Батырлық жырлардағы ғажайып туу мотивінің дамуы. Батырлық жырлардағы ғажайып туу мотиві басқа жанрларға қарағанда өзгеше сипат алған. Кейіпкердің дүниеге келу эпизодтарында әкесінің рөлі арта түседі. Патриархаттық түсініктер бойынша керемет кейіпкер дәулетті адамдардың, яғни, патшаның, байдың мұрагері. Сондықтан, бұрынғы тотем баба, әулие-әнбиелер болашақ кейіпкердің дүниеге келуіне жәрдемдесуші, жебеп-демеушісі, батырдың бойына ерекше қасиеттердің бітуіне көмектесуші күштердің қызметін атқарады. Эпос құрылымындағы ғажайып туу мотивтері кейіпкердің керемет болып туу сюжетінің деңгейіне көтеріліп, бірнеше дәстүрлі мотивтердің басын құрайды.
Жұмысымыздың негізгі бағыты ғажайып туу мотивтерінің түрлері мен оның фольклорлық жанрлардағы даму ерекшеліктерін анықтау болған соң, зерттеуімізде осы ғалымдардың тұжырымдарына сүйендік.
Батырлық эпостардың көпшілігінде ғалым С.А. Қасқабасов жіктеген сарындардың барлығы қатысса, енді бір жырлардың сюжетінде жеке-жеке немесе екі-үш сарын ғана айтылады. Яғни, персентсіз ата-ана бүкіл әулие-әнбиелерді, аталар аруағын аралайды. Олардың басына түнеп, болашақ перзентті әулиелерден немесе аталар аруағынан тілеп алады. Үлкен жанр бойында ғұмырнамалық сюжеттің бір бөлшегі қызметін атқарып тұрған бұл мотивтердің дамуында тотемдік, шамандық, мұсылмандық элементтердің барлығы түгелдей қатысады. Әрине, әрбір элемент заман ағымына сәйкес басқаша сипатқа ие болғанмен, мотивтен мүлде түсіп қалмайды. Бұл жерде әулие-әнбиелердің алдыңғы қатарға шығуы батырлық эпостардың даму тұстарында мұсылман культтерінің жалпы фольклор жанрынан орын ала бастағанын көреміз. Мұндай әсерді батырлық жырлардағы ғажайып туу мотивінің мұсылман дінінің элементтерімен суреттелуінен байқауға болады. Әулие-әнбие сарыны тек эпостарда ғана емес батырлық ертегілерде де бар. (Әлібек батыр т.б.)
Сонымен батырлық жырлардағы ғажайып туу сюжетіндегі мотивтер бірін-бірі ығыстырғанда, алдыңғысы түгелдей жойылып кетпейді немесе тек соңғы пайда болған түрі ғана қалып қоймайды. Олар фольклорда бәрі қатар жүреді. Бірақ әр қайсысы заманның өзгеруіне байланысты өзгеше сипатқа ие болады. Тотем-баба сарыны кейбір жағдайларда өзінің көне қалпын сақтап, кейіпкердің әкесі зооморфтық бейнеде суреттеледі. Көп эпостарда оның жаратушылық қызметі аталар аруағына немесе мұсылман әулие-әнбиелері образдарымен алмастырылады. Батырлық эпостардағы ғажайып туу мотивін пайдалану мақсаты да басқаша сипатталатындығын көреміз. Фольклорда матриархат дәуіріндегі тотемдік наным-сенімдердің шарықтап тұрған кезеңінде қаһарманның ғажайып тууы діни сенімдермен байланысты болса, енді жырларда батырды керемет етіп көрсету үшін қолданылатын көркем әдіс ретінде жүреді.
Қазақ эпостарында тотем-баба сарынына кейіпкердің жартылай аң бейнесіндегі қыз бен адамның некелесуінен туу мотивін жатқызамыз. Бұдан батырлық жырларда тотемдік түсініктердің әлі де маңызын жоймаған ролін көреміз. Кейіпкердің осындай некеден өмірге келуі ғажайып туу мотивінің қазақ фольклорындағы ерекше түрлерінің бірі. Мысалы: «...Едіге батыр» жырында батыр жай адамдармен емес, әулие мен су перісінің некелесуінен пайда болған. Жырда Бабағұмар деген әулиенің Баба түкті Шашты Әзіз атты ұлы жиырма бес жасқа келгенде, әулиелік құруды бастайды. Агун дариясына келгенде, бір қыз Баба түкті Шашты Әзізді көріп, суға сүңгіп кетеді. Қыздың артынан әулие де суға түсіп, дарияның түбіне жетсе, алпыс ақ отау тігулі тұр екен. Отауға еніп, сұлу қызбен кездеседі. Әлгі қыз оны көре салысымен, етегіне жабысып: «Егер мені алмасаң,он бестегі күнәм мойныңда»-дейді. Жігіт ақылға салып, қызды алады да, некелеп үйленеді.
Қыз жігітке мынадай талап қояды: «Мен етегімді шешкенде аяғыма қарама, көйлегімді шешкенде, қолтығыма қарама, басымды жуғанда, шашыма қарама»,-дейді. Бір күні жігіт уәдесін бұзып, жасырынып қараса: аяғы ешкінің аяғындай, көйлегін шешсе, қолтығынан өкпесі көрініп тұр, шашын жуып, бас терісін қасына алып тарап отырады. Қыз жігіттің көргенін біліп аспанға ұшып кетеді. Ұшып бара жатып: «Ей, жігіт, ішімде алты айлық балам кетіп барады, Ніл дариясының басында Құмкент шаһарының қасына балаңды тастап кетермін, өзің тауып ал»,-дейді. Баба Түкті Шашты Әзіз Ніл дариясын шарлап, Құмкент шаһарының қасында жібек орамалға ораулы жатқан баласын тауып алады. «Елсіз, күнсіз жерде туды»,-деп атын Едіге қояды. Едіге туғаннан кейін, баласының бар парызынан құтылған соң, Баба Түкті Шашты Әзіз ғайып болып, ұшып кетеді.
Жалпы Едіге танымал тарихи тұлға болғанымен, оның төңірегінде айтылған аңыз-әңгімелердің барлығы фольклорлық қиял-ғажайып мотивтерге толы. Бір ғана Шоқан Уәлиханов жазбаларының өзінде Едігенің ғажайып туысы туралы алуан түрлі аңыз-әңгімелер ұшырасады. Ш.Уәлиханов бірде Едіге туралы ноғай аңызын келтіре отырып, оны Баба Түкті Шашты Әзіздің тоғызыншы ұрпағы екенін атап өтеді (25,231).
Кейбір аңыздарда оның әкесі Баба Түкті Шашты Әзіз емес, оның орнына Тоқтамыстың қызметшісі, құсбегі болған Құттықияның аты аталады. Құттықия аққу-қызға Тоқтамыстан қуғын көргеннен кейін үйленеді. Осы аңыздардың соңында кейіпкер белгісіз бір жерлерде жалғыз қалып, оның әкесі пері немесе аққу шешесінің хабар беруі арқылы ғана табады. Бұл жердегі негізгі мақсат-балалық шағы кедейлікте өткен Едігенің үлкен табыстарға қол жеткізуі тек құдай дарытқан керемет қасиеттерінің арқасы екендігін аңғарту.
Кейініректе бұл аңыздарға мұсылман дінінің әсері болып, кейіпкердің тотемдік ата-бабасының немесе шаманның, яғни аққу қыздың күйеуінің орнына мұсылмандардың әулиесі Баба Түкті Шашты Әзіз немесе Баба Туклас келеді. Бірақ бұл аңыздың «Қырымның қырық батыры» жырының құрамына енген вариантында Едігенің әкесі Баба Түкті Шашты Әзіз емес, Аңшыбай деген адам болады. Ол-ел-жұрттан тысқары, тау мен тастық арасында, жалғыз өмір сүрген адам. Аңыздың бұл варианты, мұсылмандық аңызға қарағанда көнелеу болып көрінеді.
Баба Түкті Шашты Әзіз қазақ фольклорында батырлық эпос кейіпкерлерінің демеушісі ретінде танымал. Қаратаудағы Құмкент даласының төңірегінде осы әулиеге сиынған қасиетті орындар бар. Оны Астрахандағы мазары місе тұтатын орындардың бірі болып саналады.
