Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI201

ІС-ƏРЕКЕТТЕГІ ЗЕРТТЕУ: ТӘЖІРИБЕДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР, ПАЙЫМДАУЛАР

«Іс-әрекеттегі зерттеу» жүргізу әр педагог үшін кәсіби дамудың жолы. «Мәтінді зерттеу арқылы оқушының шығармашылық дағдыларын дамыту» тақырыбында жүргізілген іс-әрекеттегі зерттеуім бойынша түйген ой, тәжірибедегі өзгерістер туралы ой бөліссем деймін. 

Іс-әрекеттегі зерттеу жұмысында төмендегідей әдіс-тәсілдер пайдаланылды: сұрыптау, саралау, байқау, талдау, салыстыру, диаграмма құру, сұрақ-жауап, сауалнама жүргізу, алынған деректерді өңдеу, топтық, жұптық жеке жұмыста оқушыны бақылау әдісі. Тақырып бойынша жұмыс барысы бақыланды. Бақылауды нәтижелі ету үшін А, Ә, Б оқушы таңдалған. Зерттеуімді сыныпта қолайлы орта қалыптастырудан бастадым. Өйткені оқушы шығармашылықпен, ашылып жұмыс істеуі үшін әрине, ең бірінші қолайлы орта керек. Ал менің таңдаған сыныбым мектепке жаңадан келгендіктен, бір-бірін әлі жете танымайды, жаңа форматта оқуға қалыптаспаған. Яғни, бұл жиналған оқушылар дәстүрлі оқыту тәсілдерімен білім алуға дағдыланған. Сондықтан ең бірінші кезекте балалар өз беттерінше еркін жұмыс жасай алатындай орта, өзара сенімділік қалыптастыруым керек. Оқушыларды ашуға, өздеріне деген сенімділіктерін оятуға ұмтылдым. Белсенді оқушыда шығармашылықпен жұмысқа жол ашылады деп санадым.

 Сабақ барысында сұрақ-жауап әдісі маңызды. Өйткені сабақтың барлық кезеңдерінде кездеседі. Көздеген мақсатыма жетуде сұрақты дұрыс қою арқылы проблемалық жағдаят тудыруға болады және білім алушының жоғары деңгейде ойлау дағдысы оянады деп болжадым. Өйткені сұрақ-жауап арқылы оқушылар терең ойлануға, ойын дұрыс, негіздеп жеткізуге, негіздеу үшін дәлелдер іздеп, ресурстарға зерттеу жүргізуге дағдыланады. Оқушы ең алдымен дұрыс сұрақ құра алуы керек, жоғары деңгейлі сұрақ құру ойлау қабілетінің жоғары деңгейін талап етеді, сөйтіп оқушының терең ойлануына әкеледі деп тұжырымдадым. Ә оқушы үшін күрделі сұрақ құру жыл басында қиындық тудырған болса да қазіргі күнде жапжақсы игергенін байқалды. Оқушы материалды терең игеріп, жоғары деңгейдегі сұрақтарды да жақсы құрастырады. Сөйтіп сұрақ-жауап арқылы оқушыларда алғашқы ізденушілік, зерттеушілік дағдылары пайда бола бастады деп ойлаймын, өйткені жоғары деңгейлі сұрақтарға жауап беру оқушылардан, өз білімдеріне сүйене отырып ойлануды, бар нәрсеге талдау жасап, іздене отырып жауап беруді талап етеді. 

Мұндай сұрақ құра алған оқушы оның жауабын да айта алады? Бұл дегеніңіз оқушының туындаған проблемалық жағдаяттың шешімін табуы. Ұйымдастырылған топтық жұмыс барысында проблема туындатып, мәселені шешу үшін талқылау жүргізуге бағыттадым. Сөйтіп оқушыларды топта жұмыс жасап, проблеманы шешудің мүмкін жолдарын талқылау арқылы анықтауға бағыттадым. Мысалы, «Шет тілдерді үйрену» тақырыбында шет тілдерді үйрену ережелерін құруға тапсырма берілді. Топтар белсенді жұмыс жасап өз ережелерін шығарды, бір-бірінің өнімдерін салыстырып, толықтырды. Сонан кейін ғаламтор желісінде берілген ережелермен танысып, салыстырды. Бұл тапсырма оқушылардың өздеріндегі бар білімдерін білмейтінімен ұштастыра отырып проблемалық жағдаяттан шығуға әкелді. Ойлау қабілетін дамытып, салыстыра білу, бағалау дағдыларын дамытты.  Оқушылар топтық жұмыста өзіндік реттеліп, бір-бірін түзетіп, толықтырып отырады. Бұл туындаған проблеманы шешуге оң ықпал етті. Өнімдерін қандай түрде ұсынуды шешті. 

Бастапқы кезде А оқушы көшбасшылық позициядан көп көрінді. Ә оқушы да белсенділік танытты. Б оқушы көбіне үндемей отырды. Бірақ мұқият тыңдады. Ал кері байланыс бергенде: - «Басқалардан үйрендім», - деді. Б оқушы топтық жұмыс арқылы сыныптастарынан проблеманы қалай тану керек, қалай шешу жолын таңдауды үйренді. Мысалы, Болжам жасау барысында Ә оқушы Б оқушыға: - Сенің болжамыңда тақырыптан ауытқу бар, критерийге сай бастапқыда берілген мазмұнға сүйену керекпіз. Мәтін үзіндісінде кейіпкер мақсаткер болғанын көруге болады, сондықтан оның жақсы жетістікке жеткені туралы айтқанымыз дұрыс, - деп түсіндіріп жатты. Екеуі мәтіндегі әр ақпаратқа үңіліп, өздеріне қажетті ақпаратты іздеді. Топтық жұмыста оқушылар диалогқа түсе отырып өз көзқарастарын негіздеп сөйлеп үйренеді деген болжамым практикада дәлелденді. .

 Негіздеп ойын жеткізе білу зерттеушілік дағдыны дамытуға апарар жол. Өйткені ойын дәлелдеу үшін оқушы ақпаратқа талдау жасап, өзіне тиімдісін, қажетін таңдай алуы қажет. Сонымен қатар тұйық оқушылар ашылады, характер тәрбиелейді десем де болады. Мысалы, Б оқушы топтық жұмысты қорғау барысында өз рөліне сай аудитория алдында сөйлеуі керек болды. Бірінші рет қиын болды. Ойын жинақтай алмады. Өз пікірін дәлелдей алмады. Түсіндіре алмады. Бара-бара топтың бір мүшесі ретінде жауапкершілікті сезініп, талпынысы күшейді. Ел алдына шығып ойын жеткізу арқылы айтылым дағдысын дамытты. Уақыт өте келе Б оқушының оң өзгерісін сынып оқушылары да айтты. Ол белсенділігін арттыра отырып, өзін тәрбиелеуге тырысты. 

Сөйтіп мен топтық жұмыс сынып үшін проблемалық жағдаятты шешу нәтижелірек екеніне көз жеткіздім. Көздегенімдей түрлі формада жұмыс түрлерін ұйымдастыру арқылы оқушылардың проблеманы шешу, жағдаяттан шығу үшін қажетті дағдылары қалыптаса бастады, белсенділігін арттыруға ықпал етті деп ойлаймын. Бірақ шығармашылық, ізденушілік бағыттағы топтық жұмысты ұйымдастыру оңай шаруа емес, жоспарлауға көп уақыт кетеді, өйткені сыныптағы оқушылар деңгейін есепке ала отырып тапсырмалар жасау қажет. Оның үстіне әр оқушыны назардан тыс қалдырмау да қиындықтың бірі. 

