Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI289

CLIL сыныптарында оқушылардың тілдік дағдыларын АКТ арқылы дамыту

      Қазақстан орта мектептерінде пәндерді екінші не үшінші тілде оқыту белең алды. Мұғалімдерге пән мазмұны мен тілдік құзіреттілікті тең қалыптастырып, әрі қарай дамытуға жағдай жасайтын әдістеме – CLIL (Content and Language Integrated Learning) болып отыр. CLIL  сыныптарында оқушылардың өзара негізгі қарым-қатынас дағдылары (BICS – Basic Interpersonal Communicative Skills) мен танымдық академиялық тілдік қабілетті (CALP – Cognitive Academic Language Proficiency) қатар дамыту көзделген (Cummins as sited in Bentley, 2010). Қазіргі жаңартылған білім беру жағдайында екінші не үшінші тілде оқытуды жүзеге асыру көп жағдайда оқушылардың төменгі ойлау дағдыларына (LOTS – Lower Ordered Thinking Skills) сәйкестендірілген ресурстар мен тапсырмаларды қолдануы байқалады. Алайда, CLIL сыныбының мақсаты тек тілдік ұғымдарды ғана қалыптастыру емес, сол ұғымдарды шынайы өмірлік жағдайда қолдану, талдау мен жобалауда пайдалануын қамтамасыз ету маңызды. Сол себепті әрбір CLIL мұғалімі өз сабағында оқушылардың жоғары деңгейде ойлау дағдыларын (HOTS – Higher Ordered Thinking Skills) дамыту үшін құзіретті болуы шарт. Ал, қашықтан оқыту жағдайында бейнеконференциялар мен мессенджерлердің мүмкіндігінен басқа құралдар кең қолданыста болған жоқ.  

      Бұл мақалада оқушылардың жоғары деңгейлі ойлау қабілетін қалыптастыру үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қолданысы туралы қарастырылады. Иллюстрация Блум таксономиясы негізінде ойлаудың бірнеше деңгейіне сәйкес келетін АКТ құралдарын сипаттайды. Соның жоғары үш бөлімі «Талдау», «Синтез», «Бағалау» дағдыларына қалыптастыру үшін ресурстардың мүмкіндігі мен рөлі туралы талқыланады.

Қазіргі бүкіләлемдік пандемияға байланысты қоғамның барлық саласын, соның ішінде білім беру жүйесін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, онлайн сервистер мен әлеуметтік желіге терең әрі толық икемдеуге тура келді. CLIL сыныптары бұл өзгерістен тыс қалған жоқ. Оқу қашықтан жүргізілсе де, сыныпта жүзеге асса да, оқушылардың жоғары тілдік дағдыларын дамыту мақсаты қатар жүретіні анық. 

Әрбір педагогке АКТ қолданысы туралы сөз болған кезде, PowerPoint презентациялары мен YouTube бейнематериалдары туралы ой келетін еді. Алайда, технологияны қолдану тек ақпаратты ұсыну ғана емес, сол ресурстар арқылы оқушылардың бір-бірімен байланысын, сыни пікірлерін тыңдау, кері байланыс беру, бағалау сияқты қабілеттерін де қалыптастыруға мүмкіндік беретінін түсіндік. Мысалы, Bozdoğan (2015) CLIL сыныптарында АКТ құралдарын пайдаланудың бірнеше тәжірибесін ұсынады. Оған орай, математика, ғылыми пәндердерді оқытуда қолданылатын қосымшалар ретінде 

Maths apps Intro to Math, My 1st Tangrams HD, Numb, RedFish 4 kids, ArithmeTick, MathBoard, Ruler, Motion Math, Math Bingo, King of Math, Numerate: Count, Add and Subtract, Multi Measures HD, Fractals, Geometry Stash, Math Quizzer, iMathematics, Quick Graph, and Elevated Maths

Science apps: Molecules, Decibel 10, Wolfram Alpha, Scientific timer: Lab Timer, Science 360 from National Science foundation ресурстары ұсынылған (166-бет). 

Бұл ресурстар халықаралық көлемде қолданылатындықтан, қолданылу тілі ағылшын болып табылады. Ал қазақстандық контекстке негізделген жаратылыстану-математика пәндерін екінші не үшінші тілде қолдауға imektep.kz, twig-bilim, bilimland ресурстарын жатқызуға болады.  Сонымен қатар, Bozdoğan (2015) веб қосымшалардың арасынан   Webquests, Google сервистерін, Glogster,  Mindmapping generator, Popplet, Timeline generator, Quiz maker, OnestopEnglish, Clilstore, FACTWorld, Bitesize, Documentary tube, TED Ed, Khan Academy, Howstuffworks?, Teachertube каналдарын CLIL мұғалімдеріне пайдалануға ұсыныс береді. 

Әдебиеттерге шолу жасау арқылы интернет ресурстары арасында блогтардың қолданылуы оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдіруде рөлі зор екендігі анықталды (Liang Chen et al., 2011, Vurdien, 2013). Сондай блогтарды жаратылыстану-математика пәндерін екінші тілде оқыту сыныптарындағы қолданысы тәжірибеде сәтті жүзеге асады. Блум таксономиясының ойлау дағдыларын ескере келсек, талдау жасау бірнеше идеяларды бір-бірімен байланыстыру, яғни оқушылардың ойын жинақтау, түрлендіру, салыстыру, қарам-қайшылықты анықтау, зерттеу, сынау, тестілеу дағдыларынан тұрады. Ал синтез дағдысы жаңа ой, идея ойлап табу, жобалау болса, бағалау дағдысы шешім шығару және оны дәлелдеуден тұрады. Осы аталған дағдыларды жетілдіруде блогтарды қолдануға болады.

Сондай ресурстардың бірі – Schoology немесе Edmodo виртуалды оқыту ортасы. Оқушылардың жұмыстарын жүктеу, пікір қалдыру, онлайн кері байланыс ұсыну мүмкіндіктері сыныпта жүзеге асырылатын кейбір танымдық іс-әрекеттерді виртуалды түрде қолжетімді етеді. Бұдан басқа, Web 2.0 құралдарының арасынан wiki ресурстары да қолданушыларына арнайы парақшаларды ұсынып, өз жұмыстарын жариялауға, кері байланыс алуға мүмкіндік береді. Мысалы, wikispaces, wordpress сервистері. 






Пән мұғалімдеріне зерттеу жұмыстары, жоба құрастыру, эссе жазу, презентация дайындау, т.б. шығармашылық тапсырмаларды орындау барысында оқушыларға арнайы блогтар арқылы қолдау танытуға кеңес беріледі. Ол, бір жағынан, уақытты үнемдесе, екінші жағынан оқушылардың АКТ құзыреттілігін арттырады. АКТ-ны оқытуда тиімді пайдалану үшін мұғалімдерге өздерінің АКТ дағдыларын жетілдіру қажет екендігі түсінікті. Осы орайда, өз бетінше оқуға мүмкіндік беретін онлайн оқыту курстарын тыңдап, үйренуге болады. Сонымен қатар, мұғалімнің ағылшын тілін жетік меңгеруі халықаралық онлайн ресурстарды еркін пайдалануына, оқушылардың танымын арттыруға жағдай жасайды.

Қорытындылай келе, әдебиеттерге шолу жасау арқылы және тәжірибеге сүйене отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы CLIL сыныптарында оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға болады. Ол, біріншіден, оқушылардың жоғары дейгейде ойлау дағдыларын жетілдіреді. Екіншіден, сапалы ақпараттық және сандық құзіреттілікті қалыптастырады. Үшіншіден, мұғалім мен оқушының уақытын үнемдесе, төртіншіден, мұғалімнің үздіксіз ізденісі мен кәсіби жетілуіне себеп болады. Сол себепті, оқушылардың ерекшелігін ескере отырып, пән мазмұнына сәйкес тиімді онлайн ресурстарды іріктеп, оқытуды қолжетімді ету әрбір CLIL мұғалімі үшін маңызды.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Bentley, K. (2010). The TKT (Teaching Knowledge Test) Course: CLIL (Content and Language Integrated Learning) Module. Cambridge University Press

Bozdoğan, D. (2015). Technology-enhanced CLIL classrooms. DOI: 10.17846/CLIL.2015.164-175

Liang Chen, Y., Zhi Feng Liu, E., Chu Shih, R., Tsung Wu, C., & Ming Yuan, S. (2011). Use of peer feedback to enhance elementary students’ writing through blogging. British Journal Of Educational Technology, 42(1). doi:10.1111/j.1467-8535.2010.01139.x.

Vurdien, R. (2013). Enhancing writing skills through blogging in an advanced English as a Foreign Language class in Spain. Computer-Assisted Language Learning, 26(2), 126-143. doi: 10.1080/09588221.2011.639784. 

 


570 0
Гулзина Нагибова Білім беруді басқару магистрі Информатика пәні мұғалімі Орал қаласы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Орал қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000085
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: