Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI906

Менің педагогикалық тәжірибемдегі Ы.Алтынсарин идеялары

Қандай да болмасын ұлт белгілі бір кезеңде оқу-білімге ден қойып, жүйелі тәрбие үдерісіне қарай бет түзейді. Міне осындай бетбұрыс кезеңі халықтық педагогикадан ғылыми педагогикаға қарай қадам жасау шағы қазақ топырағында Ыбырай Алтынсариннен басталғаны белгілі. Ыбырай Алтынсаринді ақын, жазушы, аудармашы дегендеріміздің өзі оның педагогикалық қызметінен шығып жатады. Сондықтан да Ыбырайдың әдеби мұрасы, негізінен алғанда, оқушы балаларға арналады. Бұл туралы Ыбырай Алтынсарин мұрасын зерттеуші М.Жармұхамедұлы: “Ыбырай Алтынсарин мұрасының басым көпшілігі әдеби-көркем шығармалар болып келеді, алайда сол өлеңдері мен көркем әңгімелерін ол тек педагогикалық мұрат-мақсатқа сәйкес жазып, жаратады, бұл жәйт оның жазушылығы мен педагогтығының бір арнадан бастау алатынын аңғартады”.

         Ұлы ағартушы ұстаздың қазіргі қазақ педагогикасынан алатын орны ерекше. Заман өзгеріп, таным жаңғырғанымен Ыбырай сияқты тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы қазіргі оқушыларға да, жастарға да, ұстаздарға да үлгі. Ыбырай Алтынсарин нағыз ұстаздың, оқушыларға деген, өз мамандығына деген кемел үлгісі. Ол хаттарының бірінде былай деп жазған болатын: “Осы жылы январьдың 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді; бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды. Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын. Күлсеңіз күле беріңіз, мен кейбір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда да болып қоям; сөйтіп оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын... Менің үнемі ұмтылған тілегім: қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал, қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады.” Ұстаздың осы хатынан-ақ оның бала оқытуға деген ерекше ықыласын, терең сүйіспеншілігін тануға болады. Ы.Алтынсарин өзінің алдына ақындықты, жазушылықты, болмаса аудармашылықты емес, ең алдымен ұстаздықты мақсат етті. Оның өлеңдері мен әңгімелері, ондағы көтерілген тәрбиелік идеядағы мәселелер жас жеткіншектер тәрбиесінде өзінің өзектілігін жоймақ емес. Білімге ұмтылушылық, адалдық, еңбекқорлық, талаптылық, адамгершілік, кішіпейілділік сияқты жас баланың санасында орын алуға тиісті адами қасиеттер Ыбырай шығармаларының өзегі. Бұлар қай кезеңде болмасын, адам тәрбиесінде ерекше орын алуға тиісті қасиеттер десек, онда осылардың баршасын Ыбырай Алтынсариннің туындыларынан табамыз. Сондықтан да қазіргі тәрбие мәселесінде менде педагогикалық тәжірибемді Ы.Алтынсарин идеяларымен ұштастырамын. Айталық, оның “Қыпшақ Сейітқұл” атты әңгімесі арқылы балаларды іздемпаздыққа, еңбекқорлыққа баулысақ, “Өнер-білім бар жұрттар,”, “Балғожа бидің баласына жазған хаты” өлеңдері арқылы бастауыш сынып оқушыларын оқу-білімнің қажеттілігі, артықшылығы сияқты ойға жетелейміз. 

         Ыбырай Алтынсариннің қазіргі замандағы тәрбие беру үдерісімен сабақтасатын еңбектері-оның халық ағарту мәселелері хақындағы ой-пікірлері. Бұл ой-пікірлерді біз оның мақалаларынан, хаттарынан, есептері мен рапорттарынан көреміз. Ыбырайдың бұл еңбектерінде де жоғарыда айтқандай, білім алуға құштарлық, еңбексүйгіштік, адамгершілік, адалдық, инабаттылық сияқты қасиеттерге ерекше мән беру байқалады. Ы.Алтынсариннің мұрасында айтылатын тәрбие берудің жан-жақтылығы жөнінде белгілі ғалымдар Қ. Жарықбаев пен С. Қалиев былай деп жазған болатын: “Көшпенді елдің өзінің ерекшелігіне орай ол имандылық, инабаттылық, ақыл-ой, еңбек, тазалық, сұлулық тәлімдеріне байланысты бірқатар тың идеялар айтты. Ұстаздық, әдеп, ата-ана, ересектердің жас буынға үлгі-өнегесі, адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселелерін қазақ өміріне орай түсіндірді”. Мәселен, ұлы ұстаз: “Өмірдің негізгі мәні-еңбек, ол адамның адамгершілік қасиетін мәртебелендіреді, өмірдің шын қадірін тек еңбексүйгіш адам ғана түсіне алады” дейді. Оның бұл пікірінен ұстаздың еңбексүйгіштікті, адам өміріндегі еңбектің рөлін қаншалықты түсінгендігін байқасақ, тағы бір маңызды жағы еңбектің мәнділігі мен пайдалылығын насихаттағанын көреміз. Сондай-ақ Ыбырайдың ойынша, адам өзінің істеген еңбегінен ләззат алу керек, тіпті оны ол “кісіліктің басты белгісі” деп бағалайды. Қазіргі тәрбие үдерісінде еңбек жайындағы оның осы үш ұстанымы да-көкейкесті мәселе. Әсіресе жас ұрпақты өзі атқарған пайдалы еңбектен ләззат алуға баулу-үлкен мәселе. Мектеп оқушыларын еңбек етуге баулуда оны бедел жинауға, пайда табуға, жәке басының мансабын арттыруға емес, одан рухани қанағат алуға қарай бейімдесек, онда біз оны еңбек тәрбиесімен бірге, адамгершілік тәрбиесіне де тартқан болар едік. 

         “Ағаш түзу өсуі үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың”, сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде екі жақты жауапкершілікті саналы түрде сезінуді қоғам мүшелері алдына ту еткен Ыбырайдың рухани идеологиясы бүгінгі қоғамда үлкен сұранысқа ие. Бұл қажеттілік қазіргі таңда білімдегі прагматизм, жаһандану және т.б. қатынастардың өскелең ұрпақ тәрбиесіне әсері салдарынан туып отыр. Осыған орай қазақстандық білім саясатының басты міндеті қазіргі заманғы білім сапасын оның іргелілігі мен қоғам, мемлекет және жеке тұлғалардың маңызды әрі перспективті қажеттіліктеріне сәйкестігі сипатын сақтай отырып, жаңа мүмкіндіктер жасау болып табылады. XXI ғасырда мемлекеттердің өркениеттілігі мен қуат көзі-шикізат байлықтарымен, көне тарихи-мәдени мұраларымен ғана емес, сол ел тұрғындарының интеллектуалдық, білімділік деңгейлерімен де анықталмақ. 

         “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген мақал біздің ойымыздың айғағы іспеттес. Қазақстанның әлемдегі барынша бәсекеге қабілетті елдің қатарына қосылу стратегиясы аясында білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, білімдік технологиялар саласындағы жаңа ұмтылыстарға Ы.Алтынсариннің еңбектеріндегі педагогикалық мәселелер мен ұстанымы жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру заңдылықтарын жан-жақты ашуға толық мүмкіндік береді, жаңа ғылыми ізденістерге жол ашады.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

1.      Ы. Алтынсарин таңдамалы шығармалары. Алматы, 1957ж. 414б. (389-390б.б., 396б. , 322б., 268б.,).

2.      Гуманитиарлық ғылымдар сериясы. 2007. №4. 162б.

3.      Қоңыратбай Т.Ә. “Рухтылық” және “рухтандыру” ұғымдары туралы. //Білім-Образование. 2007ж. №4. 162б.

4.      Гуманитарлық ғылымдар сериясы. 2007,  №4. 153-162б.

5.      Ы.Алтынсарин. 2 том. Ресми құжаттары мен хаттары. Астана-2009. 

 

326 0
Балжан Кенжебаева, «Мәриям Хәкімжанова атындағы Щербаков жалпы білім беретін мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі Қостанай облысы, Алтынсарин ауданы, Щербаков ауылы Ұлы Дала Ұстазы № 01424
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: