Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI364

Домбыра - қазақтың асыл қазынасы

Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол — қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма — күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра — қазақтың халық аспабы. Ол қазақ халқының әрбір үйінде болуы міндетті және қажетті аспап болып есептелген.

Домбыра көне аспап және ол қазақпен кіндіктес ұлыстардың бәріне ортақ мүлік, себебі домбыраның жасы қазақ хандығынан үш мың жылдай үлкен, дәуірлей тексергенде аспап аттары әртүрлі диалект салдарынан өзгеріске ұшырағанымен түбі бір екені айдан анық білініп тұрады. Бұл музыкалық аспаптың пайда болу тарихы ғасырлар қойнауына кетеді. Ежелгі Хорезм қаласының қазбаларынан археологтар екі шекті құралдарда ойнап тұрған музыкантардың терракотты бейнелерін тапқан. Ғалымдар бұның Хорезмдік аспаптардың бұдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген көшпелі сақ тайпаларының музыкалық аспабы екенін белгіленген. Бұл ежелгі екі шекті аспаптардың қазақ домбырасымен ұқсастығы көп және оның прототипі болып табылады. Осылайша, археология арқылы домбыраның ерте кезде пайда болғандығы анықталды. 

Жалпы көпшілік қалақ домбыра деп айдарлап кеткен бұл аспаптың көне түбірлік аталуы – қыпшақ домбырасы болуы мүмкін (Әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты трактатында сипатталатын гипжак аспабының түбірі - қыпшақ, «Трактаты о музыке и поэзии», Алматы. «Ғылым» 1993. 430 бет), бұл шертпе күй тартуға қолайлы тоғыз пернелі аспап. Қазақстанның батыс өлкесі мен Сыр бойында тараған мойыны ұзын, алмұрт пішінді домбыраның көне түбірлік аталуы - оғыз домбырасы деген ұйғарымға жақын, он екі пернесі бар, негізінен төкпе күйлер тартылады. Домбыраның бірінші байланатын пердесінің оғыз перде (соль диез) аталуы тегін емес, шабылуы да дутар аспабына ұқсас. Қазақстанның шығыс өңірінде кең тараған домбыра – алтай домбырасы деп түбірленеді, ол үш ішекті, жеті пернелі, көбінесе желдірме екпінді шертпе күйлер тартуға ылайықталған. Аспаптың бұл нұсқасы мұңғұл тектес ұлттардың арасына кең тараған топшурға келіңкірейді, үні де көмей (хоомэй) мәдениетіне жуық. Осы аталған домбыралар қазақтың аймақтық күй мектептерінің айқындауышы десе де болғандай, әрбір түріне ылайық жинақталған күй қоры да мұны растайды. Бұл атаулардың тарихи негізі болғанмен домбыраның біртұтас аталуы көп қисынды, біз аспаптың туыстас халықтармен бірге жасасқан табиғаты мен сипатына қарай әрі қазақы күйшілік мектептерін нақтылау мақсатын көздейміз және домбыраның осылайша шартты түрде бөлінуін С.Өтеғалиеваның зерттеуіне сүйене келтіріп отырмыз.

Домбыраның екі түрі бар — батыстық және шығыстық. Бұл орындалу дәстүрінің екі түрлілігімен ерекшеленеді. Орындалуы тез, виртуозды төкпе күйлерді орындау үшін сол қол домбыра жалымен еркін жылжуы керек. Сондықтан, батыстық домбыра жалы жіңішке және ұзынша болып келеді. Шығыстық жуан және қысқа жалды домбыраларда мұндай техникалық әдіс қолданылмайды. Аспаптар көлемімен қалыбының түрі дыбысталу күшіне әсер етеді: көлемі үлкен болса, дыбысталуы да сондай болады. Дыбысталу сипатына оң қол техникасының әсері бар: төкпе күйлерде дыбыс қол білезігін күшті сілку арқылы екі ішекті қағумен алынса, шертпе күйлерде дыбыс жекелеген қол саусақтарымен шектерді шерту арқылы берілген. Осылайша домбыра мен күйші, олардың орындалуы арасында тығыз байланыс бар. Домбыра тек екі шекті ғана емес, үш шекті де болып келеді. 

Қазақтың қазақтығын көрсететін аспап ол бірден — бір — домбыра болып табылады. Тіпті осы киелі аспаптың бағасын халықаралық дәрежедегі ғалымдар да ақын, жазушыларда айтып кеткен. Александр Ефимович Алекгоров: «Қолдан істелген екі ішекті домбырадан мұндай нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен еш уақытта сенбеген болар едім! Егер де мына қарапайым жаныңа тиетін әнді өз құлағыммен естімеген болсам, мен оның ызыңдаған жаратылыс үнімен ұласатын күшіне де сенбес едім!». Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Біздің қазақ ән құмар халық. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтып-айтысып жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады». Міне, Сұлтамахмүт Торайғыров айтып кеткендей қазақ домбырасын еш уақытта қолынан тастаған емес.

 

1 780 0
Ратка Шеризатова Қызылорда облысының білім басқармасының Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің "Бесарық өнер мектебінің" домбыра сыныбының мұғалімі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаманбай батыр ауылдық округі, Бесарық ауылы Ұлы Дала Ұстазы № 000115
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: