Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI343

ТУРИЗМ МАМАНДЫҒЫНА ҚАШЫҚТЫҚТАН БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

ХХІ ғасыр – жер бетінде техника мен технологияның дамыған заманы екендігі баршамызға айқын. Инженерия саласы мамандарының пікірінше адамзат əлі де тұрмыстық тіршілік пен жұмыс істеуді оңтайландыра түсетін техникаларды ойлап табудан тоқтамақ емес. Əрине, мұндай техникаларға адамдар əсте зəру. Мəселен, медицина саласындағы техника мен технологиялардың дамуы оның ішінде түрлі аппараттардың пайда болуы адамға мəңгілік өмір сыйлай алмаса да дер кезінде араша бола алатындай қауқарлы. Ал əскери техникалардың дами түсуі, еліміздің қауіпсіздігі деп түсінеміз. Сонымен қатар, ғаламтордың күн санап сапасы мен жылдамдығының артуы көптеген адамдар үшін қолайлылық тудыруда. Үйден шықпай-ақ қажетті ақпараттарды ғаламтор бетінен ала білу, жариялай жəне алмаса білу, керекті дүниені тапсырыспен жылдамдатып алдыру, шет мемлекеттерге аз уақытта хат жөнелту т. б, міне, осылардың барлығы ғаламтордың ғажаптары. 

Алайда, бұл ғажаптың кері салдары да қоғамда айқын байқалуда. Мəселен, жастардың кітап бетін ашуға құлықсыздығы, салт-дəстүрге селсоқ қарап Батысқа еліктеуі, отбасы жəне отбасы құндылықтарынан жұмысын жоғары қоюлары т.б, осы ғаламтордың əсері деп түсінемін. Көпке топырақ шашудан аулақпын, барлығы бірдей əлеуметтік желілерге телміріп қалған деп кесіп айта алмаймын. Дегенменде, жоғары да айтылып өткен жағдайлар кейбір жастардың арасында айқын байқалуда. Бірде, 1 топ студенттерден «ақпаратты жылдам ғаламтордан алған дұрыс па? Əлде уақыттың тығыздығына қарамастан кітапхана аралап, кітап бетінен немесе мерзімдік басылым беттерінен алған дұрыс па?» деген сұрағыма жастардың пікірі екіге бөлінді, тең жартысы кітап оқып түйгеніміз жақсы деп тоқталса, ал қалған жарты бөлігі ғаламтор арқылы жылдам əрі жан-жақты мəліметтер алған дұрыс деп тұжырымдады. Іштей, əрине, кітап оқыған дұрыс деген жастар, үміт отын үрлей түскендей болды. Мұнда, жастардың кітап оқумен қатар ғаламторды да дұрыс мақсатта пайдалана білгендерін бəрімізде қолдайтынымыз анық. 

Жалпы кейбір жастар, ғаламтор арқылы түрлі бейне роликтерін жасап машықтанғаны соншалықты, ғаламторды меңгеру жағынан, тіпті, ересек адамдардан басып озады. Олардың арасында мектеп жасындағы балалар да кездеседі. Бəлкім, заманына қарай адамы деген осы болар. Мың жерден ғаламтор мен техниканың дамыған заманында өмір сүріп жатырмыз деген ойда жүргенімізбен, 2019 жылдың желтоқсан айында бастау алған жəне ДДСҰ «Ғасыр пандемиясы» деп атаған COVID -19 вирусы қоғамда көз ілеспес жылдамдықпен тарап, адамдарды едəуір сергелдеңге салды. Бұл індетпен күресудің бірден-бір жолы үйден шықпау жəне барлық санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтау болды.

 Жаппай карантинге жабылып жұмыс істеу, оқыту процесстері ғаламторға тəуелді болатын күн туды. Осы сəтте, аймақтарда əлі де ғаламтордан ада қалған елді мекендердің бар екендігі, қоғамда əлі де түрлі қосымшаларды жүктей алмайтын жəне дұрыс жүзеге асыра алмаған яғни техника мен ғаламторды жетік қолдана алмайтын топ өкілдері де бар екендігі мəлім болды. Бұл жағдай, тіпті, IT технологиясы саласының мамандарының өздерін біраз сынағандай болды. Мұнда ешкім де кінəлі емес, керісінше, қашықтықтан жұмыс істеу жəне оқыту процестері арқылы қоғамның басым бөлігі ғаламтор мен техника жайлы түсінікті одан əрі тереңдей түскендей болды. Сондай-ақ, бұл өзгерістер барысында оқытушылар қауымы студент жастардың дұрыс бағытта білім алулары мен кері байланыс орнату үшін оңтайлы жолдары мен тəжірибелерін пайдаланды. Атап айтқанда, Zoom, ДОТ, Platonus жəне кері байланыс орнатуда түрлі əлеуметтік желілердің көмегіне сүйенсе, сапалы видеосабақ əзірлеу үшін түрлі қосымшаларды (Vivavideo, Inshot, Filmigo т. б) меңгерді. Ал өз кезегінде студенттер сабаққа қатысты тапсырмаларды орындауда мұғалімнің қатысуынсыз өз бетінше жұмыс істеу дағдысының маңызын түсінгендей болды. Негізінде, қашықтықтан оқыту жүйесі пандемия кезеңіне дейін де болған. Мысалы, шетелді санамағанда Қазақстанда бірқатар жоғары оқу орындары бакалавриат жəне магистратура бойынша талапкерлерге қашықтықтан білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қашықтықтан оқыту жүйесінің де өзіндік артықшылықтары бар. Атап айтқанда, үздіксіз өзін-өзі ақпараттық тұрғыда дамыту, уақыт пен кеңістікке тəуелділіктің болмауы, ақпарат алмасу мүмкіндігі, білім алу бойынша шығындардың аз  болуы жəне əлеуметтік мəртебе тепе-теңдігінің сақталуы (жеке тұлғалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, əскери адамдар жəне т. б). 

Қашықтықтан білім беру ЮНЕСКО-ның «Барлығының өмір бойына білім алуы» деген ұранын жандандыра түсіп, білім алу аясында ешқандай шекараның болмайтындығына ықпал жасайды. Қашықтықтан білім беру – ақпараттық технологиялардың дамуының нəтижесі болып саналады. Жалпы, туризм саласында да ғылым мен білімнің басқа салалары секілді ақпараттық технологиялар аса маңызды роль атқарады. 

Ақпараттық технологиялар қағазбастылықты азайтып, істің нəтижелі болуына əсер етеді. Туризмнің басты міндеті қонақтарға кəсіби түрде қызмет көрсету болғанымен, онда туризмнің басты алпауыт бағыттары болып саналатын қонақ үй шаруашылығы мен туристік фирмалардың ақпараттық технологиялары болып есептелетін Amadeus, Sabre, Gabriel жəне В2В жылдам брондау жүйелері жайлы ақпараттарды меңгермейінше туризм саласы туралы толыққанды іргетасын қалаған болып саналмайды. Осы тұста, оқу барысының электронды форматта орын алуына байланысты, студенттер болашақта мұндай бағдарламалармен жұмыс жасай білу дағдысын қалыптастыру қажет екендігін ұғынды. Сонымен, туризм мамандығы студенттерін қашықтықтан оқыту барысында студенттер теориялық тапсырмалардан гөрі практикалық іс-əрекеттерге бейімделді. Атап айқанда, туристік фирмаға қатысты түрлі мобильді қосымшалар арқылы жарнама əзірлеу, логотип құрастыру, слоган табу жəне барлығын біріктіріп шағын жарнама ролигін жасауды, жалпы жарнаманың маңызын ұғынды. Сонымен қатар, еліміздің көрікті жерлерін видео мəлімет арқылы аудио дыбыстармен əзірлеуді үйренді. 

Дайын аудио дыбысы бар видео материалдар шағын көркем фильм іспетті болды. Бұның бəрі ғаламторды тиімді пайдалану жəне техниканы меңгерудегі қалыптаса бастаған дағдылары деп санаймын. Бұл кезең барлығымызға берілген бір сынақ секілді. Оқытушы ретінде күнделікті аудиторияда өтілетін сабақтарға қарағанда, қашықтықтан оқыту жүйесінің бірқатар жауапкершілігі мен күрделілігі сезілді. Мұндай кедергілерден өту үшін алдымен нақты жоспар құрып алған жөн болып көрінді. Міндетті түрде əр жаңа тақырыпты өткізетін тұста 3 сұраққа жауап беруге тырысу қажет деп сезілді, олар: студенттерге мен нақты нені үйреткім келеді (нəтижесінде студенттер нақты нені білулері тиіс)?, студенттер оны қалай үйренеді?, студенттерге қашықтықта отырып қалай көмектесе аламын? Нақты жоспар бойынша жұмыс жасай отырып, бірінші кезекте электронды оқулықтар мен пəннің электронды əдістемелік кешендердің көмегі орасан зор болып табылады. Мұндай электронды нұсқалар студенттердің де пайдалануларына өте қолайлы. Сонымен қатар, студенттерді үй тапсырмасымен жүктегеннен гөрі, алдымен сабаққа ден қойып кіріскендеріне басты назар аудару қажет деп санаймын.

 Студенттер тарапынан пайда болған қандай да бір сұрақтар мен пікірлер алмасу мақсатында көпшілігіміз қолданып жүрген WhatsApp, Facebook Live, Zoom, Instagram Live, Skype қосымшалары тиімді көмектесе алады. Түпкі мақсатымыз студенттерге тиісті деңгейде білім беру болғандықтан, Мұхтар Əуезовтың «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нəрсе – білім» деген қанатты сөздерін басты назарда ұстап, тəуелсіз еліміздің білімді ұрпақтарын тəрбиелеуде өз үлесімізді қосуға əрқашанда дайынбыз.

216 0
ДИНА БАЛТАБЕКОВА, «Түркістан жоғары көпсалалы қол өнер колледжі» МКҚК-нің оқытушысы Түркістан қаласы Ұлы дала ұстазы № 000275
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: