Ыбырай Алтынсарин (1841–1889) - қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы, жазушысы, қоғам қайраткері. Оқу-ағарту ісін жүзеге асырған зиялылар көшбасшысы, тұңғыш халық ағартушысы, ел игілігі үшін жан аямай еңбек етудің үлгісін көрсеткен, ұлт тарихында аты мәңгі өшпейтін кемел тұлға - Ыбырай Алтынсарин қоғамдық ой-пікірдің өркендеу тарихында үлкен орын алған педагог, демократ. Биыл ұлт ұстазының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы орайда Сүлейман Демирел атындағы мектеп-интернат-колледж мұғалімі ретінде ұлт ұстазы туралы қалам тербегім келді. Иә, дана ағартушының басты мұраты адам игілігіне қызмет ету болды. Қазіргі таңда Ыбырай мұрасы білім ордасының мәңгі ескірмес рухани серігі ретінде күнделікті оқу-тәрбие ісінің мазмұнына айналды. Оның қалдырған мұрасы бүгінгі күні өміршеңдігімен біздің Сүлейман Демирел атындағы мектеп-интернат-колледжінің игілігіне айналды. Заман талабына сай, "Оқыту өмірге дайындау емес, өмірдің өзі" демекші, жаңа технологияны меңгеру әр оқытушының шеберлігіне байланысты. Осы орайда күнделікті сабақта Ы.Алтынсаринның шығармаларын заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып түрлендіруге болады. Мәселен, ағартушының еңбек тақырыбындағы әңгімелерінің мазмұнын терең ұғындырып, кәсіби шеберлігімізді шығармашылықпен ұластыра отырып, мақсатқа жетуге болады. Осы орайда инновациялық белсенді әдістерді қолдана отырып, ағартушының шығармаларын студент санасына жеткізуді мақсат тұтамын.
Ы.Алтынсариннің идеясын өзімнің тәжірибемде, әр сабағымда қалай жүзеге асырып жүрмін? Қандай шығармалары арқылы студенттерді ұқыптылық пен сабырлылыққа, шыдамдылыққа, төзімділікке, еңбекке тәрбиелей аламын? Міне, осы орайда дәл осы тақырыпты заманауи білім беруде білім алушыларға қалай жеткізіп жүрмін? Бұл сауалыма жауапты жаңа технология шеңберінен таптым десем, артық айтқаным емес. Бәрімізге мәлім, қазіргі жаңартылған білім аясында инновациялық технологиялардың пайдасы зор. Дәл бүгінгі күні инновациялық білім беру жаңа білімнің өзегіне айналды.
Ы.Алтынсариннің екі түрлі мәселені біріншісі бала оқыту, екіншісі ой-санасын жаңалыққа бейімдеу жолында тәрбиелік мәні зор шығармалары мирас боп қалса, бұл менің әр сабағымнан көрініс табуда. "Мектептің жүрегі - мұғалім" идеясынан бойтұмардай ой түйіп, қазіргі таңда бірсарындылықтан арылып, жаңа форматтағы мұғалім ретінде менің ролім бағыттаушы, ақылшы, тыңдаушыға айналды. Яғни, ағартушының шығармаларын жаңа бағытта түсіндіруде ақпаратты технологияны кеңінен пайдалануым тиіс. Өйткені жаңа заман баласы, АКТ аясында өздігінен ізденіп, ұлт ұстазының шығармаларын жоба жасау барысында да зерттей алады. Педагогтың «Халқыма пайда тигізсем» деп өзіне қойған талабы да бүгінгі жаңартылған білімнің ұстанымына айналды. Біліммен қатар тәрбиелік асыл қасиеттерін зерттеп, сол арқылы халықтың ағарту ісінің жолбасшысы болды. Өзімнің педагогикалық тәжірибемде байқағаным, кез-келген шығармасының идеясы еңбекқор, қоғам белсендісін тәрбиелеу. Ол қазіргі қоғам үшін дарынды жаңашыл ұстаз, патриот, өз мұрасын қалдырған қайраткер. Олай деу себебім, ұлт ұстазының оқырмандарын табиғаттың сұлу көріністеріне аударуы да Отанын сүюге патриоттық тәрбиенің үлгісіне айналды. Сол арқылы табиғатпен адамды байланыстырып, жанашырлығын оятады. Өлеңдерінде қысқа бір шумақпен ғибратты ойларды ұсынады. Осындайда Ж.Аймауытовтың «Сабақ беру - үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол - жаңадан-жаңаны табатын өнер" деген даналық сөздері еріксіз жадыма оралады. Өйткені Ы.Алтынсарин шығармаларын "Сын тұрғысынан ойлау" технологиясының да белсенді әдіс-тәсілдерін қолдана отырып түсіндірсек, студенттің білуге деген қызығушылығы арта түсетіні анық. Ең алдымен, сабақ барысында "Егер бала бірдеңені түсінбесе, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, ол оқушылармен жұмсақ сөйлесуі керек, орынсыз терминдерді қолданбауы керек, мұндай сөздер оқушыларды жалықтырып жібереді...» дегенін назарда ұстай отырып, оқушы түсінбесе, өзімді кінәлі сезінемін.
Қалай ой елегінен өткізсек те, Ы.Алтынсариннің жарық жұлдыз екені мәлім. Ел қамын ойлаған ұстаздың, ірі ағартушының мұрасы бүгінгі күні де мән-мағынасын жоймай, заманауи білім берудің тәрбие құралына айналып отыр. Иә, ағартушы оқушыларға білім мен тәрбие беретін мұғалім дей келе, бізге бала жанын түсінуді мұрат етті. Бүгінгі күні ұлт ұстазының арманы түгелдей дерлік орындалған секілді. Жаңартылған білім аясында Ы.Алтынсариннің тәрбиелік мәні зор әңгімелері студенттерді де адамгершілікке бағыттап, рухани санасын өсіріп, жақсы мен жаманды айыра білуге үйрету үстінде. Иә, мені жаңартылған білім аясында Ы.Алтынсарин бізге не берді деп емес, мен оқытушы ретінде оның идеясын іске асыруда не істей алдым деген ой толғандырады.
Қорытындылай келе ұққаным, Ы. Алтынсариннің ұрпағына қалдырған мұрасы –ұлан-ғайыр. Небәрі жарты ғасырға жуық өмір кешкен ұстаздың өнегелі еңбегі жан-жақты зерттеліп, туған халқының керегіне жарауда. «Біз болмасақ, Сіз барсыз, үміт еткен достарым», - деп өзі бастаған оқу-ағарту жұмыстарының алуан қырлы асқарлы істерін, бүкіл ұлт болашағын келер ұрпағына үлкен үмітпен жүктеп, келешектен қуаныш күткен ұлы ұстаздың еңбегі ақталды. Олай болса, ағартушының тәрбиелік мәні зор мұрасын студенттерге жеткізуде күш-жігерімізді аямайық дегім келеді.