Сапалы білім беру-бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өйткені жедел қарқынмен дамып келе жатқан технологиялық прогресс тұсында жас ұрпақтың білім деңгейлері жаһандану заманының талаптарына сай болуы шарт. Елбасы Н. Ә. Назарбаев халыққа кезекті жолдауында «Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс» деп білім баласына барынша көңіл бөлуді талап етеді. Ал мектеп оқушыларының жаратылыстану-математика бағытының пәндерін игеруі математикадан бастау алады. Әуел баста математика пәнін жеткілікті деңгейде игере алмаған оқушы осы бағыттағы қай саланың маманы болып барса да, шеберлік шыңына жетуі екіталай. Сол себепті ғылымның басты іргетасы болып қаланатын математика пәнін оқушы саналы түрде меңгеруі тиіс.
XXI ғасыр оқушысына білім алуға не кедергі? Меніңше, оқу-білімге деген ынта-ықыласының жоқтығы. Қазіргі оқушыларды жан-жақтан алаңдататын көптеген объектілер-теледидар, компьютер, интернет желісі т.б. бар. Осындай алаңдататын орталардан оқушының назарын оқу-білімге бұру қиынға соғатыны белгілі. Алайда, әрбір мұғалімнің шеберлігі сонымен сыналады. Түрлі кедергілерге қарамай, оқушының танымдық қызығушылығын қалыптастыра отырып, білімді ұрпақ тәрбиелеу-бүгінгі заман ұстазының басты міндеті.
Мемлекетіміздің білім беру стандартында «Білім берудің басты міндеті логикалық ойлауды дамыту болып табылады» деп атап көрсетілген. Логикалық ойлау қабілетін дамыту жайлы сөз қозғамас бұрын, логика дегеніміздің не екеніне қысқаша тоқталып өтейік. Логика -(Logic-ойлау, ақыл-ой) ойлаудың түрлері мен заңдылықтары туралы ғылым. Логикалық ойлау теориясының негізін ең алғаш грек философы Аристотель қалаған. Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту 3 бағытта жүзеге асырылады:
- Қызығушылықты арттыру.
- Қабылдау және ойлау дағдыларын қалыптастыру.
- Шығармашылық ізденістерін дамыту.
Математиканы оқыту кезінде оқушының функционалдық ойлау дағдысы мен шығармашылық қабілетін дамыту үшін олардың өз бетінше жұмыс жасауын және логикалық тапсырмаларды орындауын қамтамасыз ету қажет. Математика сабағын жүргізгенде оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын ояту үшін түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана білу қажет. Математика сабағын дидактикалық ойын элементтерін қолдана отырып өткізу өте тиімді болып саналады. Түрлі математикалық ойындар оқушылардың ойлау жүйесін дамытып, танымдық белсенділіктерін арттырады. Көрнеткі кеңес педагогі В.Ф. Сухомлинскийдің «Егер мен сабақ беруші ғана болсам, педагогтік деңгейге көтеріле алмас едім, шәкіртімнің жүрегі мен үшін қақпасын мәңгі ашпас тас қамалдай болып қала берер еді» деген сөзінен үлкен тұжырым жасауға болады. Мәселен, оқушылардың басым көпшілігі математиканы игеруде түрлі қиындықтарға ұшырап жатады. Пәнді дұрыс меңгере алмай жүргенін, оған деген қызығушылығының жоқтығын олардың селқостығынан байқауға болады. Әрине, басқа пәндермен салыстырғанда математика күрделірек. Алайда, күрделілігіне қарамастан сол пәнді жақсы меңгерту, оқушы жүрегіне жол таба білу мұғалімнің кәсіби шеберлігіне келіп тіреледі. Математика пәні ең алдымен, оқушылардың қызығушылығын туғызуды қажет етеді. Сондықтан да жаңа тақырыпты бастамас бұрын оқушының белсенділігін арттыру мақсатында сабақтың басында шығармашылық есеп ретінде логикалық есептер немесе тапсырмалар беріп отырған жөн. Логикалық тапсырмалар қарапайымнан күрделіге қарай біртіндеп ауысып, оқушылар миының жұмысын жақсартуға септігін тигізеді. Логикалық ойлау арқылы оқушының пәнге деген ынтасы артады. Математиканы меңгеру-есеп шығаруды үйрену үшін ғана емес, өмірде кездесетін түрлі мәселелерді шеше білу, өз қабілетімізді дамыта алу үшін де керек.
Жаңа заман мұғаліміне жүктелген үлкен жауапкершілік- білімді әлемнің бүтін бейнесіндей қабылдай білетін, жүйелі ойлау дағдысы қалыптасқан шығармашыл тұлға қалыптастыру. «Сен ешбір жаңа нәрсе меңгермеген және өз біліміне жаңа ештеңе қоспаған осынау күнді немесе осынау сағатты бақытсыз сана» деп ұлы чех педагогі Ян Амос Коменский айтып кеткендей, жаһандану заманындағы мемлекетімізге тез ойлап, шұғыл шешім қабылдай алатын бәсекеге қабілетті ұрпақ қажет. Сол себепті сабақ мақсатын тек білімділікке ғана бағыттап қоймай, оқушылардың жеке қасиеттері мен қабілеттерін дамытудың жолдарын да қарастырған жөн.