалысты жоспарлау үшін пайдалануға, тұтынушы журналы сізге бір нəрсені таңдауға көмектесуге, жол карталарын оқи алу қажет жерге жетуге мүмкіндік туғызады жəне т.б. Оқылыммен жұмыс iстеудiң өзiндiк мəндi психологиялық ерекшелiгi бар. Оқылым үшін мұғалiмнiң сөзiн тыңдауға қарағанда оқушының өзінің ақыл-ой күшi мен ерiк-жiгерi көбірек қажет етіледi. Ол оқушының өзiндiк ойлауын, iс-əрекетiн жандандырып, оның бiлiм деңгейiн, дүниетанымын арттырады. Қоғамға, өмiрге, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа басқаша көзқараспен қарауға тəрбиелейдi. Яғни, ол бiлiм беру көзi ғана емес, сонымен қатар тəрбие құралы. Дегенмен, оқушының үй тапсырмасын кiтап немесе оқулық көмегiмен орындау барысында қажеттi уақытты тиiмдi пайдалану, өзiн-өзi бақылау немесе есеп беру жұмыстарында айтарлықтай кемшiлiктер бар. 

Оқушылардың барлығы бiрдей бiздiң жоғарыда айтқан мəтінмен жұмыс жасау тəсiлдерiне мəн бере бермейдi, оның талаптарын толығымен сақтамайды. Соның нəтижесінде бiлiм мазмұны қажет деңгейде меңгерiлмей жатады. Сондықтан оқушының мəтінмен өз бетiнше нəтижелi жұмыс iстеуiн, оның саналы көзқарасын қалыптастыру жəне өзiн-өзi бақылауды үйрету, ұйымдастырып отыру мұғалiм тарапынан оқушының дамуына жауапкершiлiкпен көңiл аударып отыруды талап етедi.

 Қорыта айтқанда, оқылым дағдысының дамуы үшін оқушыларды оқылым стратегияларының тиімдісін қолданып оқуға бағыттау керек. Оқырман оқудың тиімді тəсілін меңгергенде ғана, сол тəсілдерді сараптама жасауда ұтымды пайдалануға дағдылана алады. Осыған орай, оқылым дағдысын жақсарту технологияларын пəн мұғалімінің жетік білуі керек, себебі оқылым барлық дағдылардың негізі болып табылады. 

Пайдаланған əдебиеттер тізімі: 

1. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламасы, Нұр-Сұлтан, 2019 ж. 

2. Christine Nuttall “Teaching reading skills” 

3. Айтмамбетова Б. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тəжiрибелерi. -А., 1991.

 4. "Learning Teaching" by Jim Scrivener 

5. https://gulfnews.com/

 

445 0
Ж.Е. АБДИКАРИМОВА1 , М.Н. АДИЛБЕКОВА2 , Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 1 ағылшын тілі пəні мұғалімі 2 қазақ тілі мен əдебиеті мұғалімі Ұлы дала ұстазы № 000301
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: