Әр халықтың болашаққа бет алған тарихи даму жолында өшпес жұлдыздай болып есімі ерекше аталатын ірі тұлғалары болады. Соның бірі қазақ cахарасында өмір сүрген, халықтың данышпан перзенті, даланың дара ұстазы – Ыбырай Алтынсарин. Педагог ұстаз – халықтың өмірінде, тарихында орны бөлек, өз өмірін халық тағдырымен бөліп қарай алмайтын ерекше нұрлы ғұмырлардың бірі болды. Тарихтың соқпағынан халық өз даналығымен, ерлігімен мұқалмас үміт арманымен өтеді десек, сол жолға қосқан үлесі ерекше тұлғалар кейінгі ұрпақтың үлгі - өнегесіне, мақсатына айналды. Сол ерекше тұлғалардың бірі – Ы. Алтынсарин десек еш қателеспейміз. Ыбырай – өз заманының ірі қоғам қайраткері. Өнер-білімнің қандай жолға апаратынын, оқуға, мұратқа жеткізетіндігін қазақ даласына паш еткен дара ұстаз ретінде танимыз.
Уақыт өткен сайын қадір - қасиеті арта түсетін даналар болатындығын жұртшылық ежелден – ақ мойындаған. Ыбырай сол тұрғыдан дара адам. Ағартушы - педагогтің еңбектеріне бойлаған сайын бүгінгі ұрпақ ұлы ұстаздың білімге шақырған ұранды үнін ғана емес, оның оқыту саласындағы даналық ақылын терең меңгеріп, нұсқаған тағылымдарындағы теориялық ойларға қаныға береді. Тәлім - тәрбие мен білім беру, бір жағынан, оқулықтар мен оқу құралдарына және педагогикалық тәжірибелерге тәуелді екенін терең сезінген Ыбырайдың бұл салада да тиісті талпыныстар жасағанын байқарлық деректер мол. Ыбырай еңбектері – жалпы адам баласын оқу, еңбек, білім, адамгершілікке тәрбиелеуде мол мүмкіндік беретін дидактикалық құрал.
Жазушының шығармаларын оқи отырып, өз заманының беталысын анық аңғарғанын, халық өмірін жаңа арнаға салуда білім мен тәрбие мәселесі қатар жүру керектігіне назар аударғанын көруге болады. Оның әңгімелерінің негізгі қайнары халық тұрмысынан алынған. Өмірді, адам әрекеттерін ешқашан дағдыдан тыс әсірелеп суреттеп, шындықтан алшақтамаған. Кейіпкерлерді шынайы өмірге тән әрекеттері арқылы бейнелеуді мақсат тұтты. Әңгімелерін тақырып жағынан еңбек пен өнерге баулитын және адамгершілікке тәрбиелейтін шығармалар деп екі топқа бөліп қарастыруға болады.
Ыбырай шығармаларының басты тақырыбы – еңбек. Ол еңбек адамның өмірі үшін ерекше маңызды рөл атқарады, еңбексіз өнер де, білім де, қолға келмейді деп еңбекті бірінші орынға қойып, тәрбие негізі адал еңбекте деп тұжырым жасайды. Оның бұл тақырыпта жазған көптеген әңгімелері бар. Мысалы: "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш", "Бай баласы мен жарлы баласы", "Қыпшақ Сейітқұл". Жазушының бір топ әңгімелері адамгершілік тәрбие мәселесіне жазылған. Адамзат баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап ата - ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласына бөленіп өсетіні белгілі. Ата - ана баласына небір асыл қасиеттерді үйретіп, жақсы азамат болуын тілейді және үміттенеді. Бұл тақырыпта да жазған шығармалары бар. Мысалы: "Асыл шөп"," Бақша ағаштары", "Таза бұлақ" т.б. Әр әңгімесінде тәрбиенің ізі жатыр. Оны түсініп оқыған адам ғана ұлы ұстаздың шебер тәрбиеші екеніне көз жеткізеді.
Ыбырай шығармалары қысқа мазмұнды, балалардың түсінуіне жеңіл. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, мақал – мәтел мен афоризмдерді орынды қолдану, әр әңгіменің тағылымдық мәніне ерекше көңіл аудару Ыбырай шығармаларының өзіндік ерекшеліктері. Шығармалары мазмұны жағынан да, түрі жағынан да балалар әдебиетіне қойылатын талапқа сай келеді. Сондықтан да Ыбырай Алтынсаринді балалар әдебиетінің негізін салушы дейміз. Ыбырай Алтынсарин ағартушылық тарихында және ұлттық мектептің қалыптасуына терең із қалдырды.
Ұстаз бүкіл өмірін қазақ балаларын оқытуға жұмсады. Сол мақсатпен алғаш рет балаларға арнап мектеп ашып, оқулық жазып, халық ағарту жолында қызмет етті, жазба әдебиетінің негізін салуға үлкен үлес қосқан этнограф – ғалым. Ол "Қазақ хрестоматиясы" деп аталатын ана тіліміздегі тұңғыш оқулықтың авторы. Бастауыш сыныптардан етене таныс, әрі ыстық "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі - "Қазақ хрестоматиясының" беташар өлеңі болды. Жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жас жеткіншектерді білімге, өнерге шақырған бұл өлеңнің маңызы, бір кезде Ыбырай армандаған "өнер - білімі бар жұртқа" - терезесі тең, шаңырағы биік, мәдениеті озық елге айналып отырған бүгінгі заманда да еш төмендемек емес. Қайта халқымен бірге жасасып, ұлы ағартушының арман – сәлемін жақсы күндерге жеткізген бұл тарихи туындының кеңестік дәуірде жаңа мәнге ие болып, бүгін де бұдан бір ғасырғыдай:
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық! – деп өзінің тот баспас, мәңгі тозбас, озық халықтық идеясымен бүлдіршіндерді білім шыңына шақыра бермек.
Ыбырай салған сара жол- бұл күндері қанатын кеңге жайған, тамырын тереңге жіберген, экономикасы мен мәдениеті дамыған тәулсіз Қазақстан Республикасының білім шаңырақтарында жалғасын табуда. Бүгінгі күнге дейінгі жеткен тәрбиелік мәнінің мазмұны әлі де мектеп бағдарламасында қолданыста. Небәрі жарты ғасырға жуық өмір кешкен ұстаздың еңбегі жан-жақты зерттеліп, туған халқының керегіне жарауда.