Сауалнама бойынша оқушыларға ең ұнайтын жұмыс формасы болғанына қарамастан топта оқушылар кейде өзара келісімге келе алмай жатады. Мұндай қиындықтың алдын алу үшін мен алдын ала психологиялық тренингтер өткізуді қолға алдым. Сонымен қатар топ ережесіне еске салып отырамын. Өйткені шығармашылықпен жұмыста мұндай кедергілер теріс ықпал етпек. Екінші қиындық мұндай тапсырмаларды орындау уақытты көп алады. Оқушылар жоспарланған уақытта шыға алмай қалып жатады. Мұның бірінші себебі шығармашылық талап етілгендіктен оқушыларға көбірек уақыт керек. Оқушылардың зерттеушілікке, ізденушілікке, шығармашылыққа қажетті мықты қалыптасқан дағдысы да болу керек. Ал оған, менің ойымша, уақыт керек.

 Сонымен қатар жоғары деңгейлі ойлауды қажет ететін тапсырма болғандықтан оқушылардың әрқайсысының өз көзқарасын дәлелдеуіне әдеттегіден көбірек уақыт талап етіледі. Оның үстіне мен үшін топқа тиімді бөлу, жоспарлауда оқушы мүмкіндіктерін тап баса анықтау сияқты мәселелер көрінді. Оқушыларды бағалау үрдісіне тарту мақсатыма қол жеткізуде оң ықпал етті. Өйткені оқушылар бағалау барысында тек баға беріп қана қоймайды, өз ойын негіздеп үйренеді, басқаны бағалай отырып мәселені терең түсінеді, білімін толықтырады, ойлау қабілеті дамиды. Мысалы, айтылым тапсырмасын бағалауда А оқушы: 10-нан, 6 балл қоямын себебі, мәтінге көзқарас білдіруден гөрі мәтінді мазмұндауға кетіп қалды. Сондықтан негізгі ойды дөп басып таба алмағаны көрінді, - деген баға берді. Сыни ойлауын да дамытады. Өзінің деңгейі мен басқаны салыстырады. Бағалауды оқушылар түрлі формада береді. Бағалау арқылы сын көзбен қарай отырып, өзін де өзгенің де жұмысын бағалаған. 

Сыни ойлау оқушының проблемалық мәселені шешуіне оң ықпал етеді. Өйткені мәселені детальді түрде талдайды, терең ойлауға жетелейді. Келесі тиімді деп танылған, оң ықпал ететін жол - сыни ойлау. Өйткені бұл да оқушының ойлау қабілетін терең дамытады. Сондықтан мен түрлі стратегияларды кіріктірдім. Төменде А оқушының РАФТ стратегиясы бойынша жазылым жұмысы берілген. Жыл басында жазылған жұмыстарымен салыстырғанда 2-тоқсанда оқушының стильді сезінетіні, аудиторияға бағыттауы нақты көрінеді. Мұндай жұмыстарды көбіне сабақ қорытындысына беріп жүрдім. 

Оқушылар алған ақпараттарын тиімді пайдалана отырып жазуы қажет болды. Жалпы сынып оқушылары монолог, хат, мақала, диалог түрлерін жылдам игерсе де, кейбір оқушылар эссе, үндеу хат жазуда қиналды. Мысалы, Б оқушы жыл соңына қарай игерді. Өйткені оған берілген материалға негіздеп, өз ойымен ұштастырып жазу қиындық тудырды. Әр сабақта А, Ә, Б оқушы назарда ұстап жүрдім. Жалпы сынып үшін бақылау кестесі толтырылған. А, Ә, Б оқушысының бақылау кестесі бар. Осы кестелерге талдау барысында төмендегідей қорытындыға келдім.  А, Ә, Б оқушыларының жыл басындағы белсенділігі түрлі болған, жыл соңында біршама теңесті. 

