Біздің мамандығымыз — бұл біздің өмір жолымыз. Біздің балабақша – бұл бөлек әлем, гүлденген көгал. Балабақша бізге балада бар ең нәзік – бала жан дүниесін сезінуге, аялауға, бағалауға үйретеді. Балабақша баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында ерекше орын алатын сатысы. Балабақшада балаға қажетті, сетінемейтін махаббат жібі бар. Балабақшаның әр кірпіші, әр бұрышы ешқашан ескірмейтін мейірім мен сүйіспеншіліктен тұрады. Балалардың күлкісі мен мейірімі арқасында біздің балабақша жыл өткен сайын гүлденіп, көркейіп, жасара түсуде.
Балалар – өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі. Балабақша – тәрбие мен білімге бейімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында баланың болашағына өз үлесін қосады. Мектепке дейінгі ұйымда мамандығымыздың қыры да, сыры да сол – күн сайын көз алдымызда өсіп, дамып келе жатқан болашақ жас ұрпақпен жұмыс істеу. Өмірге келген әрбір бала отбасында ата-анасынан бастап барлық туған туыстардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленеді.
Мен тәрбиешімін. Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады. Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кем де кем, мүмкін бұл мамандық содан киелі шығар.
Мен балаларды жанымдай жақсы көрем. Өйткені бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады. Көздері мөлдіреген, жүздерінде күлкі ойнаған балаларға қарасаңызшы.
Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза еді. Әр бала өзінше бір әлем. Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл. Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс - бұлтарысы көп өмірге даярлап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеуде емес пе?!
Жасыратыны жоқ, осы мамандықты таңдаған жандардың кәсібіне көңілі толмай қиындығын айтатындары көп, ал мамандығын өзгертетіндер сирек... Оның себебі, сүйкімді балалардың киелі ортасы тәрбиешіні нәзік жіппен өзіне байланыстырып қоятындай.
Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін... Балабақшаға бара жатқанда басыма сол күннің жұмысы туралы неше түрлі ойлар келеді. Ойларым сан түрлі болады: менің кішкентай достарым қандай көңіл күймен келер екен? Күніміз қызықты өту үшін оқу іс - әрекетін, ойын түрлерін қалай өткізсем екен? Әрине әрбір оқу іс - әрекетіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін.
«Ел есіңде бір жыл қалғың келсе - ас бер, он жыл қалғың келсе - ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе - бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой - өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық.
«Балалық шақ-бұл адам өмірінің маңызды кезеңі, болашақ өмірге дайындық емес, нақты, жарқын, ерекше өмір. Балалық шақ қалай өтті, баланың балалық шағында қолын кім ұстады, оның ақыл – ойы мен жүрегіне қоршаған әлемнен не кірді-бұл баланың болашақта қандай адам болатынын шешеді» деп В. Сухомлинский айтып кеткен. Сондықтан да бақша-тек балаға бас көз болып қарайтын, осы еңбектері үшін мемлекеттен жалақы алатын адамдардың жұмыс орны деп қарамау керек. Керісінше, бақша менің балама білмегенді үйретіп, жақсыны беріп, жаманнан жирендіретін, білімді де білікті мамандардың ордасы деп білуі керек. Сонымен бірге балаларын өздерінен де асқан жауапкершілікпен бала тәрбиесіне мән беретін –сенімді тұлғалардың мекені деп те баға беретіндей дәрежеге жеткізуіміз керек.