Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI368

Драма – сөз өнерінің күрделі тегі

Драма – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Оның өзгеше бір қасиеті, яғни әрекетке құрылған табиғаты сахналық ойын-сауықтың мазмұн-желісі мен идеялық-эстетика арқылы ашылады. 

Драма — көркем шындықты ерекше тәсілдерімен шиеленіскен тартыстар желісіне жинақтап, оқиғаға қатысатын кейіпкерлер сөзі мен іс-қимылы арқылы көрсететін сөз өнерінің күрделі тегі. Драмалық шығармаларда баяндау болмайды. Оқиға, яғни тартыс желісі репликалар (кейіпкер сөзі) арқылы дамиды. Автор кейіпкерлердің қимыл-қозғалысын білдіретін түсініктемелерді жақша ішіне бөлек жазып отырады. Оларды авторлық ремарка немесе ремарка деп атайды. Оқиғаның негізгі даму арнасы болып табылатын кейіпкерлер сөзі, яғни репликалар, көбінесе, диалог, кейде монолог түрінде болады. Қалай болғанда да репликалар шымыр, ондағы кейіпкер мүддесі мен құштарлығы, аласұрған сезім әлемі көрермендерді еліктіретіндей деңгейде құрылуы қажет. Олар өлең түрінде де, қара сөз түрінде де бола береді. Драмалық шығармалардың құрылымы ондағы оқиға мен тартыстардың даму қарқынына және ауқымына байланысты көріністерге, актілерге, бөлімдерге бөлінеді. Ал композициялық тұрғыдан Драмада оқиғаның (тартыстың) басталуы, шиеленісуі, шарықтау шегі, шешімін табуы болады. Кейбір шығармалар мұндай классик үлгіден өзгеше, яғни бірден тартыстың шиеленіскен тұсынан басталуы мүмкін. Ежелгі грек трагедияларында сахналық шығармалардағы тартыс аяқталып, өз шешімін тапқан соң, міндетті түрде бас кейіпкердің азапты күйі көрсетілген. Мұны катарсис, яғни күйіне отырып күнәсінен арылу деп атаған. Сезім мен қайғы-қасіретке толы бас кейіпкер монологі көрермендерге қатты әсер еткен. Қазіргі заманғы драмаларда, әсіресе, қазақ драмаларында осы үрдіс қолданылып жүр.

Драмадағы ең басты, ең шешуші, ең негізгі нәрсе - тіл. Пьесаның күші де, әлсіздігі де тілде. Пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, көздеген жерге дір етіп тиердей дәл, көкейге саулап құйылардай таза, мөлдір, санаға мықтап дарығандай мағыналы, мәнді болып келуге тиіс. Драма тілі тұжырымды, қысқа, түйінді болады. Өйткені романда бір бетке суреттелетін шындық пен суретті пьесада бір ауыз сөзбен беру қажет. Ал әр сөз, әр сөйлем шындықты ғана емес, сол сөзді айтқан кейіпкердің мінезін аңғартуы керек және әр адамның сөзі өзін танытуы шарт.

"Drama" деген терминнің өзі қимыл, әрекет жоқ жерде драматургиялық шығарма да жоқ. Тартыс атаулының ең бір шиеленіскен, шым-шытырық, күрделі түрі пьесада жатады. Арқауында аса маңызды, қатал, қиын қақтығыстар жатпаған пьеса - пьеса емес. Қаһарман сахнаға шықты ма, болды, дереу іске, әрекетке көшуі қажет. Үнсіз-қимылсыз үш сағат түгіл үш минут отыра алмайды. Сырғып перде ашылды ма, болды, сахнада бірін-бірі ауыстырған суреттер, эпизодтар, оқиғалар тұтасып, дами бастауы шарт және әрбір эпизод тек қана қажеттіліктен туған қалаулы, қастерлі құбылыс болуы керек. Мәнсіз, мағынасыз көрініспен көрермен көңілін аудару қиын.

Драма театрдың ең негізгі бөлігін бейнелейтінмаңызды құрал. Ол – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Оның өзгеше бір қасиеті, яғни әрекетке құрылған табиғаты сахналық ойын-сауықтың мазмұн-желісі мен идеялық-эстетика негізін құрайтын драма арқылы ашылады. Театр әдеби шығарманы сахналық әрекетпен, өзіне тән бейнелі театрлық бояу-өрнекпен жаңа күйге түсіреді де драмадағы мінез-кейіптерді, олардың өзара қарым-қатынастарынан, қақтығыстарынан туатын талас-тартыс пен іс-қарекеттеріне жан бітіріп, тірілтіп жібереді. Осыған орай көрермендер де театр сахнасында өтіп жатқан оқиға әрекет пен оған қатысушы-қаһармандардың ой-арманына, шат күлкісі мен сезім діріліне, күйінішіне, жалпы тіршілік-тынысына бейжай, немқұрайлы емес, қайта бар ынта-зейінімен, ынтызар көңілімен қарайды, яғни олар осы сәтте сахналық өмір көріністерінің жай бейтарап, салқынқанды бақылаушысынан гөрі тікелей қатысушысы ретінде бой көрсетеді. Түптеп келгенде театрдың қоғамдық-тәрбиелік қызметі мен идеялық-эмоциялық және көркемдік-эстетикалық әсер күші де осыған саяды. театрдағы басты тұлға, пьесадағы берілген жағдайға байланысты әрекет етіп, сахналық қаһарманның характерін жасайтын – актер. Ол сахнада шығармалық процесс кезінде пьеса материалын өзінің болмыс шындық туралы ой-түсінігімен, өмірде көріп-байқағандарымен, эстетикалық сезім-түйсігімен үнемі байытып, толықтырып отырады. Бұл тұста актердің бойынан орындаушылық өнерге қоса ойшыл суреткерлік қасиет те айқын аңғарылады. Актер образы пьеса және спектакльді қоюшы-режиссердің (қара Режиссерлік өнер) түсінік-шешімі мен түсіндірмесі негізінде өмірге келеді. Өнердің өзге түрлеріндей театр да өмір шындығын көркем образдар жүйесі арқылы бейнелейді. Ал мұның өзі спектакль бойынша жүзеге асады.

Драмада әдетте өз заманының озық идеяларын бойына сіңіре отырып, ізгілік мұраттарын паш еткенде, ең бастысы адамның өмірлік және рухани ой-мақсаттары мен оның күрделі ішкі жан дүниесін терең де шынайы ашып бейнелегенде ғана ол өзінің жоғары көркемдік сатысына көтерілумен қатар қоғамдық-әлеуметтік міндеттерін орындай алады. Драманың да өнердің өзге салалары секілді өзіне тән ерекшеліктері бар. Ол – әдебиет, музыка, кескіндеме, архитектура, би және кинематографияның мәнерлі амал-тәсілдерін бойына жинақтаған синтездік өнер. Мұның өзі сахна мен көрермендердің рухани ой-сезім күйлерінің бір-бірімен өзара ұштасуын, оған қоса спектакльді жасаушылар мен көпшілік қауымның арасындағы жалпы мақсаттың ортақ болып, бір арнадан шығуын талап етеді.

Драма өнері  – табиғатынан көпшілік қауымға ғана арналған, қоғамдық-мәдени мән-маңызы үлкен өнердің бірі. Ол көрерменсіз, жеке өз алдына өмір сүре алмайды. Осыған байланысты сахна мен көрермен бірігіп отырып шынайы өмір құбылысына ой жүгіртеді, оған өз тұрғысынан баға береді, ол  көрермендердің ішкі жан сезіміне әсер етіп, терең толғандырған жағдайда ғана өзінің қоғамдық-әлеуметтік қызметін атқарып, эстетикалық мақсат-мұратына жетеді.

 

240 0
Ерсултан Мустафаев Қызылорда облысының білім басқармасының Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің "Бесарық өнер мектебінің" драма сыныбының мұғалімі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаманбай батыр ауылдық округі, Бесарық ауылы Ұлы Дала Ұстазы № 000118
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: