Бұл мақаланың атауын «Қасиет тұнған – Құрқұдық, қасірет тұнған – Құрқұдық» деп атаудағы ойым, бұл қасиетті құдық - өйткені, ол Шәкерімдей асыл азаматтың, қазаққа берген ұлы ақын сүйегін отыз жыл бойы өзінде сақтап жатты. Ал, қасірет қонған деп атауым, ол құдықта Шәкерім бабамыздың сүйегі мұсылмандық жолмен аруланып жерленбей, қара кигізге оралып,екі бүктеліп жатуы Шәкерімнің сүйегін 30 жыл жасырып жатқаны.
Құрқұдық Бақанас жерінде жатыр...
1931 жылы қазанда Шәкерімді атқан әскерлер қажының сүйегін түйеге артып Бақанасқа алып келеді. Шеттеу бір қораға түсіп сүйекті «енді не істейміз» деп отырғанда бір топ әскері бар Қарасартов келеді. Келе салып айғайлайды: «бәріңді құртам, жоғалтам, неге атасыңдар!» - дейді. Себебі: «Шәкерімді тірідей ұста!» деген тапсырма алып келе жатқан беті екен. Сол жерде үштіктің сотын ұйымдастырып осылай да, осылай: «қатты қарсылық үстінде Шәкерім оққа ұшты» деп хаттама толтырады. Бәрі біткеннен кейін топырлап жүрген жұртқа: «Мынау - бандының бастығы Шәкерімнің сүйегі. Алам дегендерің мүрдені алыңдар, өздерің жерлеңдер!» дейді. Ешкімнің батылы жетіп мәйітті жерлеуге ала алмайды. Қызылдар өтірік «жем тастап» кім келіп сүйекті алса соны тағы атқалы тұрғанын жұрт біледі. Осы оқиға кезінде Бердеш бастаған топ ішінде Шәкерімнің үлкен ұлы Зият бар бір белдің астындағы сайдың ішінде тығылып отырады. Бұл 1931 жылы қазан айының 2 күні болатын. Ертеңінде Бердеш бастаған топ сүйекті жерлеуге батылы жетпей түгелдей Қытай асып кеткен. Таң атқаннан кейін әскерлер қажының мәйітін алып кетеді. Қабыштың әкесі Керімқұл: «Мынау – асылдың сынығы, көненің көзі еді» - деп жата қап жер бауырлап жылайды. Себебі Керімқұл мен Шәкерім – сыйлас, дәмдес адамдар болған.
Қызыл әскерлер ақын сүйегін ана сайға апарады, мына сайға апарады. Олардың артынан көзге түспей Керімқұлдың Қабышы еріп отырады. Бір заматта әскерлер мәйітті Құрқұдыққа алып келеді. Бұл арада Майбасардың бәйбішесі Май апаң қайтыс болғанда зиратын тұрғызу үшін кірпіш қазған үлкен апан бар екен. Соған әкеліп қажының мәйітін тігінен тастап кетеді. Көзімен көрген жалғыз адам осы Қабыш. Алыстан бақылап қарап тұрған. Кейін заман өзгеріп, дүрбелең басылған соң , «заман тынышталды ғой, түптің түбінде ел өз данасын табар» деген оймен, ең болмаса белгі болсын деп, Қабыш шошақ тасты Шәкерім көмілген құрқұдықтың үстіне қояды. Сөйтіп жүргенде әкесі өмірден өтеді. Сол кісінің өсиеті ме, әлде өзінің ойына келгені ме, ертеңгі күні Шәкерімнің сүйегі ұмытылып қалмау үшін жаңағы Май – апаның зиратының қасына, Шәкерім жатқан құрқұдықтың жанына 15 метрдей төбеге апарып әке-шеше зиратын тұрғызады. Кейін Шәкерімнің ұлы Ахат елге оралған соң , Қабыш ақсақал: «Әй, Ахат, мен сенің әкеңнің сүйегі қайда жатқанын білемін. Бақанаста Май – апаның, менің әке-шешемнің зираты бар, соның ойына қараай төмеде шошақ тас жатыр соның астында», дейді. Қабыш алғаш 1958 жылы Ахат атаны ертіп барып көрсетті. Ахат ақсақал әке сүйегін табады да, арулап Жидебайға Абай атаның қасына қояды.
Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпақтарының тағдыры туралы көп дүние жазуға болады. Олардың ішкі жан-дүниесіне, өмір жолдарына үңілсек, әрқайсысының ерекше дарын иесі болғандығын көреміз. 1930 жылдан бастап, ақынның ақырғы кезеңі аса бір ауыр халде, қайғы-қасіретпен өтті. 1930 жылы 1 ақпанда ең алдымен Шәкәрімнің үлкен баласы Ғафурды (Ғабдулғафур) конфискелеп, Баязит деген баласымен бірге айдап апарып, Семей түрмесіне жабады. Ақпанның 7-сі күні Шәкәрімнің өзін конфискелеп, қамауға алады. Шәкәрім 1931 жылы қайғылы қазаға ұшырағаннан кейін оның жанұясы қуғын-сүргінге ұшырап, абақтыларға жабылып, жер аударылған. жылы Үрімжі қаласына барып арнаулы оқу орнына түседі.
1934 жылдан Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағының оқу-ағарту саласында қызмет істейді. 1937 жылы Шыңжаң халқының басына зор зобалаң туды. Халықтың бетке ұстар интеллегенциясы жаппай ұсталып, қырғынға ұшыратылып неше түрлі жаламен құртылды. Міне, осылардың қатарында 1937 жылы Зият та тұтқындалып, содан қайтып оралмады.
Шәкәрімнің рухы алдында перзенттік парызын адал атқарған асылдың сынығы Ахат Шәкәрімұлы. Ахат 1900 жылы 10 шілдеде туған.
Қазақ халқына әкесінің қасиетті ойларының терең тағдырлық маңызын бір өлеңімен ғана айтып кетті. Гүллардың әкесін жоқтау өлеңі.
Гүллардың әкесі өлгенде айтқаны:
Қамықтым жаным қия алмай
Басыңа елің жиылмай
Арманда қалды әкешім
Топырақ қалды бұйырмай
Сіз кеттіңіз, қалдық біз
Жаттыңыз барып хабарсыз
«Сарқыншақ кенжем Гүлдарым
Бір көрер ме едім», - дейтінсіз...
Әзір жоқ елге қайтарың,
Мынау болды байқарың-
Артыңа мұра қалдырып,
Көп екен әлі айтарың!
Қораңа жалғыз барыпсың,
Аң аулап, тауды қағыпсың,
Оққа ұшып адам қолынан,
Жапанда, әкем қалыпсың.
Айырылдым, әкем, тірегім,
Далада қалды-ау сүйегің?
1931 жылы, Семей түрмесінде Гүллардың жоқтаудан кейін әкесінің өлімін естігенде жазған өлеңі:
Күннің нұры ажырап,
Кірпіктен оты шашырап,
Күңгірт сәуле көңілсіз,
Күңіренді атырап.
Гүл, бәйшешек, жапырақ,
Сарғайды, солды көк құрақ,
Өліктей бейне көмілген,
Қалды басып топырақ.
Өлім күйін тартты жел,
Өксіді өзен, орман, көл,
Тулаған толқын бұлқынып,
Ақты арындап қанды сел.
Зият Шәкәрімұлы. Ал ақынның ұлы Зияттың да бойында ақындық талант тұнып тұр еді. 1932 жылы Шәуешек деген қалада әке өліміне арнап «Сілбі» дастанын жазған екен. Ал оның бір үзігін кезінде Алтай аймақтық №1орта мектептің зейнеткер мұғалімі Медіғат Разданұлы хатқа түсірген екен.
Сәлем де көп тобықты қауымына
Қалды әкем «Керегетас» бауырында
Қапыда тағдыр айдап оққа ұшты,
Тұманның сілбі аралас жауынында.
Қажы еді әкем кәрі шал,
Жетпіс үште жасы бар,
Арнап жеміс алғанға,
Шөлдеген жанға еді бал.
Сүйегің қалды қиырда-ай,
Басыңа халқың жиылмай,
Туысқан, бауыр-балаңнан,
Топырақ қолдан бұйырмай.
Алланың іс қып қағазын,
Қабыш Шәкәрімұлы. Қарап отырсақ Шәкерімнің балаларының шығармашылығы тікелей әкелерімен, әке өлімімен байланысты болған. Өлеңдерін арнап отырған ұлы Қабыш та, әкесінің өмірін «ол күн», «бұл күн» деп саралап өлең арнап айтқан:
Ол күнде:
Хажы, ғалым, мұхтасыр,
Туыс қадыр сый болған.
Болыс, ақын, писатель,
Облыстық би болған.
Ақыл таппай қалмаған,
Сауығы жоқ салмаған.
Білім, талап, жүлдесі,
Мансабы жоқ алмаған.
Мақсаты зор, жас болған,
Хақ жолына бас болған.
Жазған, айтқан, бастырған,
Көп наданға қас болған!
Бұл күнде:
Ырзалық қамға ишарат,
Сұрғылт перде жүз қабат.
Бұл өмірде бізге жат,
Сырт айналған сыры бар.
Айнымасқа айналған,
Дайындалған, сайланған.
Жабдық-жарық жайланған,
Аман-есен еткендей.
Қайта айналып келмеске,
Ақыл, көмек бермеске.
Хат, хабары келмеске,
Жат сапарға кеткендей.
Қажатың не? Дәрің не?
Көнбегенге кәрің не?
Өзіндік бар бәрінде.
Бір күн күнің өткендей!
Ахат Шәкәрімұлы. Қызы Гүллар, ұлы Зият өз өлеңдерінде жырлағандай ұрпағынан «топырақ бұйырмай» Шәкәрімнің сүйегі отыз жыл бойы құдықта жатты. Тек ақын ақталғаннан кейін, 1961 жылы ғана ақынның баласы Ахат әкесінің сүйегін құдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі. Бұл туралы Ахат былайша баяндайды: «1961 жылы 26 июльде Бақанасқа бардым. Әкемнің сүйегін тастаған құдықты жалғыз қазып, ол күні метрден аз-ақ артық қаза алдым. Жаныма адам алмай жалғыз қазған себебім: біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді. 28 июльде және қазып, барлық сүйегін түгел алдым. Тек, оқ бүлдірген екі сүйегі болды. Бір оқ оң жақтағы тоқпан жіліктің басын үзген. Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған. Кейбір сүйектерін өлшеп алдым.
Бас шеңбері - 53 см.
Маңдайы қарақұсқа дейін - 31 см.
Құлақ-шеке арасы – 30 см.
Ортан жілік – 43 см.
Жіліншік – 46 см.
Жамбас – 26 см.
Бастың биіктігі – 19 см.
Әрине, өлшеулер дәл деп айту қиын. Мен алған өлшеумен өлшесем де дұрыс болмауы мүмкін. Әкей өте ұзын бойлы адам болатын.
Сүйегін ауданға алып келдік. 7 август қабірі қазылды, 8 август күні Абай зиратының қасына жерленді. Жүздеген адам қойысты. Жетісі де берілді. Ел жабдығына 6 қой, 240 сом шығарды. «Абай» совхозы мен аудан басындағылар түгел жиналды, басқа совхоздардан да келгендер болды.
Аудан басшылары машина және басқа қажет нәрселерді бергізді. Жаңа өліктен де артық болды деуге болатындай. Сүйек келгенде жыламаған жан болмады. Көздерінің жасымен бірге қуаныштары да байқалды. Жаназасына қарт аталар, аналар түгел кірді. Семейде дұға өткіз деп 2 қой, 70 сом берді.»
1961 жылы, 28 июльде әкей сүйегін көмілген құр құдықтан алып, плашыма орап қойып, осы өлеңді жаздым.
Ахаттың әкесінің сүйегін қазып алған соң, шығарған өлеңі:
Фантазия
Жапанда, жайлау шетінде,
Салынған шағын қора - там,
Шақпақтың күнгей бетінде,
Отыр сонда бір адам.
Елсіз қора, жайлауда
Жалғыз жатқан кәрі шал.
Тұтқындай болып байлауда,
Отыр ма күтіп ол ажал? (жалғасы бар)
1961 жылы тамыз айында баласы Ахат ата өзі барып әкесінің сүйегін қазып алып, Абайдың жанына Жидебайға жерлеп, басына ескерткіш тас қояды. Фантазиядан кейін құдықтан әке сүйегін ала отырып, екінші өлеңі «Құр құдықты» жазыпты. «1961 жылы, 28 шілдеде әкей сүйегін алған күні әкей сүйегі жатқан құрқұдық туралы жаздым» - дейді Ахат.
Құдық
Көрінер алыс көзге елес,
Жайлауда терең құдық бар.
Көлемі онша кең емес,
Байқағам, бұрын еді тар.
Суы біткен, құрып та,
Көрге ұқсаған түрі бар.
Болмаған бұл іс ғұрыпта,
Бір ғажайып түрі бар.
Көміпті біреу құдықты,
Топырағымен қайтадан.
Белгісіз, не тығыпты,
Аңғарып, кім байқаған?
Құдықтың орны жойылмай,
Жатыр дейді белгісі.
Көзінен жасы құйылмай,
Өтпейді дейді бір кісі...
Басқандай ойын мұздай боп.
Көргендер кеп ақыннан,
Жырлады дейді егіліп.
Жыр туып жігер-жалыннан,
Тілінен тұрған төгіліп.
Ойладым соны қазсам деп.
Жұрт барып тегіс кеткен соң,
Бір олжаны тапсам деп.
Іште сырым, көңіл тоқ,
Соғады жиі тек жүрек.
Екі күн қаздым түкте жоқ,
Алғаным құр қу сүйек:
Беріле сүйген халайық,
Сақталған талай жүректе.
Таң қаларлық ғажайып,
Не сыр бар, мынау сүйекте?!!
Арсыз адам қолынан,
Істелген сұмдық, бір қылық,
Бақанастың бойынан
Көресің, жатыр құр құдық!».
Отыз бір жасында түрмеде жатқанда әкесінен айрылған Ахат Шәкәрім қолжазбаларын, кітаби мұраларын ГПУ жаналғыштары қолынан арашалап алып қала алмаған соң, өзі жинап-тергендері, түпнұсқадан көшіргендері бар, әйтеуір, қолына түскен ұлы ақын, ойшыл қарт шығармаларын жинақтай береді, қаттай береді. Заманының оп-оңай тәлкек етіп, қолда тұрғанның өзін заматта жоқ қып жіберетін талқысын мойнымен көп көтергеннен бе, әлде Абай, Көкбай, Шәкәрім төлнұсқалары сақталып жетпегенінен ғұмыр бақи ұмытпастай сабақ алғандықтан ба, қалай дегенде де Ахат әкесі хатқа түсіріп қалдырды-ау деген қандай рухани дәулет болсын бес-он даналап көшіріп, көбейтіп, қабылдап алуға пейіл білдірген орталық архивтер қорына өткізе береді. Сөйтіп жүрген Ахат Шәкәрім есімін толық ақтап алуға қадамдар жасап, біршама игі істерге қол да жеткізген соң, құрқұдықта отыз жыл бойына жатқан ұлы адам сүйегін іздеп барып, тауып, қазып алып, Абай атасы қасына ақ-арулап жаңадан жерлеттіреді. Ендігі қалған өмірінде әке есімін туған халқына қайтсемде оралтамын деп бел шеше күреске түскен Ахат Шәкәрімұлы уақыттан оза ой кешіп, 1967 жылы алғашқы тарауларын қағазға түсіріп, содан 1977-1982 жылдар белесінде жалғастыра жазып, сексен екі жасында көлемді естелігін хал-қадірі жеткенше тәмәмдап шығады. Иә, алпыс жеті жасынан бастап табаны күректей он бес жыл бойына естелік жазу және де Шәкәрім халқына «толық оралмай» тұрған кезеңде қазақ жәмиғаты Шәкәрімді бұрыннан білетіндей талап-тілекке сай, яғни бүгінгі күн оқырмандары сұранысына бағытталған өреде қолға қалам алу, мұндай ерлік қай қазақ перзентінің болсын пешенесіне жазыла бермесе керек.
Шәкәрім туралы жазылған Ахаттың естелік-эссесі қалың оқырманды ойландырады, толғанысқа бөлейді, Шәкәрім өмір сүрген орта рухын сезінуге жетелейді.
Жадында жатталған жарқын көріністердің бәрін дерлік естелікке енгізуді
қажет деп таппаған, кей тұста жетпіс-сексенінші жылдар оқырмандары өре-талғамы деңгейінде ғана пікір қозғауды орынды деп білген Ахат қарт социалистік өмір шындығымен жанасымды жайттарды мансұқтаумен еріксіз шектеліп, тұсала береді. Мұның өзі Ахат жүйрік таныған Шәкәрімтану шындығы барша бояу-көрінісімен оқырманға жетпей қалуының себебі болады.
Шәкәрім дүние салғаннан кейінгі аралықта Ахат жеке шығармашылықпен айналысуды, өлең жазуды екінші кезекке ысыра береді. Алайда, аталмыш естелік жазылып біткен 1982 жылы шілде айының 4-де «Жазушы» баспасының сол кездегі бас редакторы Есет Әукебаевтің қолына екі томдық қаттама етіп өлең-дастандарын тапсырып кеткеніне қарағанда, Ахаттың отыз жасқа толғанға дейінгі кезеңдегі ақындық қуат-қарымы қаншалықты болғанын зерделей беруге толық негіз бар.
Ұлы мұраны ғұмыр бойына «арқалап» өткен жанкешті перзент әке есімі біржолата ақталып, жауһар мұралары қалың жұртшылық қолына тиген бақытты күнді көре алмай, 1984 жылы арманда, қайғы-қапада, тіршіліктен түңіліп, сексен төрт жасында жарық әлеммен қоштасты
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. «Шәкәрімтану мәселелері» 1 том, Т. Шаңбай.Семей-Новосибирск, «Талер- Пресс», 2006 жыл
2. «Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпақтары туралы» Досаев Тауфиқ. «Семей» 1998
3. «Абай» журналы «Парыз» шығармашылық тобы.№2 , 2008
«Абай» журналы «Парыз» шығармашылық тобы.№3, 2007
«Абай» журналы «Парыз» шығармашылық тобы.№1, 2004
4. «Абай, Шәкәрім» М. Т. Әлиакбаров 2008
5. «Шәкәрім энциклопедиясы» Семей. 2008
6. «Қазақ энциклопедиясы» (тұлғалар) Алматы.2007. 379 бет
7. Шәкәрім Құдайбердиев шығармалары, Алматы «Жазушы» 1989
8. «Нартұлға - Шәкәрім» Семей мемлекеттік педагогикалық институты, «Фолиант» баспасы. Астана-2008
9. Шәкәрімнің өмірбаяны (монографиялық зерттеу) А.Омаров. Алматы. 2007
10. «Шәкәрім» Д. Сейсенұлы