Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI946

Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады

   Бала бойына білім дәнін сеуіп, жазылмаған дәптердей мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршінді өмірге бейімдеу кез-келген жанның қолынан келмейді. Сондықтан болар қарапайым қара да, сөзге шешен дана да, ел билеген әкім де, жауды қиратқан батыр да ұстаз алдында бас иген. Ұстаздық жайында сөз өрбітсек, ең әуелі қазақ балаларына арнап мектеп салған Ы.Алтынсаринді тілге тиек етеміз. Сонау 1860 жылдары үлкен арман-мақсатпен қолға алған мектеп ашу ісі соңына келе ағартушы педагогтың өз күш-жігерімен аяқталады. 4 жыл бойы жиып-терген бар қаржысын мектеп қабырғасын көтеруге құйған Ы.Алтынсариннің ұстаздық жолы үлкен қиындықпен басталды. Бірақ Сұлтанмахмұд Торайғыровша айтсақ, «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» дегендей, «Қазақ хрестоматиясы» оқулығын құрастырды. Міне, содан бері алты Алаштың баласы бас қосқан жерде төр – ұстаздыкі болып келеді. 

         Біз бұл күндері сан салада мәртебесі артқан, абыройлы, ұлы тұлғаларды сөз етеміз. Дегенмен, сол қоғам қайраткерлері, ұжым басшылары, өнер, ғылым өкілдерінің аржағында көрінбей тұрған баптаушылары, яғни ұстаздары барын көпшілік ескере бермейді. Шәкірті шыңға шықса, ұстазы шаттанатынын, маңдай тер еңбегінің жемісін татқанмен пара-пар боларын педагог атаулы жақсы түсінеді. 

         Ел болашағын ойлаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қыркүйегінде «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауында тағы ұстаздар қауымының қадір-қасиетін арттырып, жалақысын өсіруді тапсырды. Бұл ұстаз алдында бас иген ұлы тұлғалардан қалған сарқыт іспетті. Мәселен, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзінің ұстазы санап, оларды әрбір шығармасына арқау етті.  Ал, Александр Македонский «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель» деген екен.

Расында, талай шәкірт ұстаз салған сара жолмен жүріп, ұстаз көрсеткен бағытпен қияға қанат қағып,   өз биіктеріне көтеріліп, қоғамнан орын алып, елі мен жерін көркейту жолында еңбек етіп жүр. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім. Яғни, өз ісіне берілген, кез келген жаңалықты жатсынбай қабылдайтын ұстаздардың жөні де, жолы да  бөлек. 

«Дарынды шәкірт – білімді ұстаздан» дейді дана халық. Тәуелсіз жылдардың 30-шы белесін өткерген Қазақстанның әрбір азаматы жаһандық бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Технология көз ілеспес жылдамдықпен жаңа жаңалықтарын алып келуде. Сондықтан мұғалімдерге қойылар талап та сәт сайын өзгеруде. Әлем елдерімен терезе теңестіру үшін білімді, заманауи талапқа төтеп бере алатын шәкірт дайындап шығару міндеті тұр алдымызда.  Мұны әлемдік тәжірибе де мойындайды. Мәселен К.Ушинский «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деп бекер айтпаса керек. Әсілі, ұстаз біткеннің ұлағаты шәкірт бойына жұғымды болуы үшін көшпен бірге жаңғырып, жанданып отыруы шарт.

 

 

246 0
Ералиева Меруерт,№152 орта мектебі КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Ұлы дала ұстазы № 001361
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: