Болашақтың бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш білімде ғана. Қай елдің болсын өсіп өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. Білім беру жүйесіне енгізілген реформа ең алдымен оқушыларға сапалы білім беруді, болашақта әлемдік бәсекеге қабілетті болуын, функцияналдық сауаттылығы жоғары болуды көздейді. Елбасы ұстаздар қауымына жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде үлкен жауапкершілік жүктейді.
Қазіргі кезде елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты. Себебі, білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас,жаңаша қарым-қатынас пайда болды. Келер ұрпаққа білім мен тәрбие беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді, белсенділігін арттыруды жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияларды меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа технологияны ендіруді міндеттейді.
Қазіргі адамзат дамуының ерекше артықшылығы-ақпараттық өркениетке көшу, адамдардың зияткерлік қабілеттерін арттыратын компьютерлік технологиялар мен ақпараттық технологиялардың жедел дамуы.
Қазіргі таңда білім беру жүйесінің ең басты міндеті - мектеп оқушыларының білім сапасының деңгейін халықаралық дәрежеге көтеру. Қазіргі кезеңде білім және ғылым саласындағы инновациялық педагогикалық технологиялар өзекті болып, педагогикалық инновациялық технологиялар ұғымы мектеп оқушыларын оқыту мен тәрбиелеуде кеңінен қолданылатын технологиялардың біріне айналды.
Білім беру саласында озық технологияларды енгізу мұғалімнің ойлау стилін, оның жеке бағдарын өзгертеді. Бастауыш сынып оқушыларына озық технологияларды қолданудағы басты мақсат - оқушыларға білім беру процесінде көмектесу. Ерекше орын алатын: оқу бағдарламалары, виртуалды географиялық карталар, оқуда қолдануға арналған электронды оқулықтар, тексеру бағдарламалары мен тесттер, өзіндік жұмыс.
Қытай философының «Маған жәй айтсаң – ұмытамын, көрсетсең есімде сақтаймын, ал өзімді іс – әрекетке қатыстырсаң үйренемін» деген даналығы білім алушының білімге ықыласын аттыруда ақпараттық – коммуникативтік технологияларды пайдалана отырып, өзіндік ізденіс жүргізуді практикада жүзеге асырудың маңызды екендігін көрсетеді.
Қазіргі қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі ақпараттандыруда, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану саласында педагог – мұғалімдердің біліктілігін арттыру болды. Әрбір мұғалім заманауи тәрбие мен таным саласындағы жаңа тенденцияларды игеріп қана қоймай, сонымен қатар оларды практикада қолдана отырып, білімі мен дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруы керек. Дана халқымыз «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деп бекер айтпаса керек.
Жаңа технологияларды меңгерту мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік,адамгершілік, рухани, азаматтық және көптеген адами қабілетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді. Жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үрдісін жаңаша дамыту, яғни оның нәтижесінің жоғарғы деңгейде болуын қадағалау жаңашыл педагогтардың қолында. Жаңашыл педагогтардың мақсаты – оқушылардың алатын білімдерін сапалы ету, оның толыққанды жеке тұлға болып қалыптасуына негіз болу.
Қорытындылай келе, егеменді еліміздің талаптарына сәйкес мектеп оқушыларын оқыту, қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу - білікті мұғалімдердің қолында. Уақыт өзгереді, әдістер көбейтіледі, жаңартылады және толықтырылады. Тәрбие мен білім егіз ұғым. Жаңа технологияларды қолдана отырып әдістер мен тәсілдерді тиімді пайдалану үздіксіз тәрбие мен білім беру сапасын арттыратыны сөзсіз.