Поиск статей:
ESI
Рейтинг:

Тәрбиеші болу – бақыт


Тәрбиеші болу – айтуға оңай шаруа болғанмен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар ғана жақсы түсінеді. Кейбір адамдар тәрбиеші болу оп – оңай, балаларды оқытпайсың, серуенге шығарып, тек қарап жүресің деп ойлайды.

В. А. Сухомлинский: «Тәрбиеші болу бұл мамандықтың ең үлкені, ең жауапкершілігі жоғарысы» деп дұрыс айтқан. Себебі сен білімнен бұрын балаға тәрбие, жақсылықтың нәрін құясың. Мен мектепте 23 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасадым. Балабақшада жұмыс жасап жатқаныма 13 жыл толды. В. А. Сухомлинский айтқандай тәрбиеші мамандығының жауапкершілігі ең үлкен, ең жоғары. Мектепте балалар сабаққа қатысады, үйіне қайтады, ал балабақшада балалар күні бойы бізбен бірге болады. Біз балалардың өміріне, денсаулығына жауаптымыз. Тәрбиеші – балабақшаны бақша деп алып, келген бала гүл болса, онда ол сол гүлді баптап, күтіп, барлық жәндіктер мен құстардан қорғайтын бағбан. Гүліміз бала, бағбанымыз тәрбиеші. Балаға бағыт – бағдар, тәлім – тәрбие беретін отбасынан кейінгі екінші анасы.

Тәрбиеші жас ұрпақтың бойына тәрбиенің алғашқы негіздерін қалыптастыра алатын, адамгершілігі жоғары, мәдениетті, ғылым жетістіктерін бағалай алатын, әдебиет пен өнердің, техниканың даму жайын жақсы білетін, оны түсіндіре алатын адам болу керек. Оның мәдениеттілігінің көрсеткіші – әдептілігі, қоғамдық орындарда өзін сыпайы, еркін, ортаға лайықты ұстай білуі, өнегелі тәртіпті, адамдармен өзара сыйластыққа, адалдыққа негізделген қарым – қатынасы. Ондай тәрбиешіні балалар жақсы көреді, сыйлайды, құрметтейді, оған жақын жүргісі келеді, оның балалар арасында беделі зор болады. Тәрбиешінің жеке басының үлгісі – жас ұрпақ тәрбиесінде оң әсерін береді. Өйткені балалар тәрбиешіге барлық жағынан еліктейді. Сондықтан ол үнемі жинақы, таза, ұқыпты болуына мән беру қажет. Бала еліктегіш болғандықтан, жақсыны да жаманды да тез қабылдайды. Тәрбиеші балалардың жақсы досы болуы керек. Алайда, баланы еркелетуге сақтықпен қараған жөн. Бір баланы еркелету басқа балалардың қызғанышын тудырады. Дегенмен, балаларды еркелету де қажет.

Тәрбиешінің жұмысын оңай деуге болмайды. Бұл күнделікті тынымсыз жұмыс, тәрбиешінің мойнында кішкентай баланы тәрбиелеу үшін үлкен жауапкершілік жатады. Мен дұрыс мамандық таңдадым деп ойлаймын, педагог тәрбиеші мамандығын таңдағаныма өкінбеймін. Балалардың жарқын жүздері, күлкісі, ата – аналардың ризашылығы соның белгісі. Тәрбиеші мамандығы басқа мамандық сияқты емес, мейірімділікпен қоршалған, шынайы махабатқа толы. Мен балаларды олардың анасындай жақсы көремін. Өйткені, бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты білмейді, не айтса да шындықты айтады.

«Білерім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінің көп екенін ұға түсесің. Білімді ешқашан өзін білгіш қып көрсетуге тырыспайды. Шын білімдінің зейін – зердесі кең, алыстан қарасаң – кербез, жақыннан қарасаң – кішіпейіл. Жүзіне үңілсең – мейірімді, жанына үңілсең – шуақты көрінбек. Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиеші атансам – адами парызымның орындалғаны болар!

354 0
Амангуль Мамутова, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімінің «Темірлан» бөбекжайы МКҚК-нің әдіскер – тәрбиешісі, Жамбыл облысы, Қордай ауданы Ұлы Дала Ұстазы № 000097
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: