Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI255

«СКАФФОЛДИНГ СТРАТЕГИЯСЫН ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫСЫН ДАМЫТУ» БОЙЫНША ТӘЖІРИБЕМЕН БӨЛІСУ

Бұл мақала оқу орыс тілінде жүргізілетін 7 сыныпта оқушылардың жазылым дағдыларын, яғни академиялық жазылым дағдыларын дамыту мақсатында өткізілген сабақты зерттеудің (Lesson Study) нəтижесімен бөлісуге арналды. Академиялық жазылым - нақты, қысқа, бағытталған, құрылымдалған жəне фактілермен расталған тіл формасы. Ол формальды реңк пен стильге ие, бірақ бұл күрделі емес жəне ұзақ сөйлемдер мен күрделі лексиканы қолдануды қажет етпейді [1]. Сонымен қатар, академиялық жазылым концепциясының өзара байланысты екі тұсы барын атап өткен жөн: біріншіден, оқушылардың өз ойларын қалыптастыру жəне оларды логика арқылы негіздеу мүмкіндігі болса, екіншіден жазбаша жұмысты құрылымдау мүмкіндігі болып табылады [2]. Осы сабақты зерттеуді жүргізудің бірден-бір мақсаты - оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, академиялық жазылымның негізін дұрыс қалауға септігін тигізу болып табылды. 

Əр пəннің белгілі бір жазбаша шартты белгілері, лексикасы бар, академиялық жазылымның барлық пəндерге қатысты жалпы сипаттамалары болады [1]. Сол себепті сабақты зерттеуді жүзеге асыру үшін қазақ тілі, орыс тілі, Қазақстан тарихы жəне география пəн мұғалімдері бірлесіп, осы сыныпта жиі кездесетін тілдік мəселелерді талқылады, орыс тілді сыныпта ана тіліне қатысты тілдік кедергі жоқ, алайда құрылымды сұрақтармен жұмыс жасау барысында қиындықтарға тап болатындағы анықталса, басқа пəндерде осы қиындықтармен қатар, тілдік кедергілердің болуын атап кеткен жөн. Білім деңгейі бойынша өзара айырмашылықтары бар үш оқушы бақылауға алу [3] үшін біраз талқылаулар орын алды, себебі төрт орыс тілі мен қазақ тілі пəндері бойынша жоғары көрсеткіштерге ие оқушы, география мен Қазақстан тарихы пəндері бойынша орташа деңгейде болды. Əр пəннің спецификасын ескеретін болсақ, мұндай жағдайдың орын алуы жаңалық емес. 

Сабақты зерттеу бойынша көптеген технологиялар сараланып, арасынан CLIL технологиясы таңдалды. Таңдауды біріншіден, бұл технологияның тілдік дағдыларды дамытумен байланысты болуымен, екіншіден, Еуропалық білім беру жүйелерінде CLIL-технологиясын енгізудің оң əсері көптеген зерттеулермен расталуымен [4] түсіндіруге болады. Жалпы, CLIL терминін (Content and Language Integrated Learning) Д. Марш енгізген, оған келесідей анықтама берілген: «Пəндік-тілдік кіріктірілген оқыту кез-келген екі пəндік білім мəнмəтініне бағытталған, онда оқыту тілі ретінде қолданылатын қосымша тіл, яғни негізгі емес тілде оқытудың курсы жүргізіледі» [4].

 Таңдалған технологияда ұсынылатын əдіс-тəсілдердің ішінде негізгі назар «Скаффолдинг» стратегиясына аударылды. Скаффолдинг ағылшын тілінен аударғанда «құрылыстық көпіршелер» деген мағынаны береді. Бұл метафораны Дж. Брунер мен оның əріптестері баланың жақын арадағы даму аймағындағы (ЖАДА) оқу үрдісін сипаттау үшін ұсынған [5], яғни «Скаффолдинг» оқушының жеке қабілеттерінен тыс жерлерде орналасқан мақсаттарына жетуге мүмкіндік беретін үрдіс болғандықтан таңдалынды. Жалпы, осы стратегия түрлері де кеңінен таралған, соның ішінде сөздікпен жұмыс та бар, онымен жұмыс оқу жылының басынан басталып кетті. Себебі, алдыңғы тəжірибелеріміздің бірінде оның оқушылардың сөздік қорын байытуда, түсінік аппаратын дамытуда тиімді екендігіне көзіміз жеткен. 

Бірақ та бұл жұмыс оқушылардың академиялық жазылым дағдысын дамытуда жеткіліксіз. Сол себепті сабақты зерттеуді жүргізу барысында Скаффолдингтің келесі бір түрі, үлгілермен (конструкциялармен) жұмыс жүргізілетіндігі шешілді. Себебі академиялық жазылым дағдысын дамыту үшін оқушы жазбаша мəтінді дұрыс құрастыра алуы шарт. Əдетте, жазбаша жұмыстар белгілі бір логикалық сызбаға сүйенетіндіктен, таңдалған стратегия өз нəтижесін беру керек деп болжанды.

 Сабақты зерттеу барысында үш циклдің əрқайсысына уақыты белгіленді. Ал əр циклде Пит Дадли нұсқаулығында ұсынылғандай əрекеттер (бірлесе жоспарлау, бақыланатын оқушыларды өзара бөліп алу, сабақтан кейінгі нəтижелерді талқылау, т. с. с.) толықтай жүзеге асырылды. Алғашқы сабақ орыс тілі пəнінен өткізілді. Бұл сабақ ана тілінде өткендіктен, ұсынылған үлгілермен жұмыс жасау барысында байқауға алынған оқушыларда тапсырмаларды орындауда аса көп қиындық туғызбағандығы байқалды, яғни шамамен күтілетін нəтижемен сəйкес келді. Келесі ретте «Салт-дəстүрлер түрлері» тақырыбы бойынша қазақ тілі пəнінен сабақ өткізілді. 

Сабақ барысында бақылауға алынған А, В оқушылары ауызша тапсырмаларға белсенді жауап беріп, С оқушысының біраз  қиналғандығы байқалды. Алайда, үлгілермен жұмыстың нəтижелерін талдағанда С деңгейдегі оқушы тапсырманы күтілетін нəтижеден сəл жоғары орындағаны анықталды. Мұны, біріншіден, осы оқушының айтылым дағдысының əлі жұмыс жасау қажеттілігі бар екендігімен, екіншіден, алдыңғы сабақтан алған білімін қолдана алумен түсіндіруге болатын шығар. Жалпы, сабақты зерттеу бойынша сабақтардың ретін жоспарлағанда тілдік пəндерді алғашқы ретке қоюымыздың мақсаты - осы екі пəн арқылы академиялық жазылымның жалпы логикалық құрылымымен танысуы болып табылды. Келесі сабақ, яғни үшінші сабақ география пəнінен «Дүниежүзі халқының этникалық құрамы мен құрылымы» тақырыбы бойынша өткізілді. Жоспарлағандай, Скаффолдинг стратегиясын үшінші тапсырманы орындауда көрініс тапты. Тапсырма жеке орындалатын болғандықтан, барлығына бірдей тапсырма берілді жəне осы тапсырманы орындау деңгейі арқылы дифференциация жүзеге асырылды. 

Оқушылар дүниежүзіндегі аса ірі этностар ұсынылған диаграммаға талдау жасау үшін оларға тірексөздер мен үлгілер ұсынылды. Тапсырманы орындау бойынша күтілетін нəтижелер мен алған нəтижелер арасында шамалы өзгеріс орын алды, яғни тек В оқушысының жұмысы толықтай күтілетін нəтижемен сəйкес келсе, А мен С оқушыларының нəтижелері күтілетін нəтижеден мүлде өзгеше болды. Сабақтан кейінгі талқылау нəтижесінде мұндағы А мен С оқушы нəтижелеріндегі өзгерістердің себебі анықталды. А оқушысының қиналуы мен С оқушысының жақсы орындауы тапсырмада берілген диаграмманы талдаумен байланысты, яғни А оқушысы диаграммаға толық талдау жасай алмағандықтан, тапсырманы толық орындай алмады, керісінше С оқушысының диаграмманы талдауы мен тірек-сөздерді қолдана алуы, оның нəтижесін жоғарылатты. Демек, А оқушысы үшін Скаффолдингтің əсері шамалы болса, ал С оқушысы үшін жаңа мүмкіндіктер ашқандығын байқауға болады.

 Топтамадағы соңғы сабақ Қазақстан тарихы пəнінен «XIII – XV ғғ. өнер мен əдебиет ортағасырлық қоғамды қалай бейнелейді?» тақырыбы бойынша жоспарланып, өткізілді. Мұндағы Скаффолдинг соңғы тапсырмада, яғни үлгілерді қолдана отырып, берілген тақырыпшалар бойынша шағын мəтін құрастыруда орын алды. Бақылау барысында В, С оқушылары тапсырманы орындауда көп уақыт жұмсамағаны байқалды.

 Сұхбат алу барысында А деңгейінің оқушысы үшін қиын болғаны өз ойы мен пікірін білдіру болып табылды. Мұндағы үлгілерді қолданумен қатар тапсырманың күрделілігін ескеретін болсақ, оқушының өз ойыңдағы айтайын деген ойын білдіре алмауы қиындық туғызғанымен, Скаффолдинг оқушының жоғары нəтижеге жетуіне септігін тигізді. В, С оқушылары осы секілді тапсырмалардың өздеріне тиімді екендігін, яғни алған мəліметті есте сақтауға көмектесетіндігі мен уақытты үнемдеуге септігін тигізетінін атап өтті. Жалпы, бұл сыныптың əр пəннен БЖБ жұмыстарында академиялық жазылымды талап ететін тапсырмалардың орындалуында сəл оң өзгерістер орын алғаны анықталды. Мысалы, орыс тілі мен қазақ тілі пəндерінен барлық оқушыларда алға ілгерілеу сөйлемдердің логикалық құрылымын дұрыс сақтауда көрініс тапса, Қазақстан тарихы мен география пəндері бойынша оқушылардың сөйлемдердің мағынасына, яғни сұрақты ашып, толық жазуына назар аударатындығы байқалды.

 Сабақты зерттеуді қорытындылай келе, пəнді екінші тілде оқытудағы Скаффолдинг стратегиясы (соның ішінде үлгілермен жұмыс) оқушылардың академиялық жазылым дағдысын дамытуда таптырмас құралдардың бірі деген қорытынды шығаруға болады. 

Əдебиет: 

1. https://library.leeds.ac.uk/info/14011/writing/106/academic_writing 

2. http://www.lib.tsu.ru/sites/default/files/-.-.pdf

 3. ПитДадли,LessonStudy-нұсқаулық,(www.lessonstudy.co.uk)

 4. https://nao.kz/loader/load/378

 5. Стратегия скаффолдинга, тренер Гульмира Енсегенова, Петропавл, https: //prezi. com/0_hnygftykn_/presentation/

1 436 0
САУЛЕ БИТАЕВА1 , НАЗИРА СҰЛТАНОВА2 , ЖАНСАЯ ЖЕТПИСБАЕВА3, Талдықорған қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 1 қазақ тілі пəні мұғалімі, 2 қазақстан тарихы пəні мұғалімі, 3 география пəні мұғалімі Ұлы дала ұстазы № 000216
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: