Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI998

Ыбырай шамы жарқырап...

         Шамның жарығы түбіне түспейді, айналасына түседі, жарық береді. Дәл осы шам секілді айналасына өз білімі мен даналығын шашып, қараңғы кеуделерді жарықтандырған ұстаздардың ұстазы, ол – Ыбырай Алтынсарин. Қазақтың бүгінгі ғаламтор алдында отырған жастарының ойына кіріп шықпаған білім мен ғылымның негізін қалады.

Мешітке кірген молдадай жанын да, тәнін де тап-таза етіп мектепке кіретін ұлт ұстазы қазақ баласының күн сәулесіндей жарқырауына, жан- жағына нұрын шашып тұруына, тек ұлтына адал қызмет етуіне бар күшін жұмсаған. Торғайда мектепті ашу үшін екі жыл күтіп жатқан. Қарағайды орманнан шанамен тасып, мектепті салуға күш жұмсаған. Өз қаражатын салып, нағашылары мен ауыл байларынан да қаражат жинайды. Өзі дизайнер, өзі бухалтер, өзі кассир, өзі құрылысшы, білім министрі, оқулық авторы, мұғалім де жалғыз өзі болған Ыбырайдың еңбектері ешқашан ұмытылмауға тиіс. 

«Он төрт қазақ баласына аш қасқырша білім беруге кіріскен» жас Ыбырайдың мектепке бала жинау кезінде өте көп қиындықтарға тап болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені ол кездегі қазақ өз баласын үй шаруасына салған, далада құс, аң аулап жүруге машықтандырған, мал бағуға баулығандықтан қолқанат болып бастаған балаларын мектепке беруге қорыққан әрі мектепте отырып білім алу дегенді дұрыс қабылдамаған.  Осының бәріне сабырмен төтеп беріп, надандықтан шыға алмай отырған ата- аналарды әрең көндіріп, бары-жоғы он төрт бала жинайды. Сол  он төрттің бірі болған Кәрім Тоқтабаев ауыл шаруашылығының қазақтан шыққан тұңғыш министрі де осы мектептің түлегі. 

         Кешенді, жаңа үлгідегі мектептің негізін қалады, сыныптар, интернат, асханасы, кітапханасы, зертханасы, ұстаханасы бәрі бір жерден табылып, оқушы мен мұғалімдерге жағдай жасалды. Ұл балаларға еңбек, ұсташылық үйретілсе, қыз балаларға киім тігу, тамақ пісіру, тоқыма секілді еңбек сабағы өтілген. Міне, мұның барлығын бүгінгідей техника мен технология мүлде дамымаған қазақ даласында жүзеге асырудың қандай қиын болғандығын елестетіп көріңізші? Ұлтының келешегіне жаны ашыған, оның көзі қарақты, көкірегі ояу ұландарының көп болуын қалаған, сол елдің өзге елдермен терезесі тең болуын көксеген асыл жандар ғана осындай жанкештіліктерге бара алады деп білемін. 

         Бала тәрбиесін ең биік мақсаты еткен Ыбырай Алтынсарин орыс және шет ел әдебиетінің әңгімелерін қазақ баласының санасы мен тәрбиесіне лайықтап, сәйкестендіріп аударды. Оны өзінің «Қазақ хрестоматиясы» атты ғажап оқулығына енгізді. Ол кітапты тек оқушылар ғана емес, ата-аналар да қызыға тыңдап, баласымен бірге көптеген қараңғы қазақтың көзі де, көкірегі де ашыла түсті. Оның әңгімелері қазақ баласының тәрбиесін жастайынан адалдыққа, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеп қана қоймай, болашақ өміріне бағыт бағдар береді. Мысалы, «Бақша ағаштары» әңгімесіне ой жүгіртсек, әке өз баласының тәрбиесін ағаш секілді түзу болуы неден екенін ашып түсіндіре келе, сол балаға өз балаларын да күтіммен, баптап, дұрыс жол көрсетсе ғана дұрыс, жақсы адам болатынын ұқтырып отыр. Ал, «Әке мен бала» әңгімесіндегі баланың жерде жатқан ескі тағаны керексіз нәрсе көріп алмай кетіп, ақырында сол тағаға сатып алынған шиені ерінбей бірнеше рет аттан түсіп алып жеуі арқылы еңбектенуден қашсаң, жақсы нәрседен құр қалатындығын тек сол баланың өзіне емес, оның болашақ ұрпағына да үйретуіне жол салып беріп отыр деп ойлаймын. Бұл жағынан Ыбырайдың тек бала тәрбиесіне емес, ата-ананың да тәрбиесіне үлкен әсер еткенін байқаймыз. 

         Бар ойы мен мүддесі, бойындағы бүкіл күш-жігері мен қажыр-қайратын, денсаулығын ұлтының болашағына арнап, мектептің де, ұлтының да жүрегіне айналған дала қоңырауы-ұстаздың бүгінгі ізбасарлары «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызатын» білім теңізінен қашықтап қалмаса екен. Баршамыз осы жолда бүгінгі бүлдіршіндерге Ыбырай атамыздың түпкі ойы мен мұратынан жаңылмайтындай жолмен жүруге тәрбиелесек, айналасына жарығын түсіретін Ыбырай шамының мәңгі жарқырап тұрары күмәнсіз.  

 

 

168 0
Ақмарал Данбаева, № 7 «Шолпан» бөбекжай – балабақшасының меңгерушісі Ұлы Дала Ұстазы № 000391
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: