Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI345

Балабақша, мектеп және ЖОО арасындағы сабақтастық

«Білім алу - батылдық, оны толықтыру - даналық, 

ал шебер қолдана білу- өнер» 

 

Ғалым И.Я. Лернер: «Сабақтастық дегеніміз – оқу тәрбие үдерісіндегі әрбір келесі жаңа буында өткен сатыда алынған білім мазмұнын бекітіп, кеңейтіп, қүрделендіріп және тереңдетіп отырудағы жүйелік» деген анықтама берген екен.  Сабақтастық дегеніміз, біріншіден, екі буын арасындағы ортақ мақсат міндеттер, ортақ мазмұндық  жүйе, баланы жүйелі сатылы дамыту, бір буыннан  екінші буынға неғұрлым сәтті өтуге  бағыттау, екіншіден білім берудің  әдістемелік жүйесінің әрбір  компонентінің  үйлесімділігі. Бидосов  былай деген  “Сабақтастық дегеніміз  –балабақша және мектепалды даярлық сыныбына мектептегі оқу іс-әрекетін оқытудың әр түрлі сатысында балалардың білімдерінің арасында қажетті байланыстар мен  қатынастар орнату.   Балалар білім  икемдігі мен машықтарын пайдалану  және одан әрі дамыту кезінде олардың  оқу  іс-әрекетінде әр алуан байланыстар  орнату, жаңа білім мен бұрынғы  білімді өзара байланыстыру. Сонымен бірге, білімді кеңейту мен тереңдету, сөздік қорларын байыту”. 
      Балабақша мен мектеп арасындағы байланыс формаларының сабақтастығын екі өзара байланысты аспектіге бөлуге болады: ақпараттық – ағартушылық және практикалық. 

Бала негізгі тәрбиені алдымен отбасында ата-анасынан алады. Бала тәрбиесі – ана сүтінен басталып өмір бойы қалыптасқан күрделі құбылыс. 

Отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Балаға ата — ана тәрбиесінің орнын ешнәрсе алмастыра алмайды. Отбасы—өмірге сәби әкеліп, оны тәрбиелеп, қалыптастыруда және ұрпақ жалғастыруда теңдесі жоқ орын. Тәрбиенің ең алғашқы негізі отбасында қаланып, балабақшамен байланыс арқылы одан әрі жалғасады.

         «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бала тәрбиелеуде осындай міндеттерді іске асырушылар – балабақша мен отбасы. Балабақшада бала қиялын дамытатын жұмыстар көп жүргізілуі керек. Өмірмен байланыстыра отырып, бала бойында жақсы, жағымды түсініктер қалыптастыруымыз керек. Балабақшаға келген бала мен мектеп арасында да тығыз байланыс болуы керек.

Бірінші аспект, мұғалімдер мен тәрбиешілердің оқу - тәрбие жұмысының міндеттерімен өзара танысуын, балабақшаның жоғарғы топтары мен мектептің мектепалды даярлық сыныбы бағдарламалар мазмұнын зерттеуді болжайды. Осы мақсатқа байланысты мынадай формалары мұғалімдер мен тәрбиешілердің біріккен педагогикалық кеңестерінде балалардың мектепке дайындығы мәселесі бойынша қатысуы, дәрістермен өзара алмасуы және т. б. жұмыстарды жүзеге асыру керек.Екінші, тәжірибелік аспект – бір жағынан мұғалімдердің балабақшада өздерінің болашақ оқушыларымен алдын ала танысу, екінші жағынан, тәрбиешілердің бұрынғы тәрбиеленушілерді бақылап отыруымен бейнеленеді. Берілген мазмұнды жүзеге асыру формалары: мұғалімдердің болашақ оқушылармен танысу үшін балабақшадағы жоғарғы топтарға жүйелі қатысуы, олардың іс - әрекетін бақылау, балалардың диагностикаларының нәтижелерімен және мінездемелерімен танысу.

Мектепке дейінгі жаста болашақ тұлғаның ерекшеліктері қалыптасады.      Балалардың мектепке ауысуы барынша жұмсақ болып, олардың жаңа жағдайға тез бейімделуіне мүмкіндік беру үшін мұғалімдер мектепке дейінгі ұйымдағы (бұдан әрі – МДҰ) жұмыс түрлерімен, әдістерімен танысады. Ал мектепке дейінгі балаларды мектеппен, оқушылардың оқудағы және қоғамдық өмірімен таныстыру балабақша тәрбиеленушілерінің сәйкес түсініктерін кеңейтуге, олардың мектепке қызығушылығын, оқу ниетін дамытуға мүмкіндік береді.

