Сан ғасырға жүк болатын Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы қай кезеңде де өзінің құндылығын жоғалтқан емес. Өз дәуірінің жоғын жоқтап, тап арасындағы талас-тартысқа төрелік айтып, қоғамның ащы шындығын уытты жырларымен сынап отырған. Ал, сол данышпан Абайдың рухани әлеміне сапар шексеңіз тұтас ғасырдың шежіресін көз алдыңызға әкеледі. Ұлы ақын, данышпан, Қазақ поэзиясының іргетасын қалаушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен астасып жатса құба-құп. Өйткені, Абай – ұлт руханиятының бастауында тұрған тұлға.
Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» дегенді айтты. Сонымен қатар «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» сияқты «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп айқын көрсетіп берді.
Елбасы мақаласының негізгі рухани темірқазығы ұлы Абай ақынның ілімінің идеясымен үндестігі байқалады. Олай дейтініміз «жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласында Елбасы негізгі басымдықтарды айта келіп, «Бәсекеге қабілеттілік», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» секілді ерекше бағдарламаларды алға тартқан болатын.
Қазақ халқының XIX ғасырдың соңынан күні бүгінге дейінгі тарихында ұлы ақын, ағартушы, данышпан Абай Құнанбайұлының алар орны ерекше. Абайдың ақындық жолға бет бұрғандығы алғашқы сөзі мәдениет пен білімнің маңызын насихаттауға арналады. Оның 1885 жылы жазған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі бұл тақырыптағы тұңғыш шығармасы болумен қатар, ақынның сөз өнері жолындағы жаңа ізденісін де танытады. Абай мұнда, ең алдымен, жаңа үлгідегі ақынға керек ғылым жайын сөз етеді. Ғылым-білімді кезінде зерттей алмағанына өкініш білдіреді. Өз қателігін балаларын оқытумен түзеуге бет алғанын айтады. Сонымен қатар ол «Қызмет қылсын, шен алсын» деген халық мүддесіне жат тәрбие жайын мінеп, сынайды. 1886 жылы Абай «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдер жазды. Мұның алғашқысы ұстаз ақынның кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті түрінде жазылған. Бүкіл өлең бойына Абай «ғылым» деген сөзді қайталап айта отырып, адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы - ғылым болуы керектігін түсіндіреді.
Ғылым таппай мақтанба!
Орын таппай баптанба!
Құмарланып шаттанба!
Ойнап босқа күлуге, - дейді.
Сөйтіп, ғылымға берілудің, ғалым болудың жолдарын әңгімелейді. Ғылым жолы – әділдік жолы. Оны ұстаған адам ескі жолмен жүре алмайды. «Надандарға бой берме, шын сөзбенен өлсеңіз», - дегенде, ол ғылым үйренетін жастың қараңғы, надан қауымнан өзгеше болуын қалайды. Осы тұста Елбасы мақаласындағы «Білімнің салтанат құруы», «Сананың ашықтығы» бағдарламасының идеялары үндес екені байқалады. Мақалада «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек.
Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» делінген. Өзі билеуші тап ортасынан шықса да, тарихи дамудың беталысы мен қоғамдық шындықты түсінген ол еңбекші шаруаға шындап бет бұрғанын байқатады. Оларды «елім», «жұртым», «халқым» деп, дос тұта сөйлейді. Осы бетбұрыста Абай сол халықты жүдетіп, шаршатып отырған ұнамсыз әрекет-мінездерді, олардың ішкі сырын үлкен шеберлікпен ашатын психолог ақын ретінде танылады. Заманы мен өзі өмір сүріп отырған ортаның кемшілік-қайшылықтарын өткір және әділ мінеп-сынайды. Бұл сарын, әсіресе, Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп аталатын өлеңінде анық байқалады. Мұнда өз халқының басындағы қайғы-мұңды көріп дерттеніп, «Қалың елі - қазағының» қазіргі халіне қинала сөйлеген ақын бар.
Абай өз шығармаларында рухани жұтаңдықты, білімсіздікті, көкірек көзінің мөрлілігін, надандықты, имансыздықты, тоғышарлықты, енжарлықты, жалқаулықты, сөзуарлықты, екіжүзділікті, күншілдікті, мақтанқұмарлықты, мақтансүйгіштікті, дүниеқоңыздықты, мансапқорлықты, көрсеқызарлықты, менмендікті, мақтаншақтықты, еңбексіздікті, әділетсіздікті, сатқындықты және т. б. қай замандарда болмасын адам бойында болатын моральдық-этикалық қасиеттерді сөз ете отырып, адам баласының бойындағы қасиеттерін жақсартуға, жетілдіруге, толықтыруға, жаман қасиеттері болса солармен күресуге, оларды ауыздықтауға талаптануы керектігін түсіндіріп, ғасырлар бойына адамзат баласының ақыл-ойында ұшталып келе жатқан, діни-пәлсафалық, моральдық-этикалық, интеллектуалдық, адамгершілік тұжырымдамасы – толық адам ілімін адамзат қоғамына мұра етіп қалдырды.
Халқының келешегін ойлап егілген, сол үшін ұнамсыздықты аямай сынау арқылы түзетуді ойлаған Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. Соның бірі – достық мәселесі. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде ол тіршілікте өзі көрген, халық тәжірибесі танытқан шындықты айта отырып, жастарды шын адамгершілік жолына, қиянатсыз, адал достыққа үгіттейді. Оларды жалған татулық, бояма мінезден сақтандырады.
Отыз төртінші қара сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі - дос» деген хакім Абай өлеңдерінде «Адамзаттың бәрін сүй – бауырым деп» жырлап, ұлтқа, дінге, нәсілге, әлеуметтік жікке, жынысқа бөлмей баршаға махаббат сезімде болуды үндеуі, қазіргі адамзат қоғамының басты ұранына айналуы тиіс.
Елбасы Н. Назарбаев: «Абайды мұқият оқыған адам оның көзқарастары күні бүгінгі нарық экономикасымен де тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс бұрысын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен», - дейді. Ұлы Абай қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы болып табылады. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты. Абай шығармашылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап тазаруға итермелейді.
Хакім Абай өз халқының мұң-мұқтажын, қоғамдық-философиялық ойларын, мәдениеті мен әдебиеттегі көркемдік ізденістерін жаңа сапаға көтерді. Ақынның арман-тілегі бүкіл адамзаттың ең биік асыл мұраттарымен де үндесіп жатыр. Қазақты ояту үшін үн қосқан ақындардың бірі Міржақып Дулатұлы: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар, «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» деп болашақ ұрпаққа бабалар алдындағы борышын сезіндіргендей.
Қорыта келе, Абайды тану арқылы біз өз болмысымызды танып, болашағымызды бағдарлаймыз. Бүгінде Абай есімі жеткілікті деңгейде ұлықталып жатыр. Бірақ оның шығармаларымен жаңғыру деңгейіне әлі жете қоймадық. ХХІ ғасырда кез келген қоғамның парқын, түптеп келгенде, адам сапасымен өлшеу үрдісі бірінші орынға шығып отыр.
Бұл ретте Абай армандаған «бүтін адам», Абай көксеген «толық адам» тұжырымдамасы ең озық идея ретінде бүгінгі зерделі оқырманды да бейжай қалдырмайды. Данагөй ақынның терең ойлары мен асыл сөздері, өлеңдері мен қара сөзері қай заманда болмасын жақұттай жарқырап, көкіректерге нұр болып құйыла берері хақ. Оның мұрасы жаңа ұрпақпен бірге жасай береді.