Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI370

Би – адамның рухани байлығы

Бір адам ақылгөйге келіп: «Ей, данышпан, маған шындықты өтіріктен, әдемілікті сүйкімсіздіктен ажыратуды үйретші. Мені өмірдің қуанышына үйретші», - депті. Ойланып отырып ақылгөй оған билеуді үйреткен екен...

Шығыс пәлсапасы

Әр өнер шартты болып келеді. Сол өнерлердің ішінде хореография өнері ерекше. Өйткені хореография ол – сөзсіз өнер. Оның негізі – би. Хореография – ой мен мазмұнды музыкалық-хореографиялық бейне арқылы ашатын сахналық өнердің бір түрі. Оның қайнар көзі – халық билерінде. Жалпы би – психиканың эмоциялық аясының жемісі.

Би сөзсіз, тек бишінің дене қимылымен, бет-әлпетімен әңгімелейді. Әңгімені би тілімен жүргізу үшін бишінің ерекше табиғи қасиеті, дарындалығы болуы қажет және бұл өнер түрін көптеген жылдар бойы арнайы мектептер мен жоғары оқу орындарында оқуы қажет. Мен де осындай сатыдан өтіп келіп, алғаш еңбек жолын бастап, би өнеріне әр шәкіртіммен аянбай тер төгуімнің нәтижесінде, жақсылықтың біраз нышанын бағындырдық десе де болар.

«Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» - деп Кеңес педагогы В.А.Сухомлинский айтып кеткендей, тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Сол өнердің бірі – би өнері. Би бір сәттік қана, билеу кезінде ғана өмір сүретін уақытша, өткінші ғана алдамшы сезім емес.

Балалардың би әлемін түсініп қабылдаудағы талғампаздығын тәрбиелеу, эстетикалық сезімталдығын қалыптастыруда білімді, мәдениетті болып өсуіне әсер етудің мектептегі би өнерінің ролі, би қажеттілігі жайында қоғамдық сананы нығайтудың ерекшелігі зор деп білемін.

Би өнеріне байланысты әртүрлі қызықты ақпараттар көп. Солармен бөлісе кетсем. Бастапқыда би өнері көңіл көтеру немесе мәдени үлгінің негізі болған жоқ. Бұл адамдармен қарым-қатынас құралы, өзін өзі таныстыру, тіпті көтеріліс сипаты болған. Ежелде адамдар өміріндегі маңызды жайттарды (соғыс, махаббат, аңшылық т.б.) би рәсімі арқылы көрсеткен. Жануарлардың қимылын көшіру арқылы билеген. Би сюжеті құдайға табынудан басталып, аңшылық не соғыс алдында рухты көтеру мақсатында құрылған. 

Алғашқы адамдар от жағалай секіріп жүріп билеген. Бұл – ежелгі би өнері. Ал қайта өрлеу дәуірінде би өнері сол күні ұсынылған тамақ менюімен тығыз байланысты болған. Олардың қандай тағам түрін қалайтынын биіне қарап аңғарған.

Гиннесс рекордтар кітабына енген ең ұзақ би 123 сағат 15 минутқа созылған. Биші — Үндістандық Каламандалам Хемаленте. 2011 жылы жасалған бұл рекордты әлі ешкім жаңарта қоймады. 

Бимен хобби ретінде айналыссаңыз, ол айтарлықтай қауіпті болмауы мүмкін. Бірақ кәсіби мамандар жиі жарақат алады. Оның үстіне ағзаға үлкен күш түсетіндіктен олар 35-36 жаста "зейнетке"шығады. 

Әр мемлекеттің өзіне ғана тән қызық би түрі бар. Мысалы Перуде үлкен қайшымен билейді. Бұл би 400 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін танымал. Ал Шығыс Азия мемлекеттерінде "мың қол" би өнері танымал. Бұл биді жиырма бір қыз билейді. Бір қатарда тұрып, тек қолын қимылдатқан кезде тек бір адам билеп тұрғандай әсер қалдырады. Біздің елімізде ең танымал би – "Аққу". Қыздың сұлу мүсіні мен би қимылы аққу құсының әсемдігін айқындай түседі. 

Бүгінгі Елбасы қолдаған Мәңгілік елдің қыранын самғату, болашаққа байыппен апаратын рухани жаңғырудың игі жолында еліміздің қызғалдақтай құлпырған, жазиралы далама теңер, нәзік те сұлу, мың бұралған қазақ қыздарының парасаттылығын, ибалылығын, мәдениеттілігін бір ғана кішкентай образдың астарымен сомдап, еліміздің ұлттық құндылығын насихаттауға, рухани адамгершілік тәрбиемізді дарытуға, әрине мен нәзік жүректі, қазақи тірбиемен сусындап өскен ибалы қыздарының бірі бола тұрып, өз туған жеріме, еліме би өнерін шарықтатпасам, несіне қазақ болып, кеудемді көкке көтермекпін. 

Жалпы би өнерін дұрыс оқыту – бұл тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық сазымызды таныта отырып тәрбиелеу. Сонымен қатар оқушының дене бітімін әдемі қалыптасуына үлесі зор, нағыз денсаулықты шыңдайтын пән. Би өнерінің сабақтары сапалы болуы үшін дидактиканың негізгі принциптеріне бағыну керек, бұлар саналы-эмоциялы тұжырымдамалық және сарамандық, бірізділік, көрнекілік, оқылатын материалдарға шығармашылық ықпал жасай білу керек екенін үнемі басты назарда ұстаймын.

Осы орайда эмоциялық және логикалық ықпал ету – сабақ жүргізудің дайындық қойылым жұмыстарының негізгі алғы шарттары болып табылатынын,оқыту жүйелігі – балалармен жұыс жасаудағы әдістердің түрлі формадағы қолданылуы – педагогикалық процесстегі маңызды компанент екенін ешқашан ұмытуға болмайды.

Сабақтың логикасы, оның мақсаттылығы мен жүйелігі, машықтық сабақтардың жүргізілуі, қойылым жұмыстарымен дайындық, би өнері туралы қысқаша түсінік – тұтастай алғанда, тек шығармашылық ықпал ету, мүмкіндігі мен қызығушылығын ескерту екенін үнемі шәкірттерімнің назарына салуды жөн санаймын. Сонымен қатар, би өнерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру жолы екенін тағы да есімізге алсақ, ол болашағымыздың салауатты өркендеуіне үлес болмақ.

«Тынымсыз – ізденіс, түбегейлі – нәтиже» екенін ескерсек, адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер - оқушлардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыруда жеке тұлғаның қалыптасуына би өнерінің әсері ерекше.

Қорыта келгенде би өнері оқушының эстетикалық мәдениетін дамыту арқылы жас баланың бойына адамгершілік негіздерін қалыптастыру, өз халқының төл рухани мәдениетінің қыр-сырын, салт-дәстүрін білген тұлға елінің патриоты ғана емес, өзге ұлттың да болмысын құрметтей білетін, яғни ұлттық санасы биік, өркениеттің көшіне ілесер жан-жақты болары сөзсіз, дей келе еліміздің болашақ өркендері бимен шалықтап, қазақы дәстүріміздің бет көрінісі болсын, мәңгілік еліміздің шар айнасына айналсын, еліміздің рухани жаңғыруы болашаққа шабыт берер рухани құндылық болсын дегім келеді.

 

 

154 0
Индира Құрбанова Қызылорда облысының білім басқармасының Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің "Бесарық өнер мектебінің" би сыныбының мұғалімі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаманбай батыр ауылдық округі, Бесарық ауылы Ұлы Дала Ұстазы № 000120
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: