Бүгінгі таңда қазақстандықтардың алдында тұрған міндеттердің бірі -«Mәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін мектептерде мақсатты түрде тәрбие жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар барлық оқу пәндерінің тәрбиелік мәнін күшейту қажет. Оқытылатын пәндер рухани-адамгершілік қасиеттері мен білім алушылардың патриоттық сезімдерін қалыптастыруға, қазақстандық отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік, ұлттық сана-сезім мен толеранттылық, Қазақстанның этникааралық жағдайда қарым-қатынас жасай білуіне бағытталуы тиіс.
Білім беруді жаңарту Елбасының Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясына сәйкес оқу-тәрбие үдерісін оқушылардың патриотизмін, мораль және адамгершілік нормаларын, ұлтаралық келісім мен төзімділігін, физикалық және рухани дамуын, заңды құрметтеуін қалыптастыру міндетін алға қояды. «Мәңгілік Ел» идеясында белгіленген бұл құндылықтар жалпы оқу-тәрбие жұмысының негізі, бастауыш мектепте оқытылатын пәндердің арқауы болуы тиіс. Сондықтан ұстаздарымыз күнделікті кез келген пәнді оқыту барысында әрбір сабақта «Мәңгілік Ел» құндылықтарын оқушылардың бойына сіңіруді естен шығармағаны жөн.Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында бастауыш сыныпта әдебиеттік оқу, қазақ тілі, дүниетану, математика, еңбекке баулу, бейнелеу өнері пәндерін оқытуда басым мақсаттарды басшылыққа аламын.
Ел болу мәселесі, ұлтты сақтау, жерді, туған атамекенді қорғау мәселесі қазақ халқы үшін қашанда тарихи даму тұрғысынан маңызды болып келе жатқаны белгілі. Осы аталған мәселелер ешқашан да күн тәртібінен түскен емес. Олар әр түрлі тарихи кезеңдерге байланысты көкейкестіленіп, қоғамдық ой-сананың өзегіне айналып отырған. Бүгінде осы мәселелер тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің алдында тұр. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи астарына тоқтап өтті. «Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары - «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым», - деп атап өткен болатын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Оқушыларды Қазақстандық патриотизмге, шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық мінез- құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек», - делінген. Осы орайда,жеке тұлғаның бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға байланысты сабақта және сабақтан тыс уақытта шараларды жүргізу барысында алдыма төмендегідей мақсат қойдым: пән сабақтарындағы білім мазмұны мен сыныптан тыс уақыттағы жүргізілетін тәрбие жұмыстарын өзара байланыстыра, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтардан білім мен тәрбие бере отырып, елін, жерін сүйетін және оны қорғай білетін патриот азамат тәрбиелеу. Басты назар аударатын мәселелердің бірі – отансүйгіштік. Отаншылдық отансүйгіштік тәрбие құндылықтары арқылы жүзеге асатыны белгілі.
«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын және оны одан әрі дамытатын бүгінгі жастар екені белгілі. Жастар осы ұлттық идеяны жүзеге асыру үшін өз Отанын сүйетін ұлтжанды, патриот болулары керек. Ел мәртебесі, оның асқақтығы мен биіктігі, тұтастығы мен мызғымастығы тек әділеттілік пен өзара ынтымақтастық пен сыйластық негізінде қол жеткізілуі тиіс. Қысқасы, бүгінгі қазақстандық жастарды осы аталған позитивті бағытта тәрбиелеуде Ұлы Отан соғысында жауынгерлік тапсырманы бұлжытпай орындаған,қазақ халқының даңқын шығарып,абыройын асырған айтулы ұлдарының бірі-гвардия полковнигі,жазушы,Кеңестер Одағының батыры Бауыржан Момышұлының «Мәңгілік Ел» құндылықтарымен астасып жатқан нақыл сөздерінің тәрбиелік маңызы зор.
Бауыржан Момышұлы-патриот.Ол патриотизм туралы «Соғыс психологиясы» еңбегінде сөз қозғайды.«Патриотизмнің маңызды элементтерінің бірі,онымен етене байланысып жатқан ұлттық рух пен ұлттық патриотизм жөнінде айтып өту қажет.Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм –бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл бейнесі мен қасиеті-өз халқына деген сүйіспеншілігі,жеке адам өз халқымен қан жағынан да әбден айқын әрі дербес қасиеттері және ерекшеліктерімен байланысты»-деп пайымдаған.
Оқу бағдарламаларын, оқулықтарды оқу әдістеме құралдарын зерделеп қарасақ : ана тілі, қазақ тілі , дүниетану, еңбекке баулу сабақтарында халықтық педагогиканы негізге ала отырып, патриоттық тәрбие беру жағына көбірек көңіл бөлінген.Осы мақсатты жүзеге асыруда батыр ақын ер жігіттің Отаны,елі,халқы үшін туатыны,қажет болса жанын да қиятынын өмірлік мұрат еткендігін,жүрегіндегі қорғасындай ойларын бағзы замандағы жырау бабалардай төгілдіргенін мысалға алдым.
«Ер жігіттен не пайда? Ел күйзеліп, жер күйіп.
Отанға дұшпан тигенде, Айғыр мініп,ат ерттеп, Жауға қарсы бармаса». «Жастарымыз Отаншыл болсын.Отаншылдық-әр адамға ең керекті ұлы қасиет.Отаншылдық үйіңнен басталады.Үйде бауырмал болмаған,түзде интернационалист болмайды.Өз аулының тасын сыйламаған ,өзге ауылдың тауын қадірлемейді». «Отан үшін отқа түс ,күймейсің.Опасызда Отан жоқ.Отан-оттан да ыстық» нақыл сөздерінен,Баукеңнің ерлік істерінен,шығар-маларынан, батырлар жыры үлгісінен мысал келтіре отырып, содан үлгі алу,еліктету арқылы әр адамның бойында Отанға,халқына шын берілгендік,ата-салтына, ел тарихына деген құрмет, ерлік рухы қалыптасуы керек. Бауыржан Момышұлының ел,тіл,Отан,ерлік туралы тереңірек толғаған нақылдары жас ұрпақтың отансүйгіштік, патриоттық сезімін жетілдіру үшін қажетті қағидалар, бұлардың тәрбиелік мәні түсіндіріле отыра, бала тәрбиесінде кеңінен пайдаланылды.
Бауыржан Момышұлы байсалдылық,данышпандық қасиеттерінен басқа ұстадай тілімен көзге түскен шешен ақын еді. Батыр ұлдың ұлттық мінез бен ұлттық санаға рухани азық боларлық «Ұлттық сезім-қасиетті сезім», «,Өз ұлтын сыйламау,оны мақтаныш етпеу-сатқындықтың белгісі» қанатты сөздері мен мақалдары«Мәңгілік Ел» идеясымен ұштасып жатыр.
Бастауыш сынып жасындағы оқушылардың отансүйгіштік сезімдерін қалыптастырып, танымдық белсенділіктерінің дамыту үлгісін жасап, оны оқу үрдісіне пайдалану, ұлтжанды жеке тұлғаны қалыптастыру, шығармашылық қасиеттерін дамыту мақсатында ана тілі сабағында әртүрлі тапсырмалар арқылы оқушылардың білім деңгейін анықтауға арналған әдістемелік диагностикалар, тест, ашық тест, шығарма, сауалнама, әңгіме, сөздік жұмыс және т.б тәсілдер қолданылды.
Оқушыларды «Батыр Бауыржан» мәтінімен таныстыруда Бауыржан атамыз туралы естеліктермен, ерлік істерімен таныстыра отырып,оқушылардың ойлау, шығармашылық қабілеттерін және сөздік қорын, есте сақтау қабілеттерін қалыптастыруда ,баланы батырлыққа, ерлікке, елжандылыққа, өз Отанын сүюге, адалдық пен адамгершілікке тәрбиелеуде мынадай тапсырма бердім. Тапсырма: «Образға кіру». Бұл тапсырмада оқушылар Бауыржан ағамыздың образына еніп шығарма жазады. (Егер сен Бауыржан ағамыз сияқты батыр болсаң не істер едің?).Оқушылардың ой-өрісі кеңейтіліп, тілдері дамып, Бауыржан ағамызға ұқсап өз Отанын қорғауға ұмтылады, отансүйгіштік сезімдері дамиды.Сабақ барысында әрбір оқушы жеке тапсырма ретінде орындап, шығармашылық ойларын іске қосып әрқайсысы өз бетінше образға еніп шығарма жазады. Тақтаға Бауыржан ағамыздың суреті ілініп тұрады. Соған қарап оқушылар көз алдарына елестетіп шығарма жазады.
Қан майданның ауыр жылдарында Бауыржан Момышұлының қандай қысылтаяң сәттерде сабырлықпен шешім қабылдайтын тапқырлығы мен соғыс өнеріне шеберлігі,батылдығы,мінезінің ірілігі,тұлғасының алыптығы,сирек кездесетін азаматтық бейнесі уақыт өткен сайын асқақтай түседі.Батыр бейнесі уақыт өткен сайын аңызға айналып,ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып,тарихтың тамаша дастанына айналды. Уақыт өтіп,заман өзгергенімен Баукеңнің жас ұрпаққа мұра етіп қалдырған өнегелік мектебі,тәлімгерлік шеберлігі өткірдің жүзіндей,асылдың сынығындай қастерлене түспек.Батыр Баукеңнің ерлік пен батырлыққа,ақыл мен парасаттылыққа, азаматтық пен адамгершілікке тәрбиелейтін ойшылдық өнегесі,рухани тәлімгерлігі,ұстаздық мектебі біз үшін ең бай мұра.
Батыр үшін қоғамға тек жүрегі таза,ақыл-ойы ширақ жастар қажет.Өмір үшін күресетін батыр да батыл ерлер керек.Баукең топшылауынша,өмірдің өзі майдан,ал сол майданда ер,ел намысын қорғайтын жастар ғана жеңіп шықпақ.
«Мәңгілік Ел» идеясында ерекше назар аударатын мәселе - ұлттық тәрбие. Тәрбие тал бесіктен басталады десек, ұлттық тәрбие отбасынан бастау алуы керек. Отбасылық тәрбие мәдениетті тұлғаларды қалыптастыруды басты мақсат ретінде ұстануы керек. Бұл жолда үлкенді құрметтеу мен ата-ананы сыйлауды, ар, намыс, ұят сынды құндылықтарды жастар санасына сіңдіруді басты идеологиялық ұстанымға айналдырудың маңызы зор. Қазақ болашағы тектілік пен кісілікті, бірлік пен татулықты, білім мен адамгершілікті ұштастыру негізінде жүруі тиіс. Отбасы мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. Отбасы болашақ жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелей отырып, олардың санасына патриоттық сезім ұялатуы тиіс. Сонымен бірге, әйел-ананы қорғау, құрметтеу, жетім мен жесірін қорғау қоғамның ұлы жолдағы басты құндылығы ретінде мойындалуы тиіс. Ар-ұят,намыс туралы «Ердің туы-намыс».«Жауды өлтірсең-өлімнен құтылдың,өлтірмесең-өлімге тұтылдың». «Екі сөзді-ер емес,серт-ер серігі» нақыл сөздері- Баукеңнің тәлім-тәрбиелік мәні бар толғаулары мен қанатты сөздері жас ұрпаққа рухани азық боларлық дүниелер.Кейбір қанатты сөздерін қазақ мектептерінің басты ұраны етіп алса да болғандай.Өскелең ұрпаққа өз анасын сыйлау,туған жерін құрметтеу,ана тілін қастерлеу рухындағы толғаулар қашан да өрелі де өзекті бола бермек.
Мысалы,батырдың :«Ана үшін аянба-ант ұрады,Бала үшін аянба-бетің күйеді.
Ел үшін аянба-ерлігіңе сын, Жұрт үшін аянба-жігіттігіңе сын»,-деп жас адамның санасына жасынның жарқылындай әсер етер,ақыл-ойында жатталып қалар,жүрегінде қатталып қалар жолдардың құдіреті қаншама?!
Жас бала еліктегіш келеді.Жас жүрек қашан да үлгі іздейді. Міне, Баукең жазған қанатты сөздер де ұрымтал сәтті ескергендей. «Үлкенді ізетте,кішіні күзетте»,-дей отырып,оларды кішіпейілділікке шақырады.Жастарды тәрбиелеудегі тәртіп мәселесіне батыр көп көңіл қойған.Толғауларға арқау болған,қанатты сөздерге өрім болған тәртіп тақырыбы-тәрбиенің биік шыңы,межелі мәресі:«Тәртіп -тән үшін ,ынтымақ –жан үшін керек.
Тәртіпке бас иген құл болмайды.Елдік пен ерлікке,береке мен бірлікке үндеу тәртіптен басталады, тәртіппен аяқталады.
Батыр Баукең күнделікті тұрмыстағы, өмірдегі ,қала берді ұрыстағы жеңістің төркінін осы тәлім-тәрбиеден іздейді.Тәлім көрген,тәрбие алған азамат өмірді де, өлімді де жеңе алады деген қағида бар.Батыр үшін өмірді ұрысқа теңеуі де-символика.Өмір батыр үшін қашан да мақсат пен мүдделер,көзқарас пен идеялар майданы.Бұл майданның да жазылмаған ережелері бар,айтылмаған заңдары бар. Ерлік пен елдік батырдың мәңгілік арманы,адалдық пен асылдық мәңгілік тақырыбы болды.
«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру белгілі бір құндылықтар жүйесіне негізделетіні белгілі. Сол құндылықтардың ішіндегі ең бастысы - қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде нығайту, қазақстандықтардың үш тілде еркін сөйлеуіне жағдай жасау. Мемлекеттік тіл «Мәңгілік Ел» идеясының негізі, өзегі. Мемлекет билігінің құдіреттілігі мен күштілігі қазақ тілінде сөйлеуімен өлшенеді. Мемлекет қай тілде сөйлесе, сол тілдің құдіреті қашанда үстем болады. Тіл - «Мәңгілік Ел» идеясының басты негізі. Ана тіліңді құрметтеу - ұлттық намысты ояту мен жаңғыртудың көзі. Бұл жолда тілдік және ақпараттық кеңістікті қорғау, оған мемлекеттік тұрғыдан ықпал ету, ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ел тәуелсіздігін қорғаудағы басты ұстаным болуы тиіс.
Осы орайда көрегендікпен айтқан батыр ақынның идеялары «Мәңгілік Ел» идеясын толықтыра түседі,ол тек ерлік дастанының ,тәлім-тәрбие шежіресінің шебері болып қоймай,ана тілінің шын жанашыры,әділ арашасы бола білген азамат. Ана тілінің болашағы –халықтық болашағы екенін зерек де зерделі Баукең жақсы түсінген.Жастардың ана тілін ұмытқаны батыр үшін үлкен қайғы болып саналады. «Қазақ тілі туралы пікір»мақаласында ұлтжанды азаматтың ана тілінің болашағын ойлап қауіптенуі ,тіл байлығы мен тіл тазалығы үшін күресу ұлт тағдырының қорғаны,туған халқының жанашыры бола білгені. Қазақ тілі ешуақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып,қатардан қалып өмір сүрмегендігі,өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе,-деп толғанады батыр азамат.
«Біз қазақпыз.Біздің ана тіліміз –қазақ тілі.Біздің қазақты тек мал бағып өскен деп айтуға наданнан басқа ешкімнің аузы бармайды.Біз малдан бұрын малмен бірге сөз баққан қазақпыз.Ой мен сөз, мазмұнды пікірлер біздің халықтың алдыңғы байлығы болып келген,ал мал болса екінші байлығы»деп өзінің ойындағы бар шындықты жасырмай жазған.Міне,осы хаттағы үзіндіден Бауыржан Момышұлының ана тіліне деген үлкен мақтанышын көреміз.
Тіл туралы «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту-бүкіл ата-бабамызды,тарихымызды ұмыту» осы нақыл сөздерінің дәнін жас ұрпақтың бойына себетін болсақ, болашақта еліміздің берік діңгегі болар азаматтар тәрбиеленіп шығары анық.
Бауыржан- пешенесіне бұйырған бақытты бағалай білген ерекше азамат.Қаһарман бейнесі ,оның тәлім-тәрбиелік өнегесі қашан да халық жүрегінде сақтала бермек. Осындай ерліктің ерен үлгісін көрсеттіріп артына өшпес із қалдырған ердің ісін ұмытпай тарихымызды жаңғыртып отыру – бүгінгі ұрпақтың парызы. Елім деп туған ерлердің есімі бір ғасыр өтсе де, ел есінде сақталары сөзсіз. Отаншылдыққа, елжандылыққа, ұлттық патриотизмге тәрбиелеуде,оқушылардың Отанға деген азаматтық жауапкершілікті сезінуіне ықпал етуде,қоғамда қазақстандық патриотизм идеясын дамытуда Бауыржан Момышұлы нақыл сөздерінің тәрбиелік мәні зор, өміршеңдігі арта түспек. Қазақтың Бауыржандай дара да дана батыры ешқашан да ұмытылмақ емес.
Басты философиялық ұстаным: «Идея императоры кім болса, болашақ сонда» деген қағиданы жүзеге асыру барысында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеядан ұлттық идеологияға айналады. Ал ұлттың бәсекеге қабілеттілігін білім беру жүйесін жаңа сапаға көтеру арқылы қол жеткізуге болады. Сапалы білім мен саналы тәрбие беру жүйесін дамыту - «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын басты негіз.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» 2014ж 17 қаңтар.
2.Ертіс өңірі, №12,2019ж.
3.Нұршайықов Ә.Ақиқат пен аңыз.Алматы,2009ж.
4.Қазақ тілі мен әдебиеті, №6, 2014ж.