Оқылым тілдік төрт дағдының бірі жəне ол сөйлеу əрекетінің рецептивті түрі болып табылады. Ф. Оразбаева «Тiлдiк қатынас» еңбегінде: Оқылым – графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананың нəтижесінде қабылдай отырып, сауатты, дұрыс, мəнерлеп, ұғынықты оқу жəне одан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу» [1] деген анықтама береді.
Оқылым, біріншіден, ой мен мидың бірлескен жұмысына байланысты болады, екіншіден, жазылған графикалық таңбалардың тізбегін дұрыс танып білуге қатысты. Үшіншіден, мұнда осы таңбалардың ішкі мəн-мағынасын дұрыс түсінудің маңызы зор. Осы оқылым ерекшеліктері жүзеге асқан жағдайда ғана оқылым мəтіндерінен керек ақпараттар іріктеліп алынып, оқушы оларды əрі қарай өз тəжірибесінде қолдана алады. Оқылым əрекеті арқылы мəтінде берілген əрбір тілдік-қатысымдық құралдардың мағынасын танып білу, қалпын тану жəне оны тілдік қарым-қатынаста сауатты пайдалана алу, қажет ақпаратты іріктей алу шеберлігі дамытылады.
Оқылым дағдысының маңызы мынада:
1. Тіл үйренуші оқылым арқылы бүкіл тілдік қатынасқа қажетті ақпараттан хабардар болады жəне оны тілдік қарым-қатынаста керегіне жаратады.
2. Оқылымның нəтижесінде əдеби, мəдени, əлеуметтік салалардағы жылдар бойы жиналған адамзаттық тəжірибелер бір кезеңнен екінші кезеңге өтіп, адамдардың қарым-қатынасын жетілдіреді, ішкі ой-санасын байытады. Ойлау қабілеті мықты адамның сөйлеу қабілеті де ерекше болады.
3. Оқылым əрекеті арқылы көңілге түйгенін тіл үйретуші жинақтайды, сұрыптайды, тұжырымдайды. Мұның өзі уақыт өте келе сарапқа түсіп, өмірде, ғылым мен техникада жаңа ізденістердің шығуына жол ашады. Адамның қоғамдағы рөлі артады, коммуникация процесі дамиды. [1]
Оқылым дағдысы негізінде оқушылардың айтылым жəне жазылым дағдыларын да дамытуға болады. Оқылым əрекетін басқа дағды түрлерінен бөліп қарастыруға болмайды.
Оқылым - тыңдалым, оқылым – сəйлесім, оқылым – жазылым əрекеттерінің өзара байланыста болуы мұғалім жұмысына оң нəтиже береді. Оқу шеберлігі - бұл дағдылар кешені. Бұл ең алдымен мəтіннің мағынасын түсіну, сөздерді дұрыс оқу, мəнерлеп оқу, тыныс белгілері мен мазмұнына көңіл бөлу, оқу қарқынын ұмытпау.
Оқу - интеллектуалды даму технологиясы, мəдениетке ие болу тəсілі, қарым-қатынас пен өмірлік мəселелерді шешудің құралы. Оқусыз өмір бойы жалғасатын интеллектуалды даму жəне өзін-өзі дамыту мүмкін емес. Мəтіннің мазмұны əрдайым еркіндіктің əр түрлі деңгейіне ие: əртүрлі адамдар бір мəтінді жеке ерекшеліктері мен өмірлік тəжірибесіне байланысты əр түрлі түсінеді (Л. Выготский).
Оқылым белсенді немесе бейтарап болуы мүмкін. Бейтарап оқылым – оқушылар мəтінге сыни талдау жасауды мақсат етпей, өзінің қызығушылығын қанағаттандыру үшін оқу үдерісі. Бұл оқушыларға мəтін түрлерінің ауқымы кең екенін, лексикасы мен мазмұны бай екенін көрсету үшін пайдалы болуы мүмкін, əрі оның балалардың сыныптағы оқуына жанама ықпалы болады.
Мұғалім оқушыларды өз қызығушылығын қанағаттандыру үшін бейтарап оқылымды қолдануға түрткі бола білгені дұрыс, алайда сыныпта басты назарда белсенді оқылым тұруы қажет. Белсенді оқылым – тілді оқытудың негізгі элементтерінің бірі (Simpson, 1996), бұндай оқылым барысында оқушы өзінің сыни талдау дағдыларын дамыту мен жетілдіру үшін мəтінмен жұмыс істеудің əртүрлі кезеңдерінде бірқатар əдіс-тəсілдерді қолданады. Белсенді оқылымды олар мəтінді игеру, оқығанын терең түсіну үшін жəне сыни талдау дағдыларын жетілдіру үшін пайдалана алады. Венден (1985) оқылым стратегиялары оқушының өз оқуына жауапкершілік ала отырып, өзінің оқудағы проблемаларын шешуге мүмкіндік береді деп қорытады [2].
Соңғы жылдары тілді үйренуге байланысты жиі айтылып жүрген оқылымның түрлері мыналар: танымдық оқылым, зерделік оқылым, ізденімдік жəне көрсетімдік оқылым. Оқылымның бұл түрлері қолданылу мақсаты мен тапсырмалық көрсеткішке қарай бөлінеді. Оқылым дағдыларын дамытуға арналған тапсырма үлгілері келесі іс-əрекеттерге негізделеді: оқулық, газет-журнал, ғаламтор, түрлі жарнама, диаграмма, шартты белгілер арқылы берілген жəне медиақұралдардан алынған мəтіндерден таныс жəне таныс емес ақпаратты оқиды жəне түсінеді; мəтіндегі, көркем шығармадағы берілген сөздердің мағынасын ашып, көркемдегіш құралдарды ажыратады. оқу барысында тілдік құрылым мен грамматиканың байланысын түсінеді.
Оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеуге жəне сын тұрғысынан ойлауға дағдыландыру - қазақ тілін оқытудың негізгі ұстанымдарының бірі. Оқушылар түрлі дереккөз материалдарымен таныса отырып, танымдық дағдыларын арттырады, сыни көзқарастарын білдіреді, түсініктерін дамытады. Алған білімдеріне талдау жасау жəне бағалау дағдыларын қалыптастыра отырып, кез келген жағдайдан шыға білу дағдыларына ие болады. Оқылым дағдысын қалыптастыру жұмыстары мəтіндер арқылы жүзеге асатындықтан, оқылым мəтіндері белгілі бір талаптарға сай сұрыпталады.
Оқылым мəтіндерін іріктеуге берілетін ұсыныстар:
Ø Оқу материалдарында берілген мəтіндерді енгізбеу;
Ø Шынайы өмірмен жəне жаһандану мəселелерімен байланысты мəтіндерді алу;
Ø Халқымыздың құндылықтарын дəріптейтін мəтіндерді таңдау;
Ø Тапсырма құрастыру элементтері жеткілікті мəтіндерді алу;
Ø Мəтінді тілдік ерекшеліктеріне қарай талдауда сөз оралымдарының кең көлемде болуын ескеру;
Ø Оқушыға кері əсер ететін мəтіндерді алмау;
Ø Оқушының жас ерекшелігіне сай мəтіндерді алу;
Ø Мəтін құрылымында логикалық бірізділікті сақтау;
Ø Түпнұсқа мəтіндерін алу, аударма мəтіндерін бермеу;
Ø Мəтін ақпараттарын оқушының тəжірибесінде қолдана алуын ескеру;
Ø Мəтіннің біртұтас құрылымнан тұруын ескеру;
Жалпы оқылымға байланысты қалыптар, дағдылар осымен шектеліп қалмайды, оқылымның ерекшеліктері тіл үйренудің барысында толыға береді. Сонымен бірге мəтінді толық түсініп оқу, Танымдық оқылым - оқушының кез келген қызықты, танымдық мəндегі кітап, мақала, пікір, газет-журнал т.б. материалды оқып-түсінуі. Бұл оқылым белгілі бір ақпаратты зерттеуден гөрі жалпы хабардар болу үшін жүргізіледі. Оқушы мəтін ішінен қажетіне қарай ең маңыздысын түсініп пайдаланады.
Ізденімдік оқылым - мəтіннің ішінен өзіне керекті фактіні, көрсеткішті, деректі, т.б. іздеп тауып, пайдалана білу. Мұндай оқу жылдамдықты жəне мəтіннен өз қажетін таңдап алуға мүмкін болатын тапқырлықты қажет етеді. Бұл оқылым оқушының көру қабілетін ұштайды, қажет материалға бірден назар аудара білуге үйретеді.
Зерделік оқылым - оқушының берілген материалды не мəтінді басынан аяғына дейін толық түсініп оқуы. Мəтінге талдау жасай отырып, əрбір тілдік бірлікті талдайды. Бүкіл материалды жанжақты зерттейді. Мəтіннің кейбір тұстары қайта оқылып, сөйлемдерге айрықша назар аударылады немесе олар арнайы белгілермен ажыратылады. Көрсетімдік оқылым - мəтінді жүйелеп қарап шығып, оның не туралы екенін қысқаша анықтап беру, тақырыбын айқындау, ең басты ерекшелігін танып көрсету. Мəтін абзацтарына жеке-жеке қарап, оларға қатысты негізгі ойды, проблеманы көрсетеді. Оқушы мəтіндегі қандай ақпаратқа ерекше назар аудару керектігін, қай дерек маңызды рөл атқаратынын тануға мүмкіндік береді.
Оқылым түрлері жартылай түсініп оқу, интенсивті жəне экстенсивті оқу, сөздікпен оқу, синтетикалық оқу, дайындықты жəне дайындықсыз оқу сияқты түрлері кездеседі. Бұл оқылым дағдысының күрделі сөйлесім əрекеті екендігін дəлелдей түседі.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Оразбаева Ф. Тiлдiк қатынас. Оқулық. Алматы: «Сөздік-Словарь». – Алматы, 2005. -272 бет.;
2. Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілінде оқытатын мектептердің қазақ тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Мұғалімге арналған бағдарлама © «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2015
3. Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген (2016 жылғы «13» мамырдағы №292 қаулысына 7-қосымша)