Балабақша мен мектептің сабақтастығы, бір жағынан, балалардың мектепте оқу талаптарына сай жалпы даму мен тәрбие деңгейімен мектепке көшуін, басқа жағынан – мектептің мектепке дейінгі балалар меңгерген білімге, машықтарға, дағдыларға сүйенуін, оларды оқушыны ары қарай жан-жақты дамыту үшін белсенді қолдануды қарастырады.      Мектепалды даярлық мұғалімі оқу нәтижелілігін көтеру үшін балабақшада жиі қолданылатын ойын тәсілдерін пайдаланады; балабақша тәрбиешісі арнайы оқу тапсырмаларын, жаттығуларды біртіндеп күрделендіре отырып оқу үдерісіне енгізеді, және осы арқылы мектепке дейінгі балалардың оқу қызметінің алғышарттарын қалыптастырады.

 Сабақтастықты жүзеге асыру түрлері    

Балалармен жұмыс: мектепке экскурсиялар; мектепке дейінгі балалардың метепалды даярлық сынып мұғалімдерімен және оқушыларымен танысуы және өзара әрекеттестігі; бірлескен білім беру қызметіне, ойын бағдарламаларына қатысу; суреттер мен қолөнер бұйымдарының көрмелері; балабақшаның бұрынғы тәрбиеленушілерімен кездесулер және әңгімелесулер бірлескен мерекелер мен спорттық сайыстар; театрландырылған қызметке қатысу; мектепке дейінгі балалардың мектеп жанында ұйымдастырылған сабақтардың бейімдеу курстарына қатысуы.

 Педагогтар әрекеттестігі:

бірлескен педагогикалық кеңестер;

семинарлар, шеберлік сыныптары;

МДҰ педагогтары мен балабақша тәрбиешілерінің дөңгелек үстелдері;

балалардың мектепке дайындығын анықтау бойынша диагностика өткізу;

МДҰ мен мектептің медициналық қызметкерлерінің, психологтарының әрекеттестігі;

МДҰ-ғы білім беру қызметі мен мектептегі ашық сабақтардың ашық көрсетілуі;

педагогикалық және психологиялық қадағалаулар.    

 Ата-аналармен ынтымақтастық:

бірлескен ата-аналар жиналыстары; дөңгелек үстелдер, пікірсайыстық кездесулер, педагогикалық "қонақ бөлмелер"; ата-аналар конференциялары, сұрақ-жауаптар кештері;

МДҰ және мектеп педагогтарымен консультациялар;

ата-аналардың болашақ мұғалімдермен кездесулері;

ашық есік күндері; мектепалды жастағы балалардың ата-аналарына арналған білім беру-ойын тренингтері және практикумдері, іскерлік ойындар, практикумдер;

отбасылық кештер, тақырыптық ойын-сауықтар; қарым-қатынастың визуалды құралдары (стенд материалы, көрмелер, сұрақ-жауаптардың пошта жәшігі және т. б.);

   – тәрбиешілер мектеп талаптарын, балаларды оқуға дайындау міндеттерін нақты түсінеді және оны сәтті шешеді;    

 – мектепалды даярлық мұғалімдер балабақша жұмысының міндеттеріне, мазмұны мен әдістеріне тереңірек енеді, ол тәрбиелік әсер ету әдістерінде сабақтастық орнатуға септігін тигізеді.      Мектепалды дайындық сыныбы балалары мен балабақша арасындағы байланыс оқу жылы бойы сақталады. Балабақша мен мектеп арасында байланыс пен шығармашылық ынтымақтастық орнату – балаларды жүйелі оқуға дайындау міндеттерін сәтті шешудің қажетті шарты.      Балабақша мен мектептің бірлескен жұмысы туралы шарт      Балабақша мен мектептің оқу жылына арналған бірлескен жұмыс жоспары      Баланы мектепке дайындау – оның оқу-танымдық уәждерін (оқу ниетін) белсенді қалыптастыруды және оның өмірдің жаңа кезеңіне жеңіл бейімделуін қамтамасыз етуші қызметтің өзіндік құрамдастары мен психикалық үдерістерді дамытуды білдіреді. 

  Мектептен соң бала жоғары оқу орнына барады. Нарықтық қатынастар орныға бастаған тәуелсіз еліміздегі білім мекемелерінің оқушыларға берілетін білім мен тәрбие сапасын көтеру және жақсарту міндеттері қойылып отыр. Соңғы уақытта заман ағымына байланысты білім саласында көптеген өзгерістер болуда. Оқу-ағарту, тәрбие мәселелерін сараптап, оқушылардың кәсіптік бағдарын қалыптастыруда ЖОО мен мектеп арасында сабақтастықты орнату бүгінгі таңның өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Жоғары сыныпқа кәсіпке бағдар сабақтарын енгізіп отыр. 

Қазіргі замандағы ғылым мен техниканың дамыған кезеңінде ғылымның ір саласында білім мазмұны мен көлемінің қауырт өсуіне байланысты ЖОО мен мектеп арасындағы сабақтастық оқушылардың танымдық қызығушылығың қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан заман талабына сай маман дайындау жоғары сыныптардан басталып, студенттік кезеңмен ұштасып отырады. Болашақ ұрпаққа білім беріп тәрбиелеу мұғалімдер мен оқытушыларға байланысты. Білімді маман даярлау үшін толыққанды адам, жеке тұлға қалыптастыру – күрделі де келелі іс. 

Оқушылар бойына танымдық қызығушылықты сіңіру – көп уақытты қажет ететін үрдіс. Жоғары оқу орындарында мектеп бітірушілердің бойындағы ізгі қасиеттерді ескере отырып, ұйымдастырған жағдайда  ғана   жұмыстың нәтижесі жоғары деңгейде көрінеді. Бұл мәселеден жоғары оқу орны мен мектептің арасындағы сабақтастық көрінеді.

Ақыл-ойы кемелденген, парасаты мен тұлғалық қасиеті жоғары маман дайындау ісінде оқушылардың төменгі сатыда алған білімін, меңгерген дағдыларын, қалыптасқан ұстанымдары мен нормаларын, үйренуге, білуге деген ішкі сезімдерін (ынта, ықылас, ниет, түрткі, тілек, қажеттілік т.б.) жоғары сатыда жаңа деңгейде дамытуды танымдық қызығушылықты қалыптастырудағы мектеп пен ЖОО арасындағы сабақтастық деп атауға болады. 

Адамда сан алуан қызығушылық болады. Мамандық таңдауда көбіне балалар тұрақтай алмай қиналады. Бала жаны нені қаласа, жан-жағынан түрткілер әсер ете алса ғана  және қызығушылығы тұрақты болса, нәтижелі жұмысты береді. Адам объектіге түрлі мақсатты көздеп қызығады,  осы тұрғыдан қызығуды жанама және тікелей деп екіге бөлуге болады. 

Қызығу белсенді болу үшін бала тікелей бір нәрсемен айналысу керек. Мұғалім немесе тәрбиеші балалардың қызығушылығын тәрбиелегенде олардың әлі де өзіне мәлім емес кейбір жанама қызығуларын тауып, соларды тұрақтандыру үшін жұмыс жасауы қажет. Сонда ғана бала рухани өмірге бай, зерігуді білмейтін, жан-жақты, қабілетті болып шығады [3]. Яғни, адам өзі сенген нәрсеге ғана қызығушылығы артады. Сондықтан мамандық таңдағанда баланың қызығушылығын ескерген жөн. 

Жалпы қорыта келе, ЖОО мен мектеп сабақтастығында баланың бойындағы танымдық қызығушылықты аша білуіміз   және оны дамыта білуіміз керек. Сол себепті Мектеп пен ЖОО бірлесе жұмыс жасауы қажет. 

     Біздің мақсатымыз – заман талабына сай шыншыл, жаңашыл, шығармашыл, адамгершілік рухы жоғары, мәдениетті, жан-жақты сауатты жеке тұлға тәрбиелеу. Баяндамамды мынадай қанатты, әрбір адам ойланып жүретін сөздермен аяқтағым келеді.

 « Баланы өз күшіне сендіріп үйрету керек. Қолыңнан түк келмейді- дей берсең бала жасқаншақ, жасық болып қалады. Осыдан сақтану керек» - деп айтқан Мағжан Жұмабаев.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.«Ойнайық та, ойлайық» бағдарламасы 

2. Мектепалды даярлық Республикалық әдістемелік журнал

3. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту Республикалық педагогикалық журнал

4. М. Жұмабаев, «Педагогика»-1992 ж

5. Набиев Б.Т. Форматирование у учащихся позновательного интереса к предмету   Алматы, 1998 , 24 б

6. Жарықбаев Қ.Б. Психология. Педучилищелерге арналған. Алматы, «Мектеп», 1982 ж

 

 

 

 

1 556 0
Құралай Баешева, «№87 орта мектебі» КММ математика пәнінің мұғалімі Қызылорда облысы, Арал ауданы Ұлы дала ұстазы № 000277
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: