Іс-әрекетті зерттеу тақырыбы: Қазақ тілі сабақтарында сюжеттік суреттерді қолдану арқылы 5С сынып оқушыларының әңгіме жазу дағдыларын қаншалықты дамытуға болады?
Жоғарыда аталған іс-әрекетті зерттеу тақырыбының мәселе болып шығуы биылғы 2018-2019 оқу жылында 5-сынып оқушылары сыртқы жиынтық жұмысын жазады. Емтихан жұмысында оқушылар оқылым А және Ә екі бөлімнен және жазылым Б бөлімі бойынша тапсырмалар орындайды. Жазылым бөлімінде біріншіден, оқушылар 70 сөздік әңгіме құрастырады. Екіншіден, сюжеттік суреттер арқылы ойын жалғастырып жазады. Үшіншіден, оқушылар, әсіресе, оқыту орыс сыныптарында оқитын балалар үшін ойын жүйелі, сауатты жазу, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін, сөйлемдегі сөздердің байланысуын сақтау және де жай сөйлеммен қатар құрмалас сөйлемдер құрастыру, сөйлемдерде тыныс белгілерді орынды қолдану қиындық тудырады, сондықтан осы зерттеу тақырыбы өзекті деп ойлаймын.
Зерттеудің мақсаты:
Қазақ тілі сабақтарында 5С сынып оқушылары сюжеттік суреттерді қолдану арқылы әңгіме жазу дағдыларын дамытады.
Зерттеудің міндеттері:
▪ Әңгіме жазу барысында оқушылардың ойлау мен шығармашылық белсенділігін дамыту.
▪ Оқушылардың сыни тұрғысынан ойлауын дамытуға мүмкіндік жасайтындай етіп жұмысты ұйымдастыру.
▪ Өз сыныбындағы зерттеудің деректерін жинау және өз практикамды жақсарту мақсатында нәтижелерді өңдеу.
▪ Әңгімелеу мәтінінің тілдік-құрылымдық ерекшелігін анықтау Күтілетін нәтиже: қазақ тілі сабақтарында оқушылардың сюжеттік суреттерді қолдану арқылы әңгіме жазу дағдысын арттыру.
Зерттеу әдістері:
▪ Теориялық әдебиетті (әңгіме жанры, сюжеттік сүреттер) зерттеу.
▪ Оқушыларға сауалнама жүргізу.
▪ Сабақтарда әртүрлі тақырыптарға байланысты сюжеттік суреттерді қолдану.
Зерттеу нәтижелері және оларды талдау. Іс-әрекетті зерттеуді бастамас бұрын мен өзімнің тақырыбыма қатысты әдебиеттерді жинақтап, оқып таныстым. Ғалымдардың, ұстаздардың пікірінше, сюжеттік суреттердің рөлі өте тиімді және маңызды, өйткені суреттер баланың біріншіден, сөздік қорын толықтырады, есте сақтау қабілетін дамытады; екіншіден, жай ғана ойын емес, сонымен қатар сыни тұрғысынан ойлауын арттырады; үшіншіден, ауызша, жазбаша тілін дамытады; төртіншіден, логикалық ой өрісін әңгіме жанрында құрастыруды үйренеді. Бұл тақырып ең өзекті тақырыптардың бірі деп есептеймін, өйткені сюжеттік суреттер көп мәселені шешуге көмектеседі.
Ашып айтсақ, оқушының зерттеушілігін, шығармашылығын және де талдау, жинақтау, бағалау сияқты дағдыларын арттырады. Зерттеудің бастапқы кезеңінде шәкірттердің ойын, қызығушылығын білу үшін оқушылардан сауалнама алынды. Сауалнама сұрақтары оқушының қаншалықты әңгіме жазуы ұнайтыны/ұнамайтыны, қандай тақырыпта жазған ұнайды/ұнамайды, әңгіме тақырыбын өзі таңдағаны ұнайды/ұнамайды, мұғалімнің ұсынған тақырыбы ұнайды/ұнамайды деген сұрақтар қамтылды. Бұл сауалнамада «оқушының даусын» ескеру мен үшін маңызды болды. Сауалнаманың қорытындысы мынадай болды:
№ Сұрақтар: Оқушы саны: Тақырыптар: 1 Әңгіме жазу ұнайды/ұнамайды 10 оқушыға ұнайды 2 Қандай тақырыпта әңгіме жазу ұнайды/ұнамайды 10 оқушыға ұнайды 3 - жануарлар; 3-табиғат; 2- ғылым; 1-жыл мезгілдері; 1-әр түрлі; 2-фантастикалық; 1-гүл; 1 –ауа райы; 1-қала 3 Әңгіменің тақырыбын өзің таңдаған ұнайды/ұнамайды 9 оқушыға ұнайды; 1 оқушыға ұнамайды 4 Мұғалімнің ұсынған тақырыбы ұнайды/ұнамайды 7 оқушыға ұнайды; 2 оқушыға ұнамайды; 1 оқушыға ұнайды да/ ұнамайды да 5 Берілген немесе өзің таңдаған тақырыпқа әңгіме жазу оңай ма әлде қиын ба? 2 оқушыға қиын; 8 оқушы жеңіл; Ең бастысы оқушылар әңгіме жанры деген не? екені туралы түсінік алды.
Әңгіме, әдебиетте — оқиғаны қарасөзбен баяндайтын шағын көркем шығарма жанры. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, көркемдік жүйесі арқылы айқындалады. Әңгіменің көлемі шағын, кейіпкерлер саны аз, сюжет ұйытқысын құрайтын оқиғаның басталуы, шарықтау шегі мен шешімі болады. Онда адам, оның өмірі мен тағдыры, аса маңызды деген оқиға жинақы беріледі. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, тәптіштеп баяндауға, ұзақ суреттеуге орын жоқ.
Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жайды аңғарта білетін айрықша көркемдік шеберлікті талап етеді. Оқиға көбіне бірінші жақтан баяндалып, әңгімешінің оқиғаға тікелей қатыстылығын көрсетеді. Ахмет Байтұрсынов «Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас» дейді. Сөз өнерінің айшықты болуы сөздің дұрыстығына, тілдің анықтығына, дәлдігіне, көркемділігіне, тіл тазалығына байланысты екенін дәлелдеп, алмастыру, кейіптеу, бейнелеу (ұқсату), әсірелеу тәсілдерінің мәнін ашады. Оқушыларға бастапқы кезеңде сюжеттік суреттер арқылы 60 сөздік әңгіме құрастыру берілсе, кейіннен суреттердің түрлері өзгерді, яғни бір суреттің ішінде түрлі әрекеттер берілген немесе бір кейіпкердің әрекеті бойынша 70 сөздік әңгіме құрастырып жазу болды. Бұл оқушылардың оқиғаның басын ойластыру, әңгімені неден бастауға болады және де берілген суретті қатыстырып, ортасын жазу сонымен қатар әңгіменің аяқталуын құрастырып жазды.
Кей тапсырмаларда оқушыларға көмек беру ретінде тірек сөздер берілді. Бұл жерде оқушыларға берілген тірек сөздер оқушының ойын жинақтауға, осы сөздердің төңірегінде оқиғаны өрбіте алуына септігін тигізді. Сюжеттік суреттердің тақырыптары әр түрлі болып отырды. Бұл оқушыға әр әңгімені құрастырған сайын жазба тілін дамытуға жақсы мүмкіндік, себебі оқушы әр тақырыпқа әңгіме құрастырған сайын түрлі оқиғаларды, түрлі сюжетті ойластырады. Сонымен қатар бұл жерде әр тақырыпқа қатысты оқушының сөздік қоры да дамиды, жаңа сөздер мен сөз тіркестерін қолданады. Жай және құрмалас сөйлем түрлерін жазады. Кейіпкердің, оқиғаның, ауа райының, киім-кешектің, табиғаттың, сезімінің, т. б. болмысын сипаттайды. Сол берілген сюжетті суреттен неғұрлым негізгі ақпаратты анықтап, жинақы әңгіме құрастырады.
Қорытындылай келе, іс-әрекетті зерттеу барысында бірқатар міндеттер шешілуде:
• иллюстрациямен әңгіме құрастыруға қызығушылық артады;
• балалар оның мазмұнын дұрыс түсінуге үйренеді;
• бейнені жүйелі түрде сипаттай білу қалыптасады;
• сөздік қоры белсендіріледі және кеңейтіледі;
• балалар жалпы сөйлемдер мен әңгімелерді грамматикалық дұрыс құрастыруды үйренеді.
Шығармашылық жұмыс жасау жеке тұлғаны қалыптастыруда зор үлес атқарады. Себебі, оқушы қарапайым нәрседен ой тұтатып, қиял әлеміне шомылып, кез-келген нәрсені еркін айтып, ойын жаза да, айта да біледі.
Шығармашылық жұмыс өткізудегі күтілетін нәтиже:
• Тіл байлығы, сөздік қоры молайып, сөйлеу мәдениеті қалыптасады;
• Жеке тұлға өз жұмысының нәтижесін көре алады;
• Танымдық ізденістерін тиімді ұйымдастыруға жол ашады;
• Ой-өрісі дамиды;
• Шығармашылық жұмыспен шұғылдануға машықтанады.
Қорыта келгенде, шығармашылық тұлға басқалардан өз ісіне деген сенімділігін, әдемілікті сезіне білуімен, өзгеше шабытымен ерекшеленеді. Шығармашылық қабілеттерін дамыту ісін неғұрлым ерте қолға алып, әр оқушының қол жеткен нәтижелері мен даму дәрежесіне үнемі қарайлап отырсақ, шығармашылыққа өз үлестерін қосары сөзсіз. Оқушылардың шығармашылығын, ізденушілігін дамытып, әрқайсысына жеке тұлға ретінде қарап, олардың өздеріне деген сенімін, білімге деген ынтасы артады.