Блум түймедағы бойынша сұрақтар құруда А оқушы алғашқы сабақтарда қиналғанмен, әрі қарай сұрақ түрлерін дұрыс ажырата алады, ұтымды жауап береді. Ә оқушы болса, екінші тоқсанның басынан бастап барлық деңгейде сұрақ құрып үйренді, ажырата алатын болды. Ал Б оқушы проблемаға қатысты жоғары деңгейдегі сұрақтар құруда әлі де кедергілерге ұшырауда. Күрделірек мәселе болса қиналады. Өйткені бұл оқушы үшін жылдам ойланып, тез шешімге келу қиындық тудыруда. Ал мәтін бойынша негізгі, қосымша ақпаратты ажырата алуда жыл басында түрлі нәтиже берсе де, үш оқушы да жыл соңында толық игерді. Бірақ ақпаратты тиімді пайдалана білу, проблеманы шешуде тиімді стратегия таңдауда Б оқушы оңай орындайды деп айта алмаймын. Ойын негіздеп жеткізу, ұтымды жауап беруде де бұл оқушылар жыл басындағыдан ілгерілеу болса да, кейбір кездерде қиналады. 

Зерттеу нәтижесінде сынып белсенділігі артты. Ынтымақтастықта жұмыс жасап үйренді. Танымдылық белсенділігі артты. Оны оқушының бастапқы және қорытынды жұмыстарын салыстыру арқылы көре алдым. Бұл дегеніңіз нәтижелі оқуға, оқушының зерттеушілік дағдыларын дамытуға жақсы дайындық болды. Түрлі деңгейдегі сұрақтар құрып дағдыланды. Әрине, барлығы еркін игерді деп айта алмаймын. Б оқушыға күрделі проблемаларды шешуде жоғары деңгейдегі сұрақ құруға әлі де жаттығуы керек. Ал А оқушым Блум түймедағының барлық күлтесі бойынша сұрақтарды еркін құрса, Ә оқушы шектеулі уақытта құрады. Қорытындылай келгенде неге қол жеткізе алдым?

 Сабақ барысында проблемалық жағдаят туындату оқушылардың ойлау қабілетін дамыта отырып, шығармашылығын, ізденушілігін, талдау, жинақтау дағдыларын, ақпаратты сұрыптап ала білуге, бір шешімге келуге, мәселені шешуде тиімді жол таба алуға және өз өнімін түрлі формада көрсете алуға ықпал етеді. Оқушыны жоғары деңгейде ойлауға жетелейді. Сондықтан мен қолданған тәсілдер арқылы жұмыс жүргізу әсіресе дарынды оқушымен өте нәтижелі болатыны көрінді. Ал төмен деңгейдегі оқушыға кедергілер мен қиындықтар көбірек болмақ және уақыт талап етілетінін білдім. Оны аталған мерзім ішінде бақылауда ұсталған А, Ә, Б оқушылардың нәтижесіне талдау арқылы көз жеткіздім. Нені білдім? А, Ә, Б оқушылар үшін жоғары деңгейде ойлау дағдыларын қалыптастыру үшін түрлі уақыт қажет болатынын. Оқушыға қызықты тақырып таңдау нәтижелі оқуға әкелетінін. 

Кемшіліктер қандай? Нені өзгертер едім? Таңдалған тақырып аясы өте ауқымды. Сондықтан қиындықтар туындады. Мысалы, әдіс-тәсілдерді түпкілікті зерттелмеді, жұмыстардың нәтижелері нақты болмады. Жеке стратегиялар бойынша зерттеу жүргізілу керек еді. Мұндай ауқымды проблеманы қадағалап, зерттеп қорытындылау оңай болмады. Болашақта тақырып аясын тарылтып, өзгерістер енгізуді жоспарлаймын. Тақырыпты нақты бір мерзімге белгілеп, жұмысымды жалғастырамын. Қазіргі межеден бастап жоспарлы түрде даму бағытын қайта қарастырамын.

333 0
РОЗА ХУСАИНОВА, Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ұлы дала ұстазы № 000163
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: