Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI312

Ел ертеңі – бүгінгі балабақшадан бастау алады

Болашақтың бастауы – балабақшадан бастау алады. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арқалаған салмағы орасан зор. Біз бүлдіршіндерге білім бере отыра, тәрбиемен сусындатып, болашаққа бағыт-бағдар береміз.

«Тәрбие-тал бесіктен басталады», демекші, атам қазақ аталы сөзді, ар-намысты балаға біттей күнінен баураған. Қайсар болып ер жетіп, нәзік болып бой жетуі үшін біттей күннен берілетін тәрбие маңызды деп есептеген. Бүгінгі таңда заманның ағымына орай, көп ата-ана жұмыс жасауға мәжбүр. Алайда, бұл бала тәрбиесін оң жолға салуға еш кедергі келтірмейді. Себебі, сенімді түрде бүлдіршіндердің дамуымен айналысатын мектепке дейінгі ұйымдар бар. Бұл жерде тек ойын элементтері ғана болмайды, баланың дамуы, ойлауы, сезім мүшелері, қоршаған ортаға қамқорлық бәрі қамтылады. Сол себепті, тәрбиешілердің тағылымды болуы басты талаптардың бірі. Өз ісіне адалдық, мамандығына махаббат тұнып тұрған ұстаздар қашан да жемісті еңбек ете алмақ. Біздің сөйлеген сөзіміз, әрбір қимылымыз тәрбиеленушілерге үлкен әсер етеді. Сондықтан, балабақшада барымызды салып, өзімізді жақсы қырынан көрсетуге тырысамыз.

«Балабақша» сөзінің түп тамыры «бала» және «бақша» сөздерінен құралып, терең мағына береді. Бүршігін енді жарған гүл тәрізді кішкентай бүлдіршіндерді ерекше күтімге алып, баптап, бар ықылас аударып көңіл бөлсе, одан міндетті түрде нәтиже шығары анық. Балалар да гүл секілді. Кішкентай кезінен бастап үлкендердің қылығын қайталап, әр тәрбиесін бойларына сіңіріп, айналаға назар салып өседі. Сол себепті, тәрбиеші ретінде, балақаша балғындарының болашағын қалыптастыру барысында аянбай тер төгіп келемін. Себебі, Тәуелсіз елдің іргесін берік қалап, одан әрі дамуына ықпал ететін бірден бір күш – ол бүгінгі балабақша балғындары. Егемендікке ие болып, еркіндікке қол жеткізген бүгінгі Қазақстанның ұландары өз ойларын бүкпесіз жеткізіп, талғамдарына сай таңдау жасай алады. Бұл Тәуелсіздіктің бізге берген тамаша сыйы! Бейбіт күнге жету үшін біздің ел талай нәбет жылдардан өтіп, талай қиындықты артқа тастады. Ашаршылықтан арып-тозып, қан майданға жауға қарсы күресті. Отаршылдықтың отарында өз ойларын айта алмай, тұншықты, зиялы қауымы атылды. Қасқайып қарсы шыққан ұлдары халық жауы атанды. Тылда еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін еңбек етіп, өз үлестерін қоса білді. Талай ана жесір қалды, талай бала жетім өсті. Желтоқсанның ызғарлы желі талай боздақтың өмірін қиып, сабағынан ерте солуына себепкер болды. Тарих тұншықтырылды, тілге қиынат көрсетілді, дінімізге берік жандарды дүбәра атандырып, теріс көзқарас қалыптастырды. Сан ғасыр бойы сақталып келе жатқан салт-дәстүрді сынға алып, сүріндіруге тырысты. Бірақ, жаратылысынан төзімді, қайсар мінезді, өр рухы елімізді ешбір қиындық жасыта алмады. Қанша жерден қысым көрсетілсе де, қанға сіңген мінез, жат қағиданы қабылдауға мұрша бермеді. Болашақтан зор үміт күтті. Жарқын күннің боларына сенді. Талай жылдар бойы аңсаған азаттық бүгінгі таңда төрімізде! Көк байрағымыз биікте самғап, еңселі елтаңбамыз төрге ілінген. Әуелеген әнұран әр қазақтың жүрегінен шығып, жарқын шырқалуда. Төл теңгеміз айналымға еніп, талай жанды тамсандырған көрікті Астанамыз аз уақыт ішінде бой көтерді. Егемендіктің ел тұрғындары үшін берер пайдасы орасан зор. Асыр-салып, емін-еркін ойнаған бақытты балаларды көріп, бүгінгі күнге шүкір айтамыз. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман деген осы шығар, сірә?! Туғанынан тағдырдың тәлкегін көрмей өсуге, Тәуелсіздіктің тигізер тартуы себеп болып отыр.

Күн сайын жұмысқа келгенде, жүздерінен нұр, көздерінен бақыттың жалыны байқалатын бүлдіршіндерді көріп, бейбітшіліктің ұландарына тамсана қараймын. Болашаққа деген арман-мақсаттары айқын, әрқашан жақсылыққа жаны құмар жандарды үлкен өмірге бейімдеу үшін бар жанымды салмақпын. Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылдың ішінде, талай бүлдіршін болашақтан түлеп ұшып, мектеп табалдырығын аттап, бүгінде білікті мамандарға айналған. Олар бүгін оң-солын танымайтын, кішкентай ғана балалар болғанымен, бәрін жақсы түсінеді, дәл осы кезеңде бойларына сіңіреді. Сол себепті, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының маңызы зор. Ел дамуының іргесін берік қалыптастыратын, өздеріне сенімді тұлға тәрбиелеу үшін қашан да тер төге бермекпіз! Тәуелсіздігіміз мәңгі тұғырлы болсын!

348 0
Сымбат Исмаилова, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімінің «Темірлан» бөбекжайы МКҚК-нің тәрбиешісі, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сарыбұлақ ауылы Ұлы Дала Ұстазы № 000099
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: