Қазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп- ол балабақша. Балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Қазіргі заманғы балабақша: бұл үйдің іргетасы — балалардың, ата — аналардың, тәрбиешілердің қарым-қатынасы, қабырғалар-балалар, отбасы, балабақша ұжымы, заманауи біліммен, технологиямен және іске деген қызығушылықпен қаруланған, төбесі-мемлекеттік қолдау; бұл мектеп жасына дейінгі бала көңілді және бақытты болатын үй; бұл дәстүрлер мен инновациялардың, дені сау балалардың үйі; бұл балалар да, ересектер де өсетін және дамитын пәндік-дамытушылық ортасы бар балабақша; бұл үнемі қамқорлыққа ие ағаш түрі. Ф.Фребель – неміс педагогы, мектепке дейінгі тәрбие теоретигі. 1837 жылы ол Бланкенбургте (Тюрингия) кіші жастағы балалардың ойындары мен іс-шараларына арналған мекеме ашты, соның негізінде ол балабақша идеясын жасады. Философиялық көзқарастарында Фребель идеалист болған және мектепке дейінгі тәрбиені қоғамдық зұлымдықты жоюдың және моральды жақсартудың жалғыз құралы ретінде қарастырған. Оның білім беру жүйесінде баланың белсенді табиғаты – оның қозғалғыштығы, жеделдігі, физикалық және ақыл-ой күштерінің тұрақты дамуы, қарым-қатынас, қызығушылық туралы түсінік пайда болды. Нағыз балабақшаның алғашқы принциптерін тұжырымдаған Фребель болды. Олардың бастысы-баланың адам болуына кедергі жасамау, бірақ табиғат оған берген барлық жақсылықты дамытуға көмектесу. Фребель баланың осы табиғи деректерін жақсартуға ықпал ететін балабақшалар құруды насихаттады, тәрбиешілерді дайындауды ұйымдастырды ("бағбандар", сезім, қозғалыс, ойлау және сөйлеу мүшелерінің дамуына негізделген балалармен жұмыс әдістемесін құрды, балалық шақтағы ойындардың тәрбиелік мәнін ашты. Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымның біріне айналды. Ендеше мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу. Әрине бұл үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты. Тәрбие мен білім – егіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға ізденеміз. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттырады.
Жаңа заман баласы – ертеңгі еліміздің болашағы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. Біздің балабақшамызда балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Балабақшада балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығы өте жоғары. Осы уақытқа дейін тәрбиеші ретінде балаларға үздіксіз тәрбие мен білім беруде жаңартылған педагогикалық технологияларды кеңінен қолдануға тырысамын. Себебі қазіргі заман балаларының берілген ақпаратты тез қабылдауынан, есте сақтау қабілеттері жоғары дамығандығын байқауға болады. Мектепке дейінгі мекеме балаларына үздіксіз тәрбие мен білім беру келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына тікелей әсер ететін балабақша мен тәрбиешілері. Осыған орай мектепке дейінгі мекемелердің тәжірибесіне оқыту мен тәрбиелеудің әртүрлі технологиялары енгізілуде. Мәселен, ынтымақтастық педагогикасы, білім беруді ізгілендіру, ойын арқылы оқыту, түсіндіре басқарып оза оқыту, өздігінен оқыту, сын тұрғысынан ойлауды дамыту, оқытудың компьютерлік технологиясы, психологиялық, педагогикалық әдістемелік білімді, педагогикалық шеберлікті, балалардың жан-дүниесіне терең үңіліп оны ұғына білуді талап етеді. Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиешілердің ұстанымы ауысқан: ол балаларға басшы емес, білім беру қызметінің тең қатысушысы. Мұндай оқыту баланың интеллектуалды қабілеттілігін айтарлықтай шамада анықтайды, балаларға мінезін қалыптастыруға, байланыс тілді, логикалық ойлауды, дүниетанымды дамытуға, сыни ойлауды қалыптастыруға және жеке мүмкіндіктерді беретін дамытушы орта құруға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең болып келеді. Өйткені осы кезде баланың бойындағы табиғи бар дарындылық жан-жақты дами бастайды. Сондықтан осы шақта балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болады. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады. Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз.
Менің мамандығым «мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиеші». Тәрбиеші мамандығын таңдаудағы себебім: бұл менің бала күнгі арманым. Балалардың былдырлаған балдай тәтті тілдері, қылықтары өте қызықты. «Адам өмірінде екі жағдайда қателеспеуі қажет, бірі-жар таңдауда, екіншісі-мамандық таңдауда» деген сөз бар ғой. Сол бір бала күндегі арманым бүгін де орындалып отыр. Сондықтан, тәрбиеші болу шындығында да, бақыт.
Өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие сіңіру, болашаққа жарқын бағыт-бағдар беру, келешекке кемел боларлық ақыл-парасат меңгерту аса жауапты іс екені мәлім.
Бала тәрбиесі- баршаға ортақ. Отбасының да, балабақшаныңда, мектептін де мақсат+мүддесі бір, ол- заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. Балаға айналасындағы үлкендердің, бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс-тұрысы, еңбек-әрекеті- бәрі де балаға үлгі-өнеге. Бүгінгі балалар тез жетіліп келеді. Олар айналадағы болып жатқан барлық оқиғыларды білгісі келеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі, балабақшағабаратын бала қоғамды өз ойын ашық айтуға үйренеді. Балабақшадағы тәрбие- болашаққа бағыттаудың негізі. Мұндағы беріліетін сабақтың бағдарламасы, тәрбиелеу тәсілі ұлттық дәстүрге негізделген. Балабақшадағы бала тәрбиесі мен оның дұрыс жолға қойылуы ондағы тәрбиешінің біліктілігіне тікелей байланысты.
Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажеттігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы – әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен сезіндіреді.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарын, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Балаларды ана тiлiнде әдемi сөйлетуге олардың ой-сезiмдерiн анық, еркiн, көркем жеткiзе алуына, танымдық қабiлеттерiнің дамуына ерекше мән беремін. Мөлдiр бұлақтың бастауын, көзiн ашып, тұнығына қану үшiн қаншама қиын да, қызықты еңбек пен тер төгу керек десеңізші! Балабақшада жұмыс істеу кезінде мен өз мамандығымды таңдағандығыма ешбір күмән келтірмедім. Менің ойымша, тәрбиеші – өте қызықты мамандық: сені балалар жақсы көреді және сенен әрдайым қандай да бір жаңа нәрселер күтеді, ал мен болсам, олардың өмірімен бірге өмір сүремін, табыстарына қоса қуанамын. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне” бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Сондықтан да балалар, маған тек бауыр басып қана қоймай, олардың ата-аналары да жиі келіп жатады.
Егер «Неліктен тәрбиеші болу – бақыт?» деген сұрақ қойылса, мен былай деп жауап берер едім:
– әр тәрбиеші таң нұрымен ілесе келген әр сәбидің мөлдіреген көздерін көруімен бақытты;
– әр тәрбиеші сол балалардың періште тілінде сөйлеген бал тілін естуімен бақытты;
– әр тәрбиеші бүлдіршіндердің шынайы да сыңғырлаған күлкісін естуімен бақытты;
– әр тәрбиеші біріне-бірі ұқсамайтын балалардың тәтті де, ерке қылығын сезінуімен бақытты;
– әр тәрбиеші икемсіз саусақтарға жан бітіріп, түрлі дағдылар үйретуімен бақытты;
– әр тәрбиеші қанша балаға қызықты ертегі айтып, қиялын самғатып-ұшыруымен, алғашқы білім беруімен, сауатын ашуымен бақытты;
– әр тәрбиеші бүлдіршіндерінің тәтті ұйқыға енген сәтін көруімен бақытты;
– әр тәрбиеші сол кішкентай бүлдіршіндерінің ұядан ұшып, өмірдің толқынына қосылып, үлкен, мықты, дарынды азаматтар болғандығына куә болып, сол балалардың тағдырына аз да болса, өзінің үлесін қосқандығымен бақытты.
Мен де сол бақытты тәрбиешілердің бірімін. Таңғажайып балалар әлемімен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің дәндерін қондыру – менің жұмысымның мәні.
Менің жалпы педагогикалық өтілімім – 3 жыл, 1 ай . Қазіргі таңда 2015 жылдан бастап Павлодар облысы, Май ауданы, Май ауылының «Балдырған» бөбектер бақшасында жұмыс істеймін. Біздің балабақшамыз замануи талаптарға сай балабақша. Бұнда балалар оқыту, тәрбие алады.
Мен «Балапан» кіші тобындағы балалармен жұмыс жасаймын. Кішкентай балалармен жұмыс жасау маған өте ұнайды. Оларға айналадағының бәрі қызық, бәрін танып, білгісі келеді, көп сұрақтар қояды. Сондықтан оларды «негешелер» дейді, былдырлаған тілдері мен балдай тәтті қылықтары өте қызықты. Оларды кішкентай кезінен бастап, адамгершілік нормаларына, өзіне – өзі қызмет етуге, құрбы – құрдастарымен қарым-қатынас жасауға, мінез – құлық ережелеріне, мәдени – гигиеналық дағдыларына үйрету өте маңызды. Адам өзінің тандаған мамандығын жан-тәнімен сүйе білу керек, сонда ғана ол өз мамандығының иесі бола алады. Тәрбиеші ең алдымен балаларды өте жақсы көруі керек, жұмысқа деген ынтасы мен балаға берер мейірімі, жылуы, адамгершілігі мол болуы керек. Қазірге кездегі мектепке дейінгі балабақша мекемелерінің тәрбиешісі – жоғарғы білімді, тәрбиелі, сабырлы, мейрімді, тәжірибелі, жұмысына адал, ақппаратты технологияларды меңгере білетін, компитентті маман болу керек. Балабақшаішілік және қалалық іс-шараларға белсенді түрде қатысып тұрамын. Түрлі сайыстарға, интернет конкурстарға қатысып, алған жүлделерім де бар.
Тәрбиеші мамандығының қызығы мен қиындығы қатар жүреді, себебі біз әр баланың өміріне жауаптымыз. Бірақ мен өз мамандығымды сүйгендіктен, одан ләззат аламын, бақыт табамын.
Біздің балабақшамыз маған өте ұнайды, басшымыз өте ақылды, парасатты, әділ жан. Ұжымымыз да өте ұйымшыл, әріптестерім де білімді, мейірімді жандар, өзара тәжірибе алмасып тұрамыз.
Тәлім-тәрбиенің бастау бұлағы да, бүлдіршіннің қатайып, қанат қағар тұнғыш мекен-қазығы да осы- балабақша.
Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамту өзімнің басты мақсаттарымның бірі екенін қуана айта аламын. Салыстырмалы түрде сөйлейтін болсақ, кімнің пікірімен бөліссек те бақшаға барған баламен, бақшаға бармаған баланың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қай жағынан болмасын –адамдармен қарым-қатынас жасағанда да, сөйлеу мәнерлерінде де, өз ойларын жеткізе білуде де тағысын сол сияқты көптеген құбылыстарда да айырмашылықты байқап жатамыз. Сондықтан да бақша-тек балаға бас көз болып қарайтын, осы еңбектері үшін мемлекеттен жалақы алатын адамдардың жұмыс орны деп қарамау керек. Керісінше, бақша менің балама білмегенді үйретіп, жақсыны беріп, жаманнан жирендіретін, білімді де білікті мамандардың ордасы деп білуі керек. «Адам табиғатқа тәуелді болса, табиғат та оған тәуелді” демекші алға қойған мақсатымыздың дұрыс және нәтижелі болуы біздің қолымызда.