Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI185

ГЕОГРАФИЯ САБАҒЫНДА КОНЦЕПТУАЛДЫ КАРТАНЫ ҚОЛДАНА ОТЫРЫП, ОҚУШЫЛАРДЫҢ ӨЗДІГІНЕН БІЛІМ АЛУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ

Аңдатпа: Берілген мақалада география сабағында концептуалды картаны қолданудың тиімділігі туралы жазылған. Зерттеу нысаны ретінде 7, 8 сынып оқушылары алынды. Концептуалды картада оқушылардың жас ерекшелігіне, қабілеттеріне қарай әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар беріледі. Сонымен қатар әр тақырыптың, оқу мақсаттарының өзге пәндермен байланыстары көрсетіліп, оқушының ақпараттарды жүйелеп, нақты шешім қабылдауына, өзін-өзі жетілдіруіне, өз бетінше білім алу дағдыларын қалыптастыруына жағдай жасалған. Мұғалім өз тәжірибесінде қолданған концептуалды картаның тапсырмаларынан мысал ұсынады. Жұмыстың мақсаты – география сабағында концептуалды картаны қолдану және оның мүмкіндіктерін сипаттау, анықтау, талдау болып табылады. 

Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде география пәні барлық сыныптарда қазақ тілінде жүргізіледі. Оқушылардың бойында әлемге деген көзқарасты, жер беті табиғаты, дүниежүзі халықтары мен олардың шаруашылығы туралы түсінікті қалыптастыру, географиялық сауаттылықты арттыру және зерттеушілік, қарым-қатынастық дағдыларын дамыту – география ғылымының негізгі мақсаттарының бірі болып табылады.

 Бүгінгі заман талабы кез келген жас жеткіншектің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуын талап етуде. Ол үшін мектепте оқушы тек қана білім нәрімен сусындамай, ынталы, жігерлі болып, кез келген істі бастап кете алуы және шығармашыл ойлап, бейстандартты шешім таба алу дағдыларының қалыптасуына жағдай жасау керек. Мектептегі кіріктірілген білім беру бағдарламасы аясында оқушылар Блум таксономиясындағы барлық дағдылар бойынша тапсырмалар орындап, сабақ барысында алған білімдерін өмірде қолдануға, алған білімдерді саралап, талдауға, жинақтап, бағасын беруге дағдыланады. Осы дағдыларды дамыту барысында, оқушылардың ойлау өрісінің кең болуына, өз бетінше жұмыс жасай алуына осы концептуалды карта (concept maps) өз септігін тигізеді.

 География сабағы барысында оқушылардың кейбір тақырыптарды бір-бірімен байланыстыра алмайтынын және табиғат құбылыстарын толық сипаттап, оның себеп-салдарын анықтап, бірнеше ақпараттан бір шешім шығарып, ойын жүйелі жеткізуде қиналатынын аңғардым. Осы мәселенің себебін анықтау үшін сауалнама жүргізілді.

 Сауалнамаға 7, 8-ші сынып оқушылары қатысты. Сауалнамада оқушылардан география пәнінде қай бағытта жұмыс жасау қызықты екені, тапсырманың деңгейі және оның орындалуы туралы көзқарастары сұралды. Нәтижесінде оқушылардың басым көпшілігі тапсырмалардың бір-бірімен байланысы болмайтынын, сол себепті қызықсыз болып, келесі сабақта ұмытылатынын және тапсырмаларды басқа пәндермен байланыстыру, мысалы ағылшын тіліндегі listening дағдысын географиядағы тапсырма арқылы дамыту қызықты екенін атап өтті.  

Осы мәселені шешу жолында дүниежүзі тарихы пәнінен сабақ беретін әріптесім Досимова Асель Оралбайқызы жүргізген «Дүниежүзі тарихы сабағында концептуалды картаны қолдану» атты шеберлік сабағы өз септігін тигізді. Әріптесім өз тәжірибесімен бөлісе отырып, концептуалды картаны қолданудың тиімділігін көрсетті.

 Нәтижесінде география сабағында концептуалды картаны қолданып, осы әдіске тәжірибе жүргізуді ұйғардым. Концептуалды картаны құрастыру барысында әріптесім өз тәжірибесімен бөлісіп, үнемі бағыт-бағдар беріп жетелеп отырды. 

Концептуалды карта (concept maps) – бұл оқушының өз бетінше жұмыс жасауына бағытталған маршрут. Бұл ұғымды ең алғаш рет Америка Құрама Штатындағы Корнель университетінің ғалымы Джозеф Новак енгізген. Концептуалды картаның ерекшелігі әрбір оқу мақсатына сәйкес дағдылары, сол дағдыларды қалыптастыруға бағытталған тапсырма үлгілері және тапсырмаларға арналған ресурс көздері мен тапсырманың орындалу уақыты, өзін-өзі бағалауы да сәйкес көрсетіледі.

 Сонымен қатар бір тақырыпты терең меңгеруге, оның басқа салалармен байланысын түсінуге көмектеседі. Бұл картамен жұмыс жасау барысында: 

1. Оқушының ойлау қабілеті дамиды; 

2. Өзінің қабілетіне қарай тапсырманы таңдау еркіндігі бар; 

3. Дарынды балалармен жұмыс жүргізіледі (дифференциация); 

4. География пәнін басқа пәндермен байланыстырып оқыту жүргізіледі; 

5. Өзін-өзі бағалауға бағыттау;

 6. Оқушының бойындағы сыни ойлау дағдыларын дамыту; 

7. Оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамыту; 

8. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындауға дағдыландыру; 

9. Топпен бірге жұмыс жасауға дағдыландыру;(топтық жұмыс);

 10.Өз бетінше жұмыс жасай алу қабілеттерін дамыту; 

11.Оқушының жазылым, айтылым, тыңдалым дағдыларын дамыту; 

12.Ақпараттық құралдармен жұмыс жасауға үйрету;

 13.IT дағдыларын дамыту.

 Концептуалды картамен жұмыс жасау барысында оқушылар бірнеше дифференциациялық қалыптастырушы бағалау тапсырмаларымен танысады және өз қабілеттеріне сәйкес тапсырмаларды таңдайды. 

Жұмыстың құрылымы: Бір концептуалды карта оқу бағдарламасындағы бір тараудан тұрады. Сол тараудағы тақырыптар мен таңдалған оқу мақсаттарынан және бағалау критерийлерінен, ресурс көздерінен тұрады. 

Төменде 8 сыныптың 3-ші тоқсанындағы демография тарауының бір оқу мақсатының тапсырмалары үлгісі көрсетілген. 

Жұмыс нәтижесі: тәжірибе барысында көптеген оқушылардан жақсы кері байланыс берілді. Концептуалды картаға тәжірибе жүргізуді 2018-2019 оқу жылының 3-ші тоқсанда бастадық, нәтижесінде осы тоқсанның қорытынды бақылау жұмысы бағалары алдыңғы екі тоқсаннан жоғары шықты. Дегенмен, 3-ші, 4-ші тоқсанда жүргізілген тәжірибе барысында концептуалды картаны қолданудағы оқушылардың кері байланыстары бойынша анықталған артықшылықтары мен кемшіліктері болды: 

Артықшылықтары: 

Тақырыпты еске түсіру және бір-бірімен байланыстыру; 

Оқу мақсаты бойынша негізгі терминдерді, сөз тіркестерін жаттау; 

Көбірек шығармашылық тапсырмалар;

 Тапсырмалар көбісі сызба, карта, нақты сұрақтардан тұрғандықтан көп мәтін оқуды қажет етпейді.

 Туындаған қиындықтар: 

Оқушыларға концептуалды картаны қолдану әлі де болса түсініксіз; 

Кейбір оқушылар арасында тапсырма жауаптарын көшіру мәселелері байқалды; 

Тапсырма саны көп және оны орындауға көп уақыттың жұмсалуы; 

Шешу жолдары:

 Концептуалды картаның артықшылықтарын көрсету, онымен жұмыс істеу принциптерін тағы да түсіндіру; 

География сабағында концептуалды картаны бөліктерге бөліп жасау; 

Жақсы мысалдар келтіру; 

Тапсырма арасында интеллект картасын қосып отыру; 

Әр аптаға тапсырма санын нақты бекіту; 

Бағалау жүйесі арқылы мотивация беру. 

Қорытынды: Зерттеу жұмысындағы басты мақсат – оқушыларды берілген ақпараттарды жүйелеп, саралап, зерттеуге, өз бетінше білім алуға бейімдеу, тәжірибелік тапсырмаларды және жоба жұмыстарын сапалы орындауға үйрету. Оқушыларды өздігінен білім алуға жүйелі, қызықты тапсырмалар арқылы бағыттауға болатынын ұйғардым.

 Оқушының әр түрлі дереккөздерден алынған ақпаратпен өздігінен жұмыс жасауға, қажетті ақпаратты іздеуге, талдауға және іріктеуге, қайта өңдеуге, сақтауға даярлығын дамытамын. Бұл зерттеу жұмысы келесі оқу жылында әлі де өз жалғасын табады. Осы зерттеу жұмысы негізінде болашақта жұмысымды келесі бағытта жалғастырамын: 

2019-2020 оқу жылында география сабағында концептуалды картаны қолдану аясын кеңейтемін;

 Ұқсас оқу мақсаттарына тапсырма құрастыру кезінде өзге пәндермен бірлесе отырып жасаймын;

 Тапсырма санын қысқартып, ресурс көздерін көбейтемін; 

Практикалық, жобалық жұмыстар санын арттырамын; 

Әр концептуалды картаны құрастыруда дағдыларға берілген тапсырма санына байланысты зерттеу жүргіземін. 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламасы. 

2. NIS-Programme, «География» пәні бойынша оқу жоспары, 8 сынып. 

3. Leandro Fabrício Campelo, мақала: «CONCEPT MAPPING IN GEOGRAPHY: A REVIEW OF FULL PAPERS IN THE AREA», http://cmc.ihmc.us/cmc2018papers/cmc2018-p9.pdf 

4. «География» 7, 8 сыныпАстана «НЗМ баспасы». 2018 ж

5. Мұғалімдерге арналған нұсқаулықтар /І–ІІ/.

369 0
МОЛДИР ЖУНИСОВА, Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің география пәні мұғалімі Ұлы дала ұстазы № 000142
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: