Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI338

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ – БІЛІМ НАЗАРЫНДА

Баршамызға мəлім, жаһанда кеңінен етек жайған аты жаман індеттің елімізде таралуының алдын алу мақсатында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап төтенше жағдай жарияланып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған пандемия кезеңінде барлық санитариялық-эпидемиологиялық сақтық шараларын орындау барша қазақстандықтарға міндеттелген болатын. 

Осы орайда, Мұнайлы ауданындағы № 8 жалпы білім беру орта мектебінде де төтенше жағдайға байланысты мектеп əкімшілігінің нұсқауымен каникул кезеңіндегі сақтық шаралары қолға алынды. Сонымен қатар, 6 сəуірден 22 мамырға дейінгі аралықты қамтитын 4 тоқсандағы үздіксіз өскелең ұрпаққа білім беру қашықтықтан оқыту жүйесіне көшіріліп, жоспарлы іс-шаралар ұйымдастырыла бастады. Бастапқыда «Бұл қалай болмақ? Қайтіп түсіндіреміз? Оқушыға жаңа тақырыпты жеткілікті деңгейде меңгерте алам ба?» деген сан түрлі сұрақ мұғалімдердің басым көпшілігін мазалағаны анық.

  Алайда, арада өткен үш апта уақыттың ішінде мұғалімдер қауымы стандартқа сəйкес сабақтар өтіп, көптеген интернет платформаларын пайдаланып, WhatsApp, Telegram желілері арқылы оқушыларымен кері байланыс орнатып, оқытудың бұл түріне машықтана бастағаны рас. Сондай-ақ, “Балапан” жəне “Ел Арна” телеарналарының бізге уақытында көрсетіп жатқан сабақтары да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақтарын, бұрын талқылаған тақырыптарын қайта қарауға, кері байланыс орнатуға мүмкіндік беруде. Орта буын оқушыларын математика пəнінен қашықтықтан оқыта отырып, бұл алдын-ала туындаған мазасыздану процесі екендігін ұғына бастадық. Себебі, дəстүрлі білім берумен салыстыра келе, оқытудың бұл түрінің оқушы үшін де, мұғалім үшін де тиімді тұстарының баршылық екенін аңғардық. Себебі, сынып оқушылары арасындағы бетпе-бет оқыту барысында өзін «ұялшақ» сезінетін, «əдемі жаза алмаймын» деп қашқақтайтын оқушылардың əртүрлі мультимедиалық материалдармен жұмыс жасап, тапсырманы, үй жұмысын тиянақты орындап, өзіндік пікірін айтып, белсенділік танытуы бізді таң қалдырмай қоймады. Əрине, «экранның арғы жағында отырған» оқушылардың мұндай жетістікке жетуіне ерекше ықпал етіп, қолдау көрсетіп отырған ата-аналардың да еңбегі зор. 

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты, жасалып отырған қашықтықтан оқытудың бəріміз үшін пайдалы екендігіне көзіміз жетті. «Олақтылық белгісі – бір əдісті білу, шеберліктің белгісі – түрлі əдісті білу....» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінгі жаһандану кезеңінде жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздар əрдайым кез-келген жағдайда білім берудің түрлі əдістерін меңгеріп алуға дайын болуы керек деп ойлаймын.

153 0
ЛАЗЗАТ ТЛЕУБЕРГЕНОВА, №8 жалпы білім беру орта мектебінің математика пəні мұғалімі БҚО, Мұнайлы ауданы, Бесшоқы ауылы Ұлы дала ұстазы № 000270
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: