Біздің Тұңғыш Президентіміз әрі Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында да, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да, тіпті «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының форумында да болсын: «Бәсекенің басы-білім» екендігін бәрімізге арқау етеді. Білімнің салтанат құрып шеруі, яғни бүгінгі мемлекеттек қана өзінің интеллектуалды ресурстарымен бәсекеге түсе алатұғын дәлелдейді. Шынында да, дамыған елдердің ұлттық байлығының 75% осы интеллектуалдық капиталды құрайды. Алдыңғы қатарлы елдердің экономикасы ғылым мен бизнестің аспектілеріне негізделген. Осы орайда келешек ұрпаққа сапалы білім беру заман талабына айналуда. Сапалы білім көрсеткіштерінің бірі оқушылардың арасында өтетін олимпиадалар да болып табылады. Сол себептен, оқушылар арасындағы білім олимпиадаларына оқушыларды қалайша даярлап жүргенім туралы өз іс-тәжірибемімді көпшілік ортасына салғым келеді.
Оқушылардың бойында зияткерлік дарындылығын қалыптастыру мен дамыту барысында, ауқымды және жауапкершілігі мол жұмыстың маңызды бір бөлігі болып табылатын оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындау жұмысының екі қырын айта кетсе болады. Біріншісі, ол мұғалімнің барлық оқу процессін дұрыс бағыттауға көмек береді, яғни, мұғалім дарынды балаларды олимпиадаға қатыстыру арқылы, өзінің оқытылатын пәні бойынша оқушылардың әртүрлі ақпараттарды қаншалықты игергені туралы нақты мәліметтер алуға мүмкіндік алады. Екіншісі, олимпиадаға қатысатын оқушы өзіне бейтаныс болған ақпараттармен жұмыс жасап, бойындағы барлық қабілеттерін анықтауға мүмкіндік алады.
Осы жоғарыда айтылған мәселелер мұғалімге және әр жекеше алған оқушыға қатысты дифференциалдық әдіс-тәсілдерді қолдану механизмдерін құруды талап етеді. Осыған орай, әр мұғалім барлық оқу үрдісі кезінде оқушыны өзімен бірдей, тең субъект ретінде көріп, әрі оны жеке дара тұлға ретінде қабылдап, шығармашылық жұмысқа бағыттап, олардың бойларындағы барлық қабілеттерін шығарып, дамытуға қолайлы жағдай жасауы тиіс. Осылайша олимпиадалық қозғалыс, оқушылардың оқуларын ынталандыруға итермелеп, мұғалімге, оқушымен жүргізетін бүкіл оқу процессіне жекеше индивидуалдық әдістерді қолдану механизмдерін құруға бағыттайды. Бұл ереже барлық өткізілетін олимпиадалардың басты мақсат-міндеттерінің нағыз өзегі бола алады. Мысал ретінде, «Құқық негіздері» пәні бойынша өткізілетін олимпиадада келесі мақсаттар көзделеді:
- әртүрлі жалпы ғылыми әдістерді, соның ішінде логикалық, тарихи, салыстырмалы-құқықтық, жүйелі әдісі, диалектикалық, тағы да өзекті оқиғалар бойынша жеке салалық-ғылыми әдістерді қолдана келе, нақты құқықтық нормаларды, құқықтық қағидаттарды, құқықтық тұжырымдамаларды қолдану дағдыларын дамыту;
- құқықтық құбылыстарға саналы түрде өз көзқарасын анықтау, адамдардың заңды, заңға қайшы іс-әрекеттерін айқындап оған баға беру және т.б. ;
- терминдерді және ұғымдарды еркін түсіну және қолдану деңгейінде құқықтық және мұнымен байланыста болатын қоғамдық (қоғамтану, саясаттану, экономика және т.б.) ғылымдардың түсініккатегориялық аппаратын игеру;
- құқықтық сипатқа ие болған әлеуметтік ақпаратты өз бетімен алу, зерттеу, талдау, жүйелеу, қорытындылау дағдыларын жетілдіру;
- ғылыми-зерттеу, шығармашылық қызмет жасау әдістерін игеру, заң ғылымындағы заманауи ғылыми ізденіс жасаудың негізгі бағыттарымен танысу;
- «құқық» пәні бойынша арнайы білімін кеңейтетін нормативтік деректерді және әдебиеттерді зерттеуге, өзін-өзі білімін көтеретін қосымша деректерді табуға итермелейтін шығармашылық белсенділік пен уәждеуді ынталандыру.
«Құқық» пәні бойынша олимпиадаға дайындалу үшін, оқушыға ең алдымен келесі білімдер мен дағдылар қажет:
1) мектептегі жалпы орта білімі бойынша стандарттарға сәйкес мектептік оқу материалдарын игеру;
2) пәнге қатысты мектеп бағдарламасынан тыс қосымша әдебиеттермен танысу;
3) пән бойынша алған теориялық білімдерін оқушы қолданбалы түрде көрсетуге, оның себепсалдарын түсіндіруге, конституция және тағы да басқа заңдармен, статистикалық мәліметтермен жұмыс істеу, салыстырулар мен талдаулар жасауға, болжау жасау дағдыларын қалыптастыруға машықтануы;
4) елдегі және әлемдегі саяси және қоғамдық ахуалдар туралы хабарлы болу, өйткені көптеген жағдайларда олимпиадалық тапсырмаларда әртүрлі өзекті оқиғаларға құқықтық баға бер деген ұсыныстар болады;
5) оқушы алдына қойған проблемаларға сараптау, айқындау, жіктеу, дәлелдеу, қажет болса болжам жасау негізінде өз көзқарасын білдіруге үйренуі қажет.
Жалпы алғанда, «Құқық негіздері» пәні бойынша олимпиада басқа олимпиадаларымен салыстырғанда шығармашылық сипатымен ерекшеленеді. Сондықтан да, кейбір тапсырмалар, әртүрлі өмірлік жағдайларға нақты құқықтық нормаларды қолдана білу дағдыларын тексереді және бір мағынада келетін жауаптарды талап етеді. Ал кейбір басқа тапсырмалар талапкерлерден ерекше ойлану, стандарттық емес шешімдер табу, ғылыми және практикалық материалдарды терең түсіну қабілеттерін тексереді.
Үшіншісі – ойлаудың логикасын анықтауға, құқықтық мәтіндерді талдау қабілеттерін талдауға, нақты дұрыс шешім табу дағдыларын тексереді. Шығармашылық тапсырмаларды жасаудың ең басты шарты ретінде қатысушылардың жазбаша түрінде өздерінің пікірлерін білдіру мүмкіндігін, дәйектер көрсету дағдыларын, қарсы пікір көрсете алу қабілеттерімен қоса, қажетті жағдайда нақты білімге, белгілі заңдық категорияларға, мемлекеттік және құқықтық институттарының даму тарихына сүйене алу қабілеттерін жоғары дәрежеде ұштастыра алуды меңзейді.
Жалпы айтқанда, құқықтың әртүрлі салаларының нормаларын және нақты нормативтік актілерін жоғарғы деңгейінде білу қажет. Құқықтың негізгі салаларынан басқа мемлекет және құқық теориясы, саясаттану, мемлекет және құқық тарихы, логика және тапқырлыққа бағытталған есептер және басқа да салаларға қатысты тапсырмалардың олимпиада да болуы қатысушыларға өте жоғары талаптарды қояды және мектептің сәйкес бағдарламасына сүйене келе, ең жақсы дайындалғандарды іріктеуге арналған.
Сол себептен де, шығармашылық тапсырмалар әртүрлі формаларда жасалады, мысалы: тесттік тапсырмалар, теориялық сұрақтар, практикалық есептер (казустар), ойлау логикасына бағытталған тапсырмалар, эссе және т. б. Тесттік тапсырмалар (берілген жауаптардың тек дұрысын ғана таңдау керек). Әдетте, тестік тапсырмалар шығармашылық тапсырмалар ретінде есептелмейді және оған берілетін баллдар көп болмайды. Бірақ-та, тесттік тапсырмаларда да шығармашылық элементтер бар болады.
Тіпті кейбір тесттік тапсырмаларда өз жауаптарын дәлелдеуді қажет ететін сұрақтар болуы мүмкін. Ондай тапсырмалар, оқушының құқықтық нормалардың абстрактілік анықтамаларын шынайы өмірлік жағдайымен сәйкестендіре білу дағдыларын көрсетеді. Кейде осы түрге жататын тапсырмаларда логикалық қателіктерді табыңдар деген сұрақтар болады. Мұндай тапсырмалар қарапайым және күрделі болып бөлінеді. Ал эссе тапсырмаларына келсек, ол оқушыдан берілген мәселе бойынша өзінің құқықтық ұстанымын білдіру үшін бірнеше құқықтық ұғымдары мен категорияларды талдауды қажет қылады.
Басқаша айтқанда, эссе тапсырмалары, өзекті құқықтық және саяси-құқықтық мәселелерді шешуге байланысты талапкерлердің талдау қабілеттері мен әлеуметтік көңіл күйлерін ашады. Нәтижесінде, олимпиадаға қатысушылар тапсырмаларды шешуде шығармашылық қабілеттерін, батылдығын, ғылыми мәтіндерімен өз бетімен жұмыс жасай алу дағдыларын көрсетуге тиіс болады.
Ал енді өзімнің олимпиадаға оқушыны дайындау тәжірибеме келетін болсам, онда мен 10 «С» сыныбында оқыған, қазір Назарбаев университетінің студенті – Джолдыбаев Темірланмен жүргізген пәндік олимпиадаға даярлау жұмысымды 4 кезеңге бөлдім.
Олар: І кезең. Дайындық кезеңдеріне жататын оқушының теориялық білімін жетілдіру кезеңі;
ІІ кезең. Зерттеу, талдау, түсіндіру және болжам жасау (пайымдау) кезеңі;
ІІІ кезең. Шығармашылық ойлау қабілетін дамыту. Ғылыми-зерттеу, әртүрлі ақпараттармен жұмыс жасау кезеңі;
IV кезең. Оқушының дайындық кезеңдері бойынша алған білімдерін саралау, жүйелеу, қорытындылауы.
Ең бірінші кезеңде, оқушының барлық өткен материалдар бойынша білімін толықтыру мақсатында қайталау дәріс сабақтарын өткіздім. Осы уақытта пайдаланылатын қосымша әдебиеттерді, оқулықтан тыс күрделендірілген тапсырмалар беріп, ғылыми терминология бойынша жұмыс жүргіздім. Сонымен қатар, қосымша білім көздерін (БАҚ материалдары) пайдаландым. Оқушы Джолдыбаев Т., БАҚ, интернет желілеріндегі әртүрлі ақпараттарға, электронды оқулықтарға сүйене отырып, күнделікті өмірде, дүние жүзінде болып жатқан саяси-құқықтық жаңалықтармен танысты. Сонымен бірге, ол интернет-кітапханалар, «Дарын» сайтындағы өткен жылдардың олимпиадасындағы онлайн тесттерімен тапсырмаларды орындап өз білімін көтерді. Екінші және үшінші кезеңдерінде, Джолдыбаев алған білімдерін пайдалана отырып, заңдылықтар мен құбылыстарды, өзгерістер мен жаңалықтарды зерттеуге, оны талдай білуге немесе түсіндіруге, нақтылы фактыны зерттеуге, салыстыруға, қажет болса болжам жасай білуге үйренді.
9 сыныпта алған «Құқық негіздері» пәнінің мағлұматтарына қоса, құқықтың әр саласының ерекшеліктерін танып-білу мақсатында өз бетімен зерттеулер жүргізді. Бұл кезде, әртүрлі диаграммалар, кестелер тұрғызды, статистикалық мәліметтер жинақтаумен айналысты. Ал, төртінші соңғы кезеңде, барлық жинақтаған білімін дұрыстап, жүйелеп қорытындылау дағдыларын дамытты.
Осы жасалған жұмыстардың нәтижесінде, оқушым – Джолдыбаев Темірлан «Құқық негіздері» пәні бойынша мектеп оқушылары арасында өткен Республикалық олимпиада да үшінші орынды иеленуге қол жеткізе білді.