Батырлық эпостардың қайсысын алсаңыз да баласыздықтан жапа шегетіндер патша немесе ірі бай адам. Мол байлық пен билігін тастайтын баласы болмағандықтан, жасы ұлғайған сайын қол астындағы адамдарға ықпалы жүрмей, жалғыздықтың тауқыметін тартады. Бәйбішесі екеуі тәңірден бала тілеп, әбден зарыққан соң, ел жұртымен қоштасып, дүниені кезіп кетеді. Әр түрлі әулиелердің басына түнеп, тәңірден бала сұрайды. Міне, батырлық жырлардағы кейіпкердің ғажайып туу мотивтері осындай мазмұнда баяндалады. Әулие-әнбиелердің жәрдемімен дүниеге келу көрінісі бүкіл мұсылман дінін ұстанған барша түркі халықтарының фольклорына тән. Олардағы желеп-жебеушілер кейде Баба Түкті Шашты Әзіз кейде қырық шілтендер. Бұл әрідегі көк тәңірге, берідегі ислам дінінің салдарынан туған ескі нанымдармен байланысты көзқарастың қалдығы деуге болады.
Мысалы: «Алпамыс батыр» жырындағы Байбөрі малы мыңғырған керемет бай болса да, баласы болмайды. «Байбөрі қубас деген сөз сүйегімнен өтеді»-деп, зар жылап, құдайдан күні-түні бала тілейді. Бір күні бір жаңалықтың белгісі болар деген ниетпен әулие-әнбиелер зираттарына мінәжат етуге аттанады. Күндік жер жүріп, барып тоқтаған орнына жеті күндей түнеп, еш нәрсенің нышаны білінбеген соң, қожалардан бата алып, жоғары қарай өрлейді. Әулие қоймай, бәрінің басына бір-бір түнеп шығады. Сөйтіп, ұлының аты-Алпамыс, қызының аты-Қарлығаш екендігін айтып, ғайып болады. Ұлының атса, мылтық өтпейтін, шапса, қылыш кеспейтін, қалмақтармен қос батыр болатындығын айтып кетеді (26,222).
«Алпамыс батыр» жырының қай нұсқасын алсаңыз да, ғажайып күші бар, алып бала Баба Түкті Шашты Әзіздің жәрдемімен дүниеге келеді. Батырлық жырларда болашақ кейіпкердің дүние есігін ашуына Баба Түкті Шашты Әзіздің қатысуы әртүрлі көрініс тапқан. Ол кейде кемпір мен шалдың түсіне кірсе, енді бірде диуана бейнесінде көзге көрінеді.
Қазақ эпостарының кейбірінде, атап айтқанда, «Алпамыс», «Қобыланды», «Ақбілек қыз-Тарғын бала» т.б батырлық жырларда әулиелердің қалауы бойынша батыр ұлдың жанына қыз бала қосып береді. «Әулиелер жиналып саған ұлға бір қыз қосып беретін болды»,-деп аян береді. Немесе бір ақ сәлделі адам түсіне кіреді. Мысалы: «Қарабек батыр» жырында бәйбішесінің түсінде пірадар аян беріп: «Қолыңа бір қаршыға, бір тұйғын қондырамын,»-деп уәде етеді. Осы түсті жорыған адам бәйбішенің орта жасқа келгенде бір ұл, бір қыз көретіндігін айтады. Эпоста көбінесе болашақ батыр мен сұлу қарындасының бір мезгілде дүниеге келуі баяндалады. Жырда болашақ қаһармандардың әулие-әнбиелердің көмегімен туу мотивінің ең маңызды элементтерінің бірі-олардың егіз екендігін айрықша білдіру. Әрине, егіз туу сарыны-дүниежүзі фольклорында да бар. Бірақ әр халықта оның пайда болуын өзінше түсінеді. Эпос оқиғаларының даму барысында ағасы қарындасын жаудан құтқарып немесе жаудың айлакерлігінің құрбаны болған батырды тірілту үшін қарындасы әртүрлі қаһармандық іс-әрекеттер жасайды. Батырлық эпостардың көбінде осындай туыстық сезімдерді бейнелеуге арналған сюжеттер жиі кездеседі.
Эпос қаһарманын дүниеге келгенде егіз сыңарымен қатар туылған етіп көрсету, сол замандарда Орта Азия территориясынан мұсылман дінімен бірге келген егіздер культінен басталады. Яғни, мұсылман халықтары егіз туған сәбилерге ерекше қараған.
Батырлық жырлар елдің тәуелсіздік жолындағы қаһармандығын, қиялдан туындаған немесе тарихта аты қалған батырлардың ерлік істерін жырлау арқылы көрсету мақсатында дүниеге келеді. «Алпамыс», «Қобыланды», «Шора», «Манас» жырларының негізігі идеясы халықты жат жұрттардың шапқыншылығынан қорғауға үндеу, жау қаншама күшті болса да, халық өз батырларын керемет етіп көрсетеді. Халық жырлаған батыр ерекше жағдайларда дүниеге келіп, демеуші күштердің әсерінен әр түрлі сиқырлы қасиеттерге ие болады. Қандай қиыншылықтарды болсын, жеңіп шығады.
Алпамыс, Қобыланды, Шора батырлардың ата-анасы болашақ балаларын тәңірден тілеп алу үшін дала кезіп, әулиелерге мінажат етіп, барлық малын соның жолына құрбандыққа шалады. Сөйтіп, қасиетті әулиелердің қалауы бойынша болашақ кейіпкер бұл әлемнің есігін ашар алдында батырдың шешесі неше түрлі тотемдік аңдардың етіне жерік болады. Осының барлығы- баланың ерекше күшті адам болатындығының нышаны. Көрұғлының фантастикалық түрде шешесінің көрінде туылуы кейіпкердің әкесінің жауларымен, әр түрлі қатыгез билеушілермен күресуі эпостың негізгі идеялық-көркемдік мотивімен тығыз байланысты.
Қазақ батырлық жырларындағы Алпамыстың шешесі жолбарыстың етіне көңілі ауса, Манастың шешесі сиқырлы алма жеу арқылы болашақ кейіпкерді дүниеге әкеледі. Ал «Қобыланды батыр» жырының қай вариантын алсаңыз да, шешесі не жеті басты айдаһардың жүрегіне, немесе үлкен жыланның басына, енді бірде жердегі тастарға жерік болады. Ғажайып фантастикалық көркемдік құрылысы жырдың негізгі идеялық мақсатына бағындырылған.
Көптеген батырлық эпостардың басты идеялық ерекшелігі-кейіпкер қаһармандық іс-әрекеттерін патша, құдай немесе ханзадалар үшін жұмсалады. Ол халқының мүддесін қорғайды. Эпостағы басты күш-халық және оның батырлары, екінші жағынан жаулап алушы, қиянатшыл күш иелері. Эпостағы сюжеттер қаһарманның жеке өзіне байланысты оқиғалармен ғана емес, ел мен жұрттың алдындағы міндетін өтейтін оқиғалар төңірегінде дамиды. Қаһарманның ерлік істері игі мақсаттарға бағытталған. Ол халқын сыртқы жаулардың найзасы мен қылышынан сақтайды. Елдің басына түскен әр түрлі қиыншылықтардан құтқарады. Мысалы: Манастың барлық жорықтары табысты аяқталып, оған атақ әкеліп отырған. Жыршылар бүкіл тайпаларын біріктіру үшін күрескен қаһарманды жеңілуді білмеген қайраткер етіп суреттейді.
Мысалы: Қобыланды қырық үйлік Ноғайлының қырлы қаласы мен сырлы қаласын Қазанның басып алғанын естіп, Қараманмен жауға аттанады.
Қандай батырлық эпосты алсаңыз да болашақ кейіпкердің туғанына дейінгі ата-анасының тұрған жерін, әлеуметтік жағдайын суреттейді. Жалпы батырлық эпостардың көпшілігінде ғажайып туу мотивінің алдында осыған себеп болған жағдай баяндалады. Болашақ батырдың ел-жұртын, ата-анасын, дүние-байлығын,бейбіт-тіршілігін, қоныс еткен мекенін суреттеу-батырлық жырлардың көпшілігінде кездесетін көрініс. Ол жөнінде ғалым Ш.Ыбраев: Мұндай сюжеттің басталуына себепші болатын ситуация бірден көріне қоймайды. Экспозиция мотив суреттеуден басталып, бірден мотиы ситуацияға ауысады.
Қартайған ата-ана үй-ішінің үйлесімділігіне нұсқан келтіріп тұрған жағдай-олардың баласыздығы. Баласыздыққа қайғыру екі түрлі ситуацияға байланысты.
1) Руы мен мал-мүлкін жаудан қорғайтын, артында ізін басар ұлдың жоқтығына қарт әкенің өз-өзінен қайғыра бастауы: Алпамыс, Қобыланды т.б.
2) Кемпір мен шалдың баласыздығына қайғыруы құлдан, жамағайын туыстан, жауыз ханнан қорлық көріп, «кубас» деп кемсіткен сөзі себеп болады: Сайын батыр, Шора батыр т.б.
Батырлық жырдағы баласыздық зарының шығуына тек сансыз байлықтың иесінің болмауы ғана емес, халықтың мазасын алған сыртқы жаулардан қорғайтын ұлдың жоқтығы себеп болады; қырғыз халқының батырлық жыры «Манас» эпосында қытай ханы Әуелке қырғыздарға шабуыл жасап, олардың ел-жұртын бостырады. Қырғыз жұрты бас сауғалап, бірі Қашқарға, бірі Қоқанға және Алтай мен Иранға қоныс аударып қашады. Осылардың ішінде Жақып атты бай Әуелке ханның өмірімен Алтай жеріне ауып келеді.
Күндердің күнінде Жақып өзінің орнын басар баласы жоқ екендігін ойлап, қамығады. Жұрттың басына түскен зорлықтан құтылар күнді аңсайды. Міне, сол себепті Жақып күндіз-түні құдайдан бала тілеп жалбарынады.
Қазақтың лиро-эпостық жырлары мен дастандарындағы ғажайып туу мотивтері. Патриархалды-феодалдық дәуірде ерекше жағдайда дүниеге келу сюжеті өзгеріске ұшырайды. Енді кейіпкер жарық әлеммен жүздесер алдында міндетті түрде төтенше оқиға болады. Болашақ қаһарманның не әкесі, не шешесі қаза болады, я болмаса, олар қуғында жүреді. Немесе ол туар кезде елді жау шабады.
Халық арасында кеңінен танымал болған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек» сынды лиро-эпостық шығармалар сюжеті жағынан архаикалық фольклор жанрларына жатады. Осылардың ішінде ең көне эпикалық шығарма «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» болып табылады.
Осы ғажайып туу мотивінің Қарабай мен Сарыбайдың әйелдері жүкті кезінде аңда жүруінен көреміз. Қазақ фольклорының прозалық жанрлары болсын немесе эпикалық жанрларында болсын болашақ кейіпкер дүниеге келерде әкесі үйде болмайды. Ол аңшылықта немесе соғыста жүреді. Кейбір жағдайда, яғни әйелінің босанатын мезгілі жақындағанда нәрестенің дауысын естіген қуаныштан жүрегім жарылып кетпесін деп, әдейілеп алыс сапарға аттанады.Ал, лиро-эпостық жырлардағы кувада дәстүрі феодалдық дәуірге дейінгі даму тарихында түрлі трансформациялық өзгеріске ұшырап, қосымша сипатқа ие болуымен қатар, жанр ішінде мүлде керісінше мақсатта қолданылады. Бұнда болашақ кейіпкерлерді керемет етіп көрсету мақсатынан, алдағы жетім қалған кейіпкерлердің біреуінен бас тарту сюжетінің пайда болу себебін ашып көрсету міндеті басым түседі. Яғни, жыр оқиғасының ары қарайғы дамуында айтыс-тартыс сюжеттерінің өрбуіне ықпал етеді де, эпостың кезекті оқиғаларының дамуына жол ашады. Болашақ кейіпкерлердің әкелерінің аңшылықта жүріп, біреуінің қаза табуы-оның төтенше жағдайда тууының белгісі. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырының бір нұсқасында Сарыбай буаз маралды атып, қарғысқа ұшырағаннан қаза тапса, енді бір нұсқаларында бұл жағдай басқашалау сипатталады.
Қазақтың эпикалық жырларында ғажайып туу мотивтері төтенше жағдаймен тұспа-тұс келумен қатар, болашақ кейіпкерлер бір күні, бір сәтте екеуі де, ерекше жағдайларда туылады. Жырдың бас кейіпкері дүниеге келген сәтте, онымен бірге жүретін серігі де өмірге қадам басады.
Төтенше жағдайда туудың тағы бір түрі, жоғарыда айтқанымыздай, болашақ кейіпкердің ата-анасының қуғынға ұшырауы. Осы қуғында жүрген ерлі-зайыптылар немесе ғашықтар дүниеге болашақ батырды әкеледі. Бұл мотив көп жағдайда феодализм дәуіріндегі фольклорға тән. Мысалы: «Кебек ұлы Ермек батыр» жырында екі ғашық ру-тайпаның айтыс-тартысынан қосыла алмай, Еңлік бұрынғы атастырған адамына бармай, тобықты Кебекпен, яғни көңілінің қалауымен қашқандықтан, екеуі қуғынға түседі. Өстіп, тау-тасты мекендеп жүріп, Еңлік жүкті болады да, ұл бала туады. Түбінде екі ғашық дау-жанжалдың қатыгез шешіміне ілініп, өлім жазасына бұйырылады. Қос ғашық қазаға ұшыраған соң, жас нәресте Шыңғыстаудың етегінде жалғыз қалады. Бір күні түнде баланы нағашысы үйіне алып келіп, өзі асырап, өсіреді.Кейін ол ер жетіп, батыр болып өсіп, әке-шешесінің кегін қайтарады.
Дүниеге келудің осындай сарынына қазақтың «Қарқабат» дастанындағы сюжетті жатқызуға болады. Мұнда кейіпкер шешесінің қуғынға ұшырап, өлгенінен кейін дүниеге келеді. Сонымен қатар, дастанның сюжетінде «Көрұғлы» жырындағыдай өлі шешеден дүниеге келу сарыны да баяндалады. Көрұғлының әкесі Шағдат ханға сын айтқаны үшін қудаланып, өледі де, шешесі қайғысына шыдамай ауырып көз жұмады. Ал, Қарқабатта керісінше әкесі ауырудан дүние салса, шешесі жүкті болғаны үшін, күйеуінің орнын тартып алған уәзірінің қудалауына ұшырайды.
«Қарқабат» қазақ ақындарының ертегілері мен аңыз-әңгімелерінен алып жазған дастандарының бірі. Оған дәлел ретінде дастандағы мынадай ертегілік эпизодты келтіруге болады: «Үңгірде жатқан нәрестені бірі арлан, бірі мада екі жолбарыс көріп: «Осымен тамақтанайық»,-деп жатқанда, мада жолбарыс: «Екеуміз перзент іздеп, көңіліміз бұзылып жүр. Осы баланы алып асырайық»-дейді. Екеуі баланы үңгірге әкеліп, неше түрлі миуадан дәм татқызып, тәрбиелеп, адамдардан әрі бағып өсіреді.
Қазақ дастандарының ғажайып туу сюжетінде өте сирек кездесетін мотивтердің бір түрі-болашақ кейіпкерді ағаштан жасап алуды кездестіруге болады. Мысалы: Р. Мәзходжаев репертуарынан алынған «Жеті ашық» дастанында: Бағдат қаласын кезген үш-төрт жиһангез жігіт өмір кешіпті. Төртеуі де он саусақтарынан өнер тамған тігінші, мүсінші, суретші, шеберлер екен. Бірде төртеуі өзара ақылдасып, алыс сапарларға жол жүруге бел байласады. Сөйтіп, олар бірнеше күн жол жүріп, бір жуан ағаштың түбіне келіп қонады. Мүсінші жігіт өнерін танытайын деп, адам бойымен бірдей ағашты кесіп алып, бір сұлу қыздың суретін салады
Эпикалық жырда ғажайып туу мотиві өзгермейтін қалыпты сарында айтылғанымен, оның түрлі нұсқалары болады. Прозалық фольклорға қарағанда эпикалық жырлардағы ғажайып туу сюжеті түрлі сарындарда көрінеді. Ғажайып туу мотиві біртіндеп ерекше жағдайда жаратылу, төтенше жағдайда дүниеге келу сарындарымен алмастырылады.