Тақырыбы: «Берекелі Алтын күз!»
Мақсаты: Балаларды күз әлемімен таныстыру. Алтын күз туралы мағлұмат беріп, тақпақтары мен ән-билері арқылы мерекелік көңіл күй сыйлау. Балаларды күз байлықтарымен, күзгі еңбекпен таныстыру. Табиғатты сүйю, қорғауға тәрбиелеу.
(Мерекеге сай безендірілген зал. Әдемі сазды әуен ойналып тұрады.)
Балалар тәрбиешімен бірге кіріп, орындықтарға жайғасады.
Жүргізуші Құрметті қонақтар! Бүгін ересек «Әділет» тобының балалары дайындаған «Алтын күз» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер. Ел байлығын арттырған берекелі де, мерекелі күз мерекесі құтты болсын.
Армысыздар халайық!
Бармысыздар халайық!
Күзгі тойды жұп жазбай,
Келіңдер қарсы алайық!
-Қараңдаршы, балалар, бүгін біздің балабақшамыз қандай әдемі болып кеткен. Айналаға қараңдаршы не көріп тұрсыңдар?
-Жапырақтар, үй, күн.
Жүргізуші: Ән салыңдар күліңдер
Жайнап гүлдей жүріңдер
Күздін тойын тойлайық
Би билейік, ойнайық.
Балалардың орындауында «Алтын күз» әнін қабыл алыңыздар!
(Музыкамен би билеп, шақырылмаған қонақ Маус-қыз келеді.)
Жүргізуші: Ой, балалар бізге қонақ келіп қалыптығой.
Маус-қыз: Сәлеметсіздер ме, балалар, Сәлеметсіздер ме, қонақтар!
Балалар: Сәлеметсіз бе!
Маус-қыз: Сәлем өрен достарым
Алақанды тос бәрің
Қымбатты сый алыңдар,
Қызығыма қаныңдар.
Ән салыңдар күліңдер
Жайнап гүлдей жүріңдер,
Күздін тойын тойлайық
Би билейік, ойнайық!
Мен Маус-қызбын. Сендерді көргеніме қуаныштымын.
Жүргізуші: Қош келдіңіз! Төрлетіңіз!
Біздің балалар күз туралы тақпақ, өлең біледі, жұмбақ шеше алады. Cіз балалардың өнерін тамашалаңыз.
Қанекей, балалар енді күзге арналған тақпақтарымызды айтайық.
Арсен: Қарашы күз келді, күз келді
Жапырақ жауыпты іздерді.
Құс біткен керуен тізеді,
Қара бұлт қабағын түйеді.
Дамир: Сап - сары маңай,
Сап - сары тоғай.
Соңғы әнін айтып,
Құс кетті қайтып.
Мұса: Алақай! Алақай!
Шаттанды балақай!
Күз түсті, дән пісті.
Айтамыз алғысты.
М.Раяна: Қамба толды астыққа
Алғыс саған алтын күз.
Бір уыс дән шаштық та,
Қап - қап қауын алдық біз.
Алинұр: Көк майсалы көрікті
Алқаптағы көп егін
Бұл күндері киіпті
Сары жібек көйлегін.
Баян : Құстар қайтты ән салып,
Бұлт шарлады аспанды,
Қыс келеді жар салып
Күзгі суық басталды.
Темірлан: Жапырақ ұшты,
Суық та түсті.
Сонда да бізге,
Қызық көп күзде.
Кәусар: Жетті желмен алтын күз,
Жеміс жинау салтымыз.
Жиып - теріп болған соң,
Той жасайды халқымыз.
Мадияр: Көрініп еліме
Күндері мереке.
Келді ғой жеріме
Күз дейтін мереке.
Жәнерке: Берекесін сыйлауға,
Өлкемізге күз келді.
Жемістерін жинауға,
Шақырады біздерді
Алуа: Алтын, сары, қызыл, көк,
Алуан – алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.
Жансері: Сап - сары ғып даланы,
Бояпты ғой күз деген.
Құстар қанат қағады,
Қоштасқандай бізбенен.
Алина: Жайдары күз,жомарт күз,
Аяулы күз,алтын күз.
Дәнге толы кең далам
Дариядай шалқып жүр.
Айару: Күзім-ау, күзім-ау,
Мінезің бұзық – ау
Жаңбырың сіркіреп,
Келгенің қызық – ау
Амели: Келді міне күз,
Айнала сары түс.
Керемет, тамаша,
Қандай әсем күз.
Әскербек: Ән салыңдар күліңдер
Жайнап гүлдей жүріңдер.
Күздің тойын тойлайық
Би билейік, ойнайық
Інжу: Көбейді құт береке,
Астық толы қамбамыз.
Құтты болсын мереке,
Алтын күзді тойлаймыз.
Санжар: Күздің қазан айында
Алма, алмұрт піседі.
Жапырақтар сарғайып,
Сыбдыр - сыбдыр етеді.
Жүргізуші: Балалармен бәріміз
Отбасындай бір ұямыз
Береміз ендеше
Би өнеріне кезегін.
Қошеметпен балаларды билерімен қарсы алайық.
Би: «Жапырақ биі»
Маус-қыз: Жарайсыңдар балалар, билерің қандай тамаша!
Жүргізуші: Маус-қыз біздің балалар сізбен бірге ойын ойнағысы келіп тұр.
Маус-қыз: Жақсы ойнасақ ойнайық.
Ойын: «Дәрумендер»
Маус-қыз: Балалар, сендер ойын ойнап шаршап қалған жоқсыңдар ма? Ендеше, би билеп серігіп алайық!
Би: «Мики- маус» биі.
Жүргізуші: Маус-қыз біздің балалардың өнерлері ұнады ма?
Маус-қыз: Ия, балалардың бәрі өнерлі екен.
Жүргізуші: Міне, осымен «Алтын күз» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Сіздерді Күз мерекесімен құтықтаймыз, отбасыларыңызға бақыт, береке тілейміз.