Поиск статей:
ESI
Рейтинг:

Мамандығым - мақтанышым

Тәрбиешінің атқаратын қызметі өте құрметті. 

Әрі тамашалығы соншалық, 

күн астында мұндай қызмет жоқ.

А.С.Макаренко

 

Жер жаһанды жайлаған төтенше жағдайлар өмірдің барлық салаларын сынап қана қоймай, жаңа арнаға бет бұруға әкелгені баршамызға аян. Сол салалардың қатарында білім беру жүйесі ерекше аталады. Аяқтан шалған кедергі, емі жоқ дерттің белең алуына қарамастан білім беру, оқыту, тәрбиелеу үдерістері еш толастамауын мақсат еткен елімізде биылғы оқу жылы жаңашылдық пен өзгерістерге толы болғаны белгілі. Бұл «ата-ана-балабақша-тәрбиеші» үштігінің берік қалыптасуына негіз бола отырып, қашықтан оқыту жүйесіне бетбұрыс жасаудың алғашқы қадамдары еді. Себебі, еліміздің білім беру жүйесі тарихында жаппай қашықтан оқыту бастамасы жүзеге асырылмағандығын ескерсек, бұл арнада қызмет жасау тәрбиешілерге артылған зор сенімнің айғағы, дәлелі болмақ.

Адам жарық дүние есігін ашқаннан кейін негізгі заңдылық дамуға бағынады. Бұл – ақыл-ой, сана-сезім, түйсік және басқа да тұлғалық ерекшеліктерінің әр жас межесіне өткен сайын дамып отыруы. Адами құндылықтардың діңгегі, бастау негізі отбасында жүзеге асқанымен, тікелей жетілдіруші мекеме – мектепке дейінгі балабақша. Өзін қоршап тұрған дүниеге қызығушылық, білуге ұмтылыс, қызықты сауалдарына жауап алу, тәрбиенің сан бағыттарымен (ақыл-ой, еңбек, дене, эстетикалық, құқықтық, рухани-адамгершілік, экономикалық) сусындауда мектепке дейінгі мекеме қызметкері, яғни тәрбиеші ерекше маңызға ие болады. Жанынан нұр, көзінен шуақ, әрекетінен мейірім төге жүріп, әр тәрбиеленушінің жүрегіне жол табу арнасында өзіндік қайталанбас әдістемені қалыптастыратын шебер педагог алдында ата-ана бас иіп, үміт ақтар перзенттерін сеніммен тапсыра алады. 

Балабақшадағы кезең: 

- тәрбиеленушілерді білім әлеміне жетелейтін алғашқы баспалдақ;

- ой-өріс көкжиегін кеңейтетін қуатты қару;

-адам болуға талпыныстың алғашқы бетбұрысы;

- тәрбиеші мен тәрбиеленуші арасындағы қарым-қатынастың өзектілігін танытатын бағыты;  

- жазу, сызу, оқу негіздерін меңгертудің сара жолы; 

- оқушылық өмірдің жарқындығына бастау сыйлайтын бағдаршам;

-бақыт әлеміне ұмтылған тәрбиеленуші талпынысының айқын айнасы.

-Ойын әрекетімен тығыз байланысқан екі жақты үдерістің нәтижесі.

         Міне, осы әрекеттерді төтенше жағдайлар аясында жүзеге асыру еш толастамауын мақсат еткен білікті тәрбиеші ретінде өз тәрбиеленушілеріммен тапсырмаларды орындаудамыз. Бұл әрекеттердің ең басты мақсаты – оларды жалықтырып алмай, тиісті білім, білік, дағдыларды жеткілікті деңгейде меңгеру, балабақшадағы игерілген материалдарды әрі қарай жетілдіру. Видеосабақ, жаттығу роликтері, түрлі челлендждерге ат салысу, маңызды әрекеттерде өзінің тұлғалық позициясын ұстану, сурет, аппликация, қолөнер бұйымдары т.б. формаларында жұмыс жасаған ата-аналарға да, тәрбиеленушілерге де ыңғайлы болмақ. Дегенмен, жаңашылдыққа бет бұру барысында қиыншылықтар да жоқ емес: қалыптасқан жүйеден жаңа бағытқа бет алған бүлдіршіндерді үйрету, дағды қалыптастыру, жаңа білімдерді меңгерту, тынбай еңбектену мен мықты ерік-жігердің ғана нәтижесі болмақ.

Балабақшадағы шәкірттер-жаңа өсіп келе жатқан өскіндер. Оған қандай күтім жасасақ, солай жеміс береді. Дәл сол секілді балабақшадағы топ тәрбиешісі әр шәкіртінің жазу-сызуына, сөйлеу мәнеріне, адами мәдениетті қалыптастыруына мән беріп қана қоймай, өскін секілді жайқалуына септігін тигізуі керек. Бұл бағытта ерекше махаббатпен, айрықша сүйіспеншілікпен, асқан мейірімділікпен ғана бала жүрегінен орын тауып, үлгі етерлік тұлғасына айналудың маңызы зор. Ес біліп, тұлға болып қалыптасқан соң өмірге бейімдеген алғашқы тәрбиешісі жайлы жылы естеліктер айтып отыратын адамдарды жиі кездестіруіміздің мәні де сол: жүрегінің түкпірінен орын алып, ұмытылмастай ықпал еткен тәрбиешінің үлгілік әрекеттері.

«Бала жөнінде әділ және дұрыс пікір айту үшін оны өз ортасынан өзіміздің ортамызға алып келмей, өзіміз олардың рухани дүниесіне көшуіміз керек» - деп Н. Пирогов айтқандай, дәл қазіргі жағдайдағы білім негізі – балалармен тығыз байланысты қамтамасыз еткен нәтижемен сипатталатын көрсеткіш. Бақыт шыңына жетелеумен қатар артынан ерген әр тәрбиеленушінің жүзіне нұр, ізіне гүл, бойына талап, қиялына қанат бітіріп, өмірдің келесі кезеңіне абыроймен аттандырудың өзі – жүрек қалауым! 

217 0
Құндызай Иманбекова, № 29 балабақша тәрбиешісі, Алматы қаласы Ұлы дала ұстазы № 0013780
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: