Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI307

Ата-ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға

Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде болады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол.

Адамгершіл саналылығы биік ата – ананың, отбасы мүшелерінің бір – бірімен сыйласуы, сенуі, қолдауы, көмегі, татулығы мен ынтымағы, бір – біріне талап қоя білуі, әрқашан әділ болуы, өзара қамқорлығы салтқа кірген отбасынан қашанда көргенді, білікті, іскер, азаматтар өсіп шығады. Міне, осындай өнегелі отбасында туып өскен, оқып, білім алып, қоғамдық еңбектің бір тұтқасына ие болып жүрген азаматтардың қайсысынан да: «Өмірдегі арманына адастырмай қанат қақтырған ең қымбат адамың кім?» деп сұрай қалсаңыз, ең әуелі өз ата – аналарын айтады. Әке – шешесінің ауызбен айтып жеткізгісіз аяулы еңбегін, баға жетпес үлгі – өнегесін, тәлім – тәрбиесін жыр қып шертеді. 

«Ер адамның алдында ашылатын есігі болсын.  Әйел адамның алдында тербелетін бесігі болсын», «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты». Ата – ананың адамдық парызын осы мақалдар да өте әдемі бейнелеген. «Ұлы бар үйде қуат бар, қызы бар үйде шуақ бар». Көңілге нұр құятын, өміріңе сән сыйлайтын, өршілдікке үндейтін өлмес даналық емеспе бұл?! Шығыста: «Үш іс тындырған адам: яғни бала өсірген кісі, ағаш – талдар өсірген кісі және кітап жазған кісі өлмейді» деген даналық бар.

Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.

         «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Осылай баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді.

Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс - әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізу. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы.

Қарапайым мысалға жүгінсек, мектепке келген кезінде сондай сүйкімді, тілалғыш, жүрегі таза, сезімі пәк жас бүлдіршін орта немесе жоғары буынға келгенде неге өзгеріп сала береді? Сондықтан мына бала қандай еді, қалай өзгеріп кетті? Мынадай жаман әдеттерді қайдан үйреніп ала қойды? Неге озбырлық жасауға бейім болып алды? – деген сияқты сауалдар алдыңнан кесе-көлденеңдейді. Әрине, оның себептерін жан-жақтан іздеуге болады. Ата-анасын жүрген ортасын қосқанда оның тәрбиесіне мұғалімнен басқа бірнеше адамның қатысы бар. Балаға жүрек жылуы қашан да қажет және ол ешқашан артық болмайды. Ата-анасынан көрмеген сүйіспеншілікті мұғалімнен көрген бала менің ата-анам да осындай болса, деп армандауы мүмкін. Мұғалімін тек жақсы қырынан таныған оқушы үшін оның айтқаны анық, дегені дәл болып көрінеді. Баласын қалай жақсы көретінін дұрыс білдіру кез келген ата-ананың қолынан келе бермейді. Біреу жақсы киіндіріп қояды, біреу тамағы тоқ болса болды деп, қалтасына ақшасын салып бергеніне мәз. Біреулері өте қатал, айтқанын орындатады. Бала қорыққаннан уақытша тыңдайды, бірақ ата-анасының уысынан шыққан соң өзін – өзі ұстай алмайтын жағдайға жетеді.

«Балаға үміт арту – әкенің қарызы, ақтау – баланың парызы» дейді қазақ халқы. Балаға үміт артқан әке «Осы мені ертең асырасын бақсын – қақсын» демейтін ғана шығар, әке де елдікті ойлады, ұлым мен қызым ұлы мақсатқа жұмылсын – елді көркейтсін  деп армандамай ма?

Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде болады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол.

388 0
Алия Бейсебаева «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» Оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Түркістан облысы, Төлеби ауданы Ұлы Дала Ұстазы № 000095
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: