Менің ұстаз боламын деген ойым мектеп қабырғасында жүргенде басталған. Ұстаз болуды мен саналы түрде таңдадым. Неге? Себебі ұстаз деген түсінік менің санамда музыка үнімен астасып жататын. Дәл осы музыка үні мені осы жолға әкелді және бағытымның дұрыстығын көрсетті. Қазір мен осы қиында қызықты жолды таңдағаныма өкінбеймін.
Мен бұл таңдаған жолды жалғыз жүріп келе жатқан жоқпын, соңымнан өзімнің тәрбиеленушілерім болашақ музыканттарды ертіп келемін.
Педагогтық жұмыс – ойланып, асықпай, маңызды оқиғаларды жіберіп алмай, алда тұрған мақсатты жоспарлап, оны орындауда білімді, күш-жігерді жұмсауды талап ететіні белгілі.
Мен қосымша білім беру мекемесінің музыкант- педагогымын, ол дегеніміз музыка әлемінде болып жатқан жаңа дүниелерді тану және оны өзінің тәжірибесінде шеберлікпен қолдана білу.
Мен өзімнен тәлім алып жүрген оқушыларымды музыка әлеміне сүйіспеншілікпен жетелеймін. Әрбір сабақта оқушыларыма сіз қабілеттісіз, таланттысыз, табыстысыз деп айтып отырамын. Бұл оларды шабыттандырады және өз іс-әрекеттеріне шығармашылықпен қарауға тәрбиелейді.
Мен үшін оқушыларымның қоршаған ортасы мен ата-аналарының, жақындарының, құрбы-құрдастарының оқушымның музыкадағы жеткен жетістіктері туралы ой-пікірлері маңызды. Осы ой-пікірлердің негізінде мен өзімнің қандай ұстаз екендігімді сезінемін және шабыттанамын.
Қазіргі балалар заманауи технологияларды жақсы меңгерген. Сондықтан мен өзімнің әрбір сабағымда өзімнің музыка әлеміндегі шығармаларды жаңа инновациялық технологиялар арқылы беруге айрықша мән беремін. Музыка әлемінде болып жатқан барлық жаңалықтарды назардан тыс қалдырмаймын. Себебі жаңашыл, білімді, шығармашыл, өзін –өзі жетілдіріп отыратын педагог қана өз оқушыларың шығармашылық жағынан шыңдала түсулеріне үлгі бола алады.
Музыка мұғалімі ол жазушы, ол әртіс, ол адамдарды шабыттандырушы. Сондықтанда мен ұлттық өнерді дәріптеуші ретінде қобызбен домбыра аспаптарында ойнаймын, ән саламын, қалалық, облыстық үлкен сахналарда болатын іс-шараларға оқушылармен бірге белсенді түрде қатысамыз. Осы байқаулардағы жетістіктеріміз де өз нәтижесін беріп келеді. Біздің осы шығармашылық іс-әрекетіміздегі жетістіктерімізге біз қуанамыз, оқушыларымның ата-аналары бізбен мақтанады, ризашылықтарын білдіреді.
Педагог музыкант ретінде мен күмбірлеген домбыра мен қоңыр үнді қобыз үнімен астасып жатқан, бабадан келген музыка дәнін бала жүрегіне сеуіп, оның музыкаға деген сезімін, қызығушылығын, шығармашылықпен оята білетін ұстаз болғаныма қуанамын.
Бұл менің музыкант педагогтық қызметімнің бекерге кетпегенінің айғағы және мені алға қарай жетелеуші күш.