Поиск статей:
ESI
Рейтинг:

Домбырамен ән айту арқылы жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыру

Домбыра – сан ғасырлардан бері сырын сақтап, қазақ даласында кеңінен танымал аспап. Өткен ғасырдың аса құндылы ән-күйлері, термесі, жыры, қисса мен халықтың музыкалық шығармашылығының негізінде жас ұрпақты адамгершілік рухта, музыкалы-эстетикалық нәзік сезімге тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып отыр.

Домбырамен ән салудың мақсаты дәстүрлі ән айтып, домбыра тарту ғана емес, өнер арқылы әрбір баланы мәдениетке, білімге, ата-баба тарихын білуге жан-жақты жетілдіру. Тек мектеп қабырғасындағы сабақтармен шектеліп қана қоймай, баланың бойындағы өнерді шыңдап, тәрбиелеп, ұштау - ұстаздың міндеті. 

Дәстүрлі ән салу өнері музыка жанрындағы ең көне саланың бірі болып табылады. Қазақ мәдениетінде ән салу өнері кең дамыған.

«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй…»,

 «Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойныңа кірер денең…», — деген жолдарында, ұлы Абай әннің өмірдегі орнын нақ суреттегендей, қазақ халқы ән-күйді жанындай жақсы көріп, рухани жан-дүниесін ән арқылы шебер бейнелей білген.

Ән — поэзиялық шығарма мен музыкалық әуеннен туған вокалды музыкалық шығарманың сазы. Ерте заманнан бері халық арасына кең таралып, халықтың өмірін, қуанышын, мұңын, табиғат құбылысы мен махаббатты жырлайтын ерекше жанр.

Әншілік өнер мен музыкалық өнері, әр ұлттың ертеден келе жатқан мәдени талғамының бір арнаға құйылып, асқақты күйімен дамып отыратын көптеген ғасырлар үнінің жемісі.

Әншілік – жалпы өмірдің бүкіл дүниенің қимыл іс-әрекетін, образды бейнелейтін диалектикалық құбылыстарды адам сезімімен қабыстырып, өмір қайшылықтарының,   әсерлі дыбыстарының,  әуендерінің жиынтығы.

Әннің қоғамдық әлеуметтік сипаты, тәрбиелік мәні елдің санасының бір сәт тысқары қалмаған. Кең далада желдей есіп, ауыздан-ауызға тарап, толассыз кезіп жүретін ән мен күйді халық жан дүниесінің ең асыл мұраттарын дәріптеп, таратып отырған. Халықтың рухани байлығы, ғасырлық мәдениетіміздің көркем формасының бірі, заманымыздың тарихи шежіресі.

Әнді, негізінде, шығарушы да, шырқатып салушы да – халық. Әннің қасиетін қазақ халқы қадірлей біліп:

«Жігітке өнер де өнер, өлең де өнер»,

«Ақылың болса жыр тыңда…» — деген сөздер арқылы жақсы айтқан.

Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген ата-баба сұлу ән, асыл сөздің кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой санасын игі адамгершілікке жетеледі. Сондықтан кең байтақ ата жұртта буыннан-буынға жалғасып, ұят-аят, әдет көрген, мейірім-шарапат салтанат құрды. Ең кереметі сол, ән қанатында халық ойының тереңдігі, шексіз қиялы, кестелі, орамды шешен тіл берік сақталып заманның алдын орап, кейінге тарады. Мұның өзі отбасынан отан тұтастығына дейін тамырын үзбеген дәстүрге айналды.

Сонау Сыр бойынан Алтайға дейін, Алатаудан Жайыққа дейінгі ұшан-теңіз даланы жайлаған қалың халық ғасырлар бойы жасаған музыка мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, байыта берді, олардың мәдениеті алдағы елдердегідей нотаға жазылып, дыбыс құралына түспей-ақ халықтың ауыз әдебиеті сияқты біреуден онға, оннан мыңға тарап, өлмес-өшпес халық хазынасына қосылып жатты.

Қазіргі таңда жас ұрпаққа халқымыздың рухани мұралары арқылы әлемнің тынысын байқау, баланың сана-сезіміне әсер етіп, оларды білгірлікке, тапқырлыққа, өнерге деген сүйіспеншілігін одан ары тереңдетіп, адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеп, өмір шындығын сезінуге, елін, жерін, отанды сүю сезіміне баулу мәселесі бүкілхалықтық іс болып отырғаны баршамызға мәлім. Сондықтан, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруды,  іс жүзінде асыруда домбырамен дәстүрлі ән айтудың үлкен маңызы бар. Ән айтудың ерекшелігі — балалардың санасына ғана емес, сезіміне де, ой-өрісіне де әсерін тигізетіні анық. Ән үйренер кезде  өлеңнің мазмұнын түсінуге, тәрбиелік мәнін саналы түрде меңгеруіне мүмкіндік беріледі. Қазақ халқының ән айту мектебі бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді.

Қорыта келгенде, әннің, музыканың өскелең ұрпаққа беретіні көп-ақ. Тек сол көркемдік, эстетикалық азықты үнемі, дер кезінде үнемдеп, педагогикалы қағидалармен жастарды баули білгеніміз жөн.

Сондықтан домбыраны сауаттылықпен ойнап көзін ашқан бала әлде қайда еңбекқорлыққа, адамгершілікке, ұжымдылыққа, кішіпейілділікке, эстетикалық талғамы жоғары болып өседі. «Ұяда нені көрсең ұшқанда соны ілерсің» — деген қанатты сөз осының айғағы іспеттес. Теңіздің түбінде жатқан інжу-маржандай бай өнерімізді келешек ұрпақтың бойларына сіңіріп, тәрбиелеу, олардың дүниетанымын қалыптастыру — әр қазақ отбасының және кез келген музыка маманының міндеті екендігін ұмытпағанымыз жөн.

 

357 0
Мәди Сейтқасымұлы Қызылорда облысының білім басқармасының Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің "Бесарық өнер мектебінің" домбырамен ән салу сыныбының мұғалімі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаманбай батыр ауылдық округі, Бесарық ауылы Ұлы Дала Ұстазы № 000121
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: