«Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан жақсы қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған,
Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз»
Н.Ә.Назарбаев
Мәңгілік ел болып қалыптасу жолында ұрпаққа берілетін тәрбие елбасымыздан бастап ойландырып-толғандыратын өзекті мәселелердің бірі екенін ешкім жоққа шығармайды. Дүние есігін ашқан әрбір нәресте отбасында ата мен әженің, әке мен шешенің, бауырлардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Отбасында берілетін тәрбие әр отбасында түрліше, өздерінің қалыптасқан отбасылық құндылықтары арқылы, үлкендердің өмір жолдары арқылы тәрбиеленеді. Ал білім мен тәрбие беретін орындарда жаңашылдық пен заманауилықты ұштастыра отырып, ел ертеңін тәрбиелеуге үлкен жауапкершілік танытылады.
Балабақша – тек бүлдіршіндердің келіп-кететін мекені болмау керек. Ал, ата-ана үшін бала-бақша өз жағдайларын жасап, баламыз жұмыс жасауға кедергі болмасын деген ниетте балаларын кешке дейін апарып тастайтын орын болмау керек. Осындай көзқарастар қалыптаспас үшін балабақша жұмысының, ұжым ауызбіршілігінің мықты болуы абзал.
Бүлдіршін бақшаға-достарымды көрем, үйде еш ойналмайтын қызық ойындар ойнаймын, ешкім білмейтін тек тәрбиешім ғана білетін қызықты ертегілерді тыңдаймын, әндер үйренемін деп, қызығып келетін шуақты мекеніне айналуы керек.
Ал, бала жүрегінде осындай орын алып, балабақшаға демалыс күндері де сәби жүректерін алып ұштырып тұратын деңгейге дейін жеткізетін ол әрине-балалардың бағбаны-тәрбиешілер болып саналады. Бір тәрбиеші-бірнеше баланың өміріне жауапты болғандықтан, ешқандай атүстілік танытпау керек, немесе кешке дейін жұмыс уақытын өткізіп, күн көрістің қамын ойламау керек. Әрине, үлкен ыждағаттылық пен кең жүректілікті қажет ететін мамандық болған соң тәрбиеші болу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін нәзік кәсіп иесі деп білеміз. Күнделікті сұранысқа ие қат мамандық болмағанмен, өмірге келген әрбір бүлдіршіннен ел азаматтарын тәрбиелеп шығару үшін қай кезде де қажет, ешқашан керектігі мен қажеттілігі жойылмайтын тұрақты мамандық деп білемін.
Біздің балабақша-балалық шақтың таңғажайып елі. Мұнда бәрі мүмкін, бәрі рұқсат етілген. Мұнда әлсіз және қорғансыз адам күшті, батыл, құдіретті бола алады, ал ұяң адам өте көңілді және күлкілі болып өзгеруі мүмкін. Біздің балабақшада әр адам барлық қиыншылықтар мен қиындықтарды жеңіп, әлемді жарқын, түрлі-түсті және қызықты ете алады.
Біздің мамандығымыз-біздің өмір жолымыз. Біздің балабақша бізге барлық қабілеттерімізді, идеяларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік бар, өйткені тек біздің мамандығымызда ғана әзіл айтуға, ойнауға, секіруге, қияли әңгімелер ойлап табуға, ертегі әлеміне саяхаттауға мүмкіндік береді.
Балабақша бізге бала бойындағы нәзіктікті, адалдықты, пәктікті, олардың кіршіксіз жан дүниесін сезінуге, бағалауға үйретеді.
Балабақша мен үшін махаббат, бақыт және "мәңгілік жастықтың" ордасы болып табылады, себебі мұнда жанұялық жағдай орнаған, балалардың ойнайтын, ертегі тыңдап, білім үйренетін, бүлдіршіндердің сүйкімді қылықтарымен тәтті ұйқысына тамсануға болатын жылы үй.
Мен сезімтал бала жүрегін күннің шуағымен көктемнің алғашқы жаңбырынан ләззат алуға, досына жанашырлық танытуға, дос болуды үйренуге, туған жердің сұлулығын сүюге үйретуге мүмкіндігім бар екенін мақтан тұтамын.