Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI371

БАСҚАЛАРДЫ ҮЙРЕТЕ ЖҮРІП БІЗ ӨЗІМІЗ ҮЙРЕНЕМІЗ

Бүгінгі жазар ой толғауымды қазақтың қаһарман ұлы батыры Б.Момышұлының мына сөзімен бастағалы отырмын: «Ұстаздық ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаздар тəрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тəрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген еді. 

Ұрпақ тəрбиесі- ұстазынан деген қағида жалпыға аян. Үлгілі, өнегелі ұстаздан жақсы шəкірт шығады. Ұстаз еңбегі шексіз, шетсіз қиыр кең дала іспеттес. Өз мамандығын жəне алдыңда отырған шəкіртін ұстаздық жүрекпен, адал пейілімін сүйе білген адам ғана нағыз ұстаз бола алады. Ұстаз-қасиетті тұлға. 

«Армансыз адам-қанатсыз құспен тең»-дегендей, ұстаз болу менің бала кезден басталған арманым еді. Мектеп табалдырығын аттап, сүйікті ұстаздарымның алдын көріп, білім алдым. Осылай ұстаздық мамандық мені қызықтырған үстіне қызықтыра түсті. Жылдар өтті... Арманым орындалып, мен де бүгінде бастауыш сыныпта ағылшын тілі пəнінің мұғалімі болып үлгердім. Міне, содан бері 12 жылдан аса уақыт өтіп, сүйкімді шəкіртті білім нəрімен сусындатып, шығарып салудамын. Білім негізі бастауыш сыныпта қалыптасады. Ол шындық. Білімнің бұл баспалдағын аттамаған азаматтар кемде-кем деп айта аламын. Ұрпақ тəрбиелеуде бастауыш сынып мұғалімдерінің жауапкершілігі орасан зор. Бүгінгі бірінші сынып есігін жасқана ашқан əрбір бүлдіршін-ол ертеңгі қоғам иесі. Сондықтан бірінші күннен бастап сапалы білім мен саналы тəрбие беру бастауыш сынып ұстазының бірден бір қағидасы болу керек. 

Бастауыш сыныпта ұстаз болу өте жауапты, күрделі де, сондай-ақ, қызықты жұмыс. Əрине, заманымызға сай жаңа талаптар, жаңа өзгерістер, жаңа ойлар туындауда. Меніңше, ХХI ғасыр мектебін қиыншылықтарға қарамай, өркендету, оның сапасын арттыру, ақпараттандыру біздің басты мақсатымыз деп ойлаймын. Күнделікті өзгеріп отырған заманда қатаң бəсекеге қабілетті ортада өмір сүре алатын, ғылым негіздерін меңгеріп қана қоймай, тиісті орында қолдана білетін, оны əлемдік білім аренасына жəне ақпарат, экономика кеңістігіне шығара алатын, өзіндік «мені» қалыптасқан, өзін-өзі қорғай алатын тұлға тəрбиелеу нағыз ұстаз қолынан ғана келеді. Ал нағыз ұстаз болу үшін өз басым мына қасиеттерді жадыма берік ұстаймын: адалдық, төзімділік, кешірімділік, ізденгіштік, өз бетімен үнемі білімімді жетілдіру, жаңашылдыққа ұмтылып, өзгеріске бет бұру, АКТ-ны сауатты меңгеру, желілік қауымдастық арқылы кəсіби деңгейімді көтеріп, тəжірибе алмасу. Осы қасиеттерді бойыма сіңіре отырып, сабағымның сапасының артқанын, еңбегімнің жандана түскенін байқадым. Білім берудің жаңа мазмұнына сəйкес курсты сəтті аяқтап сəтті аяқтап, жаңа бағытта жұмыс істеудемін. Жаңашылдыққа үйрену жəне үйрету жолында бір сарындылықтан арылып, оқу үрдісіндегі əдіс-тəсілдерді жүйелеу жолдарын меңгердім. 

Педагогикалық өзгерістерге тез төселіп, жаңаша ойлау жүйесін меңгерудемін, оқушылармен тез тіл табысып, оқушы үнімен санасатын, жаңа əдіс-тəсілдерді қолдана алатын бүгінгі күннің «Жаңа тұрпатты» ұстазымын деп айта аламын. Биылғы оқу жылы мен үшін жаңалыққа, өзгеріске толы жыл болды. Оқушыларыммен оқыту үдерісінде жаңаша, өзгеріске толы күндерім бірінен соң бірі жалғас тапты. Мектеп өміріндегі басты жаңашылдығым деп қазіргі əлемде, білім саласында болып жатқан өзгерістерге бет бұруым дер едім. Мұғалімдер үшін басты, маңызды мəселе «ХХI ғасырда нені оқыту керек?», «Мұғалімдер ХХI ғасырда оқушыларды қалай оқыту керек?» болып отыр. Білікті мұғалім үшін өзінің даярлығының сапасы теориялық жəне тəжірибелік білімдерінің бірлігі ерекше жəне олар өзара тығыз байланыста болу керек. АКТ-ны енгізген кезде теориялық жəне тəжірибелік білімдердің біртұтастығы оларды ойланып қолдануды қамтамасыз етеді, ал бұл оқыту жəне оқу үдерістерін жақсартуға жағдай жасайтын болады делінген мұғалімдерге арналған нұсқаулықта. Ақпараттық технология қолдануда ақпаратты алуды, жеткізуді, сақтауды жəне пайдалану əдістері мен құралдарын тиімді пайдалануда көп жетілдім деп айта аламын. 

Дьюидің айтуы бойынша мəселелерге ерекше көңіл аудару оқушылардың табиғи əуесқойлығын оятып, оларды сыни тұрғыдан ойлауға итермелейді, яғни «нақты бір мəселені қарастырып, қиын жағдайдан шығудың жолын өзіндік іздеу арқылы оқушы шын мəнінде ойланады». Осыдан сын тұрғысынан ойлау бағдарламасының бəсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруда жаңашылдығы ерекше. Менің тобымда əр түрлі деңгейдегі оқушылар бар. Бес саусақ бірдей емес дегендей, сыныптағы оқушылар өз ерекшеліктерімен дараланады. Сыныпта гипербелсенді де, тау қозғалса да қозғалмайтын оқушы да, ішімдегіні тап деген тұйық оқушы да табылады. Менің оқушыларымның ішінде бұрыннан сабаққа алғыр балалар да, оқуға қызығушылықтары жоқ балалар да баршылық. Осындай ерекшеліктері бар сыныппен жұмыс істеуде маған жаңартылған білім беру мазмұнына сəйкес ұйымдастырылған курстың тигізген маңызы көп болды. Əрбір сабақта бір жаңа тəсілді қолдануды мақсат еттім. Оқушыларды бір деңгейге толық жеткізу мүмкін емес, бірақ оқытудың жаңа əдіс тəсілдерін қолдана отырып, олардың оқытудың жаңа тəсілдерін меңгере бастағанына, топтық жұмыста бірлесіп, тапсырмаларды ынтымақтаса орындағандары, көпшіліктен қалмау деген ұмтылыстарын қуана, қызыға отырып бақыладым. Білім берудегі жаңа тəсілдердің ішіндегі өзара бағалау, өзін-өзі бағалау, АКТ-ны тиімді қолдану, сыни ойлау, ойды тұжырымдау сияқты тəсілдерді қолдануда сабақтың нəтижелі болуына оң септігін тигізді. Аталмыш курстардың өзектілігін менің тəлім алушыларымның жүргізген əрбір жұмыстарындағы жаңашылдықтан, өзгерістерден-ақ көруге болады. Тəлім алушымен жұмыс тығыз байланыста үздіксіз жүргізілді. Жаңа технология əдістерін қолданып, тапсырмалар ретін əр оқушының жас жəне жеке ерекшеліктерін ескере отырып құрды. Оқушылардың танымдық іс-əрекетке тартылғанын, құлшына өзара диалогқа түскенін, топтық жұмыстағы белсенділіктерін көріп, оқушы бойындағы қалай оқу керектігін түсініп, бірлесе қимыл жасағандарының куəсі болдым. Курстан алған білім, іс-тəжірибемді күнделікті қолдана отырып əр оқушының өзіне жауапкершілікпен қарайтындығына, оқыту барысында оқушылар сабаққа белсенді қатысып, өз ойларын ашық айтып, пікір алмасуға, қорытынды жасай алуға, жеке, топта, жұпта оқу жазу əрекеттерін іске асыру дəрежесіне жетті. Сондай-ақ, мұғалім мен оқушы арасында тең құқылы қарым-қатынас орнап, мұғалім тек бағыт беруші тұлға екенін үнемі есте ұстауға тырыстым. 

Сабақ барысында бұл жаңа əдіс-тəсілдер оқушыларды жалықтырмайтынына, оқушыларда құлшыныс пайда болғанын сөзге тиек ете аламын. Осы əдіс-тəсілдерді, стратегияларды барлық пəндерде, ата-аналар жиналысы, тəрбие сағаты, конференция, пед. кеңестерде, форумдарда қолданып ұтымды өткізуге болатындығына əріптестеріммен біріге отырып көз жеткіздік. Қорыта келе, жаңа мазмұнда оқытылып отырған курстар «Менің жаңа формация педагогі ретінде қалыптасуыма» жақсы əсер етті. Сабақта 7 модульді тиімді, орынды қолданудың арқасында білім сапасы артып, сыныптағы ахуал түзелді. Оқушылардың бір-біріне деген қарым-қатынасы өзгерді. Балалар бір-бірін сыйлауға, тыңдауға, толықтырып, түзетуге, түсіндіруге, ой бөлісуге машықтанды. Бала күнге қарай бойлап өсетін, өсіп келе жатқан жас шыбық секілді. Осы жас шыбықтарды түзу өсіретін, біліммен қоректендіретін біздер, ұстаздар. Сондықтан сіздерге адал еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер деп тілек білдіремін. Мен ұстаздар қауымын күнге теңер ем. 

Күн жер жаһанды өзінің нұрымен нұрландырып, жылуымен жылытып, əсем табиғатымызға сұлу көрік береді. Ал, біз ұстаздар қауымы күн нұры іспеттес балаға жүрек жылуын құйып, бұлақ көзін ашқандай əр шəкіртімізді аша білсек, білім нəрімен сусындатып, көздерінен білім оты ұшқындаса, ол- біз үшін үлкен жетістік емес пе?! 

Əдебиеттер: 

1. «Мектеп ұстаздарының əлемі» республикалық-педагогикалық журнал. №5, 2019Ж. 

2. «Бастауыш сынып əдістемесі» республикалық ғылыми-əдістемелік педагогикалық журнал. №3, 2016 

3. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, ІІІ деңгей 

4. «Қазақстан мектептерінің шетел тілдері журналы»№6, 2013 ж.

 

226 0
КУЛЬТУРА БАГАДАУЛЕТ, «№74 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ-нің ағылшын тілі пəні мұғалімі Қарағанды қаласы Ұлы дала ұстазы № 000290
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: