Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға...
Ұлы ойшыл айтқандай жалықпай тер төгетін жауапты да абройлы мамандықты таңдау бір сәттік шешім емес. Бұл мамандықты таңдауымның себебі неде? Неліктен таңдадым? Сұрақтарына жауап іздесем, өткенге үңілуім керек. Онжылдықты аяқтап, үлкен өмірге қадам жасауда ең жақын жан анамның ақылына құлақ астым. Ауылда үш қабатты мектеп қабырғасында біліммен сусындатқан ардақты ұстаздарымның ақыл-кеңесі де көп әсерін тигізді. Көп балалы отбасында тәрбие көруім де себепші болды. Он бала тәрбиелеп әрқайсымыздың білім алып, өмірде өз орнымызды тауып , қолымыздан келгенще елге пайдалы іс атқаруға бар жағдайды жасаған -марқұм ата-анамызға алғысым шексіз. Анам - зейнетке шыққанша сауыншы болса, .әкеміз -жүргізуші болатын. Анамның әкесі- нағашы атамыз соғыстан оралмай, анашым өмірдің тауқыметін тартып, білім алудың қиын болғанын жиі айтушы еді. Әкеміз де кешкі мектепте алған біліммен еңбек жолын бастаған. Екеуі де қарапайым еңбек адамдары бірақ әдеби кітанты көп оқитын , әнге құмар аяулы жандар еді... Өздерінің армандары жоғары білім алу болғанын айтып өкінетін, оны балалары іске асырғанын қалайтын. Аллаға шүкір бүгінгі таңда бауырларымның бәрі білім алып, өмірде өз орындарын тапты. Жартсымыздан көбіміз педагогика саласында еңбек етудеміз. Бауырларымның бірі ел ордасы-Астанада-математика пәнінің мұғалімі, бірі облыс орталығында бастауыш сынып мұғалімі, бұйырса зейнетке шығады биылғы оқу жылында. Бір сіңлім- осы Қызылжар өңірінің облыс орталығы-Петропавл қаласында тіл маманы болып талай атақты шәкірт тәрбиелеп жүрген жан. Енді біріміз отбасы жағдайымен әр районда ауыл мектептерінде еңбек етудеміз. Сондықтан да болар таныстарымыз «педагоктар отбасы» деп атап кетсе, ағайын-туыстар бастары қосылды қазір педкеңес ашылады деп, жиналып қалған жерде әзілдеп жатады. Бұл сөздерге мерейім көтеріліп тұрады, себебі әр қайсысы өз ортасында беделді, адал еңбектерімен шәкірттеріне, олардың ата-аналарына сыйлы, ұжымда еңбектері еленіп жатқан ақжарқын адамдар. Мен де осы қатардағы жандардың бірімін. Біздің девизіміз «ата-анамыз біз үшін ұялмасын» болса, өз отбасымда тәрбиедегі мәселем де «балалар біз үшін қызармасын, біз олар үшін ұялмайық» өзім ұшқан ұядан алған өнегемен ұштасып жатыр. Мен 1983 жылы туған ауылымда онжылдықты (қазақша) бітіріп, Петропавл қаласындағы «Еңбек Қызыл ту орденді педагогикалық училишесіне» түстім . Оқу орыс тілінде ғана болатын. Ауылдарда қазақ тілді мектептер де жоқтың қасы. 1985 жылы бұл оқу орнын бітіріп, «балалар бақшасының тәрбиешісі» деген квалификациямен еңбек жолын аудан орталығында, жаңадан ашылған «Жұлдызша» балабақшасынан бастадым. Кейін анамның өтінішімен ауылдағы балабақшаға ауыстым. Бұл жерде жақсы ұжымда бірталай еңбектеніп, екі тілді тең ұстап біраз тәжірибе жинадым. Осы жерде мектепалды даярлық тобына балалар жинап, қазақ тобын аштық. Ауылдағы мәдени ошақ- Мәдениет үйі болатын. Топ тәрбиеленушілерімен және ата-аналармен мерекелік шараларға талай қатысып, ұлттық салтымызды жаңғыртып, тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалыстық. « Бала тілі -бал» деп ата бабаларымыз бекер айтпаған ғой! Сахнада өнер көрсетіп , мерекелік кештердің көркі болған бүлдіршіндердің болашақ тәрбиесіне алаңдаған әрі тіліміздің де болашағын ойлаған мектеп директоры, менің өз тобыммен мектеп табалдырығын аттап, қазақ сыныбын ашуымды өтінді. Сөйтіп «Ленин орта мектебінде» ата-аналар мен мектеп директорының қолдауының арқасында қазақ сыныбы қайта ашылды. Менің ұстаздық еңбек жолым басталды. Орыс халқымен қоян-қолтық араласып жүрген сынып оқушыларының дені орыс тілінде сөйлейтін. Дегенмен ынталы бүлдіршіндер ата-ананың көмегімен қойылған талаптарды орындап, бағдарламаны толық меңгерген. Бүгінгі күні өздері ата-ана болып отырған сол шәкірттер маған әлі де ыстық. Біреуі сол мектепте қазақ тілді бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет жасап жатқаны жүрекке жылылық ұялатады. Әр ауданда тұрып сирек кездесіп жатсақ та, жиі хабарласып жаңалықтармен алмасамыз. Туған ауылымнан отбасын құруыма байланысты көрші аудандағы Тауағаш ауылының орта мектебіне ауыстым. Осы мектепте жұмыс жасай жүріп, сырттай оқуға түсіп, жоғары білім алдым. Жаңа отбасы да ұстаздар әулеті десем артық болмайда. Марқұм атамыз Ұлы Отан соғысының ардагері, тарих пәнінің мұғалімі, талай жылдар мектеп директоры міндетін атқарған. Марқұм анамыз - талай үздік шәкірттерді ұшырып, бүгінгі тіл мамандарына жол сілтеген қазақ тілі пәнінің мұғалімі, еңбегі еленген ұлағатта ұстаз. Бүгінгі таңда мектебіміздің тарихында есімдері құрметпен есте сақталған ардагер ұстаздар қатарында, Құрмет тақтасында. Әлі есімде зейнеткер анамыздың жағдайын сұрай келетін шәкірттері, елімізде белгілі азаматтар болса да «апай», «тәти» деп тұратын. Мектебіміздің жас мамандары көңіл сұрай келе, ұзақ әңгіме құрып, ақыл-кеңес тыңдай кететін. Ауыл қарттары, замандастары анамыздың өлеңдерін тыңдап, бір жасап қалатын. Ауылдағы той-домалақтарға, ағайын-туыстардың меретойларына денсаулығына байланысты бара алмаса да, ән шумақтарымен шашуын жолдап жататын анамызды, бәрі сыйлаушы еді. Осындай жандардың сара жолын жалғаушы менің жолдасым да, мектебіміздің математика пәнәнің мұғалімі.Он жылдан астам мектеп директоры қызметін атқарады. Қалаға көшуді талай ұсынсам да, қала өмірінен бас тартқан, кіндік қаны тамған жерін қимайтын, шағын ауылының болашағына жанашыр - ұлтжанды адам. Қазіргі уақытта маңайдағы орта мектептердің көбі бала санының азаюына байланысты жабылып жатқаны көңілді қобалжытады. Жаңа мектеп ғимараты тұрса да, жұмыс іздеп көшуге мәжбүр болған отбасылар, оқушы санының азаюына, метептің жабылуына, елдің жойылуына себепші болып жатыр. Бұл қоғамда орын алып жатқан -жедел шешімді талап ететін құбылыс.Мәселені шешудің бір жолы ауыл мектептерін жаппай, оқушы санын көбейту. Жастарға жұмыс пен шұғылданып, кәсіппен айналысып, баспаналы болуға жағдай жасау. Біз өзіміздің шағын ауылымыздың жойылмауына атсалысып отырған жандармыз десем артық болмас. Мектепке жас мамандарды тартып, шәкірттердің сапалы білім алуына жағдай жасаудамыз.Оған дәлел әрине оқушылардың жетістігі. Биылғы мектеп бітірген түлектер -менің мақтанышым. Бастауышта оқытқан шәкірттерім- алған білімдерін жалғастырып, бірі «Алтын белгі» иегері болса, бірі «Ерекше куәлік» алған, жүз пайыз мемлекеттік грант иегерлері. Әрине бұл жеке менің жетістігім емес.Бұл- мектеп ұжымы, оқушы, ата-аналар бірлесіп атқарған істің нәтижесі. Осындай жетістіктер кейінгі ұрпаққа өнеге, оқуға мотивация беретін күш, ұстаздарды ізденіске жетелеуші жол. Бұған дейін де мектебімізде әр жылдары « Алтын белгі» иегерлері атанған түлектеріміз бар. Кейбірі жоғары білім алған соң, шет елде оқуға кеткен. Бұл ауыл баласының да қалаған мамандығын таңдаса, қалаған елде білім алуына қашан да жол ашық екенінің дәлелі.Тек талаптанып, ізденіп оқу, сайыстарға қатысып, нәтижеге қол жеткізу, білімге деген саналы көзқарастың болуы жетістікке апаратындығы, өзіне, біліміне деген сенімнің болуы керек Оқушы жетістігі-мектеп мақтаныщы, елдің мақтанышы, ата-ананың абройы. Ауыл мектебінің болашағы. Соңғы кезде оқушылардың көбі жергілікті аудан сайыстарынан жеңімпаз атанғанмен облыс, республикалық деңгейде ұйымдастырылған сайыстарың көбінен жүлделі орын алу қиын, қала мектептерінің оқушылары жол бермейді деген ойдан арылып келеді. Себебі үкіметтің, Білім Министірлігінің мемлекетіміздің әр азаматының білім алуы , өздігінен білімін жетілдіруі үшін жасап отырған жағдайын дұрыс, толық қанды пайдаланса, дұрыс таңдау жасаған әр азаматтың жетістікке жетуіне кепілдік бар. Ұйымдастырылып жатқан қашықтықтан оқыту, семинарлар, сайыстар оқушылар үшін де, ұстаздар үшін де білімін дәлелдеу, жетілдірудің жолдары деп түсінемін. Тек елді мекенде интернет желісінің күші жетіп тұрса. Ауыл мен қала оқушыларының білім алу мүмкіндіктері тең дәрежеде болар еді. Ата-аналар балаларын қала мектептеріне жібермей ауылда оқытар еді. Бұл да ауыл мектебінің жабылмауына себепші болар еді.Отыз жылдан астам уақыт еңбек өтілімнің жиырма бес жылы отбасын құрған ауыл мектебі қабырғасында өтіп жатқандықтан, оның болашағы мені алаңдатады. Сондықтан осы тақырыпты қозғап, ашуға тырыстым .Шағын ауылымыздың ата-аналары еңбекқор. Бала тәрбисіне зор мән беріп, білім алуларына бар жағдайды жасап отырған жандар. Әр қайсысы бала болашағы үшін алаңдайды. Жақсы білім, үлгілі тәрбие алғандарын қалайды. Ал толық, тату отбасында тәрбиеленіп, жайлы мекткпте сапалы білім алатын оқушылардан жақсы азаматтар шығатыны сөзсіз. Шәкірттерріміздің шын жүректен жолдаған алғыс ,тілектері осыған дәлел бола алады деген ойдамын. Кеше ғана Әріп жазып үйреніп, біз жүр едік
Бүгін міне қалам алып, шын тілектер тіледік.
Өнегелі сөздер естіп, талаптанып әрқашан,
Өзіңізден бастауыштың нәрін алып түледік.
Әріп танып,сөздер оқып, сауат аштық сізбенен
Санды қосып, азайтуды, күрделі есеп шешуді,
Жақсы менен жамандықты ажырата білуді,
Қиын сәтте білім менен тек өзіңе сенуді,
Бәрін-бәрін үйрендік қой мектеп, ұстаз сіздерден.
Сондықтан да қимастықпен қоштасамыз сіздермен.
Кешірерсіз қателесіп,аңдамай айтқан сөздер болса,
Түсінерсіз еркелікпен тыңдамаған кездер болса.
Біз әрдайым алаңсыз жүреміз-ау,
Тек сіздердің жүзіңізде жадыраған күлкі болса.
Деп толғанатын таза жүректі шәкірт-ауыл балалары ұлттық дәстүрлерімізді құрметтейтіні анық. Атадан балаға беріліп келе жатқан құндылықтар үлкенді сыйлау, әлсізге жанашырлық таныту, қамқорлық көрсету ауыл балаларының дағдысына айналған. «Тәрбие мен білім егіз» деп даналарымыз бекер айтпаған. Жыл сайын мектебімізден түлеп ұшып жатқан шәкірттерімізді қимастықпен шығарып салып жатсақ. Олардың өмірде дұрыс таңдау жасап , жетістіктерге жетіп жатқандарына марқаямыз. Жаңа буынға үлгі тұтамыз. Ауыл мктебінің ұстазы болғаныма еш өкінбеймін. Тек мектебімізде шәкірттер көбейіп, мектеп болашағы жарқын болғанын қалаймын.Өзіммен бірге еңбектеніп ,тер төгіп жүрген барлық әріптестерімнің де қалауы-ауыл мектебінің көркейгені.