Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI367

Ән – көңілдің ажары

Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындай­тын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәде­ниетіндегі ән өнерінің алар орны ерекше. Данышпан Абайдың “Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең” деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Шындығында сәби дүниеге келгенде “бесік жырымен” әлди­леп қарсы алып, адам дүниеден өткенде “жоқтау” айтып шығарып саламыз. Қа­дым ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жал­ғасын тауып келеді. Бүгінгі күн жас­тарының тойы да “жар-жар”, “бет­ашар­мен” өтетіні ата-баба салтына адалдықтың айқын көрінісі іспеттес. Орыстың тамаша ғалымы Г.Потаниннің “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деген сөзі қазақ тұрмысының осындай даралығынан туған тұжырым болса керек.

Қазақ халқының мақтаныш етер асыл мұра, рухани жәдігерліктері­нің ішінде ғасырлар сүзгісінен өтіп, бүгінге жеткен көл-көсір ән қазы­на­сы ерекше орын ала­ды. Қазақ әні – қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айна­сы, халық рухының ықылымнан тіл қатқан тірі куәгері. Күнделікті тұр­мыс-тіршілік, салт-дәстүрге орай­ла­са туған ғұрыптық ән, қара өлең­дерден тартып, адам баласы­ның аңсар-мұратын, қайғы-мұң, сағы­ныш-шерін, өзек өртер өкініші мен жар­қын үміт, қуаныш-шаттығын – сан-алуан сезім-күй, жан әлемін өрнектеп, форма­лық, мазмұндық тұрғыдан кемеліне келе түр­леніп, биік кәсіби өреге жеткен дәс­түрлі ән өнері ұлттық музыка мәде­ниеті­міздің алтын өзегі, ықылым­нан бү­гін­ге арқауын үзбей жетіп, қазіргі рухани болмысымызға нәр беріп тұрған сарқыл­мас қайнар іспетті. Әнді осынша сүйген, әнге осынша мән берген халық, шын мәнінде, “санын сөз етсеңіз де, сапасын сөз етсеңіз де мақтануға тұрарлық қымбат дүние” (А.Жұбанов) – ұрпақтың ұрпағына кетер, тозбас, өшпес ән қазынасын жасады. Қазақ елінің әлемдік мәдениетке қосар үлесі де күйімен, жырымен бірге осынау дәстүрлі ән мұрасы екенінде күмән жоқ.

Әннің қоғамдық әлеуметтік сипаты, тәрбиелік мәні елдің санасының бір сәт тысқары қалмаған. Кең далада желдей есіп, ауыздан-ауызға тарап, толассыз кезіп жүретін ән мен күйді халық жан дүниесінің ең асыл мұраттарын дәріптеп, таратып отырған. Халықтың рухани байлығы, ғасырлық мәдениетіміздің көркем формасының бірі, заманымыздың тарихи шежіресі.

Академик Б.Асафьев айтқандай екі өнер саласы ән мен өлеңнің бірлестігінің арасында ән табиғаты өмірде кең тараған өнердің біріне айналып отыр. Ән айтпайтын, құлақ қойып тыңдамайтын адам болмайды. Ән тыңдап, дауыстап айту адамға біткен табиғи керектілік. Ол адамның дүниеге келген кезеңінен бастап, сөйлей білуден бұрын үлкендердің көмегімен санадан орын алатын табиғи құбылыс. Анасы нәрестесін бесігіне бөлеп: «Әлди, әлди ақ бөпем, ақ бесікте жат бөпем» — деп бесік жырын айтқан. Анасының сазды әуені баланың денесін балқытып, ұйқыға келтірген. Бала талпына келе оның бойына ана тілі арқылы ғана дүниені, өмірді танып, біле бастайды. Оның буыны бекіп, санасы қалыптаса бастағанда-ақ күнделікті күйкі тіршілікпен қатар, халықтың тамаша әуен-сазы оған игілікті әсерін тигізіп, өзінің көркемдігі мен маңыздылығымен баланың жанын баурап, ақыл-ой, сана-сезімінің кеңейіп, жақсы мінез-құлықтарының біртіндеп қалыптасуына әсерін тигізіп, рухын байыта түседі.

Ұстаздың шәкіртке ауызекі берілетін халықтық ән айту дәстүрі арқылы ән үйренудің жүйеленген үрдіс қалыптасты. Өнерлі ортада өскен жас талапкер ұстаз жанында айлап-жылдап жүріп, шеберлігімен бірге, оның білім-танымын, тәжірибесі мен орындау тәсілін үйренетін болды. Елге есімі тарап, түрлі айтыс-тартысқа қатысып үлгірген өнерпаз әнші осылайша жеке өнер жолын айқындайды.

Еліміздің түпкір-түпкірінен әнші-жыршылар шығып кешегінің ізбасарлары, бүгінгінің гүл ашарлары болған, әншілік дәстүрді жалғастырушы әншілерді: Қ.Байбосынов, Қ.Құлышева, Е.Қосбармақов, С.Жампейісова, А.Қосанова т.б. атап кетуге болады.

Құлақты жауыр қылған батыс музыкаларына еліктеген, көшедегі әнді сахнаға шығарған заманда, жеңіл музыкаға әуестеніп кеткен жастарымызды, кәсіпқойлық — ұлттық дәстүрлі музыкалық өнерімізге, рухани, бай құндылықтарымызға ынталандырып, қызықтырып, эстетикалық талғамын, дүниетанамын қалыптастыру қажет.

Ұлттық өнер дегеніміз – қай заманда да ұлтпен бірге жасасып, дамып отыратын күрделі процесс. Оған қай кезде де зерттеу жұмысын, талдауларды жүргізіп отыру қажет. Сонда ғана бізге беймәлім болған жайттар жаңаша қырынан ашылмақ.

 

 

975 0
Олжас Ормаханов Қызылорда облысының білім басқармасының Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің "Бесарық өнер мектебінің" вокал сыныбының мұғалімі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаманбай батыр ауылдық округі, Бесарық ауылы Ұлы Дала Ұстазы № 000117
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: