Соңғы жылдары мен оқыған қазақ романдарының ішінен ең алдымен, маған ой салып, жүрегімді тебіренткен Баққожа Мұқайдың «Өмірзаясын» атар едім. Бұл роман көш құлаш мақала жазуға негіз бола алады. Бірер ауыз сөзбен қысқа қайырсақ, бұл – тынысы кең, идеялық жүгі ауыр, шым-шытырық оқиғаға құрылған, болмыс-бітімі жан-жақты, заман ағысын, ұлттық тарихтың жауапты кезеңін терең бажайлап, баяндайтын, кім-кімді де ойсыз қалдырмайтын сүбелі, соны туынды. Герольд Бельгер
Баққожа Мұқай Баққожа Сейдінұлы Мұқай 1948 жылы 31 қаңтарда Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Нарынқол ауылында туған. Жазушының туындылары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген. Ол қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. Б.Мұқай мынадай шығармалар жазды: «Өмір арнасы» (1978 ж.), «Аққу сазы» (1980 ж.), «Мазасыз маусым»(1986 ж.) повестерін, «Жалғыз жаяу» (1983 ж.), «Өмірзая» (1998ж.) романдары. Қаламгердің «Иірім», «Қош бол, менің ертегім», «Сергелдең болған серілер», «Өзгенің өмірі үшін», «Дүние кезек», «Заманақыр», «Раушан
гүлі», «Ерулік», «Өмірзая», «Тойы көп үй» атты драмалық шығармалары еліміздегі және шетелдердегі елуден астам театр сахналарында қойылған. Шығармалары орыс, тәжік, қырғыз, беларусь, түрікмен, башқұрт, татар, якут, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Өзі де бірқатар жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударып шығарған. 1917–1990 жылдар аралығы Кеңес өкіметінің өмір сүрген кезеңімен тарихта қалды. Бұл кезеңде коммунистік партия деп аталған бір ғана партия болды. Осы партия бүкіл жауапкершілікті, билікті өз қолына алып, халықты уысынан шығармай ұстады. Кеңес өкіметіне, партияның ұстанған саяси бағытына қарсы келген бірде-бір шығарма жарыққа шықпайтын, ал қарсы тұрған адам аяусыз жазаланып, құлдық сананың құрбанына айналып отырды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл кезең «тоталитарлық дәуір» деп аталып кетті. Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романы сол кезеңдегі ұлттық мұрамызды тарихи шындық тұрғысынан қорғауға бар күш-жігерін аямаған екі адамның ауыр тағдыры арқылы дәуір шындығын танытады. Роман «Өмірзая» деп тегін аталып тұрған жоқ.
Мұнда ажалға қарсы шапқан азамат туралы жазылған. Басты кейіпкері – Аяған Қуатов. Зерделі тарихшы, жасы 35-ке жеткен, қалыптасқан азамат. Парасаты, кісілігі, мейірбандығы, бар мінезіне жайсаң жан. Оның бағалайтын қасиеті– туған халқын сүйетіні. Намыс, жігері. Ақыр түбінде мінге айналған, басын құртып тынатын тағы бір мінезі – қызбалығы. Аяған әуел баста Совет үкіметінің қағазға жазылған заңына сенеді. Бұрмалаушылар беріде деп ойлайды. Ұстазы, профессор Алдияр Ақпанұлының жолын әрі қарай жалғастырып, ол Кенесары туралы еңбек жазса, бұл Сыздық төре туралы көлемді зерттеуін тәмамдайды. Бар шырғалаң содан басталған. Әуелі Алдияр ақсақал құлап кейін өз басына қатер төнеді, жұмыстан шығарады. Бірақ Аяған әділ заңның күшіне сенеді. Ақсақалдың да, өзінің де ешқандай жазығы жоқ. Аяған ең жоғары советтік мекемелерге, ең биік партиялық басшыларға арыз жазады. Жаздым, жаңылдым деп емес, ісім ақ, қазақ тарихына қиянат жасалып отыр деген сарында. Нәтижесінде әуелі түрмеге түседі, одан шығысымен жындыханаға қамайды, ақыр аяғында өлтіріп тынады. Жазушы Баққожа Мұқай білгір саясаттанушы да болатын еді,- деп суреттейді Жұмабай Шаштайұлы.
Міне, озбырлық кезең – зобалаң заман шындығын көре аласыз. Романда күрес жолындағы азаматтың барлығы да шейіт болады. Сұмпайылар мен опасыздар ғана қалады. Бірақ халық рухының өлмегені, елінің әлдебір терең қойнауында жаңа ұрпақ өсіп келе жатқаны оймен аңдалып, көңілмен ұғылғандай. Роман-трагедияның ең басты мұраты – отарлық заманның қара түнек зұлматын суреттеген. Бұл мақсат өзінің үдесінен шыққан. Баққожа Мұқай романын жазу барысында шығарма сюжетіне қажетті мазмұнды шынайы көрсету үшін аурухана, жындыханаға, тіпті түрмеге барып, мамандармен жиі кеңескен дәл жеткізген туынды. Кейбір зерттеушілер шығарма атауын «Өмірзая» жұлдызымен байланыстырады. Ол өзге жұлдыздардан бұрын туып, бұрын сөнетін, айдың жанынан көрінетін жұлдыз екен.
Романның мазмұнына ой тұрғысынан тиянақтаушы – Алдияр Ақпанұлы деген қарт. Ескінің сарқыты, тарихшы профессор. Атағы алашқа мағлұм адам. Алдияр ақсақал отаршылдық сабағын жақсы біледі, ұлтын жарыққа жетелеу жолындағы күрес құралы – халқының тарихи зердесін ашу деп санайды. Осы орайда Кенесары хан туралы зерттеу жазады. Ресми саясатқа қайшы бұл еңбек халыққа жат деп жарияланып, атақты ғалымның басына қара бұлт орнайды, күштілер тарапынан қудалауға ұшырап, шал ауру болып қалады. Оның түбіне жеткен отарлық саясатының жалауын көтерген ұраншысы ғана емес, қиын кезде бас сауғалап кеткен шәкіртінің опасыздығы. Ғұлама профессорды оп-оңай құлатқан, институт ректоры Мұса Байларов. Әлдебір жоғары мансапты партия қызметкерінің жекжаты. Сөзде майда, істе аяусыз. Бір көрімге тәуір адам, қулығына құрық бойламайды. Ең ақырында, Желтоқсан дүрбелеңі кезінде өкімет әрекетіне қайшы сөз айтып, көзге шалынып қалған туған әкесін өз қолымен жындыханаға қамайды. Бұл да – отаршылдық сананың жемісі. Бірақ құрбаны емес, құрбан – Алмас деген жас жігіт. Ол қабілетті жігіт, әуелде оң жолда болады. Өзінің жолдастарын жалаға береді, ақыр түбінде ұстазына пәле жабады, жалған куәлік жасайды. Желтоқсанға қатысқан барлық таныстарын түрмеге қаматса, бұл оқиғаға мүлде араласпаған ұстазын (Аяғанды) өлімге кесіп беред.
Қорыта келгенде мына заманның өзі тартыстан тұрады. Әділдікті күресіп әділетсіздік орнаған заманда өмірді шынайы суреттеген. «Өмірзая» Тартыс-өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі. Қасірет пен қайғыға толы трагедиялық роман. Роман сол кезеңдегі ұлттық мұрамызды тарихи шындық тұрғысынан қорғауға бар күш – жігерін аямаған екі адамның ауыр тағдыры арқылы дәуір шындығын танытады.